ҚАЗАҚТЫҢ ХОР КАПЕЛЛАСЫ ӨРЛЕУ ҮСТIНДЕ

ҚАЗАҚТЫҢ ХОР КАПЕЛЛАСЫ ӨРЛЕУ ҮСТIНДЕ

ҚАЗАҚТЫҢ ХОР КАПЕЛЛАСЫ ӨРЛЕУ ҮСТIНДЕ
ашық дереккөзі

Әлiмсақтан, ата-бабамыздың музыка өнерiнде "жар-жар", "беташар", "сыңсу", "жоқтау" iспеттi әндердi көпшiлiкпен айту үрдiсi болған. Салт-дәстүрiмiз бен әдет-ғұрпымызда өте ертеден келе жатқан мұндай әндер – бiздiң дәуiрiмiзге жеткен халқымыздың құнды мәдени мұрасы. Демек, қазаққа жамағатпен бiрлесiп ән орындау жат емес. Әйткенмен, дәстүр бойынша ескiше ән айту түрiн осы заманның хорымен салыстырсақ, мүлде өзгеше екенi аян. Өйткенi, хор өнерi – өзге елдiң алтын қорынан жеткен күрделi музыкалық жанр.

XX ғасырдың 20-30 жылдарында елiмiздiң ұлттық музыкалық театрларының көптеп ашылуы – көпдауысты кәсiби хор өнерiнiң қалыптасып, әрi қарай жандануына даңғыл жол ашты. Семей мен Қарағанды қалаларында хор мәдениетiнiң дамуы көрiнiс тауып, Алатау бөктерiндегi Алматыда кәсiби мамандарды даярлайтын арнайы училище ашылған болатын. Аталмыш оқу орнының хор бөлiмi өнердiң бұл түрiнiң кеңiнен насихатталуына себепшi болды. Хорға әбден машықтанған өнерпаздар 1935 жылы негiзi қаланған Жамбыл атындағы Мемлекеттiк филармонияның құрамына енiп, дарынды Мацуциннiң жетекшiлiгiмен жұмыс жасады. Тарихқа үңiлсек, 1939 жылдың ақпанында мемлекеттiк хор – Қазақтың мемлекеттiк хор капелласы болып қайта жасақталған екен. Мұндағы «капелла» италян сөзi. Яғни, a’capella – сүйемелдеусiз айтылатын хор деген мағынаны бiлдiредi. Сонымен қазақ капелласының тұңғыш ұйымдастырушысы әрi көркемдiк жетекшiсi — Борис Васильевич Лебедев (1939-41 ж.ж.) болған. Оның әрi қарай дамуына үлес қосқан қайраткерлер Халық әртiсi Л.Хамиди, өнер иесi Б.Байқадамов, талантты еңбек сiңiрген әртiстер Виноградова мен Пирогова және Халық әртiсi Б.Орлов. Негiзiнен хор капелласы жоғары классикалық өнер. Хордың түп тамыры Еуропа екенi ақиқат. Бұл күрделi классикалық жанрға әр ел өзiнiң ұлттық нақыштарын енгiзу арқылы хордың сұлулығын, әуездiлiгiн жылдан – жылға еселендiруде. Мәселен, орыс хорының алға басуына көптеп үлес қосқан, негiзiн салған Александр Васильевич Свешников екендiгiн Мәскеудiң өнерсүйер қауымы мақтанышпен айтады. Ал, "ән десе iшкен асын жерге қоятын" елiмiзде ұлттық хор мәдениетiн өркендетудiң бiрден-бiр жолы – халық әнi екендiгiн түсiнiп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан сазды халық әндерiн өңдеп, алдымен екiдауысқа, кейiн көпдауысқа келтiрудiң сан түрлi әдiстерiн қарастырған А.Молодов пен қазақтың тұңғыш дирижер қызы Г.Ахметова мен хормейстер С.Өтебаева елiмiздегi капелла өнерiнiң гүлденуiне мол еңбек сiңiрдi. Сол кездегi капелла мен қазiргi хор өнерiнiң қыр-сырын зерттеген журналист, жазушы, музыкалық редактор Шаймерден Төлегенұлы: "Ұжым дүниежүзiне белгiлi, әсiресе, Кеңес үкiметi тұсында түгел одақты аралап шықты. Капелланың бас дирижерi А.Молодов осы ұжымды 40 жыл бойы басқарды. Ал, Г.Ахметова қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш дирижер. Қазақ сазгерлерiнiң соңғы жазған шығармалары халыққа кеңiнен насихатталып жүр. Ұлы композитор Б.Байқадамовтың өшпейтiн туындылары бiздiң жүрегiмiзге осы капелла арқылы құйылады. Қазiргi капелла өрлеу үстiнде. Әрбiр концерттерiнде хор ұжымы бағдарламасын өзгертiп тұрады. Бас дирижер, хормейстер Б.Демеуовтың өзi өте талантты, оның кейбiр қазақ әндерiн хорға лайықтап өңдегенiн байқаймыз", – дейдi. 1950-1960 жылдардан бастап, мемлекеттiк хор капелласы аз уақытта өзiнiң бағдарламасын 300-ден аса жаңа шығармаларымен молайтып, олардың iшiнде оратория, поэма, сюита iспеттi вокалды-симфониялық күрделi түрлерi де дамыды. "Халықтың әңгiме барысында түбi түскен шелектей бар дауысымен сөйлегендердi емес, сырлы сезiммен, сенiмдi түрде сөйлегендердi тыңдағысы келгендей, хор әуенiнде де дауыстың күшi емес, оның iшкi энергиясы, айқын сұлулығы маңызды… Бар даусымен айқайлап ән шырқау қиын емес, бiрақ iшкi күшпен, қуаттылықпен және онымен қоса, әдемi ән салу қиын, ал баяу дауыспен ән салу одан да қиын және де барлық дауыстар бiр толқынды ағысқа еру үшiн бiркелкi әуезбен ән шырқау қажет", – деп орыс хорының негiзiн қалаған Александр Свешников айтқандай, халқымыздың хор ұжымы орындаушылық дәстүрiн үйлесiмдi етiп жалғастырды. Қазақстан композиторларының iшiнде Мұқан Төлебаев, Сыдық Мұхамеджанов, Еркеғали Рахмадиев, Ғазиза Жұбанова сынды өнер иелерiнiң әдемi әуендерi классикалық музыканың кемелденуiне әсер еттi. Бұдан соң хордың табиғатын терең түсiнген, дарынды,марқасқа сазгер, қазақ капелласының негiзiн қалыптастырушы Бақытжан Байқадамовтың шеберлiгi шегiне жеткен едi. Композитор алдымен халық әндерiн өңдеуден бастаған екен. Мүмкiн, тума талант иесiнiң жаны да бұлбұл құстай ән салып тұрғандықтан болар, ол "Тойбастар", "Жариамайдай", "Майра", "Он алты қыз", "Ахау, Семей", "Жеңеше", "Құдаша", "Илигай" және тағы басқа туындыларды дүниеге әкелдi. "Сұлулығы адамның халыққа өткен iсiнде", – демекшi,оның музыка саласындағы тың жаңалығы – күйдi хормен орындау. Өнердi зерттеушiлер: "Бұл Бақытжан Байқадамов ұсынған жаңа жанр", – дейдi. Қазақтың хор өнерiнiң маңдайына бiткен жарық жұлдызы Б.Байқадамов болғандықтан, елiмiздiң Мемлекеттiк хор капелласы сол бiр классик, кемел сазгердiң атында. Полифониялық (көпдауысты) өнерге өзiндiк үлес қосқан Б.Байқадамов жайында және қазақ капелласының тарихы турасында сол кезден бастап хорда еңбек еткен композитор, Қазақстан Республикасының Халық әртiсi, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Мыңжасар Маңғытаев былай дейдi: "Бiз бұл кiсiмен (яғни Б.Байқадамовпен) бiрге тұрдық. Расында да,Бақытжан Байқадамов секiлдi өнер иелерi сирек кездеседi. Оның басшылық етуiмен Шаймерден ағам айтқандай, бүкiл кеңес елiнiң қалаларын аралап шықтық. "Шәкiртi ұстазынан озар" демекшi, ол өзiнiң ұстазы А.Молодовтан да асып түстi. Мен ол кезде Композиторлар одағының хатшысы едiм. Негiзiнен хор ежелгi шығармашылық ұжымдардың бiрi. Алғашқы дирижерi Д.Мацуцин. 1950 жылдардан бастап Г.Виноградова осы хор ұжымын ұзақ уақыт басқарды. Өзiм 1957-1960 жылдары осы консерваторияда оқып, осы ұжымда ән салдым. Онда хор жаңадан дамып жатқан. Қазақи халық тыңдай бермейдi. Себебi, хор капелласын музыкалық дайындығы бар, сонымен бiрге өнерге қызығатын адамдар үшiн жаратылған. Әлбетте, хор – өнердiң, шеберлiктiң биiк шыңы. Мұнда қыз баланың жiңiшке, әйел адамның төмен, ер кiсiнiң жоғары-төмен дауыстары қосылып, шығарма құрылады. Мұның бәрi халыққа жете бермейдi. Сондықтан да үкiмет бiзге, яғни хордың композиторларына басқа шығармашылық адамдарға қарағанда қаламақыны 1,5 есе артық төлейдi". Ескi мен жаңаның көзiн көрген сазгер Мыңжасар ағамыздың "Жайлауда", "Ақсақ құлан" поэмалары және басқа да туындылары тынымсыз еңбектiң жемiсi деуге болады. Айта кету керек, хор капелласы дүниежүзiнiң 20 тiлiнде шығармалар орындайды екен, күрделi өнер түрiнiң репертуарында орыстың және шет ел классиктерiнiң хор музыкасы бар, оның iшiнде 35 кантата мен ораториялар, 20 сюита мен поэмалар бар. "Хор капелласының шеберлiгi – бұл ыждаһатты әрi талапты жұмыстың қорытындысы. Қазiр сол дәстүрдi жалғастырып келе жатқан жастар iшiнен шыққан айтулы маман – мемлекеттiк хор капелласының көркемдiк жетекшiсi және бас дирижерi, Қазақстан Республикасының өнерiне еңiбегi сiңген қайраткер Бейiмбет Кеңесбайұлы Демеуов жемiстi еңбек етiп келедi", – дейдi Жамбыл атындағы Мемлекеттiк филармонияның музыкалық редакторы Шаймерден Төлегенұлы. Жоғарыда елiмiздiң хор капелласының қысқаша түрдегi өткен тарихын келтiрдiк, ал оның бүгiнгi бет-бейнесi қандай? Бұл жерде Б.К.Демеуовпен сұхбатымыз орынды секiлдi.
ЕУРОПАНЫ МОЦАРТПЕН ТАҢҒАЛДЫРА АЛМАЙСЫЗ
 

– Бейiмбет аға, хор өнерi "жар-жар" секiлдi көпшiлiкпен ән орындау түрiмен ұқсас деуге бола ма?

– Бiздiң халқымыз, әрине, өте дарынды, себебi бiзде "әу, демейтiн қазақ жоқ". Десе де, бiзде бұрын-соңды көпдауысты өнер түрi болмаған. Ал, "жар-жар", "сыңсу", "беташар" сияқты әндер тiзбегiнiң барлығы дерлiк бiрдауысты өнер түрi. Тарихқа үңiлсек, елiмiзге хор капелласы 1930 жылдары келген. Биыл бiздiң шығармашылық ұжымға 70 жыл толады. — Қазақтың хор капелласының алтын қорында қанша туынды бар және бүгiнгi жастардың хорда ән салу өнерiн қалай бағалайсыз? – Хордың месса, кантата iспеттi түрлерi көп. Сондықтан да капелланың қоры терең. Жалпы қанша ұлт бар, сонша тiлде жазылған шығарма бар. Нақты санын айтсам, алтын қорымызда 800-ден аса туынды бар. Бұрынғы сазгерлер Бiржан, Естайлардың да шығармаларын орындаймыз. Ал, жастардың талантына келсек, олар өте дарынды. Күмiс көмей, жез таңдай әншiлермiз де бар. Олар Республикаға еңбек сiңiрген әртiстерiмiз М.Мұсабай, Қ.Исламов, В.Ли, Қ.Әдiлов. Және де жаңадан келiп жатқан жас әншiлерден де мықты дарындылар шығады деп ойлаймын. — Үкiметтiң, БАҚ-тың, халықтың бұл өнерге деген көзқарасы қандай, қолдау қарқынды жүрiп жатыр ма? — Жалпы, бiздiң мемлекетiмiздiң басқа Орта Азия республикаларына қарағанда өзiндiк ерекшелгi бар. Ол осы өнердi қиын-қыстау заманда, яғни 1990 жылдары хор капелласын жоғалтып алмай, сақтай бiлуiнде. Капелла қазiр ешбiр Орта Азияда жоқ, олар мұны түсiнбейдi де, себебi Батыстың өнерi деп санайды. Ал, хорда тек Батыстың әндерi ғана әуелемейдi. Тiптi Батысты Моцарттың шығармашылығымен таңғалдыра алмайсыз. Сондықтан да бiз сыртқа шыққанда ұлттық бағытты ұстануға тырысамыз. Қолдау демекшi, бүгiнгi күнде бiзге, хордың композиторларына соңғы екi жылда қаламақыны жақсы төлейтiн болды. Ал 90-жылдары сазгерлер хор жанрына аздап қана ән жазатын. Қазақтың хор капелласын көбiне солтүстiк аймақтар жақсы сүйiп тыңдайды, қошеметпен қарсы алады. Хор – классикалық өнердiң биiк шыңы. Мұны бiз бағалай бiлуiмiз қажет. Жасыратыны жоқ, қазiргi эстрадада саны көп, сапасы жоқ әуендер қаптап кеттi. Мұндай кризистiк жағдай мен айтпасам да белгiлi. Сондықтан да, мына оңтүстiктегi облыс әкiмшiлiктерi хорға жете назар аударса деймiн. Гастрольдiк сапарда жақсы қарсы алса, нұр үстiне нұр болар едi! Тағы бiр айтарым, бүгiнгi БАҚ-тан, өзiңiз де байқаған боларсыз, капелла мүлдем насихатталмайды. Бұрын ең болмағанда, Қазақ радиосында хор өнерiнiң әдемi сазы әуелеп, бұқараға таралатын, қазiр ол да жоқ. Ал, радионың "Алтын қорында" бiздiң әндерiмiз сақтаулы болар. Айтпақшы, қазiргi таңда шетелге шығу азайып қалды, бұрын мұндай сапар жиi ұйымдастырылатын. — Аға, филармонияда хор капел¬ласына байланысты қандай кештер ұйымдасытырылып тұрады? – Бiз концерттiк бағдарламаларды жиi ұйымдастырамыз. Рахманиновтың фестивалi болған. Бетховеннiң концерттiк кештерi де өте қызықты өттi. Ендi сәуiр айында Чайковскийдiң фестивалi ашылмақшы. — Бейiмбет аға, әңгiмеңiзге көп рахмет!  
Сұхбаттасқан Жансая Құрманғалиқызы