Экономика жаңалықтары

Экономика жаңалықтары

Экономика жаңалықтары
ашық дереккөзі

АСТАНАДАҒЫ ЖАҢА НЫСАНДАР

Елорданың 10 жылдық мерейтойы қарсаңында Астанадағы құрылыс қарқынды жүргiзiлiп жатқаны белгiлi. Апта басында Елбасы Н.Назарабев Астанадағы бiрқатар құрылыс нысандарында болып, жұмыс барысымен танысты.

Президент ең бiрiншi келешекте аса iрi көлемдегi халықаралық шараларды ұйымдастыруға арналған Тәуелсiздiк сарайының құрылыс алаңында болды. Сарайдың жалпы аумағы 42 мың шаршы метрге тең. Негiзгi залында 4500 адам еркiн сыйып кететiн ғимараттың бiрнеше конференц-залдары, 700 мейманға арналған мейрамхана, баспасөз мәслихатын өткiзетiн арнайы зал бар. Екiншi қабатқа түрлi көрмелер ұйымдастырылатын сурет галереясын, ал үшiншi қабатқа Астана қаласының тарихи мұражайын орналастыру жоспарланған. Елбасы аралаған нысандардың екiншiсi – "Қазақ елi" монументiнiң құрылысы. Ұзындығы 91 метрге жететiн бедер тақта мен 120 метрлiк ұстын тiзбек арқылы қазақтың сан ғасырлық күрес жолындағы тағдырын бейнелейтiн осы ескерткiшке тарихи тұлғалардың мүсiндерi орналастырылады. Монументтен кейiн Н.Назарбаев 30,8 мың адамға арналған жабық стадионның құрылысына барды. Жылдың сан құбылған төрт мезгiлiнде спорттың бiрнеше түрiнен жарыстар өткiзуге мүмкiндiк беретiн бұл стадион УЕФА-ның барлық талаптарына сәйкес келедi екен.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МАМАНДАР – ҚАЗАҚСТАНДА

Әлемдiк экономиканы тығырыққа тiреген қаржылық дағдарыс салқынын кез келген мемлекет сезiндi. Дүниежүзiлiк деңгейдегi қаржылық ұйымдар тiзе қоса жұмыс iстеуге мүдделiлiк таныта бастады. Сейсенбi күнi ҚР Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмов Халықаралық қаржы қорының өкiлдерiмен кездестi.

Мәсiмов пен халықаралық сарапшылар әлемдiк экономиканың басты бағыттары мен саясатын талқыға салды. 2008-2009 жылдарға арналған ғаламдық экономикалық даму болжамдарына қатысты пiкiр алмасты. ХҚҚ Қазақстан iстерi жөнiндегi қызметiнiң жетекшiсi мiндетiн атқарушы Николь Лафрамбуз: "Қазақстан экономикасының даму келешегi туралы бiздiң болжамымыз елдiң ресми органдарының болжамдарымен сәйкес келедi. Инфляция төмендету мақсатында қабылданған шаралар өз мiндетiне сәйкес орындалуда. Бiз инфляция деңгейi жылдың соңына қарай 10 пайыздан төмендейтiнiн болжам отырмыз" дедi. Тараптар үстiмiздегi жылы дүниежүзiлiк экономиканың даму көрсеткiштерiнiң айтарлықтай төмендейтiнiн және қаржы нарығындағы келеңсiздiктердiң жалғасуы мүмкiндiгiн ескертедi. Қаражат тапшылығынан туындайтын қиындықтар кесiрiнен бiздiң елдегi жалпы iшкi өнiм деңгейi бәсеңдеуi мүмкiн. Осы себептi, Министрлер кабинетi әлемдiк стандарттар бойынша экономиканың өсу қарқынын жоғары деңгейде сақтап қалуға мүдделi.

КӘСIПКЕРЛЕРГЕ ӘКIМШIЛIК КЕДЕРГIЛЕР КӨП

Елбасының арнайы тапсыруы бойынша, үстiмiздегi жылдың соңына дейiн шағын және орта кәсiпкерлiк өкiлдерiн ретсiз тексеруден өткiзуге тыйым салынғаны белгiлi (бұл жеңiлдiктен адам өмiрiне тiкелей қатысы бар азық-түлiк пен дәрi-дәрмек саласы шет қалды). Өкiнiшке қарай, шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға әкiмшiлiк кедергiлер жойылмай отыр.

Дүйсенбi күнi Премьер Мәсiмовтiң төрағалық етуiмен, елiмiздегi шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға кесiрiн тиiгiзп отырған әкiмшiлiк кедергiлердi жою туралы мәселе қозғалды. ҚР Үкiметi жанынан құрылған ведомствоаралық консультативтiк-кеңесшi орган саналатын комиссияның басты мiндетi – бизнеспен айналысуға талаптанған отандастарға әкiмшiлiк кедергiлердi азайтуға тiкелей қатысы бар шараларды қарастыру. Осы орайда, мемлекеттiк органдардың өкiлдерi отырысқа қатысушыларды кәсiпкерлiк бiрлестiктер мен халықаралық үкiметтiк емес ұйымдар тарапынан ұсынылған нақты iс-шаралармен танысты. Негiзi көпшiлiк талқысына түскен мәселелер арасында құрылыс жүргiзуге, кедендiк құжаттамалар, кәсiпорындар мен жылжымайтын мүлiктi тiркеу кезiнде туындайтын қиындықтар бар. Мәсiмов тиiстi органдарға бiр апта iшiнде Қазақстандағы кәсiпкерлiк қызметiн дамытуға ықпал ететiн нормативтiк-құқықтық актiлерге қажеттi түзетулер мен өзгертулер енгiзуге қатысты заң жобасын дайындауға тапсырма бердi.

ЕУРООДАҚТЫҢ ЕСIГI РЕСЕЙГЕ ЖАБЫҚ

Батыс пен Ресей арасындағы қарым-қатынаста дипломатиялық компромистерден гөрi, бәсекелестiк пен бақталастық басым. Люксембургте өткен Еуропалық Одақтың сыртқы iстер министрлерiнiң кеңесiнде Еуроодақ пен Ресей арасындағы келiссөздердi бастауға қатысты ұсыныстар қолдау таппады.

Қатысушылар арасында қатты қарсылық көрсеткен – Литва. Ресми Вильнюс Ресейге энергетикалық қауiпсiздiк мәселесiнде кепiлдiк беруге, "Достық" мұнай құбыры арқылы "қара алтынды" тасымалдауды қайтадан iске қосуды талап етуде. Литвалықтардың аттандауы бекер емес. Өйткенi, аталған құбыр арқылы келетiн мұнай шикiзатын өңдеу арқылы Литвадағы жалғыз мұнай зауыты қаншама адамды жұмыспен қамтамасыз етiп әрi iшкi нарықтағы тұтынушылық сұранысын қанағаттандырып келген болатын. Оның үстiне, зауытты орыстарға емес, поляктарға сатуын РФ көңiлiне кiдi алып қалған. "Техникалық қиындықтарды" сылтау еткен Кремль 2006 жылдан бастап "Достық" құбырын iстен шығарып тастады. Мәскеу мен Вильнюс арасындағы қатынасқа Ресейдiң Балтық жағалауы елдерiне қатысты ұстанып отырған саясаты да ықпал еткенi анық.

Бүгiнде Еуроодақтың мүшесi саналатын Литва Ресейдiң көршiлес мемлектетермен, әсiресе, Грузиямен қатынасты жақсартуын талап еттi. ЕО шенеунiктерi Ресей мен Еуропалық Одақ арасындағы келiссөздер үстiмiздегi жылдың маусымындағы ЕО саммитiне дейiн басталады деп үмiттенген едi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ