Қызылорда облысының прокуратурасы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыстық филиалында Қор қаражатының игерілу заңдылығына талдау жүргізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Талдау барысында мемлекеттік медициналық ұйымдардың жеке медициналық ұйымдарға – бірлесіп орындаушыларға шартта белгіленген сомадан артық төлем жасағаны анықталды.
Атап айтқанда, «Жаңақорған орталық аудандық ауруханасы» ШЖҚ КМК ЖШС-ке 2023 жылы 33,1 млн теңге, 2024 жылы 6,6 млн теңге, ал «Арал орталық аудандық ауруханасы» ШЖҚ КМК 2023 жылы 13,8 млн теңге, 2024 жылы 18,6 млн теңге артық қаражат аударған.
Осылайша, бірлесіп орындаушыға жалпы 73 млн теңге негізсіз төлем жасалған.
Прокуратураның ұсынысы негізінде заңбұзушылықтар жойылып, жауапты лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімдерімен 73 млн теңге толық көлемде өндірілді.
Мемлекеттік медициналық ұйымдардың бірлесіп орындаушыларға қаражат аудару заңдылығы Қызылорда облысының прокуратурасының бақылауында.