ТҰЖЫРЫМДЫ ТУЫНДЫ

ТҰЖЫРЫМДЫ ТУЫНДЫ

ТҰЖЫРЫМДЫ ТУЫНДЫ
ашық дереккөзі

Қаржаубай Сартқожаұлының «Байырғы түрiк жазуының генезисi» атты монографиясы – түркология саласындағы жаңалықты еңбек

Кез-келген ғылым атаулының, оның iшiнде қоғамтану саласындағы танымдық iлiмдердiң ұлттық идея мен мүдде, таным аясы тұрғысынан тұжырымдалып, тұғырлы iлiмге айналуы өте күрделi үрдiс. Өйткенi iргелi iлiм – сол қоғамның барлық болмысын қамтиды және сол ұлттың рухани тарихаты дүниежүзiлiк мәдениет мағрифаитында мойындалуы тиiс.

Бұл – нақты заттай және көркем ойлау қабiлетi арқылы шешiм қабылдауға жетелейтiн тәуелсiз сана, тәуелсiз ойлау жүйесi, тәуелсiз таным, тәуелсiз идея, тәуелсiз тарихат, тәуелсiз руханият, тәуелсiз пiкiр, тәуелсiз қорытынды, тәуелсiз тұжырым сияқты алғышарттарды талап ететiн, жалпыұлттық өркениеттi анықтайтын парасат деңгейi.

Көшпелiлер әлемiмен, түркi дүниесiмен тiкелей тамыр тартып жатқан қазақ елi үшiн сондай түбiрлi iлiмннiң бiрi – түркология. Бiздiң тәуелсiздiгiмiздiң тұғыры мен тарихының өзi осы түркi руханиятымен қатпарласып, астасып, араласып жатыр. Қазақ елiнiң тектiк, танымдық, ұлттық тарихын суыртпақтағымыз келсе, ең алдымен жүгiнетiн жөргегiмiз, жатқызатын тiгiсiмiз, сөгетiн көбемiз осы. Онсыз әдебиеттану, тiлтану, мәдениеттану, дiнтану, тарихтану, қоғамтану, пәлсафа, аймақтану, жағырафиятану, саясаттану, заңтану сияқты iргелi ғылымдардың iргетасын қалай алмаймыз. Бүгiнгi таңдағы аталған ғылымдардың жаттанды, яғни, сақ, скиф тайпалары ирантiлдес, ғұн тайпасы – монғол-шүршiт тiлдес деген пiкiрлерi Қазақстан тарихында сондай бiр сенiмдiлiкпен баса айтылмас едi. Мұның себеп-салдары неде, неге осынша өзiмiздi өзiмiз тексiздендiруге жол бердiк, таным тамырымызды неге таяздан iздедiк?

Танымдық түйткiлдiң басты себебi, бiзде қазақстандық түркологияның тұжырымдамасын былай қойғанда, бұл iлiмнiң тұғыры негiзделе қаланбапты. Өздерiн түркiтанушы ретiнде танытатындар бар және олардың саны көп, бiрақ нағыз түркiтанушы жоқтың қасы. Көне түркi жазба ескерткiштерiн түпнұсқадан оқып, тiлтану тұрғысынан зерттеп, тiкелей аударма жасаған А. Құрысжанов, Ғ.Айдаров, А. Аманжолов сияқты тұлғаларымыздың еңбектерiнен кейiн түркiтану iлiмi тоқырап қалғандай екен. Өйткенi, олар әлемде 18 мыңнан аса көне түркi жазба ескерткiштерi мен таңбаларының 5-6 мәтiнiн ғана, оның өзiнде Томсен, Радлов, Малов, Рамстед, Самойлович, Айдаров аударған нұсқаларды ғана малданып, соны жаңғыртумен ғана шектелiп келедi. Яғни, белгiлi мәтiннiң оқылуы мен тоқылуына шолу жасап, диiрменнен өткен кебектi (иә, кебектi! Өйткенi дәнi ғылыми айналымға түсiп кеткен) қайтадан араластырып, өзiнше електен өткiзгенсiп, баяндап берудi машық етiп алыпты.

Бұл – бiздегi түркология iлiмiнiң тарихы басқа ұлт өкiлдерiнiң көзiмен жазылған, солардың пiкiрiн пайдаланып қана тәуелдi тұжырым жасап келемiз деген сөз. Өзге-өзге, түркiтанудың тәуелсiз де iргелi, тұғырлы тұжырымдамасы қазақ қоғамтану ғылымы үшiн аса мүдделi iлiм саласы болып табылуы тиiс едi. Басқаны былай қойғанда, осы уақытқа дейiн немiс, француз, орыс, қытай, монғол, түрiк, кырғыз ғалымдары түпнұсқадан аударған көп томдық мәтiндердiң өзi қазақ жұртшылығы үшiн беймәлiм қалпында болған. Сол аудармаларды көшiрiп басып, ғылыми түсiнiктеме жасап, тым құрығанда "кебегiн қалқып" беру де ойымызға оралмапты. Бұған "Отырар кiтапханасы" ғылыми орталығының ғылыми жобасы бойынша Қаржаубай Сартқожаұлы қанаттаса жүргiзген "Қазақ жазуы тарихы" туралы зерттеу мен "Жазу тарихы мұражайы" оқу-әдiстемелiк мұрағатын жасақтау барысында көзiм анық жеттi. Әлмсақтан осы заманға дейiн түркi, оның iшiнде қазақ елi де пайдаланған 16 түрлi әлiпбиде (алфавитте) жазылған, Тұрфаннан, Дунхуаңнан, Ши-аньнан, Енесей аңғарынан, Пенжикенттен табылған мұралар – әфсаналар, драмалық дастандар, жоқтаулар, тәңiрлiк тәпсiрлер, азасөздер мен аманат сөздер Қытайда 30 том етiп жариялану үстiнде. Түркi әлемiнiң тұғыры саналатын қазақ мемлекетi мұндай мұрадан қалай тыс қалады? Әлгi түркiтанушыларымыз қайда? Қытайдағы ғылыми сапармен жүрген жетi айдың iшiнде және ондағы түркiтанушы тарихшы, тiлшi, әдебиетшi ғалымдармен тереңдеп ашық әңгiмелескен кезде ойға түйгенiм жоғарыдағы 30 том еңбек тек қана ұйғыртану мен монғолтану тұрғысынан түсiндiрiледi екен. Түркiтану деген сөз астарлап та айтылмайды. Қытайдың маңдайалды түркiтанушысы, түркология саласы бойынша Бас сыйлықтың иесi, қазақ тiлiн мақалдап, тектеп, түбiрлеп сөйлейтiн Гың-шы мин ғұламаның, тектi дегдардың маған күйiне әрi аманат ете отырып:

– Менiң қазақ ғалымдарына таң қалатын бiр жайым бар. Қазiргi түрiк, әзiрбайжан, өзбек, түрiкмен, ұйғыр, монғол, татар сияқты халықтардың түркi мұралары боп табылатын жазба ескерткiштерiнде тiкелей қазақ халқының мұрагерлiк құқы бар. Қай жағынан алып қарасаң да тарихи дерек те, мәтiн де, тiлi де соған негiз калайды. Туыстас тұқымдарың оларды меншiктеп алды. Менiң осындай пiкiрiме ұйғыр шәкiрттерiм қарсы шығып, мақала жазып та жатады. Егерде мына тәуелсiздiк тұсында негiздеп, құқықтық тектерiңдi дәлелдей алмасаңдар, онда ол мұралардан мүлдем айырылғадарың. Еуропа ғалымдарының пiкiр-тұжырымдары қалыптасып қалады. Оны өзгерту меншiктеуден де қиынға соғады. Көшпелi қазақ дегеннен құтыла алмайсыңдар. Қазақтардың жариялаған түркология туралы зерттеулерiнен тұрақты мағлұмат алып тұрамын. Ондай еңбектi көре алмадым. Жалқаусыңдар ма, паңсыңдар ма, жоқ шынымен сауттарың жетiспей ме?- деген сөзiнiң мәнiн ендi түсiнгендеймiн.

Көрнектi түрколог, кырық жылдан берi түркi тарихын археологиямен, тарихпен, тiлмен, әдеби жазба үлгiлермен, көркемөнермен, жазу тарихымен байланыстыра зерттеп келе жатқан Қаржаубай Сартқожаұлының "Байырғы түрiк жазуының генезисi" атты "Арыс" баспасынан шыққан көлемдi монографиясын оқып отырып сұрақтар ойыма оралды және түйткiлдi түйiндердiң себебiне көзiм жеткендей болды.

Шындығында да бiзде түркологияда өзiндiк жаңалық ашқандар жоқтың қасы екен-ау. Қаржаубайдың кiтабынан Алтайдың Ресей қапталынан 260, монғол Алтайынан 20, Орталық Монғолиядан 40-тан астам жазу табылғаны, олардың оқылғаны туралы мағлұмат алғанда, менi Алтайдың Қытайдағы аңғары мен Қазақстандағы төскейi тұсынан бiр жазудың табылмағаны таңғалдырды. Ендi табыла қоюы қиын. Өйткенi, күнгейi мен төскейiн су қоймасы басып қалған. Ол үлкен арман болсын, ал жаңағы 320 жазудың мәтiнi неге бiзге осы күнге дейiн бейтаныс? Осындайда Гың шы-мин дегдардың сөзi есiме түсiп оларға: "Бiрiңе түсiңде аян берiп, бiрiңе әулие жол көрсетiп, бiрiңе "ассистентiң" көмектесiп "көсем болған ғұламалар" сендер қайдасыңдар?. Жорта жорысаңдар да жолда қалмасаңдаршы?"– дегiм келедi.

Мiне, Қаржаубайдың зерттеу монографиясын оқи отырып өзiммен-өзiм таласып, өзiме-өзiм сұрақ қойып, жауабын таба алмаған алғашқы үстiрт әсерiм осындай ойға жетеледi. Тауыса оқып, қайталай парақтап, тереңiне таман байырқалағанда байқағаным, жоғарыдағы түйткiлдi жайлардың бiреуiне, түркi жазуының шығу тегiне, оның тарихи жолына, қалыптасу кезеңдерiне, пайда болған тарихи шарттарына, түркiнiң ойлау жүйесiнiң тұрақтануына, әр қарiптiң дыбысталуы мен тұлғалануына, тұрлаулануына, бәдiзделуiне қатысты пiкiрлер "Байырғы түрiк жазуының генезисi" атты монографияда барынша жан-жақты қамтылып, тұжырым дәрежесiнде зерттелiптi.

Ұлттық сананың тәуелсiз ойлау жүйесiн анықтайтын рухани кепiлдiктiң бiрi – сол жұрттың жазуы болып табылды. Бұл реттен алғанда түркi елiнiң тасқа басылған жазба ескерткiштерi кез келген өркениеттiң мысын басатын, мойындататын заттай айғақ. Алайда осы уақытқа дейiн түркология ғылымында үш түрлi пiкiр орын алған. Бiрiншiсi: көшпелiлер әлемi соңына мәдени мұра қалдыруға қабiлетсiз қоғам, сондықтан да олардың жазуды ойлап табуы мүмкiн емес. Бұл – Кiшi Азиядан барған ирантiлдестердiң ықпалымен жасалған – деген өктем пiкiр. Екiншiсi: Соғды жазуын негiз етiп алынған-мыс – деген қисынсыз қисын. Үшiншiсi: көшпелiлер өзiндiк ойлау жүйесiне қабiлеттi, тағы жылқыны қолға үйретiп, темiр қортудың амалын тауып, үзеңгiнi пайдалану арқылы адамзаттың даму тарихына ұлы өзгерiс әкелген. Еуразия кеңiстiгiн игеру барысында өзiндiк жазуды ойлап тапқан – деген пайымды пiкiр. Осы үш пiкiрдiң өзiнен-ақ бүгiнгi түркология iлiмiнiң әлi де тәуелсiз ғылыми бағыт ретiнде қалыптаспай отырғанын танытады. Бұл – түркi тектес ұлттардың денi тәуелсiздiк алып отырған бүгiнгi таңда, Гың шы-мин ғұлама айтқандай, ұлттық санамызға сын.

Шынымен де түркi жұрты өз жазуын ойлап табуға дәрменсiз бе едi? Қуаты күштi бiр қағанның бұйрығымен мәжбүрлi түрде жүзеге асты ма? Скиф (сақ), ғұн тайпаларының дербес қарпi болғаны туралы жыл қайыруымыздан бұрынғы VIII ғасырдан бастап миладидiң V ғасыры аралағындағы тарихи деректердiң барлығына неге еуропалықтарға күдiк-күмән тудырады? Сөздiң дыбысталуы, таңбалануы, сөйлемге ұласуы, мемлекеттiк мәмiле жүргiзу сатысына көтерiлуi, оған мүдделi еткен тарихи алғы шарттары, алғашқы жазу үлгiлерi, тарихи жазба ескерткiштер мен жазба мұралары, олардың даму жолы, түп төркiнi, оның дәуiрлiк кезеңдерi Қ. Сартқожаұлының "Байырғы түркi жазуының шығу генезисi" атты монографиясында жинақтала қарастырылыпты. Түркi жазуына қатысты айтылған әлем түркологтарының пiкiрi салыстырыла отырып, нақты ғылыми мәселе қояды. Мәселенi ғылыми тұрғыдан қоя бiлу бiр басқа да, оны заттай айғақтар арқылы ойын дәйектеп, пiкiрiн дамытып, корытынды жасап, тұжырым жасау – ғылымның түпкi мақсаты. Қ. Сартқожаұлы өзiнiң зерттеулерiнде ой-пiкiрiн тұжырымдық деңгейге көтере бiлген және әр тұжырымы дәлелдi де тиянақты.

Мұның басты себебi Қаржаубай Сартқожаұлының өзi зерттеген тақырыпты кемелiне келтiре игеруiнде жатыр. Ол түркi тарихын, түркi тiлiн, түркi жазба ескерткiштерiн – археология, археографика, эпиграфика, тарих, тiлтану iлiмдерiмен үйлестiре отырып салыстырулар жасаған. Ол өзiнiң қырық жылға жуық Монғолия мен қазақ даласында, Енесей мен Байкал аңғарында, Шиань мен Алтайда жүргiзген далалық қазба жұмыстарының нәтижесiне сүйенiп жинақталған деректер мен мәтiндердi пайдаланып, түркi жазуының шығу тегiн тектеп берген. Әсiресе, соның өзi тауып, мәтiндерiн ажыратып, ғылыми айналымға түсiрген 40-тан астам түркi жазуын оқу барысындағы зерттеу тәжiрбиесi көмекке келген. Сондай-ақ тарих пен тiл, археология мамандықтарын тел игеруiнiң игi ықпалы осы еңбектен анық байқалады. Түркi тiлiнiң шығу тегiн тектейтiн iлiм салаларының тоғысуы нәтижесiнде жүргiзiлген зерттеу қазақ түркологиясы тарихындағы жаңа бетбұрысты еңбек болып табылатыны еш күмән тудырмайды. Монографияда байырғы түрiк тiлiне фонологиялық сараптама жасағанда ертеорта ғасырда өмiр сүрген түрiктердiң дүниетаным-философиясын алға тарта зерттеу әдiстемесi ретiнде ала бiлген. Еңбекте түркiлiк түйсiк, түркiлiк ойлау, қабылдау, сезiну, қорыту ерекшелiгi қандай екендiгi ғылыми тұрғыдан ашылған. Сол дәуiрдегi түркiлiк дүниетаным (екi негiз) шеңберiнде олар жазу емлесiн жасап шыққан екен. Бүгiнгi түбiрi бiр тiлдес 38 түркi халықтары барлығы бiрдей еуропа дүниетанымымен әлiпби емле-ережесiн құрап, тiл бiлiмiнiң грамматикасын жасап қолданып отыр. Ал көне түркiлер түркiлiк түйсiк-дүниетанымын негiзге ала отырып, тiлтану грамматикасын жасапты. Мысалы, жекелеген сөздердi айтылымына қарай жуан, жiңiшке деп бөлiп сөз құрайтын дыбыстарды да солайша жiктей отырып, байырғы түрiк тiлiнiң дыбыс үйлесiм (сингорманизм) заңдылығын қолдана бiлiптi. Бұл құпияны ежелгi түркi зиялылары жақсы сезiнiп, түсiнiптi. Сондықтан да негiзгi арқау 10 дауыссыз дыбыстың әрқайсысын жiңiшке, жуан айтылымына сай екi түрлi таңбамен белгiлеген. Ол дауыссыз дыбыстар жуан, жiңiшке айтылымымен берiлетiн дауысты дыбыстар арқылы жанданып (жан бiтiп) сөз құрайды. Осылайша Қ.Сартқожаұлы дыбыс үйлесiм (сингорманизм) заңдылығы бүкiл түркi тiлiнiң негiзгi ерекшелiгi екенiн көрсетiп берген. Бұған дейiн бұл заңдылық туралы байырғы түркi бiтiг (руна) ерекшелiгi туралы бұлайша ғылыми сараптама жүргiзгенiн өз басым бiлмейдi екенмiн. Әдiстемесiнiң (методикасының) өзi де соны. Олай болса, бұл тiл ғылымындағы үлкен жаңалық. Философтар ойлана қарап, шұқшия сараптайтын дүние сияқты. Монографияда Орхон жазу мәтiнiнiң тiлi түркi тiл саласының iшiндегi қыпшақ тiл тобына жататынын ғылыми түрде дәлелдеп берген. Онымен қатар Орхон түрiктерiнiң билеушi тайпасы қыпшақтар екенiн тарихи мәлiметтер арқылы этникалық тегiне дейiн айқын көрсеткен. Олай болса, Орхондық Көк Түркiлер бүгiнгi қазақтың тiкелей бабалары болмақ. Бұл тұжырымды Гың шы-мин ғұлама оқыса разы болып қалар едi. Неге бiз осындай жаңалықты көре бiлмеймiз? Неге бiз осындай ғалымдарымызды құрметтей алмаймыз? Әрине, тiл мен тарих маманы болмағандықтан да бұдан ары тереңдеп талдауға мүмкiндiгiмiз шектеулi болды. Алайда монографияның ғылыми маңызы жоғары екендiгi жоғарыда осы шолудан да анық аңғарылады ғой деп ойлаймын.

Жоқты жона алмайсың. Алайда барды бар деп дер кезiнде айта алмайтын, мүмкiн айтқымыз келмейтiн бiр керенау мiнезiмiз бар. Түркология iлiмi тоқырап қалды десек те Қ. Сартқожаұлының "Байырғы түрiк жазуының генезисi" сияқты пайымды зерттеулер оған жан бiтiрiп отыр. Мiне, осындай орайды пайдаланып пiкiр козғап, ойды ортаға салып, өткендi екшеп, барымызды бағаласақ, бағамдасақ нұр үстiне нұр болар едi. Қ. Сартқожаұлының бұл еңбегi тiл бiлiмi атты алып керуенге салмақты жүк салған туынды деп есептеймiн.

Т. Жұртбай, профессор,филология ғылымдарының докторы