ҚАЗҰТУ МАГИСТРАНТТАРЫНА ДИПЛОМ ТАПСЫРЫЛДЫ

ҚАЗҰТУ МАГИСТРАНТТАРЫНА ДИПЛОМ ТАПСЫРЫЛДЫ

ҚАЗҰТУ МАГИСТРАНТТАРЫНА ДИПЛОМ ТАПСЫРЫЛДЫ
ашық дереккөзі

Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетті биыл 46 мамандық бойынша 234 магистр бiтiрдi. “Елiмiздiң алдыңғы қатарлы тамаша бiр оқу орнын бiтiрiп отырсыңдар, – дедi диплом тапсырар алдында құттықтау сөз сөйлеген университеттiң ғылыми және инновациялық жұмыс жөнiндегi проректоры Ержан Көлдеев. – Алған сапалы бiлiмдерiң болашақта кәсiби мамандықтарың бойынша үлкен табыстарға жеткiзетiнiне мен кәмiл сенемiн”. Ол диплом алушы түлектердi “Болашақ” бағдарламасы бойынша және докторантурада оқуға шақырды.

Елімізге білікті инженер кадрлары қашанда қажет. Еліміздің гүлденіп, көркеюі, экономикасының дамуы көп жағдайда инженер кадрларына көп байланысты.

Түлектерге диплом тапсыру шарасына қатысқан университеттің жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін халықаралық “Excellence PolyTech” институтының директоры Сәуле Айдарова да өз пікірін білдірді. Ол түлектердің болашағы зор, өз білімдерін ары қарай жетілдіру үшін барлық мүмкіндіктің бар екенін, біздің түлектердің халық шаруашылығының барлық саласында еңбек ете алатынын тілге тиек етті. Жастардың оқуы үшін мемлекетіміз барлық мүмкіндік пен жағдай жасауда.

Машина жасау мамандығы бойынша оқу бітіріп отырған Тимур Ақылбаев докторантурада оқитынын жеткізді. Бірінші курстан үздік оқып, ғылыми практикада мол тәжірибе жинақтаған ол ғылыми-зерттеу жұмысымен белсене шұғылдануда.

“Органикалық заттардың технологиясы” мамандығы бойынша магистратураны бітіріп отырған Әсел Шахманова қазірдің өзінде “Қазатомөнеркәсібі” акционерлік қоғамы жанындағы үлкен бір мекемеде жұмыс істеп жүр. Оның көздеген мұрат-мақсатына жетуіне мұнай мен газды қайта өңдеудің химиялық технологиялары кафедрасының меңгерушісі Гүлжахан Елікбаеваның айтқан ақыл-кеңесінің көп көмегі болған.

Магистратураны бітірген барлық түлектердің қуанышында, әрине шек жоқ. Олар өз болашақтарына зор сеніммен қарайды.

Бану ШАЛОВА