Ванкуверде өткен 2010 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, норвегиялық спортшы Эудун Гренвольд найзағай тиіп көз жұмды, деп хабарлады turkystan.kz.
Бұл қайғылы хабарды марқұмның жары Кристин Тандберг Хаугсья Facebook парақшасында жазды.
«Эудун, менің ең үлкен махаббатым және соңғы 20 жылдағы ең жақын досым… бүгін сен бізден мәңгілікке кеттің. Барлығы тамаша жазғы демалыстан басталған еді, бірақ өткен сенбіде біздің коттеджде болған сәтте сені найзағай соқты. Жедел түрде алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ауруханаға жеткізілгеніңмен, алған жарақаттарың салдарынан өткен түні өмірден оздың», – деп жазды ол.
Эудун Гренвольд спорттық жолын тау шаңғышысы ретінде бастаған. 1996 жылы ол алғаш рет Әлем кубогының ұпайларын иеленсе, 1999 жылы Сьерра-Невадада тұғырға көтерілген. 2003 және 2004 жылдары Норвегия чемпионатында жеңіске жеткен.
2004 жылдан бастап ол фристайлға ауысып, ски-кросс жарысына қатыса бастады. Әлем кубогында үздік нәтиже көрсетіп, басты жетістігі ретінде 2010 жылы Ванкувер Олимпиадасында қола медаль еншіледі. Бірнеше айдан кейін спорттық мансабын аяқтады.
Ол 49 жаста еді.