КӨПДIНДIЛIКТЕН — КӨП МӘСЕЛЕ...

КӨПДIНДIЛIКТЕН — КӨП МӘСЕЛЕ...

КӨПДIНДIЛIКТЕН — КӨП МӘСЕЛЕ...
ашық дереккөзі

Жаңа заң миссионерлiк қызметтi реттеуге тиiс

Парламент депутаттары "Дiни сенiм бостандығы мен дiни бiрлестiктер туралы" Заңды қайта қолға алды. Бұған себеп?.. Елiмiздiң төрт бұрышынан ұяшықтарын ашып, өз миссиясын "адал" атқарып жүрген үш басты айдаһар iспеттес миссионерлердiң еркiмен кеткенi ашу туғыза бастады. Тiптi, әу баста көше кезiп, көздiң жауын алатын кiтапшаларымен баурап жүрген iрiткi салушылардың бiрте-бiрте бiлiм ошақтары мен балабақшаларға да ауыз салғаны бар.

Одан қала бердi, бәзбiреулердiң ертегiсiне елiгемiн деп еркiнен айрылғандар өз жақындарына адамның миына қонғысыз әрекеттердi, айталық, қан құю, әскерге бармау, ең сорақысы, Әнұранды айтқызуға тыйым салған. Бұл бұл ма, бар ынты-шынтысымен өзге ағым жетегiне құл боп кете барған кейбiр қандас психикалық дертке шалдығып, аяғында өз-өзiне қол жұмсайтын қайғылы оқиғаға ұшыраған. Мiне, осы секiлдi толып жатқан мысалдар мен деректер заңға өз-өзiнен толыққанды өзгерiс енгiзудi сұрап тұрған жоқ па? Оның үстiне Парламентке әр облыс, қала, ауданнан жеткен халықтың жанайқайы және бар.

Сонымен, елiмiз тәуелсiздiк алғаннан кейiн небары бiр айдан соң, яғни, 1992 жылы қабылданған заң бүгiнгi заман талабына жауап бере алмайды. Ескiрген. Заң күшiне мiнген тұстағы экономика¬лық, саяси, әлеуметтiк және құқықтық жағдай мен бүгiнгi ахуал арасы жер мен көктей. Дей тұра, осы уақытқа дейiн аталмыш заңға бақандай 7 рет толықтыру енгiзiлiптi. Оның алғашқысы 1995 жылы ҚР Президентiнiң заң күшi бар жарлығымен салық салу мәселесi бойынша енiп, осы жылы жарғы ережелерi, дiни бiрлестiктердi тiркеу және тарату тәртiбi жетiлдiрiлдi. 1997 жылы заң үшiншi рет күзеуден өтiп, "ақшалай қаражат" деген сөз "ақша" деп ауыстырылды. Ал, 2004 жылы мемлекеттiк басқару деңгейi және бюджеттiк қатынастар арасында құзыреттiлiгiне шек қою мәселесi бойынша, 2005 жылы ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерi бойынша, тағы да сол жылы экстремизмге қарсы iс-қимылға қатысты толықтырылса, 2007 жылы заң еңбек заңнамасына сәйкестендiрiлдi. Алайда, "Жетi рет өлшеп, бiр рет кес" деген қағиданы бiлсек те, күнi бүгiнге дейiн заң баптары шетелдiк миссионерлердi өз еркiне талтаңдатып қойып, елiмiздi қалағанынша кiрiп-шығатын "жұмақ" ретiнде елестеттi. Әуелгi кезде аты аракiдiк естiлiп қалатын секталық ұйымдардың қазiр жерiмiзде сан атасы өрiп жүр. Қазақ елiн майшелпек санайтын жат пиғылды ағым өкiлдерi елiмiзде заң тұрғысынан арнайы тосқауылдың жоқтығын пайдаланып, қаншама қаракөздерiмiздiң санасын улап тастағаны күнi бүгiн емес. Әсiресе, Қазақстанның әр облыс аймағынан ашып алған нүктелерi соңғы он жыл iшiнде қарқынды әрi жемiстi еңбек етiп жүргенi шындық. Басқасын қайдам, Алматы қаласындағы кез келген дiни ағым табалдырығын аттасаңыз, қазақтың өрiмдей қыз-жiгiттерiн, жасөспiрiм балаларын көрiп, бетiне тiктеп қарауға дәтiң жетпей, iшiң қан жылап қайтады. Жат дiннiң нағыз қолшоқпарына айналған қаракөз ұл-қыздарға "Сен неге сөйттiң, бүйттiң…" деп ақыл айтуға, ал қаланың қақ ортасынан орын тепкен зәулiм ғимараттарда өзiне жүктелген тапсырмасын жоспардан артық орындайтын арандатушыларға қарсы уәж айтуға батыл күш, сүйенетiн тiрек болмады. Өйткенi, "Дiни сенiм бостандығы мен дiни бiрлестiктер туралы" Заңда миссионерлiк қызметке шектеу қоятын не бiр тыйым, не тосқауыл боларлықтай бап жоқ. Мiне, осыдан кейiн заң күшiнiң қауқарсыздығын, солқылдақтығын дер кезiнде пайдаланып, арам ойын жүзеге асырған терiс пиғылдылар тамырын тереңге жайып үлгердi. Ендi дәнiн айналасына себу арқылы тамырланып кеткен "арам шөпке" балта шабу тек жаңа заң жобасының еншiсiндегi шаруа. Тек осы жолы халықтан түскен жан-жақты пiкiр пен ұсынысты ескермесек, қарақұрттай қаптаған мысықтiлеулi миссионерлердiң iс-әрекеттерiне бiржола қорған қоя алмаймыз…

Парламент қабырғасында аталмыш заңға "өзгерiс енгiзетiн уақыт жеттi" деп дабыл қағып депутаттық сауал жолдаған Берiк Бекжанов бiраз жараның бетiн ашты. Мәселенi бiр емес, бiрнеше мәрте көтерген Нұртай Сабильянов, Бекболат Тiлеухан, Тито Сыздықов, Камал Бұрханов, Владимир Нехорошев секiлдi т.б. халық қалаулылары әйтiп-бүйтiп жүрiп заңда миссионерлiк қызметке тұсау саларлықтай толықтырулар енгiзiп, жаңа заң жобасын талқылауға ұсынды. Бiр топ депутаттың зерделi түрде мұқият қарауымен өмiрге келген заң жобасы бүгiнде елiмiздiң әр өңiрiнде қызу пiкiрталас өрбiтiп әкеттi.

ЗАҢ ЖОБАСЫНДА ӘЛI ДЕ ШИКIЛIК БАР

Алматыда бiрқатар депутаттардың қатысуымен "ҚР кейбiр заңнамалық актiлерiне дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Заң жобасының таныстырылымы өтiп, әртүрлi дiн өкiлдерi, дiнтанушы мен қоғам қайраткерлерiнiң ұсыныс-пiкiрi тыңдалды. Әдеттегiдей ресми тiлде өткiзiлген басқосуда дiн мәселесiне жаны ауырып жүрген депутаттардың қарасы көрiнбедi. Әлде, миссионерлердiң iрi ошағына айналған Алматы қаласындағы жиынды "орыс тiлiнде өткiзiңдер" деген арнайы бұйрық келдi ме, әйтеуiр, өз елiмiзде отырып орыс тiлiне қазақша аударма жасағанның куәсi болдық. Д.Клебанова, С.Дьяченко, А. Тiлеубердин, С. Қонақбаев ресми тiлде еш мүдiрмей сайрай кеткендiктен де, алдыңғы арба қалай дөңгелесе, соңғысы да солай кеттi. Ал, бiз болсақ, дiн мәселесiмен қоса қазақ тiлi тағы да төменшiктеп қалатын болды-ау деп iштей налып отырдық.

Мәжiлiс депутаты Камал Бұрханов басқарған дөңгелек үстелде алғашқылардың бiрi болып депутат Серiк Қонақбаев сөз алып, заң жобасын таныстырып өттi. Оның айтуынша, заң жобасының алдында үш мақсат бар. Олар: Адам құқықтарын қорғау; Дiни бiрлестiктер қызметiн реттеу; Азаматтық заңнамамен сәйкестендiру және кемшiлiктердiң орнын толтыру. Заң жобасындағы тағы бiр ұсыныс – дiни ағымдарды қаржылық есеп беруге мiндеттеу. Себебi, елiмiзде дiни бiрлестiктердiң есеп-шоттарына қомақты қаржы аударатындардың есiмi жарияланбайды. Бұл жөнiнде депутат Қонақбаев "Ақша қайдан келдi? Тексеру керек. Мәселен, Қазақстаннан шетелге ақша кетсе, олар бұл қайдан келiп жатыр деп тексередi ғой" дейдi. Дегенмен, ол "Жаңа заң жобасында әлi де кемшiн тұстар кездесе ме?" деген сұраққа "Бұл заң жобасы көптеген депутаттың еңбегi арқылы жасақталды. Сол себептен де өзiм ештеңе айта алмаймын" деп қысқа қайырды.

Ал, ҚР Конституциясы авторларының бiрi заңгер Ғайрат Сапарғалиев: "Заң жобасында дiни ұйым мүшесi жеке мүлкiн өз еркiмен сол ұйымға басыбайлы беруiне болады делiнген. Алайда, оның өз еркiмен немесе күшпен берiлгенiн қалай тексеремiз. Дiнге кiрген адам күшпен тартып алғанын ешқашан айтпайды. Дәлiрегiнде, осының тетiгiн қарауымыз керек" десе, осы пiкiрдi құптап, адам шошытарлық мәлiметтердi "Деструктивтi дiни ұйымдардан жәбiр көргендерге көмек көрсету орталығының" жетекшiсi Юлия Денисенко жайып салды. Құрылғанына көп бола қоймаған орталыққа қазiрдiң өзiнде 50-ден астам адам хабарласып үлгерiптi. Бiраз жайтқа қаныққан ол әңгiмесiн өздерi куә болған оқиғамен сабақтастырды. Мәселен, оның сөзiне құлақ ассақ, отбасында ерлi-зайыптының бiреуi басқа сектаға өтiп кетiп жатады да, бiрi екiншiсiн құтқарып қаламын деп өзi де кiрiп кетедi. Тiптi, отбасын бiржола тастап кеткен балалар ата-анасына: "Сiздер ендi ешкiм емессiздер, бiздiң өзiмiздiң рухани әке-шешемiз бар" дейтiн көрiнедi. Бiр ұйымның мүшесi өзiне өзi қол салса, ендi бiреуi әлгiндей ағымдардың арбауымен өзiне ыстық су құйған екен. Мұндай оқиға жетiп артылады. Демек, осының бәрiне себеп – ылаң тудыратын дiндерге айқара есiк ашқан заңның әлсiздiгi. Сондай-ақ, Юлия Денисенко "Бiр айта кетерлiгi, бiзде дiни ұйымның 10 мүшесi болса, дiни ұйым ретiнде тiркеледi. Негiзi кемiнде 250-ге жуық мүшесi бар ұйымды ғана тiркеуге рұқсат ету керек" дегендi айтты.

Дiнтанушы Мұртаза Бұлұтай Жаңа заңды "Дiн бостандығы және дiни ұйымдар туралы ҚР Заңы" деп атау керек деген ұсыныс бiлдiрдi. Ол да Юлияның пiкiрiн өрбiтiп, "Жаңа заңда жергiлiктi дiни бiрлестiктердi кәмелетке толған кемiнде он азамат құратыны өзгерiссiз қалдырылған. Менiңше, бұл үлкен қателiк. Қолданыстағы заңда дәл осы тармақты тиiмдi пайдаланған дiни ағымдар елiмiзде ашықтан-ашық ұйымдасып, емiн-еркiн үгiт-насихат жасап жүргенi белгiлi. Бiзде құрамында он шақты мүшесi бар бiр дiни ағым – конфессия деп аталады. Сондықтан да дiни бiрлестiктердiң құрылтайшысы санын ең кемiнде 250 азамат деп белгiлеген жөн. Сондай-ақ, заңда Қазақстандағы орталық дiни бiрлестiктер – Қазақстан мұсылмандар дiни басқармасы және Қазақстандағы Орыс православие шiркеуi болып табылады" деп нақты көрсетiп, осы мәселеге түбегейлi нүкте қою қажеттiгiн атап өттi. Неге десеңiз, заң жобасындағы ұсыныс осы қалпында қабылданатын болса, елiмiздегi Орталық дiни ұйымдардың қатарына протестанттар мен католиктердiң, саэнтология мен Иегова куәгерлерi секiлдi басқа да жат пиғылды ағымдардың кiрiп кетуi әбден мүмкiн. Бүйте берсек, олар күндердiң күнiнде өздерiне мәртебе сұраудан тайынбайды" дедi.

Алайда, Алматыдағы Хельсинки шарты ұйымының өкiлi Нинель Фокина ханымның сөзiнен заңға өзгерту енгiзуге қарсы екендiгi бiлiнiп қалды. Бұдан бұрын да дiни ағым өкiлдерiн қолынан келгенше қорғаштап жүрген ол қарама-қайшы ұсыныстарын айтып қалуға тырысып, Иегова куәгерлерiне кiрген жiгiттiң әскерге барудан бас тартқаны үшiн шартты жаза алғанын, тiркеуден өтпеген 200 шақты баптиске айыппұл салынғанына жаны ауырып едi. Ендi кеше, Қазақстан парламентiнiң депутаттары дiни ұйымдардың пайдасына астыртын көмек көрсетуге тыйым салып, Құдайға құлшылық ететiн орындарда кассалық аппараттарды орнатуды ұсынды. Яғни, олар құлшылық ету орындарына қаржылай көмек тек кассалық аппарат арқылы және жергiлiктi билiк өкiлдерiнiң бақылауымен ғана көрсетiлуi керек дегендi айтады.

Шетелдiк тәжiрибеге сүйенсек, Бельгияда дiндi қадағалап отыратын Парламент жанынан құрылған арнайы комиссия жұмыс iстейдi. Францияда "секта" деген түсiнiк жоқ екен. Ал АҚШ дiни бiрлестiктерi қаржы шығындалатын немесе түсiм түсетiн шараға салық есебiн толтырса, Жапонияда дiни бiрлестiктер әр жыл сайын қаржылық құжатын тексеруге ұсынады. Сол сияқты дiни бiрлестiктердi тiркеуге қатысты талаптар бойынша, мүшелер саны, айталық, Бельгияда бiрнеше он мың адам, Австрияда – 16 мың, Румынияда – 20 мың, Чехияда –10 мың адам болуы тиiс. Ғибадат шарасын дәстүрлi түсiнiкте орындау үшiн Германияда талапкер ұйымды iнжiлдiк не католиктiк шiркеумен салыстыратын көрiнедi.

Сонымен, Дiни бiрлестiктер қызметiн реттеу үшiн мыналар қажет:

Бiрiншiден, өз қызметтерiнiң жүзеге асу мақсатында қоғамның қамқорсыз бөлiгiне қатысты дiндi қармақ жем етiп пайдалануды тыю.

Екiншiден, мемлекеттiк мекемелерде дiни уағыз жүргiзуге болмайтындығы жайлы ереже енгiзу қажет.

Үшiншiден, кәмелетке толмағандардың дiни-сенiм таңдауы маңызды сұрақ. Баланың дiни жиылыстарға қатысуына рұқсат беру кезiнде ата-ана жазбаша келiсiмiн берулерi қажеттiгiн заңнамада қарастыру қажет.

Төртiншiден, отбасының күйреуiне әкелетiн, бiлiм алуға кедергi жасайтын, ар-ожданға зиян шектiруге, азаматтарды өз қызметтерiне күштеп араластыру, күш қолдану немесе қоқан-лоққы жасау арқылы гипноз не алдап-арбау жолымен тәуелдiлiк жағдайын пайдалануға, дiни бiрлестiк мүшесiнiң жеке мүлiгiн дiни бiрлестiк басшысының және басқа да мүшесiнiң, тiптi, дiни бiрлестiктiң пайдасына орай күшпен алуға бөгет қою қажет.

Бесiншiден, тiркеу кезiнде дiни бiрлестiктiң дiн атын жамылған бiрлестiктердi ажырата алатын барлық норамаларды енгiзу және дiни бiрлестiкке сәйкес келетiндiгiне көңiл бөлу.

Алтыншыдан, тiркеу кезiндегi талапты енгiзiп, дiни ұйымды тiркемес бұрын шығу тарихын зерттеп, осы бойынша толық ақпарат беруiн мiндеттеу керек.

Жетiншiден, миссионер мен заңды тұлға болып саналмайтын кейбiр аз дiни топтар дәрежесi жайлы сұрақты қарастыру қажет.

Сегiзiншiден, барлық қызмет етiп отырған дiни бiрлестiктер өз аттарына және тiркеу сұрақтарына қатысты 24 айдың iшiнде мемлекеттiк қайта тiркеуден өтуге мiндеттi.

Қазiр көршi жатқан Өзбекстан мен Қырғызстан мемлекеттерi де миссионерлiк қызметке тосқауыл қоюға кiрiсiп кеттi. Мәселен, қырғыз елi де дiн туралы заңына өзгерiстер енгiзiп, "Қырғызстан үгiт-насихатын емiн-еркiн жүргiзетiн дiни ағым өкiлдерiнен бiржола құтылуы керек" деп ұран тастады. Жаңа заң жобасы аясында елдегi қоғамдық-саяси жағдайға ықпал ету арқылы қақтығыстарға әкелетiн бейне және аудио таспалар мен кiтапша, басылымдарды кiргiзуге тыйым салу жағын қарастыруда. Ал Өзбекстанда тұратын кез келген азамат миссионерлiк қызметтi атқарып жүрген адамды көрсе дереу арада жергiлiктi құқық қорғау мекемесiне хабарлауы мiндеттi. Негiзi мұнда жат пиғылды ағым-секталарды бiртiндеп тексерiп, жауып тастау жұмысы 2004 жылы басталған. Нәтижесiнде сот шешiмiмен ташкенттiк евангелистiк қайырымдылық "Благодать" қоғамы қызметiн тоқтатса, 2006 жылы Христиан дiнiнiң протестанттық iлiмiн насихаттағаны үшiн америкалық үкiметтiк емес Global Involvement through Education (Глобальное сотрудничество через образование) ұйымы мен осындай корейлiк екi ұйымда есiгiне қара құлып салды. Қысқасы, 2006 жылдың өзiнде жергiлiктi билiк өкiлдерi шетелдiк "қайырымдылық ұйымдардың" шамамен 12-сiнiң iсiн тоқтатуға мұрындық болды. Дiни iстер жөнiндегi комитеттiң есебi бойынша Өзбекстанда 2200 дiни бiрлестiк мемлекеттiк тiркеуде тұрса, оның 90 пайызы мұсылмандық бағытта.

Ал бiздiң мемлекет бұл мәселеге ендi ғана бет бұрды. Жаңа заң жобасы әлi де талқыға түсiп, пысықталады. Әйтеуiр, "ертең ЕҚЫҰ-ға төрағалық етемiз" деп, опақ-сопақ болдыға телiп, өз дiнiмiздi құрбандыққа салып жiбермесек болғаны. Өйткенi, осы мәселе көтерiлгенi сол-ақ екен, АҚШ дiн туралы заңды қатайтуды аса қаламапты. Жақында АҚШ елшiлiгiнiң өкiлi Ричард Дамстра "миссионерлерге обал жасауға болмайтынын ескертiп, Қазақстанның миссионерлерге қабақ шытуы демократияға қайшы келедi" деген пiкiрiн жасырмапты. Ол сондай-ақ, "Дiни бiрлестiк жұмысына тыйым салынса, олардың күндерi не болмақ? Қазақстанды барлық дiн өкiлдерiне есiгiн ашып, басын қосып тұратын бейбiтшiлiктiң жаршысындай бiлетiнмiн. Негiзi сiздердiң бұрынғы ұстанымдарыңыз өте дұрыс едi" дептi. Егер жан-жақты қызу талқыланып жатқан жаңа заң жобасы айтылған ескертпе мен ұсыныс-пiкiрдi елесе, бәзбiреулердiң айдағанында кетпей, миссионерлiк қызметке бiржола тыйым салған болар едiк.

Елiмiзде 4 мыңнан астам дiни бiрлестiк тiркелсе, оның 2 мың 337-сi – ислами, 1 мың 190-дайы протестанттық, 300-ге жуығы – православиелiк, 100-ге жуығы – католик дiндерiнiң бағытында. Тағы бiр дерек көздерi елiмiзде 33 православие, 300-ден астам протестанттық және католик миссионерлерi мен 5 иудейлiк, 2 дәстүрлi емес, 8 мұсылман дiн таратушысы бар дейдi. Әрине, бұл тек ресми мәлiмет қана.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ