ЖОЛДАР ШАҚЫРАДЫ

ЖОЛДАР ШАҚЫРАДЫ

ЖОЛДАР ШАҚЫРАДЫ
ашық дереккөзі

ҚР Көлiк және коммуникация министрi Серiк Ахметов Талдықорған қаласына келген арнайы iс сапарында темiр жол және автомобиль инфрақұрылымдарын салу мен жаңғыртуға баса назар аударылып, осыған орай қолға алына бастаған маңызды жобалар төңiрегiнде келелi жиын өткiздi. Жиынға облыс әкiмi Серiк Үмбетов төрағалық жасады.

– Елiмiздегi көлiк қатынасы мен жүк тасымалында Жетiсу жерiнiң алатын орны аса салмақты. Қазақстанның Қытай Халық Республикасымен шекарасында орналасқан, екi елдi байланыстырып отырған үш бiрдей автокөлiк және ең iрi темiр жол өткелi осы аймақта орналасқан. Олар: Қорғас, Қалжат және Достық. Сонымен бiрге Қырғызстанмен шекарадағы Райымбек ауданында Кеген атты тағы бiр автокөлiк өткелi жұмыс iстейдi. Достық арқылы өтетiн темiр жол өткелi арқылы тасылатын жүк айналымы осыдан бiрер жыл бұрынғымен салыстыруға мүлде келмейдi. Амандық болса, ол жетiстiк алға жылжыған жылдармен бiрге өркендей бермек. Дегенмен дәл бүгiнгi күнi бұл бекет арғы беттен ағылып келiп жатқан жүк тасқынына толыққанды қызмет көрсете алмай отыр.

Алматы облысында жол қатынасы мен жүк тасымалын өркендетуге байланысты белгiленген жобалардың басында Жетiген – Қорғас темiржолы желiсiн төсеу мен Алматы – Қорғас, Алматы – Қапшағай – Талдықорған автотрассаларын, Үлкен Алматы айналма жолын салу тұр. Бұл жолдарды салумен бiрге ондағы көпiрлер мен бекеттер және жол бойы қызмет көрсету нысандарының құрылысы қатар жүргiзiлмек. Құрылыс жұмыстарына бес мыңнан астам адам қатысады деп болжанған Жетiген – Қорғас темiржолы желiсi мен Алматы – Қорғас автожолы пайдалануға берiлгеннен кейiн, осы жолдар басып өтетiн бес ауданның екi мыңнан астам тұрғыны жаңа жұмыс орындарымен қамтылмақ. Сонымен бiрге Ақтоғай – Достық, Ақтоғай – Алматы, Ақтоғай – Мойынты темiржол тармақтарын электрлендiру жүзеге асырылмақ. Талдықорған – Текелi, Шонжы – Қалжат автожолдары жасалып бiтуге жақындады. Үшарал мен Достықтың арасындағы 186 шақырымдық жол да жөнделедi. Ал облыстағы аудандар мен ауылдар арасын жалғастырып жатқан жолдарды жөндеуге қарастырылатын қаражат жыл сайын арту үстiнде, – деп атап өттi Серiк Ахметов.

Облыс басшысы министрдiң өтiнiшiне орай залда отырған аудандар мен қалалар әкiмдерiне, тағы басқа басшыларға күре жолдарға қатысты шаруалардың барлығына оң көзбен қарап, барлық мәселелердi заң ауқымында жедел шешудi, үлкен жолдар салынады дегелi, солар өтетiн жерлерден жер телiмiн алуға ұмтылушылардың өтiнiштерiн қарауды тоқтатуды, жобалар жүзеге асып болғанша жер бермеудi тапсырды.

ҚР Көлiк және коммуникация министрлiгiндегi комитет басшыларының айтуынша, Алматы облысындағы көлiк тасымалының мүмкiндiгi аса зор болғанымен, дәл қазiргi кезде соны пайдалануда керi кетiп тұрған тұстар көп. Алматы облысындағы темiржол тасымалы арқылы 2006 жылы 17 млн. тонна жүк тасылса, былтыр бұл көрсеткiштiң 22 млн. тоннаға жеткен. Жалпы Жетiсу жерiндегi шойын жолдың ұзындығы – 1434 шақырым. Қазiргi кезде осы жолдарды одан әрi дамыту, жаңарту, бекеттер жұмысын жандандыру бағыттарында нақты шаралар қолға алыныпты. Қытайдың "Алашаңқай" бекетi мен Қазақстанның "Достық" бекетiнiң аралығындағы жүк тасымалы белгiленген жоспарға сай жүзеге асырылуда. Шекаралық "Достық" темiр жол бекетiн одан әрi дамытудың қарқыны да жаман емес. Әлеуметтiк инфрақұрылым өркендеуде. Темiржолшыларға арналып тұрғын үйлер салынып, мектеп, аурухана сынды нысандар бой көтеруде. Қазiргi кезде бұл өткел арқылы 16 млн. тонна жүк өткiзiледi. Елдiмекеннiң болашағына жасалған болжам орындалар болса, жүк тасымалы көлемi биыл 18 млн. тонна болып, 2012 жылы 25 млн. тоннаға жетпек.

Жетiген – Қорғас темiржолы желiсi құрылысы жобасының жалпы құны – 97,7 млрд. теңге екен. Алматы қаласы маңындағы "Жетiген" темiр жол бекетiнен басталып, облыстың бес ауданының аумағы бойынша өтетiн шойын жол Қапшағай көлiн жағалай жүргiзiлiп, Шарын ұлттық бағына жеткiзiледi де, сол жер арқылы шекарадағы Қорғастан бiрақ шығарылады. Ұзындығы – 298 шақырым. Темiржол желiсiнде төрт үлкен және 21 орташа көпiр салынады. Құрылыстың қоршаған ортаға зиянын азайтудың барлық талаптары қарастырылған. Жетiген – Қорғас темiржолы желiсiнiң салынуы арқылы Жетiсу жерiн басып өтетiн екi бiрдей халықаралық көлiк дәлiзi iске қосылады.

Едiге БЕКТАС