«Екі адам жарақаттанды»: Алматыда газ құбыры жарылды

/
«Екі адам жарақаттанды»: Алматыда газ құбыры жарылды
Сурет: aimaq.kz

QazaqGaz Aimaq компаниясы Алматыда 16 шілдеде жаңадан салынған жер асты газ құбырын сынақтан өткізу (опрессовка) барысында болған жарылыс кезінде екі адамның зардап шеккенін хабарлады, деп жазды turkystan.kz.

«Автокөліктердің біріндегі жүргізуші мен жолаушы жарақат алды – оларға медициналық көмек көрсетілді. Газ қызметі мамандарының жедел әрекетінің арқасында тұрғындарға газ жеткізу тоқтатылған жоқ. Қаза тапқандар жоқ», – делінген ресми мәлімдемеде.

Компанияның мәліметінше, газ тарату жүйесінде газдың ағып кетуі анықталмаған. Қазіргі таңда мамандар зақымданған құбыр бөлігін ашып, техникалық тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Оқиға орнында жергілікті газ қызметінің мамандары кезекшілікке қойылды. Бұл – жағдайды нақты бағалап, тұрғындар үшін газбен қамтуда қауіптің алдын алу үшін жасалды», – деп толықтырды QazaqGaz Aimaq.

Алдын ала болжам бойынша, жарылысқа себеп – диаметрі 426 мм болатын түзу жікпен дәнекерленген құбырдағы жасырын өндірістік ақау, яғни зауыттық жіктің бүтін болмауы болуы мүмкін.

QazaqGaz Aimaq АҚ-ның Алматы өндірістік филиалының директоры Ақылбай Сапаровтың айтуынша, қалпына келтіру жұмыстары қысқа мерзімде аяқталады.

«Келтірілген шығынды өтеуді мердігер ұйым өз мойнына алады», – деді ол.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары