PUTIN VS PUSSY RIOT

PUTIN VS PUSSY RIOT

PUTIN   VS    PUSSY RIOT
ашық дереккөзі

Жақында Ресей президентiнiң бүкiлресейлiк «Селигер» жастар форумына қатысқанын пайдаланып, Путинге түрлi сұрақтар қойған Дмитрий Терновский «Pussy Riot» туралы былай дедi: «Егер Pussy Riot сiздiң атыңызды атамағанда, бәлкiм оларға қазiргiдей көп жылға сотталу қаупi төнiп тұрмаған болар ма едi».

Алайда Путин бұл сұрақты елеусiз қалдырды.

Терновскийдiң сұрағы ресейлiк интеллектуалды рухани ортаның да көкейiнде.

Православтық шiркеуде Путинге қарсы «панк-құлшылық» жасаған топтың тағдыры қазiргi таңда Кремль – Шiркеу – Қоғам арасындағы ара қатынасты анықтаудың лакмус қағазына айналғалы тұр.

Ақпан айында «Pussy Riot» ұйым мүшелері Христос Спаситель храмында «Богородица, Путинді қуып жібер» деген мазмұндағы панк-құлшылық өткізген. Осы акциядан соң топтың үш мүшесі тұтқындалды. Жарты жылдан бері қамауда ұсталып келген панк-топтың мүшелері үстінен жақында сот процесі басталды.

Шындығында, бұл тек «бұзақылық» болса, сот арқылы әлдеқашан кесім шығарып, бұл істі жабуға болар еді. Алайда «іске» Путиннің есімі араласқаннан кейін оған қатардағы көп бұзақылықтың бірі деп қарауға соттың дәті бармайтын сияқты.

Екінші жағынан, бұл іске саяси астар беруге Кремль де, Православтық шіркеу де мүдделі емес. Өйткені қоғамдағы плюрализмді жақтайтын, демократияшылдықты қолдайтын мемлекетте қарапайым азаматтардың билік басшылығына деген наразы көзқарасын білдіруі, ащы сын айтуы сот арқылы жазаланып жатса, Ресейдің халықаралық қауымдастық алдындағы абыройына айтарлықтай нұқсан келмек.

Осылайша, Ресей сот жүйесі мен Ресей православтық шіркеуі екіұдай халде. «Былай тартсаң, арба сынады, былай тартсаң, өгіз өледінің» кебін киіп, шарасыз күйге түскен.

Осы іс басталғалы Ресей православтық шіркеуінің халық арасындағы беделі біршама төмендегенін аңғару қиын емес. Көптеген православ діні өкілдері Шіркеу ресми түрде панк-топтағы қыздарға кешірім жариялайтын шығар деп күткен. Бірақ патриарх Кирилл бастаған Ресей православтық шіркеуі алты айдан бері Pussy Riot тобы жайлы нақты ұстанымын білдірмей, олардың тағдырын зайырлы сот үкіміне сеніп тапсырған сыңай танытады.

Шіркеу өкілдерін қыздардың сот процесі алдында православтардан кешірім сұрауы да селт еткізбеді. Енді Pussy Riot тобына сот қандай үкім шығарса да, оның Ресей православтық шіркеуінің бетіне шіркеу болып қалатыны ресейлік баспасөзде ашық айтылып жүр.

Ал осы процесске жанама түрде қатысы болса да, болмағандай түр танытып, «алаңсыз» отырған Кремль «бірің өліп, бірің қал» деген сыңай танытады.

Дегенмен түбі Кремльдің Pussy Riot ісіне байланысты өз көзқарасын ашық білдіруіне тура келер. Интернеттен басталып, ресейлік және шетелдік беделді газеттердің бетін жайлай бастаған, көшедегі наразылық шерулеріне ұласқан қоғамдық пікір осыған мәжбүр етпек.

Медведевтің өзі сәуір айында президенттік қызметтің соңғы күндерінің бірінде Путинге қарсы шыққан панк-тобы туралы былай деді: «Егер менен ұдайы шіркеуге баратын адам ретінде көзқарасымды сұрасаңыздар… меніңше, бұл оқиғаға қатысушылар өздері қалаған нәрсеге қол жеткізді… Атақты болды».

Ал Путин Лондонға сапары барысында панк-құлшылық тобына байланысты пікір білдіруге мәжбүр болған.

«Бұл жақсы емес. Дегенмен де, меніңше, оларды бұл үшін соншалықты ауыр жазаға кесудің қажеті шамалы», – деді Ресей президенті.

Осы мәлімдемеден кейін ресейлік құ­қық қорғаушылар, сарапшылар мен Pussy Riot тобының тағдырына алаңдаған журналистер бірауыздан «енді сот үкімі едәуір жеңілдейді-ау» деп шамалаған. Бұған дейін оларға «бұзақылық» бабы бойынша жеті жылға дейін үкім кесілуі мүмкін делінсе, енді олар ақталып шығуы мүмкін деген үміт те жоқ емес.

Осы оқиғаның өзі Pussy Riot тобы үстінен қозғалған істің қоғамдық маңызынан саяси мәні күштірек екенінің анық дәлелі.

Ал шетелдік басылымдар соңғы кезде Pussy Riot мүшелерін бостандыққа шығару туралы талап еткен материалдарды жиірек жариялай бастады. Тіпті батыстық мерзімді басылымдар үшін бұл іс – Ресейдегі демократияның қаншалықты дамығанының көрінісі іспеттес. Германияның «Die Zeit» басылымының жазуынша, «Мария Алехина, Надежда Толоконникова мен Екатерина Самуцевичтің ісі дүйсенбіден бас­тап сотта қаралып жатыр. Бұл процесс халықаралық сын садағына ілініп, саяси астары бар іс деген көзқарас туындатуда. Барша әлемнің өнер және саясаткерлері ресейлік музыканттардың бостандыққа шығарылуын талап етуде».

Әрине, «ресейлік музыканттар» деп неміс әріптесіміздің артық айтқаны анық. Шындығында, Pussy Riot тобын әлдеқандай өнер тобына жатқызу қиын. Дегенмен бұл істің саяси астары қалыңырақ көрінетіні рас. Батыстық қоғам үшін Ресейдегі осы оқиғадан соң атағы шыққан топтың тағдырына айрықша алаңдауында да саяси мән бар.

Ал Польшаның «Gazeta Wyborcza» газеті бұл тақырыпқа орай 9 тамызда көлемді редакциялық мақала жариялады. Польшаның өнер қайраткерлері, сыншылары Pussy Riot тобын босатуға қатысты талапқа үн қосып, Ресей билігін сынайтын ащы пікірлер айтқан. Сол пікірлердің бірінен үзінді келтірсек: «…Олар – өте батыл қыздар және олар өз акциясының немен аяқталарын білген де шығар, бәлкім, оңай құтылып кетуге үміттенген де болар. Өкінішке қарай, олар ресейліктер үшін екі маңызды ұстынға қарсы шықты: бір жағынан, дәстүрлі, құдайшыл, оған қоса дінге қайта бет бұрған Ресей, екінші жағынан – патша. Ал Ресейде патриарх пен патшадан өзге кімді қатты қаһарландыруға болады?».

Польшалық әріптестер Pussy Riot тобының үстінен қозғалған істі путиндік жүйені бастан-аяқ жоққа шығаруға жақсы пайдаланған. Панк-құлшылық жырлаушы қыздар олар үшін Ресейдегі қазіргі жүйеге саналы түрде қарсылық көрсетіп жүрген либералды-демократиялық күштерден еш кем емес.

Ұлыбританияның «The Guardian» газеті 30 шілдеде бұл тақырыпқа көлемді репортаж жариялады. «…Бұл – үш жас әйелдің Путинге саясаттағы күшті бас ауруын әкелгені туралы таңқаларлық оқиға. Өнердің саясатқа қарсы шыққанының тарихы. Азаматтық қоғамның шіркеу мен мемлекетке қарсы шыққаны туралы оқиға» делінеді аталмыш мақалада.

Ал өзі аңдаусызда себепші болған «істі» өз абыройын төкпей жабудың қандай жолын таппақ – бүгінде Кремль саяси технологтары бас қатырар стратегия осы болмақ.

Бүгінде Ресейде Pussy Riot-қа деген көзқарас билікке деген көзқарастың анықтауышы болуға жақын.

Біздіңше, Pussy Riot тобына қатысты ісіне қатысты әйтеуір қандай кесім шығарылса да, ресейлік қоғамда «Pussy Riot синдромы» көпке дейін (бәлкім, путиндік жүйенің соңғы демі біткенге дейін) сақталар. Өйткен Pussy Riot енді храмда алабажақ көйлекпен, дүбара тілде «шала сауатты саяси өлең» айтқан қыздардың ісі ғана емес, ол – Ресейде Путинге наразылықты ашық білдіретін, Путинге қарсы шығатын, Путиннен жәбір көрген және Путиннен жеріген орыс қоғамын жайлай бастаған «вирус».

Гүлбиғаш Омарова