Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оман Сұлтаны кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

/
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оман Сұлтаны кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
Ақорда

Мемлекет басшысы Астанаға мемлекеттік сапармен келген Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидбен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Келіссөз барысында Мемлекет басшысы Оман Сұлтанына ілтипат танытып, оның Сұлтан ретінде Орталық Азияға алғаш рет сапармен келгенін атап өтті.

– Оманды Қазақстанның араб әлеміндегі уақыт тезінен өткен әрі сенімді серіктесі санаймыз. Келесі жылы айтулы дата – Қазақстан мен Оман арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 35 жыл толуын зор мақтанышпен атап өтеміз. Осы уақыт ішінде тату достыққа, өзара құрмет пен қолдауға негізделген серіктестіктің жаңа кезеңі үшін берік іргетас қаланды. Жақында Оман Премьер-министрінің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Зиязин бен Хайсам Әл Саид бастаған жоғары деңгейдегі делегацияның Астанаға жасаған жемісті сапары мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың жандана түскенін айқын көрсетеді, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы қол жеткізген уағдаластықтар бауырлас халықтарға айтарлықтай пайда әкеліп, стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететініне сенім білдірді.

– Келіссөздер қорытындысы бойынша экономикалық ынтымақтастықтың түрлі бағыттарын, соның ішінде энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, цифрландыру, денсаулық сақтау және басқа да салаларды қамтитын екіжақты келісімдерге қол қоямыз. Бұдан бөлек, серіктестігіміздің басым бағыттарын белгілейтін Бірлескен мәлімдеме қабылдаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ортақ жобалардың іске асырылуын оң бағалады. Олардың қатарында «Доңға» мұнай кен орнын игеру, Solidcore Resources компаниясының Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы кәсіпорындары, Oman Investment Authority бірлескен инвестициялық қоры, сондай-ақ қонақ үй және шипажай инфрақұрылымын дамыту жобалары бар.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар