ШЫМ-ШЫТЫРЫҚ ФИЛЬМДЕР

ШЫМ-ШЫТЫРЫҚ ФИЛЬМДЕР

ШЫМ-ШЫТЫРЫҚ ФИЛЬМДЕР
ашық дереккөзі

Саны бар, сапасы жоқ

Көктемнiң алғашқы күндерi жайдары басталғанымен, қыстың ызғары әлi де кете қоймағаны байқалады. Суық лептi жаяу жүргiншi болмаса, көлiктегi жүргiзушiлердiң байқай қоюы да қиын. Жарқырай шыққан күнге алданып, таңертеңгiлiк жаяу жүргiм келдi де, жұмысқа асықпай аяңдағам. Қытымыр қыста жаяу жүру қайда?! Жұмыстан шыға салып үйге, үйден жұмысқа асығып, қыстың үш айын өткiзгендiктен бе, даланың иiсiн сағынып қалыппын. Асықпай, айналаңа зер сала, көшедегi жаяу жүргiншiлердi де қызықтай отырып, екi-үш аялдаманы өткiздiм.

Жол бойындағы абыр-сабыр қарбаласты көзбен көрген де ғанибет. Бiр қызығы, көшеде кездескен әрбiр жолаушының түрiнен әртүрлi көзқарасты байқайсың. Осылай таңертеңнен басталған қарбалас кешке дейiн бiр тынбайды. Бiрi — жұмысына, бiрi — мектебiне, бiрi — базардағы саудасына асыққан адамдар. Көше жиегiндегi қатар-қатар орналасқан шағын дүңгiршектердiң де алдынан бiрлi-екiлi адам болмаса, ығы-жығы халық көрiнбейдi. Аяқ аттасаңыз, кездесетiн жарнама бұрыштарына да ерiксiз көз сүздiм. Орталық сарайларда өтетiн әртүрлi кештердiң хабарландырулары, театрлардың репертуарлары қаптап тұр. Көктеммен бiрге жаңаруды күте ме, әйтеуiр, әсем шаһардағы Республика сарайының да бiр күнi бос емес. Одан қала бердi, шағын кинотеатрлардың да, концерт залдарының да афишалары қоса iлiнген. Бiрiнен соң, бiрi iлiнген хабарландыруларда не қызық бар деп үңiле түстiм. Көп жарнаманың арасынан "Аймалашы менi" деген фильмнiң жарнамасы көзiме iлiге кеткенi. "О тоба, аты ерсiлеу қойылған бұл не нәрсе болды?" деп әлгi жарнамаға қайтадан үңiлдiм. Жоғары жағында "Жайдарман" деген жазу тұр. Демек, фильмге көңiлдi тапқырлар клубында өнер көрсетiп жүрген "жайдармандықтардың" қатысы бары белгiлi. Әлде солардың өзi түсiрген комедиялық фильм болды ма? Әйтеуiр, көңiлдi фильм дейiн десең, аты күлкi шақырып тұрған жоқ. Затының да қандай екенi атынан белгiлi болып тұрған фильмдi кино саласына үш қайнаса сорпасы қосылмайтындардың түсiргенi тағы анық. Жарнамасына қарағанда, фильмдi наурыздың 1-нен "Қазақстан" кинотеатрында көрсетiп жатқанға ұқсайды. Ойды ой қуалайды. "Аймалашы менi" деген фильмнiң жарнамасынан соң, соңғы кездерi көрсетiлiп жатқан шағын киностудиялардың алуан фильмдерi ойға түстi. Аталмыш киноның сапалық деңгейi қаншалықты екенi, фильмдi көргеннен кейiн айтылар, бүгiнгi әңгiме, саны көп, сапасы аз, кейбiр фильмдер төңiрегiнде.

Белгiлi әдебиет сыншысы, ғалым Құлбек Ергөбектiң "Апырым-ай, Апырымов-ай!"деген мақаласы "Қазақ әдебиетi" газетiнде жарық көрдi. Ғалым Апырымов түсiрген "Аңшы" фильмi туралы өзiнiң пiкiрiн жазған екен. Аталмыш фильмдi көрiп отырып, өзiнiң байқағандарын қағазға түсiрмеске амалы қалмаған сыншының пiкiрiне бiзде iштей қосылдық. "Аңшы" фильмiн көрiп, қазақ киносының соншалықты сорақы күйге түскенiне бiз де бетiмiздi басып ұялған едiк. Амал қанша, қазақ киногерлерiнiң соңғы буыны түсiрiп жатқан фильмдердiң көбi "Аңшының" ар жақ-бер жағындағы дүниелер. Бұл "Қазақфильм" киностудиясының дәмiн татқан, арнайы киногер мамандардың түсiрiп жатқан "шедеврлерi". Ал, соңғы кезде саңырауқұлақтай қаптаған жеке киностудиялардың "шедеврлерi" ше?

Жекеменшiк киностудиялар демекшi, кино саласына жолдан қосылып жатқан киногерлердiң (әрине, олардың арасында киноға үш қайнаса сорпасы қосылмайтындары да бар. — Г.Б.) өз беттерiмен, өз хал-хадерiнше түсiрiп жатқан кино туындылары республиканың түкпiр-түкпiрiне жетпесе де, оңтүстiк астана жұртшылығына көрсетiлуде. Көбiне-көп "Қазақстан" кинотеатрында ұсынылатын фильмдердiң сапасы туралы да, жаңалығы туралы да баспасөз бiткен жабыла жазып жатады. Апта сайын қуантпаса да, Құдайға шүкiр, маусым сайын бiр фильм өмiрге келуде. Алдымен, "Жасұландықтар" ұсынған "Жаралы сезiм", "Менiң де атым Қожа", одан соң, "Қазығұрттықтар" дайындаған "Ханталапай", одан кейiн Ақан Сатаевтың "Рэкетэр" фильмдерi, одан қала бердi, Ұлжан Қолдауованың "Алаяқ" фильмi, сосын жуырда ғана тұсауын кескен Мақсат Оспановтың "Отыздан асып барамын" атты фильмдерi бiрiнен соң, бiрi көрсетiлiп жатыр. "Қазақ киносы дамымай жатыр" деп байбалам салып жүргенде, киноның көбейгенiне тәубе демеске тағы амал жоқ. Бiрақ, ол фильмдердiң қазақ киносын өркендетуiне қосар үлесi қанша? Бар мәселе осында.

Жуырда қырғыздар түсiрген "Боз салқын" фильмi туралы әңгiме қозғағанбыз. Қарапайым ғана ауыл өмiрiнен сыр шертетiн, ауылдың мұңы, қасiретi жатқан сол фильмнен кейiн неге екенiн бiлмеймiн, бiраз уақыт iштей ауылды аңсап жүрдiм. Ауылды сағындым, қаладағы жатбауыр, салқын, сұрғылт тiрлiктен безiнiп, менiң де "Боз салқынның" кейiпкерлерi сияқты ауылда тiрлiк кешкiм келдi. Мүмкiн, фильмнiң де ұтқаны осы болар. Онда адалдық бар, онда ауылға деген махаббат, сұлулық бар. Табиғаттың әсем көркi ауылдың бет-бейнесiн әдемi ашып берген. Көк майсалы шалғында асыр салып би билейтiн қырғыз қызының өз тағдырына мойынсұнғаны, оңай жерден емес, махаббатты қиындықтан iздегенi, бәрi-бәрi көңiлiңе керемет ой ұялатады. Оңай жеткен бақытта мағына болушы ма едi. Қырғыздардың кино арқылы жасаған басты философиясы да осында. Бiздiкiлерде ше? Бiздiң киногерлердiң түсiрген фильмiнен кейiн ауылға бармақ түгiлi, Қазақстаннан қашып кеткiң келедi. Отансүйгiштiк, патриоттық дегенiңiздi бүгiнгi кинодан iздесеңiз де таппайсыз. Бүгiнгi киногер мамандардың фильмдерден пәлсапа iздейтiнiне жыным келедi. Бiздiң фильмдерде тозығы шыққан ауыл, аузына ақ ит кiрiп, көк ит шығатын әйел, бетiмен кеткен жеткiншек, тәрбиесiз өскен ұл, алаяқтар, ұры-қары, маскүнем қоғам. Өмiрдiң бәрi алдау, арбау, сатқындық… Оны онсызда бiз өмiрден күнде көрiп жүрген жоқпыз ба? Неге оны бiзге фильм арқылы қайта ұсынып жататынына таң қалам. Сосын, амал жоқ, Алпамыс пен Қожаның риясыз балалық шағын қайта көре беремiз, қайта көре беремiз. Тiптi әрбiр сюжет, әрбiр оқиға жадыңда жатталып тұрса да, көресiң. Өйткенi, онда өзiңнiң мұңсыз балалығың бар. Бiр кездерi, КСРО құрамында болған түркiтiлдес елдердiң кинематографиясында ортақ дүние болды. Ол орыстық үлгiге қарай қызмет еттi дедi. Бұл мүмкiн дұрыс та шығар. Негiзiне келсек, бiр кездегi бiздiң қазақ кинематографиясының алтын ғасыры саналған жылдарда дүниеге келген фильмдердiң бәрiн ұлттық тамырынан ажырамаған, ұлтты сүйген азаматтар дүниеге алып келдi. Олардың фильмдерi ұлтты тәрбиеледi, ұлттың өзге елдiң танымына ерiп кетпеуi үшiн жанталасты. Керiсiнше, қайта қазақ киносының сапасын төмендеткен буын, нағыз Кеңес заманының тәрбиесiн алған, орысшыл жастар болған сияқты. Мүмкiн, олардың кiнәсi, нағыз кеңестiк жүйенiң құрбандары болғандығында шығар. Бiрақ, олардың ешқайсысы да өздерiн олай сезiнбейдi. Сондықтан болар, олар қоғамның шындығын фильмдерiнде осылай көрсеткiсi, дәлелдегiсi келетiндiгi. Бүгiнгi кинолардың тағы бiр кемшiлiгi — тiл жоқ. Қазақ тiлiнде сөйлеткiсi келетiнiне қуанасың, әрине, бiрақ, әдеби тiл деген атауымен жоқ.

Қазiр қазақ көрерменiнiң көптеп көретiндерi Ресейдiң қаптаған сериалдары мен атыс-шабыс фильмдерi екенi жасырын емес. Қарап отырсаңыз, сценарийлерiнiң көбi Батысқа ұқсастау келетiн Ресей өнiмдерi бiр жағынан қарағанда, жеңiл-желпi дүние екенi де рас. Бiрақ, таңның атысы, күннiң батысы қазақ телеарналары сiздi сонымен алдағаннан кейiн, көрмегенде қайда барасыз?! Орыс кино өнерiнiң майталмандарының бiрi Нонна Мордюкова бүгiнгi орыс сериалдарын көре алмайтындығын айтқан екен. Талантты кино шеберi бүгiнгi рухани өнердiң арзандап бара жатқанына күйiнетiн шығар, кiм бiлсiн?!

Коммунистердiң көсемi Лениннiң өзi киноның ұлы өнер екендiгiн, оның әсемдiктi қажет ететiндiгiн мойындаған жоқ па едi. Бiз неге нағыз ұлттық киноның адамзатқа ортақ құндылыққа айналатынын мойындай алмай келемiз?! Ең құрығында, кино арқылы ұлттық дәстүрiмiздi, ұлттық құндылықтарымызды сүюдi насихаттамаймыз ба? Жекеменшiк киностудияның көбейгенi дұрыс-ау, бiрақ, сол көрерменнiң талғамынан шығатын фильмдер түсiре алса, кәнеки. Сосын… өткендi қайталап, жаңа "Қожаны", нарықтың "Қыз Жiбегi мен Төлегенiн" iздеудiң де қажетi шамалы. Қазақ қоғамы нарыққа өткенiмен, ұлт ретiнде тамырынан ажырай қоймағандығын түсiнген абзал. Әдетте, Батысқа елiктеудiң де қажетi жоқ деп жатамыз. Бiрақ, Голливудтың түсiрген кейбiр фильмдерi көптiң көңiлiнен шығатыны да жасырын емес. Өйткенi, киномен көрермендi тәрбиелеудiң қыр-сырын Голливуд жақсы меңгерген. Әрине, бiрден Голливуд жасау қиын шығар, бiрақ сұлулықты кiм жек көрсiн?! Көрерменге ой салатын, сұлу келбет пен әсем табиғат бiздi де өзiнен алыстата қоймас. Кореяның қаптаған сериалдары да тазалығымен қазақ көрерменiн жаулап жатқан жоқ па? Соған қарағанда, қазақ сұлулыққа, әсемдiкке, тазалыққа кетәрi емес. Көрермен де табиғилықты аңсайды.

Қаптаған фильмдердiң белең алып бара жатқанына қауiптенудiң де қажетi жоқ шығар. Ең бастысы, бұл фильмдердiң сапалық деңгейiн анықтайтын арнайы кеңес қажет. Бiр кездегi көркемдiк кеңес театрға немесе эстрадалық музыкаға ғана емес, киноға да қажет. Ол кеңес нағыз дүлдүлдердi анықтайтын болар едi. Киноның санының емес, сапасының артқанына қызмет етер едi деген ой ғана бiздiкi. Сонда ғана су түбiндегi асылдарымызды жарқыратар едiк.

Гүлзина Бектасова