САРДАР СУРЕТКЕР

САРДАР СУРЕТКЕР

САРДАР СУРЕТКЕР
ашық дереккөзі

Ұлтымыздың тарлан жазушысы Тәкен Әлiмқұловтың туғанына 90 жылдығы уақыт өткен сайын жақындап келедi. Соған орай тараздық дәрiгер-хирург, медицина ғылымдарының докторы Сағындық Ордабековтiң белгiлi сөз зергерi жайлы жазылған мақаласын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Ұлтымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов өмiрiнiң соңғы жылдарында елiмiздiң оңтүстiк өңiрiне жиi келiп-кетiп тұрғаны тарихтан белгiлi. Ол асықпай сол аймақтың елiн аралап, кәрi құлақ қарттардан естiген нешебiр керемет сырлы аңыздар мен ескi әңгiмелердi қағазға түсiрiп, құлшына, қызыға еңбек еткен. Сол құнды қолжазбалары жазушының кейiнгi жылдардағы шығармаларында шеберлiкпен орын алып, көптеген татымды дүниелерiнiң өмiрге келуiне себепкер болғаны да аян. Сол сапарларында кейде талантын көзi тiрiсiнде мойындаған жазушы iнiсi – осы өлкенiң төл перзентi Тәкен Әлiмқұловты өзiмен бiрге ертiп жүрiп, қазақ тарихының көмбесi аталған қарт Қаратаудың күнгейi мен терiскейiн шаршамай-шалдықпай шарлап, қазақ ұлтының қаймағы бұзылмаған бұл аймақтағы күйшiлер мен сазгерлердi, жырау мен әншiлердiң өнерiне, ел арасындағы табиғи талант иелерiне тамсана сүйсiнiп, жанына ләззат алады екен. Бұған ұлы қаламгердiң халық аузында қалған "Шаянға барып әншiмiн деме, Созаққа барып күйшiмiн деме" деген қанатты сөздерi дәлел болса керек.

1961 жылдың сәуiрiнде Мұхаң Тәкендi жанына серiк етiп оңтүстiк өңiрдi аралайды. Сол сапарында олар шертпе күйдiң шеберi атанған созақтық Сүгiр күйшiге арнайы ат басын бұрып, сәлем беруге барады. Күйшi белгiлi жазушылардың алдында шабыттанып, ерекше көңiлмен шешiле, нақышына келтiре домбырада толғай-толғай күй тартады. Мұхтар Әуезов күйшiнiң тартқан "Телқожа", "Бозiнгеннiң бүлкiлi" және де басқа күйлерiн зейiн қоя, ынта-ықыласпен тыңдап, олардың орындалу шеберлiгiне ерекше риза болып, олардың әрқайсысының шығу тарихын егжей-тегжей сұрап, қағазына түртiп отырады. Ол масайрап "Созақтан бiр Тәттiмбеттi таптым" деп толқи сөйлеп, iшiндегi қуанышын жасыра алмай:

– Пәлi, шiркiн-ай, нағыз күйшi деп осыны айт! О кезден-ақ киелi Қаратау өңiрi күйден кенде болмауы керек деп жүрген едiм. Мiне, сол мен iздеген өнер қайнарының көзi дәл осы жерден табылды. Керемет қой мынау! Бұл, бiле-бiлгенге, бiр таңғажайып оқиға емес пе, Тәкен? Ежелгi заманда Құрманғазы мен Тәтiмбеттiң орындауында күйлерiн таспаға, күйтабаққа жазып алуға мүмкiншiлiк болмағаны белгiлi. Қазiр ондай жағдай мол ғой. Шiркiн, Сүкеңдi Алматыға алдырып, күйлерiн өз орындауында жаздырса қандай керемет болар едi. Төгiлiп тұрған мұндай күйдi қайдан табасың?! Көктен iздегенiн жерден тапты деген осы! Тәкен, екеумiзге бұдан артық қазына жоқ. Менiң қолым тиiнкiремей кете ме, мына кереметтi тез жеткiз елге, тез жазғайсың! – дейдi Тәкен Әлiмқұловқа бұрылып.

Сөйтiп, Сүгiрдiң күйшiлiк өнерiне ұлы жазушы ерекше тәнтi болып, сүйсiнiп, оның қарттығына қарамай Алматыға өзi ертiп апарып, шертпе күйлерiн таспаға жазғысы келгенi туралы әңгiме ел аузында. Әттең, Мұхаңның ол арманы орындалмай қалды. Өмiр – шолақ.. Тағдырға амал бар ма…

Оңтүстiк сапарларында ол кейде қасындағы Тәкен iнiсiне: – Тәкен-ау, мына өлке тұнып тұрған тарих, толық ашылмаған көмбе екен ғой, бiле-бiлгенге бұл бiр жұмбаққа толы, өнерi мол, сырлы да шежiрелi сахара екен. Жазыңдар, халыққа жеткiзiңдер мұны. Ертең кеш болып, ұмыт қалып, өкiнiп жүрмейiк… Жазыңдар! Көбiрек жазыңдар!.." – деп жанарлары от шаша сөйлеп, ұсыныс жасап, халық арасында сары майдың дәмдi тортасындай сақталған халық аузындағы шежiре әңгiмелерге, жырлар мен өнерге таң-тамаша болады екен.

Тәкен Мұхаңның сол жолғы ұсынысын қабыл алып, Созаққа келген сайын шертпе күйдiң шеберлерi Сүгiр Әлиев пен Төлеген Момбековке сәлем берiп, домбыра татқызып, кейбiр тарихи жайларды, қызық оқиғаларды там-тұмдап суыртпақтап, ежiктей сұрап, базбiр детальдарды анықтап, күйшiлер өмiрiнен үзiк-үзiк әңгiмелер жазып, мезгiлдiк газет-журналдарға жариялап, олардың бiразы кейiнiрек кiтаптарға топтастырылды.

Ол Қаратудың терiскейi мен күнгейiндегi ауылдарда қона жатып, асықпай ел аузында сақталған шежiрелердi, аңыздарды, жыр мен өлеңдердi жинап, оларды терең талдап-зерттеп, фольклорлық салт-дәстүрдi көңiлiне тоқып, соларды өзiнiң шығармашылық еңбектерiне тиiмдi, жөнiн тауып, тiгiсiн жатқызып әдемi пайдаланды. Сондықтан да Тәкеннiң туындылары реалистiк өмiрге жақын болып, олар маржандай құнарлылығымен, ерекше нәрлiлiгiмен, аса сөлдiлiгiмен, тiл үйiрер тұщымдылығымен оқушысын сүйсiндiрiп, қызықтырды.

Мұхаңның оңтүстiк сапарларында талай рет жолсерiк болған сол Тәкен (оның азан шақырып қойылған шын аты – Тәңiрберген болған) Әлiмқұлов сол құдiреттi, киелi Қаратаудың терiскейi Созақ ауданының Бабата маңындағы Дегерез биiгiнiң күн батыс жақ бауырында Сауранбай сайының Үшбас өзенiнiң келiп жалғасар қоспасында 1918 жылы қарапайым отбасында дүниеге келiптi. Ол Қаратаудың терiскейi мен күнгейiн мекен еткен Ұлы жүздегi Ақмолда (Сүлгетай) атаның Көзтаңбалы ұрпағы. Жастайынан әкеден жетiм қалған (әкесi Әлiмқұлды дұшпандар улап өлтiрдi деген халық арасында сөз бар). Тәкен өмiрден көп қиыншылық көредi. Бұғана-буына қатпай-ақ ол Ащысай кенiшiнде жұмысшы болып орналасып, тағдыр тауқiметiн ерте тартады. Кейiнiрек қысқа мерзiмдi есепшi-бухгалтер курсын тәмамдап, бiрер жыл есепшi болып та қызмет атқарады. Одан кейiн Шымкенттегi қорғасын зауытында 1936-1941 жылдары еңбек еттi. 1941-1945 жылдары Донецк облысында (кейбiр мәлiметтер бойынша Ақтөбе облысында) жұмыста болды. Соғыстың соңғы жылы елге оралып Шымкент облыстық "Оңтүстiк Қазақстан" газетiнде тiлшi, жауапты хатшы болып қызмет атқарды. Ол жылдар Тәкен үшiн журналистика мен әдебиетте шыңдалу жылдары болды. Сол жылдары ол П.Павленконың "Бақыт" романы мен М.Лермонтовтың "Измайыл-бей" поэмасын қазақшаға аударды. Оның алғашқы әңгiмелерi баспаларда 1945 жылдан бастап жариялана бастады. Салиқалы, ойлы мақалалары мен тартымды әдеби шығармалары баспасөздерде ара-кiдiк жарияланып, олары көпшiлiктiң көңiлiне жол тауып жатты. Бiр-екi жыл республикалық "Лениншiл жас" газетiнде бөлiм меңгерушiсi болып, кейiнiрек арнайы жолдамамен Мәскеудегi М.Горький атындағы Әдебиет институтына оқуға түстi. Содан кейiнгi оның бүкiл саналы ғұмыры әдебиетке, шығармашылыққа арналды. Қаламы ұшталып, уақыт келе қарымды ақын-жазушыға айналды. Ол жиырма жылға жуық (1956-1974 жж.) Мәскеу қаласындағы ССРО Жазушылар одағында қызметте болды.

Оның алғашқы "Сапар" атты жыр жинағы 1950 жылы баспадан шықты. Содан кейiн уақыт оздырмай "Жазғы жаңбыр", "Боз жорға", "Қаратау өрнектерi" сияқты жыр мен поэмалардан құралған кiтаптары бiрiнен соң бiрi жарық көрдi. Тәкеннiң поэзиялық шығармаларын жырсүйер қауым биiк бағалап, өте жылы қабылдады, жас қаламгердiң есiмi жиi-жиi баспасөзде айтылып, елдiң назарына iлiктi.

Кейiнiрек Тәкен проза саласына көңiл аударып, көптеген әңгiмелер пен қызықты хикаяттардан тұратын "Сейтек сарыны" (1966), "Туған ауылда" (1968), "Күрең өзен" (1971), "Кертолғау" (1973), "Шежiрелi сахара"(1976), "Көкек айы" (1982) атты кiтаптар жазды. Олармен қызыға танысып, ерiнбей оқыған оқушылар рухани байлыққа, орны бөлек қымбат қазынаға тап болғандай шаттанып, көңiлдерi қуанышқа кенелiп, өмiршең шығармалармен ерiнбей сусындады, саналарына нұрлы сәуле құйды, жүректерi ойлы сезiмге бөлендi.

Оның көп шығармаларына ауыл өмiрi, ауыл адамдары, өмiр ақиқаты арқау болған. Талантты қаламгер өз туындыларында қазыналы Қаратау мен сырлы Сарыарқа өңiрiнiң ел арасында мол ұшырасатын аңыз-әңгiмелерiн, халық арасындағы қазақтың ата-салты мен дәстүрiн, атадан балаға мұра болып келе жатқан өнерiн терең зерттеп, олардан ойына түйгенiн шебер пайдаланды. Өйткенi, Тәкен өмiр бойы туған жерiнен – атамекенiнен қол үзбеген зерек, көңiлi ояу, iзденпаз жазушы. Ол мезгiл-мезгiл Қаратау өңiрiндегi елдi аралап, оның әсем табиғатын тамашалап, туған жерiн мәңгi сүйiп, оның кербез көрiнiсiн жырлап өткен жүрегi нәзiк суреткер. Мысалы, оның қаламынан шыққан "Ақбоз ат" (1962) романы құр қиялдан емес, өзiнiң балалық шағы өткен қарт Қаратаудың терiскейiнде болған нақты, деректi оқиғаға сүйенiп жазылған. Жазушының басқа дүниелерi де өмiрден алынған, айғақты, тұшымды, өмiршең туындылар.

"Тұлпардың тағдыры" (1975), "Ел мен жер" (1978), "Замана екпiнi" (1982) романдары да ауыл өмiрi, қарапайым ел адамдары, уақыт толғанысы жайлы қызыға оқылатын шырайлы шығармалар. Бұл романдары жайлы кезiнде республикалық басылымдарда белгiлi жазушылар мен сыншылар суреткердiң шеберлiгi туралы өз пiкiрлерiн бiлдiрiп, олары жылы лебiз бен бағаларын алды. Оның ондаған әңгiме жинақтары мен романдары орыс тiлiнде Мәскеу баспаларынан басылып шықты. Батыс елдерiнде де жарық көрген дүниелерi баршылық. Ол орыс классиктерi М.Лермонтовтың, А.С.Пушкиннiң, В.Маяковскийдiң және шығыс жұлдызы Низамидiң поэмаларын, көптеген белгiлi шетел жазушыларының күрделi шығармаларын аударып, қазақша шебер сөйлеттi. Бұл анау-мынау жай пендеге берiле беретiн дарын емес, тек талантты қаламгердiң бойынан табылатын қымбат қасиет. Сондықтан Тәкеннiң творчествосын замандастары жоғары бағалап, оның еңбекқорлығына, шеберлiлiгiне, бiлiмдарлығына тәнтi болды.

Базбiреулер сезiне бермейтiн саз өнерiн аса шеберлiкпен жаза бiлу үшiн музыканы терең түсiнiп, оның сиқырлы, нәзiк ырғағын жүрекпен ұғыну хак. Музыканың құдiретi жайлы толғаныстарды жазушы Тәкен Әлiмқұловтың сырлы шығармаларынан ("Сарыжайлау", "Кертолғау", "Қаралы қобыз" және т.б.) мол кездестiремiз. Мысалы, оның "Күйшi" атты шағын әңгiмесiнде домбырадан шыққан сиқырлы ырғақты "Тәри-тай-тай-тай, тәри-тәри-тай-тай" деп шертпе күйдi әсерлi суреттей отырып, "… шебер саусақтар сылқым домбыраның төсiнде еркiн ойнақшып, бiрде шанақтан, бiрде сағадан шалып, шымшып, толғап, ерсiлi-қарсылы шертiп, сансыз ызыңды қырық құбылтады", – деп ерекше әсерлеп жазады. Ол жолдарды оқыған сәтте өзiң де дәл сол әуездi күй кернеген ортада отырғандай сезiнесiң, ерекше рахат сезiмге бөленесiң. Егер кәсiби музыкант-сазгер ән мен күйдiң сазы мен сарынын нота арқылы жеткiзсе, Тәкен оларды қара сөзбен ғажайып шеберлiкпен моншақа тiзiлген маржандай етiп жеткiзе бiлген ғаламат сырлы қаламгер. Шiркiн, оның сөзiнiң нәрi қандай! Бұл әркiмге берiле бермейтiн жазушының ерекше сезiмталдығы, аңғармашылдығы, байқағыштығы, суреткердiң тылсым кереметтiлiгi, аса дарындылығы емес пе?!

Оның туындыларын тамсана оқып, сөздiк қорына, зергерлiгiне таң боласыз. Мысал ретiнде оның белгiлi күйшi Тәтiмбеттiң творчествосына арналған "Сарыжайлау" әңгiмесiн алайық. "Шәлкем-шалыс дыбыстар дөңгелене, дiрiл қаға екпiндеп, таңсық әуен туғызды. Ең әсерлi тұсы: "тәри-тарайт-тай, тарайтталап!" төрт тағандап, текiрек қағып тұрып алды. Екi шек егiз лебiз қосты. Жуан дыбыстар мен жiңiшке дыбыстар жымдасып, дүрлiге құлдилағанда, көкей қажар кербез оралым пайда болды. Қанша тыңдасаң құлақ құрышың қанбайтын, қанша қауышсаң мауқың басылмайтын оралым едi. Шерлiге шаттық, шадыманға мұң бiлдiретiн назды да налалы тармақты пысықтағанда, күйшi: "Кейiнгiлер нәшiне келтiре алар ма екен?!" деп күдiктендi", дей келе аяқтайды суреткер өз туындысын. Осы бiр шағын үзiндiнiң өзiнде қаншама ғаламат зергер сымбатты сөздер, кәусар теңеулер тiзбегi тоғысып жатыр! Тәкендi оқыған сайын бiр ғажайып сырлы әлемге енгендей тынысың ашыла түседi, бейне кәусар мөлдiр таза бұлақтан сусындағандай сезiнесiз, оның сөз саптау шеберлiгi мен зергерлiгiне, көсемдiгiне таңданып, қазақ прозасының нағыз классик суреткерi екенiн ерiксiз мойындайсыз.

Сыншы-жазушы Төлеген Тоқбергенов:

– Тәкен қазақ прозасындағы күй-құдiрет қой. Тәкенге жай өлшем жүрмес. Тәкенмен танысуға талант керек. Тәкен тылсымы туралы ойлай бiлмесең, ұлтыңның ұлы мен қызымын деп санауға хақың жоқ. Бәрiбiр бола алмайсың, осыны мықтап түймекке керек, – деп тамсана жазады.

Теңдесi жоқ құдiреттi теңеулермен, көркем сөздiң iнжу-маржандарымен шығармаларын көркемдеп, әсемдiктi әрлей бiлген жазушы Тәкен ағаға бұдан артық қандай баға керек?!

Тәкеннiң әңгiмелерi мен хикаяттарын чех тiлiне аударған чех жазушысы Ұлы дала перзентiнiң суреткерлiк шеберлiлiгiне сүйсiнгендiгi соншама, ерекше әсер үстiнде ол қазақ жазушысына мынадай хат жолдапты: "Сайын далада отырған елдiң есiктерiне құлып салудың не екенiн бiлмеуi, жол жүрген жолаушының жолында кездескен үйге, адамы болмаса да өз үйiндей емiн-еркiн кiрiп, үйде бар тағамды жеп, сусын iшiп, шөлiн басып, ине-жiбiне де тимей, қолданған ыдыс аяғын тазалап, қайталап өз орнына қойып, өз жөнiне кете беретiндiгiне "Бұл қандай пейiлi кең дархан халық?" деп таң болдым".

Тәкенмен жақын араласқан таныстары, замандастары оның өтiрiк сөйлеп, көлгiрсiнгенiн бiлмейтiн. Көзкөргендер суреткердiң көп сөйлемейтiнiн, керiсiнше аз сөйлеп, көп тыңдайтынын еске алады. Суреткердiң сырын бiлмейтiн адамдардың ортасында ашылып, суырылып сөйлеуден әсте бойын аулақ ұстайтын өзiне тән мiнезi болыпты. Тәкен табиғатынан бойын саясаттан аулақ ұстаған талғамды қаламгер. Оның туған жерге, өз елiне деген махаббаты ерекше болғанын кәрi құлақ қариялар мен дастархандас, дәмдес болған азаматтар осы күнге дейiн жыр ғылып айтып отырады. Оған Тәкеннiң елге – атамекенiне келген бiр сапарында тебiрене толқи тұрып созақтық iнiсi С. Еспенбеттегiне айтқан мына сөздерi дәлел бола алады:

– Туған жерде алыста, жырақта жүрсем де, сонау Қаратаудың терiскей бетiндегi Бабата аулындағы анамды жиi еске алып, сағыныш сезiмiм бойымды билеп, кейде жабырқаулы күй кешетiнмiн. Бұл сағыныш бесiкте жатқан сәби көзiмен – ақ ана сүтiмен бiрге бойыма енгенiн жүрегiммен сезiнетiнмiн. Қызмет бабымен өмiрiмнiң жиырма жылын Мәскеу қаласында өткiзген кезде, көп қабатты биiк үйдiң балконында тұрып, сонау шексiз көкжиекке көз тiгiп, көгiлдiр аспан төсiнде баяу жылжыған ақша бұлттар көшi ыстық сағыныш сезiмiмдi өздерiмен бiрге елге тез жеткiзуге асығыс алып кетiп бара жатқандай бiр күй кешетiнмiн (С.Еспенбеттегi "Шежiрелi Қаратау", Алматы, "Қазығұрт", 2003, 196 бет.).

– Тәкен аға елге келген сайын үйге соғып, әкейге сәлем берiп, бiр-екi күн жатып, әңгiмелесiп, әкейдiң күрең қасқа жорғасын мiнiп, Көсегенiң көк жонын аралап кететiн. Жонда мал бағып отырған таныс ағайын-қариялардың үйiне қона жатып, туған жерiнiң сай-саласын, тау-қиясын аралап, мауқын басып, мұздай бұлақтарынан су iшiп, мейлiнше көңiлдi оралатын, – деп еске алады Тәкеңнiң елдегi iнiсi Сапарбек Сопбекұлы.

Жамбыл облысының Сарысу ауданында көп жылдар кеңес-атқару органдарында басшылық қызметте болған, қазiр Тараз қаласында тұратын еңбек ардагерi Қуаныш Пәрiмбекұлымен жолыққанымда Тәкен Әлiмқұлов жайлы сөз болғанда мынадай бiр әңгiме айтып берiп едi. Ендi соған назар аударайық:

– Бiрде, ұмытпасам, өткен жүзжылдықтың 70- жылдары, жаз айының ортасында, таңертең ерте тұрып Байқадам-Жаңатас жолынан бұрылып, көршi Созақ ауданына шекаралас Жайылма аулына iссапармен бара жаттым. Ауыл сыртындағы қара жол бойында жалғыз жаяу кетiп барады екен. Жақындағанда байқадым, бұрындары бiрнеше рет жүздескен жазушы Тәкен ағамыз болып шықты. Машинаны тоқтатып, түсiп сәлем бердiм. "Тәке-ау, мұныңыз қалай? Ешкiмге ештеңе демей жаяулатып ерте қайда тартып барасыз?" – дедiм өз таңғалысымды бiлдiрiп.

– Кеше кешке автобуспен Алматыдан Жаңатасқа келiп, сонда қонақүйде қонып шықтым. Асығыстау едiм, жол-жөнекей кетiп бара жатқан машинаның бiрiне iлiгiп, Құмкенттегi ағайын-жұртқа жетiп алсам деп ерте жолға шықтым. Әзiрше көлiк кездеспедi. Содан кейiн жаяулатып келемiн.

– Есiмiңiз елге белгiлi мүйiзiңiз қарағайдай жазушысыз, Тәкен аға. Неге аудан орталығындағы аудандық мекемелердiң бiрiне бас сұғып, машина сұрап алмадыңыз?

– Шынымды айтсам, бiреуге салмақ салғанды жаным сүймейдi. Қазiр шаруа үшiн қып-қызыл науқан кезi. Сондықтан, жергiлiктi бастықтарды мазалап, тiрлiктерiнен қалдырғым келмедi. Аяғым бар, аузым бар, кешке дейiн дiттеген жерiме әйтеуiр жетемiн ғой…

Содан Тәкен ағаны қасыма отырғызып, Жайылма совхозының орталығындағы кеңсе алдына барып жеттiм де:

– Тәке, жолыңыз болсын. Мына шофер жiгiт барам деген жерiңiзге жеткiзiп салады. Құмкентке ме, Бабатаға ма, өзiңiз бiлiңiз. Сау болыңыз!

– Рахмет, бауырым. Өркенiң өссiн. Машинаңнан "аударып" алғаныма кешiрiм сұраймын. Айыпқа бұйырма. Ретi солай болып қалды…

– Жоқ, онда тұрған ештеңе жоқ. Сiздей асыл ағаларды аулымызға әрең шақыртып аламыз. Әрдайым өзiңiзге қызмет етуге бiз дайынбыз. Қысылмай, қымтырылмай келiп тұрыңыз. Алдын ала телефон шалып қойсаңыз, машинамен қарсы алуға жараймыз.

– Рахмет, рахмет, бауырым! Көрiскенше күн жақсы! – деп ризашылық сезiмiн бiлдiрiп жазушы ағамыз Созақтағы туған елiне қарай асығып кете барды…

Мiне, байқадыңыз ба, Тәкен Әлiмқұловтың бойындағы қарапайымдылығы қандай? Басқа жазушы болса, елдi дүркiретiп "менi күтсiн, қарсы алсын", "шығарып салсын, апарып келсiн" деп мазасын кетiрiп, телефон шалдырып, пұлданып келмес пе едi? Жоқ, ол ондай емес-тiн. Ол әрқашан қарапайымдылықты ұнататын. Ел аралағанда, iссапармен келгенде пұлданбай кезiккен көлiкке мiнiп (малшылар аулына кетiп бара жатқан су тасыйтын водовоз-машинаға, егiндiктегi трактор-машиналарға жанар-жағар май таситын "бензовозға"), кейде тiптi жалғыз-жаяу, бiр жанға салмақ салмай, жұмыстарынан алаңдаттырмай жүретiн өзiне тән адами қасиетi, сүйегiне сiңген мiнезi бар екен. "Қарапайымдылық" дегеннен шығады. Осы жерде менiң ойыма ертеректе естiген тағы бiр әңгiме түстi.

…Тәкен Әлiмқұлов кезiнде халқымыздың данышпан ұлы Абай Құнанбаев жайлы "Жұмбақ жан" деген сүбелi, құнды зерттеу кiтабын жазғаны белгiлi. Соны оқып шыққан бiр жақын жазушы iнiсi:

– Тәке-ау! Мына еңбегiңiз дап-дайын тұрған диссертация ғой. Кейбiреулер шамалы бiрдеңе жазса болды, диссертация қорғап, ғылым кандидаты, немесе ғылым докторы болып кеудесiн керiп, қаздай қоқиланып, маңғазданып шыға келедi. Сiздiң олардан неңiз кем? – дейдi.

Сонда Тәкен Әлiмқұлұлы еш тежелместен, ойланбастан:

– Маған ғұмыры қысқа, дыз етпе, даңғаза атақтың түкке де қажетi жоқ. Менi болашақ ұрпақ өздерi iздеп табады. Мына "жаман" ағаңа бағаны да, атақты да беру болашақ еншiсiнде. Менiң тағдырым – халықтың тағдыры. Мен өз шығармаларыма мәңгiлiк өмiр сүретiн ақиқатты арқау еткен жанмын, – деп жауап берiптi.

Ойланыңызшы, қандай бiлiктiк, қандай даналық! Қарапайымдылық деп осыны айт!

Халқы алдында ғылым докторынан, академиктен Тәкен Әлiмқұловтың беделi кем бе? Қазiргi саны көп, сапасы жоқ ғалымдардың қайсысының "ашқан жаңалығын" халық мойындап, есiмiн ел бiлiп жатыр? Осындайда халық аузында сақталған "Алмас кездiк қап түбiнде жатпас" деген аталы сөздi ерiксiз еске түсiресiз.

Тарлан жазушы Тәкен 1987 жылдың сәуiр айында, 69 жасқа қараған шағында, ауыр науқастан Алматыда дүние салды. Өзiнiң өлер алдындағы аманаты бойынша ол мәңгiлiк тыныштықты өзiнiң Созақтағы кiндiк қаны тамған атамекенi Бабата аулының жанындағы ата-баба зиратынан тапты. Бейiт басына жазушыны соңғы сапарға шығарып салуға жиналған шамалы топ iшiнде оның талантына бас иген көзiқарақты оқырмандар, сырлас та сыйлас үзеңгi қағысып қатар жүрген замандас-қаламдастары, ағайын-туыстары мен жақын достары болды. Солардың ортасында болған, қазiр өзiнiң әңгiме жазуда айрықша шеберлiлiгiмен, дарынды қабiлетiмен көрiнiп жүрген, қаламы жүйрiк оңтүстiктiк жазушы Мархабат Байғұт былай деп баяндайды:

– 1987 жылдың сәуiр айында Тәкен Әлiмқұлұлының денесi Алматыдан Бабатаға әкелiндi. Өзiнiң өсиетi, ақтық аманаты бойынша, сөз зергерi кiндiк қаны тамған Бабатаға жерлендi. Тап сол күнi Созақ ауданына Геннадий Колбин (сол жылдардағы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы – С.О.) келген едi. Кесепат Колбиннiң заһарлы-зымиян түрiндей болып, сәуiрдiң сол күнi төтеншелеу суытып тұрды. Облыстың да, ауданның да бетке ұстар билеп-төстеушiлерi Қазақстан басшысының айналасында алашапқантұғын. Классик жазушыны жерлеуге оның талантына табынушылар ғана, кейбiр қарапайым, қатардағы қызметкерлер ғана қатысты. Бiрақ, осынау қарапайым жерлеу рәсiмiнiң өзi қалам иесiнiң "Қараой", "Көк қаршыға", "Қаратау" сынды шығармасындай мәңгiлiктiң күйiн шертiп, жалғандықты, жасандылықты жолатқысы келмегендей күйде өтiп жатты. Сәуiрдiң суық желi үдей түстi. Тәкен-тылсым тезiрек жападан жалғыз, жалпылдап жалқы күйiнде қалуға асыққандай көрiндi. Көп ұзамай-ақ Бабата әулие жатқан зираттың Қаратау қапталына таман, одан да ең шетте, ескi қорғанға шептес мүйiсте Тәкеннiң қоңырқай топырағы жер томпайтып қала бердi.

Оның есiмi кейiнiрек Бабата елдi мекенiндегi орта мектепке және Шымкент қаласының бiр көшесiне берiлдi. Өкiнiшке қарай, олардан басқа қазақ прозасының зергерi атанған жазушы Тәкен Әлiмқұлов есiмiмен аталатын республикада еш мекеме, оқу орны, Алматы мен Астанада көше жоқ екен. Тiптi, оның атымен жас талапкер жазушылар арасында байқау-конкурс республика, немесе облыс деңгейiнде өткiзiлмейтiнi көңiлге қаяу түсiредi. Оның әр жылдары жазған нәрлi де шұрайлы, тамаша әдеби еңбектерiн, салиқалы сын-пiкiрлерiн жинақтап, басын бiрiктiрiп, көпшiлiк болып көптомдығын шығару да артық емес-ау деген пiкiрдемiз.

Тәкен өзiнiң қаламгерлiк ғұмырында суреткерлiк шеберлiктi бәрiнен биiк қойды. Мансап, атақ, жасанды бедел, байлық, дүние қумады.

Ортамызда жүрген елге сыйлы азамат, қоғамымыздың қажырлы қайраткерi, халық жазушысы Шерхан Мұртаза бiр сөзiнде "Уақыт iрi көздi елек – оның елегiнде ересеңдер ғана қалады" деген екен. Ендеше, жұлдызы нұрлы суреткер, атпал азамат Тәкен Әлiмқұлов есiмi қазақ барда ел есiнде сақталатынына еш күмән жоқ. Өйткенi Тәкен өмiрден, ұлттық әдебиеттен өз орнын тапқан саяқ, ерекше талантты жазушы, мәртебесi биiк шынайы дарабоз суреткер. Жылдар алыстаған сайын әлi талай сардар суреткердiң шырайлы да сырлы, iнжу маржанмен тең, таудың тынысыңды ашар саф кәусар таңғы ауасындай тап-таза, мөлдiр шығармаларына сансыз оралып, оның тамаша табиғи талантына бас иетiнiмiз сөзсiз.

Тәкен туындылары мәңгiлiк!

Сағындық ОРДАБЕКОВ медицина ғылымдарының докторы, профессор.