КӨБЕСІ СӨГІЛГЕН ҚЫРҒЫЗ КОАЛИЦИЯСЫ

КӨБЕСІ СӨГІЛГЕН ҚЫРҒЫЗ КОАЛИЦИЯСЫ

КӨБЕСІ СӨГІЛГЕН ҚЫРҒЫЗ КОАЛИЦИЯСЫ
ашық дереккөзі
224

Қырғызстанның мемлекеттік тәуелсіздік күнімен аяқталатын тамыздың үшінші онкүндігі республиканың таяудағы келешегіне ықпал жасайтын қат-қабат ішкі және халықаралық оқиғалармен астасты.

22 тамызда Қырғызстанға мемлекеттік сапармен Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келді. Қылышын сүйретіп келе жатқан қыс алдында Қырғызстанға біраз нәрселерді шешу керек болатын. Ең бастысы – астық қорын қамдау. Өйткені биыл егін жылдағыдан аз жиналды. Осы мәселе шешімін тапты. «Қырғызстанға қанша бидай керек болса, сонша береміз», – деді елбасы қырғыз тарапты сүйіндіріп. Ақы төлеу мерзімін ұзарту арқылы 200 мың тонна бидай беру келісілді. Сондай-ақ, арзанырақ бағада газ жеткізу одан әрі жалғастырылады. Қазақстан бауырлас елге күз-қыс маусымына 100 млн. шаршы метр газ бөліп отыр. Қырғызстанда қазірдің өзінде газ үнемделіп, тұтынуға белгіленген кестеге сәйкес босатылып жатқан. Қысқасы, елбасының бұл сапарында Қазақстан мен Қырғызстанның ортасында сегіз құжатқа қол қойылды. Екі мемлекет басшыларының бұрынғы кездесуінде Қазақстан Қырғызстанға бір заманауи мектеп салып беретіні туралы сөз болған, Н. Назарбаев тағы бір мектепті салуға әзір екенін мәлімдеді. Осыған орай, Президент Алмазбек Атамбаев «Сұраған нәрселеріміздің бәрін екі еселеп алдық», –деп Нұрсұлтан Әбішұлына дән ризашылығын білдірді.

23 тамызда Бішкекте Түркі тілді мемле­кет­тердің ынтымақтастық кеңесінің кезектегі екінші Саммиті өтті. Оған Қазақстаннан елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Түркиядан Президент Абдуллах Гүл және ұйымның бас хатшысы Халил Ақынжы, Әзірбайжаннан премьер-министр Артур Расизаде бастаған делегация және «үй» иесі Қырғызстан қатысты.

Саммите кеңеске мүше төрт елдің ти­­іс­ті министрліктерінің жетекшілері қар­жы ай­на­лымының ережесі, Түркі академия­сын және Түркі мәдениеті мен түркі мұ­ра­ларына қолдау көрсету қорын құру жөнінде келісімдерге қол қойды. Ендігі саммит келер жылы Әзірбайжанда өтетін болды.

Түркия Президенті саммиттің ертеңіне Бішкекте қалып, ресми сапарының аясында қырғыз тараппен келіссөздер жүргізу жоспарымен келген. Бірақ сол 23 тамыз күні мәжіліс аяқталысымен Түркияға қайта ұшып кеткеніне байланысты осы күні-ақ бірқатар саясаттанушылар және Бішкектегі түрік кәсіпкерлері Абдуллах Гүл Алмазбек Атамбаевқа өкпелеп кетті деп «үйректерін» ұшырып үлгерді. Олардың айтуынша, өкпелеудің себебі – Қазақстан Президентін Алмазбек Атамбаев «Манас» әуежайына өзі күтіп алып, Абдуллах Гүлмен Алаарчадағы резиденциясында кездескен. Негізі, халықаралық ереже бойынша мемлекет басшылары қандай дәрежедегі үлкен қонақ болса да, оны әуежайдан тоспауы керек екен. Абдуллах Гүлдің тез кетіп қалғандығына байланысты Қырғызстанның сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаев та іле-шала мәлімдеме жасап, оның ауырып қалғанын, ресми сапар кейінге жылжытылғанын хабарлады. Түркияның бұқаралық ақпарат құралдары Абдуллах Гүлдің бұрыннан құлағы ауыратынын, сол ауруы ұстап қалғанын жазып шықты.

Саммитке түркітектес мемлекеттерден – Өзбекстан және Түркменстан қатыспады. Қорытынды баспасөз мәслихатында ұйым­ның бас хатшысы Халил Ақынжы осы екі елдің ұймға кіруін шыдамдылықпен күту керектігін айтты. «Біз арамызға Өзбекстан мен Түркіменстанның қосылуына тілектеспіз. Олар әзір болғанда өздері-ақ қосылады», – деді Халил Ақынжы.

Дербес түркітектес мемлекеттер әлемде алтау екен. Ұйымдағысы – төртеу. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді». Құдайға шүкір, әйтеуір, төртеудің басы түгел болып отыр. Айтқандай, Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиевтің келмегенін Қырғызстан сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаев отбасылық жағдайына байланысты десе, Әзірбайжанның БАҚ-тары «саммите­ экономикалық мә­селелер қаралады, сондықтан үкімет басшысы барды», – деп түсіндірме берген, Эльхан Шахиноглу деген саясатшы Әзірбайжан Қырғызстанға өздері уәде еткен инвестициялық кредитті беруге даяр болмағандықтан Ильхам Әлиев Бішкекке барған жоқ деген пікірін білдірген.

Бұдан бірнеше ай бұрын Әзірбайжанның мемлекеттік мұнай компаниясының (SOCAR) президенті Ровнаг Абдуллаев Бішкекке Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиевтің тапсырмасымен келіп, Алмазбек Атамбаевпен жолыққан. Ресми Баку Қырғызстанда құны 250 миллион доларлық мұнай өңдеу зауытын салуға мақұлдасқан. Зауыт ары кетсе екі жылда құрылып, жылына 2 миллион тонна мұнайды өңдеп шығармақ. Қырғызстанның өнеркәсіп және энергетика министрі Асқарбек Шәдиевтің 10 тамызда Бакуға барған арнайы сапары кезінде SOCAR компаниясы Шәдиев ұсынған қазақстандық шикізатты пайдаланудан бас тартқан. Енді әзірбайжандар қырғыз тараптан мұнай көзін табуды және өңделуге тиіс мұнайдың бағасын анықтауды талап етіп отыр.

21 тамызда қырғыз паламентіндегі бес партияның төртеуінен құралған «Бірімдік» көпшілік коалициясының іргесі сөгілді. Депутат Феликс Құлов жетектеген «Ар-Намыс» фракциясы коалициядан шығатынын мәлімдеді. Мәлімдемеде бұл шешім коалицияның ынтымағына және беделіне теріс әсерін тигізген соңғы кездегі оқиғаларға байланысты екені айтылған. Түсіндірме бере кетсек, тамыздың екінші онкүндігінде екі «өрескел жағдайдың беті ашылған». Біріншісі – «үкімет басшысының арғымақ сатып алудағы делдалшылығы», екіншісі – «Ата Мекен» партиясы мүшелерінің «2010 жылдың 7 сәуірінде мүліктерді тонауға қатысуы». Бірінші мәселе бойынша, Ө. Бабанов атты сатып алғандығы туралы құжаттарын көрсетіп, уәжін айтты. Екіншісіне байланысты мәселе қазіргі күнде ушығып отыр. Саяси күштердің тартысы сонау Пушкин мен Лермонтовтың заманындағы дуэльдерді еске түсіреді.

22 тамызда “Ата Мекен” парламенттік фракциясы жиналыс өткізіп, бұл партия да коалициядан шықты. Сөйтіп “Ар-Намыс” және “Ата Мекен” фракцияларының коалициядан шыққандығына байланысты коалиция мәртебесінен айырылып, осы күні жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды.

Коалиция ыдыраған соң, парламенттік көп­шіліктің даусымен сайланған Үкімет заң­дылығын жоғалтты. Президент Алмазбек Атамбаев 24 тамызда Үкіметті отставкаға жіберу туралы жарлыққа қол қойды. Бірақ жаңа Үкімет сайланғанша, Премьер-министр бастаған үкімет құрамы міндеттерін уақытша атқарады.

Үкіметті жасақтау үшін парламент­те көпшіліктің коалициясы қайта құ­ры­луы шарт. А. Атамбаев 27 тамыздағы жар­лы­ғымен көпшіліктің коалициясын құру ман­датын президенттік қызметке дейін өзі лидері болған Қырғызстанның социал-демократиялық партиясына тапсырды.

Осы күні «Ата Мекен» фракциясының депутаты Болот Шер өзі өткізген брифингте қалтасынан екі оқ алып шығып, біреуін премьер-министрдің міндетін атқарушы Өмірбек Бабановқа тапсыру үшін «атмекенші» депутат Бақтыбек Қалмаматовқа беріп, біреуін өзі алып қалды. Болот Шердің айтуынша, Өмірбек Бабанов оны 2010 жылдың 7 сәуіріндегі революция кезінде мародер болған деп атаған. «7 сәуірде мен Таласта тыныштық үшін күресіп жүргенімді ол қалай ұмытып қалды? Содан бері инсульт болып ауырып жатқаныма қарамай, Бабанов мені мародер деп кінәләп отыр. Егер маған таққан кінәсі аз да болса, рас болса, осы оқпен өзімді атамын. Егерде растығы анықталмаса, ол бұл оқты пайдалансын», – деді Болот Шер.

28 тамызда Өмірбек Бабанов «Ата Мекен» партиясының мүшесі Болот Шерге: «Сіздің кейбір партияластарыңыздың атына айтылған дау-дамайларды естіп, оны ауыр қабыл алып жатқаныңызды мен түсініп отырмын. Тонаушылық бойынша оларға таңылған кінәлар туралы ақырғы сөзді тергеу және сот органдары айтуы керек дер едім. Мұндай қылмыстардың жауапкершілігі саяси жолдаулар арқылы емес, заң аясында анықталуы керек», – деп ресми түрде жауап берді.

Әдеттегідей, премьер-министрге (мін­де­тін атқарушыға) тиесілі мәліметтермен қа­тар бұл жауап Үкіметтің ресми сайтында жариялануы керек еді. Бірақ Үкіметтің бас­пасөз қызметі 27 тамыздан 28 тамызға қа­раған түні сайтқа хакерлердің шабуыл жасап, оның бұзылып, істемей тұрғандығы жөнінде мәлімет таратты.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

«Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі

Серіктес жаңалықтары