Арқалық қаласының прокуратурасы қаладағы білім беру ұйымдарында еңбек заңнамасының сақталуына тексеру жүргізді. Тексеру барысында зейнеткерлік жасқа жеткен қызметкерлердің еңбек құқықтарының жүйелі түрде бұзылғаны анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ұжымдық шарттарда көзделген өтемақылардың төленбеуіне, сондай-ақ еңбек қатынастарын тоқтатудың тиісті түрде рәсімделмеуіне байланысты 35 құқық бұзушылық фактісі анықталды.
Прокурорлық ден қою шараларының нәтижесінде білім беру саласының 35 қызметкеріне жалпы сомасы 5 млн теңгеден астам өтемақы төленіп, осылайша азаматтардың бұзылған еңбек құқықтары қалпына келтірілді.
Сонымен қатар, заңда көзделген жауапкершілікке Арқалық қаласының білім беру ұйымдарына бағынысты 11 ұйымның басшысы тартылды.
Қала прокуратурасы заңдылықты қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша жұмысты жалғастыруда. Еңбек заңнамасының сақталуы, төлемдердің уақтылы және толық жүргізілуі, сондай-ақ бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі мәселелері тұрақты бақылауда болады.