АЛМАТЫДА ҰЛЫ ДҮБIР БАСТАЛДЫ

АЛМАТЫДА ҰЛЫ ДҮБIР БАСТАЛДЫ

АЛМАТЫДА ҰЛЫ ДҮБIР БАСТАЛДЫ
ашық дереккөзі

Кеше Алматыда ұлы дүбiр басталды. Ол дүбiр — Пекин олимпиадасының дүбiрi. Қазақ мемлекетiнiң тарихында тұңғыш рет және бiрiншi болып Алматыда Олимпиада алауының шеруi жүрiп өттi. Мемлекеттiң бет-бейнесiн анықтаған, ұлттың ұлылығын ұлағаттаған айтулы мереке қазақ тарихында алтын әрiптермен жазылып қалды.

Қай кезде де жаңалықты жақсылыққа жоритын ырымшыл халықпыз ғой. Әлемнiң 22 қаласынан жүрiп өтетiн Олимпиада алауының шеруiн қазақтың мәдени шаһары саналатын Алматының бастағанын көңiлге демеу тұтып жатқандар көп. Грек жерiндегi Олимп тауының қуысында тұтанған алау ешқайда бұрылмай, бiрден Алматыға жетуiнiң де үлкен сыры бар. Бұл тыныштықтың ұясына айналған Қазақстанды әлем мойындады деген сөз. Гректер тұтатқан, қазақ шеруiн бастаған алау Алматыдан басталып, әрi қарай әлемнiң 21 қаласына жетедi. Алатаудың төрiнен бастау алған шеру Стамбұлға, одан әрi Санк-Петерборға, әрi қарай Еуропа асып, Лондонның, Париждiң төрiне жетедi. Олимпиада ойындары алауының алғашқы шеруi 1936 жылы Берлинде болған 11-шi жазғы олимпиада ойындарында ұйымдастырылды. 20-маусымда Олимп тауынан тұтанған Олимпиада алауы Грекия, Болгария, Югославия, Венгрия, Чехославакия және Германия аймағы арқылы өтiп, Берлинге жеткен. Ал, 1945 жылы Олимпиада алауы алғаш рет теңiз жолы арқылы жеткiзiлсе, 2004 жылғы Афины Олимпиадасының алауы әлемнiң бес құрлығын, яғни 22 қаланы қамтыған екен. 25-наурызда тұтанған алаудың алғаш рет Африка мен Оңтүстiк Америка арқылы 13-тамызда Афинаға жетуiне 11 мыңға жуық адам атсалысыпты. Мiне, сол алау Алматыға Қытай астанасынан арнайы ұшақпен әкелiндi. Олимпиада белгiсiмен безендiрiлген арнайы ұшақ Алматы әуежайына 1 сәуiр күнi келiп қонды. Дүбiрлi доданың негiзгi нышанын Алматыға Пекинде өтетiн жазғы олимпиада ойындары ұйымдастыру комитетiнiң вице-президентi Чжань Шяо Ю мырза бастаған ресми делегация алып келдi. Наурыздың 24 күнi Грек елiнде тұтанған алау 31 наурызда арнайы ұшақпен Пекинге жеткiзiлген болатын. Алауды Қытай президентi Ху Цзиньтао тұтатқан соң, шырақ екiге бөлiндi. Бүгiнде оның жартысы Аспан асты елiнде қалдырылып, екiншi бөлiгi әлемдiк шеруге аттанды. Әлемдiк шеруге аттанған алаудың 130 күн бойы бес құрлықты түгел аралап шығатыны белгiлi. Алматыдағы "Медеу" спорт кешенiнде "Бейжiң-2008" олимпиадалық алау шеруi Елбасымыздың құттықтауымен ашылды. Мемлекет басшысы мұз айдынына орнатылған тұғырға фанфар әуенiмен көтерiлдi. Елбасымен бiрге тұғырға Қытайдың Қазақстандағы елшiсi Чжан Сиюнь мырза мен грек-рим күресiнен тұңғыш чемпион атанған Жақсылық Үшкемпiров шықты. Сондай-ақ, алаңда елiмiздiң әр жылдары алтын медаль жүлдесiн жеңiп алған спортшыларымыз да сап түзедi. Сонымен, шерудiң алғашқы алауын Пекинде өтетiн жазғы олимпиада ойындары ұйымдастыру комитетiнiң вице-президентi Чжань Шяо Ю мырза Қытайдың Қазақстандағы елшiсi Чжан Сиюньға табыс етсе, елшi Елбасымыздың қолына тапсырды. Алатаудың төрiнде тұңғыш рет тұтанған Олимпиада алауын Елбасымыз алғашқы болып ұстады. Алауды Елбасының қолынан әрi қарай, олимпиада чемпионы, "Баркер" кубогының иегерi Бақтияр Артаев алып, шерудi жалғастырып әкеттi. Бейжiң ХХIХ жазғы Олимпиада алауының шеруi Алматыда басталуына күш салғандардың бiрi де — Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев. Екi елдiң басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ху Цзиньтаоның арасындағы былтырғы кездесуде ауызша келiсiм жасалған едi. Ал, өткен жылдың қаңтар айында ХХIХ Жазғы олимпиадалық ойындарының Бейжiң ұйымдастыру комитетi мен Алматы қаласы әкiмдiгi Олимпиада алауының эстафетасын Алматы арқылы алып өту туралы келiсiмге қол қойған болатын. Шеруге 80 қазақстандықтар қатысты. Олардың арасында Ермахан Ыбырайымов, Владимир Смирнов, Юрий Мельниченко, Жақсылық Үшкемпiров, Ольга Шишигина сияқты спортшылар, әншi Роза Рымбаева, кәсiпқой бокстан әлем чемпионы Марат Мәзiмбаев, жиһангез-байкер Дмитрий Петрухин, т.б. бар. Медеу мұз айдынынан басталған алау "Астана" алаңына барып тоқтады. "Сен тұр, мен атайын" деген қазақтың мықтылары алауды қолына көтерiп, Алатаудың даңқын әлемге айдай еттi. Дәл сол күнi Алматыға ат басын тiреген қонақтар да қаланың көрiктi жерлерiн шерумен бiрге тамашалай алды. Бұл күнi әлем назары да Алматыда болған сияқты. Өйткенi, Олимпиада алауының шеруi басталардан екi күн бұрын Алматының төрiндегi "Интерконтиненталь" қонақ үйiнде "Бейжiң-2008" Олимпиадалық алау эстафетасының халықаралық баспасөз орталығы ашылған болатын. "Бейжiң-2008" Олимпиадалық алау эстафетасын әлемге кеңiнен таныстыру үшiн 320 отандық және шетелдiк журналистер тiркелген едi. Олардың арасында "France press", "Reuters", "Xinhua", "BBC" радиосының өкiлдерi де бар. Бұл дегенiңiз, күнi кеше Алматы көшелерiнде жүрiп өткен шерудi әлемнiң екi миллиардтан аса адамдары тамашалады деген сөз. Алматы — Олимпиадалық алау Бейжiңнен кейiн аялдаған бiрiншi қала. ХХIХ жазғы олимпиада ойындарының тарихында да бiрiншi болып қалары сөзсiз. Бұл шеру – қазақ спортының гүлденуiне, ұлттың ұлылығын танытуына мүмкiндiк әкелетiн ұлы дүбiрлi мереке, айтулы күн. Әдемi құтыдағы алаулаған жалын қазақтардың жүрегiнiң жалыны сияқты мәңгi өшпейтiндей. Сол алауға ақжол тiлеген адамдар әсем Алматының орталық көшелерiнiң бойында жүздерiнде шаттық ойнап, мәз-мәйрам боп тамашалады осы шерудi. Шерудi ұйымдастырушылар күн райы жиi ауысатын асқақ Алатаудың әсем бөктерiндегi Алматыда ауа-райы бұзыла ма деп сескенген едi. Бiрақ, ауа-райы да осынау бiр айтулы күндi қолдағандай, жарқырап тұрды. Бұл күн әрбiр қазақтың жүрегiнде мәңгi сақталары айқын.

Гүлзина Бектасова