ОТАНДЫҚ МУЛЬТФИЛЬМДЕР БIР АРНАҒА ТОҒЫСТЫ

ОТАНДЫҚ МУЛЬТФИЛЬМДЕР БIР АРНАҒА ТОҒЫСТЫ

ОТАНДЫҚ  МУЛЬТФИЛЬМДЕР БIР АРНАҒА ТОҒЫСТЫ
ашық дереккөзі

"Қазақ Синема-Дистрибюшн" компаниясы Бiлiм және ғылым министрлiгiмен бiрлесiп, қазақтың 20-ға жуық мультфильмiн DVD форматындағы электронды жинағы аясына бiрiктiрдi. Олар қазақ, ағылшын және орыс тiлдерiне аударылған. Негiзiнен бұл жинаққа Кеңес дәуiрiнде түсiрiлген туындылар енiптi. Жоба жетекшiлерi бұл дүниелердi Мәскеудегi мемлекеттiк қордан сатып алғандарын жеткiздi.

"Бiздiң сүйiктi мультфильмдер" жобасына 5 миллион теңге қаржы жұмсалған. "Таңарыс" кинокомпаниясының басшысы, кинорежиссер Сергей Әзiмов: "Бұл — ұрпақ бойына ана тiлiмiз бен отансүйгiштiктi сiңiру бағытында жасалып жатқан шара"- дейдi. Жалпы, альбомның 1000 данасы жарық көрдi.

Астана қалалық Бiлiм департаментiнiң директоры Әсима Бимендинаның айтуынша, жинаққа қазақ тiлiндегi отандық 20 үздiк мультфильм iрiктелiнiп алынған. "Бұл жобаның мектепке дейiнгi және бастауыш мектеп жасындағы балаларға мемлекеттiк тiлдi үйретуге, сонымен қатар жеткiншектердi отансүйгiштiкке тәрбиелеуге, олардың Қазақстан тарихынан мағлұмат алуына үлес қосатынына сенiмдiмiз" – дейдi.

Өткен жылы қазақстандық анимацияның 40 жылдығы аталып өттi. Бұл жоба жарты ғасырға жуық уақыт iшiнде жасалған мультфильмдердi жинақтауға, көркемдiк және мәдени құндылықтар ретiнде бағалауға мұрындық болды. Жоспар бойынша ендi жинақтың данасы көбейтiлiп, республиканың барлық аймағына таратылады деп күтiлуде. Ал жобаның авторы "Kazakh Cinema Distribution" киностудиясының бас директоры Iлияс Ысқақов болса, жобаға қаржылай қолдау көрсеткен ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi көрiнедi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ