Қымбат Досжан Жәнібек Савельевке қатысты жағымды жаңалығын айтты

/
Қымбат Досжан Жәнібек Савельевке қатысты жағымды жаңалығын айтты
Әлеуметтік желіден

Белгілі журналист Қымбат Досжан бельгиялық отбасы асырап алған Жәнібек есімімен танымал Мұрат Савелиевке қатысты тың мәлімет жариялады, деп хабарлайды Turkystan.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

Журналист сөз басында тың мәлімет болмағандықтан бүгінге дейін ешнәрсе жарияламағанын қозғап өтті.

«Естеріңізде болса, 2024 жылғы 31 қаңтарда ҚР Қылмыстық кодексінің 135-бабы, 3-бөлігі (Кәмелетке толмағандар саудасы, оның ішінде: кәмелетке толмаған адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге әкету) бойынша Арқалық қаласының Полиция басқармасы қылмыстық іс қозғаған еді, бірақ, іс әлі сотқа жеткен жоқ.

2025 жылғы 9 маусымда қабылданған қаулыдан білгеніміз: қылмыстық іс бойынша көптеген азаматтан қан үлгілері алынып, Жәнібектікімен салыстырылып, сараптама тағайындалған. Осы іске қатысы болуы мүмкін азаматтардан жауап алынған, бірақ, Жәнібек үшін 12 мың доллар алды деген күдікке ілінген адам күдікті емес, қорғалуға құқығы бар куә ретінде қарастырылған екен.

Перзентхана мен Балалар үйінің басшылығы жұмыс барысында жіберген салғырттыққа қатысты заң алдында жауап беруі керек деп ойлаймын және Жәнібектің әкесі болуы мүмкін деген адамның ұлынан қан алып, ДНҚ анализін жасау керек», - деді Қымбат Досжан.

Сөзін жалғай отырып, Жәнібектің ісін марқұм Шерзат ісі бойынша заңгер болған Мейірман Шекеев алғанын қозғап өтті.

«Енді негізгі жаңалығымыз – мен Жәнібектің ресми өкілі ретінде Халық заңгері – Мейірман Қалмаханұлының көмегіне жүгіндім. Жалғыз өзім күресіп, қиналып кеткенім рас, өйткені, жәбірленушінің ресми өкілі ретінде iс бойынша белгiлi мән-жайлар туралы мәлiметтердi жарияламауға міндеттімін.

Ендігі уақытта білімді, білікті заңгермен бірлесіп, күрмеуі қиын бұл оқиғаның шешімін табамыз деп сенемін. Біз әділ шешім қабылданғанын талап етеміз. Аталған іске қатысты ресми әрі нақты мәліметті менің, Жәнібектің және Мейірман Қалмаханұлының ғана парақшасынан біліп отырасыздар.

Елдегі ғана емес, шетелдегі қазақтарға да жанашыр болып жүрген Халық заңгерінің ұсынысымды қолдағанына алғысым шексіз және алдағы жұмысына сәттілік тілеймін!» - деді журналист Қымбат Досжан.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары