КАРИМОВТЫҢ ТОСЫН ҚАДАМЫ

КАРИМОВТЫҢ ТОСЫН ҚАДАМЫ

КАРИМОВТЫҢ ТОСЫН ҚАДАМЫ
ашық дереккөзі

Өзбекстан мемлекетi бұған дейiн де Ұжымдық қауiпсiздiк келiсiм-шарт ұйымынан (ҰҚКҰ) шығатындығы туралы ескерткен болатын. Ал осы жолы өзбек билiгi мүшелiктен бiржола қол үзетiндiгiн мәлiмдегенде, мұның астарынан әртүрлi болжам iздегендердiң қатары көбейiп кеттi.

Өзбекстан 1999 жылы да ҰҚКҰ құрамынан шығып кеткен едi. Бiрақ 2005 жылы мамырда Әндiжанда болған оқиғалардан кейiн әртүрлi сыни пiкiрлер айтыла бастаған кезде, Өзбекстан 2006 жылы қайтадан мүшелiкке өткен-дi. Ендi тағы да: «Ұйым бiздiң ұстанымдарымызды ескермейдi. Сондықтан да ұйымның стратегиясына көңiлiмiз толмайды», – деп мәлiмдеген ресми Ташкент бұдан әрi бiрлесiп жұмыс iстеуден бас тартып отыр. Негiзi ұйымның мiндетi –­ мүше мемлекеттердiң территориясы мен экономикалық кеңiстiгiн кез келген сыртқы әскери-саяси агрессордан, халықаралық террористерден бiрiккен әскермен қорғау болса, ал негiзгi қағидасының бiрi – мүше елдерге сырттан қандай да бiр жау шабуыл жасаса, ұйымға мүше елдер агрессорға соғыс жариялайды. Осы тұрғыдан келгенде, Өзбек билiгiнiң көңiлi толмайтын һәм келiсе бермейтiн тұстары көп сияқты. Бұл жөнiнде ақпарат құралдарына пiкiр бiлдiрген Өзбекстанның Сыртқы iстер министрлiгiнiң өкiлi: «Ұйымның Ауғанстанға қатысты стратегиясы бiздiң көңiлiмiзден шықпайды. Өзбекстан бұл елмен екi жақты қарым-қатынасты жоғары қояды. Оған қоса Ташкентке ұйым елдерiнiң әскери ынтымақтастықты күшейтуi ұнамайды», – деген себептердi тiлге тиек етiптi.

Бiр айта кетерлiгi, Өзбекстан президентi Ресей мен Қытай қатысатын шаралардан көбiне бойын аулақ ұстайды. Тiптi биылғы жылдың наурызында өткен Шанхай Ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдердiң бiрлескен әскери жаттығуында да Өзбекстан төбе көрсеткен жоқ. Осы ретте кейбiр сарапшылар: «Өзбекстанда АҚШ-тың әскери базасы қайта ашылатын түрi бар. Соңғы кезде Өзбекстан мен АҚШ арасында өзара келiсiмдер жүзеге асуда» деген түрлi саяси болжам жасап үлгердi.

Өзбекстанның аталмыш ұйымнан шығуы дұрыс па, бұрыс па? Бұл шешiм қай елдiң оң жамбасына келiп тұр? Осы тұрғыда саясаттанушылар не дейдi?

Дос КӨШIМ, саясаткер:

– Әр мемлекет өз мүддесiн қорғайды. Кеңес үкiметi тараған кезде әр мемлекет жеке, тәуелсiз болды. Қазiргi кезде Ресей қайтадан жаңа одақтың бiр түрiн нобайлай бастады ғой. Оны ашықтан-ашық жүргiзбекшi. Бiз сол Ресейдiң етегiнен ұстап кетiп бара жатырмыз. Ал Өзбекстан өзiнiң тәуелсiздiгiн толық сақтап қалғысы келген сияқты. Себебi кез келген ұйымның саяси мақсаты мен саяси астары болады. Ал соңғы уақытта ҰҚКҰ-ның да, Еуразиялық одақтың да экономикалық мақсаттан гөрi, саяси мақсаты басым. Менiңше, Өзбекстан осы жолы өз ойын ашық айтқан сияқты. Өз басым бұл шешiмдi қолдаймын. Бiз кiмнен азат болдық? Кiмнен тәуелсiздiк алдық? Былайша айтқанда, әуелi Ресей империясы, одан кейiнгi Кеңес үкiметi де Ресейдiң негiзiнде жасалды. Сондықтан Өзбекстанның бұл шешiмi дұрыс. Өкiнiшке қарай, Қазақстан мемлекетi осындай бағытты ұстанбайды.

НАТО 2015 жылға дейiн өзiнiң әскерiн Ауғанстаннан шығарады. Бұл кезде үлкен проблема туындайды. Олар соғыс жабдықтарының бәрiн екi жолмен алып кеткiсi келуде. Бiрiншiсi – мұхит арқылы. Екiншiсi – Еуропа арқылы. Яғни бұл тасымал Тәжiкстан мен Өзбекстанның үстiнен өткелi отыр. Сондықтан АҚШ соңғы кезде осы екi елмен өте жақсы қарым-қатынас орнатты. Бұл жерде өзбектер де үлкен пайда таппақшы. Қазiр Ауғанстанда көптеген қару-жарақ, азық-түлiк, киiм-кешек жиналып қалды. Мұның бәрiн АҚШ алып кетпейдi. Өйткенi оған кететiн ақшаны жаңа қару-жараққа бөлуге болады. Қысқасы, АҚШ осы аймақта Ресеймен белгiлi бiр бәсекеге түсiп отыр. Сондықтан да АҚШ-қа Қырғызстандағы «Манас» әскери базасын сақтау мен Өзбекстанда әскери база салу маңызды. Демек, АҚШ Өзбекстанмен арада белгiлi бiр келiсiмге қол жеткiзген сияқты. Өзбекстанның ҰҚКҰ-дан шығуының бiрден-бiр себебi осы болуы мүмкiн.

Айдос САРЫМ, саясаттанушы:

– Менiң ойымша, ОДКБ – өлi ұйым. Оның басты мақсаты Ресейдiң империялық мүдделерiне қызмет ету. Шын мәнiнде, бұл ұйымның iшiнде алауыздық пен көре алмаушылық басым және оған мүше мемлекеттердiң мүдделерi бiр-бiрiне жиi қайшы келедi. Мысалы ертең Армения мен Әзiрбайжан Қарабақ үшiн қақтығысса, Қазақстан қай жақты қолдауы керек? Армяндарға жақтасып, әскер жiберсек, өз ағайындарымызды сатқанымыз болады ғой?! Немесе өзбек-қырғыз қақтығысып қалса, бiз кiмдi қолдауымыз керек? Осы сияқты мәселелер өте көп. Менiңше, бұл ұйымды не тарату керек, не қатарынан шығып кетуiмiз керек. Одан да Ресейге төтеп бере алатын, яғни құрамында Қытайы бар ШЫҰ-ның дамуына атсалысқанымыз тиiмдi.

Ал егер шынайы болашағымызды ойлайтын болсақ, бiз де өзбектер сияқты осы ұйымнан шыққанымыз жөн. Ресейдiң көңiлi мен қабағына қараған тәуелсiздiк пен тұтастықтың құны аса жоғары емес. Екiншi кезекте бiз елiмiздегi Ресейдiң әскери полигондарын жауып, НАТО-мен барынша тығыз қарым-қатынас орнатуымыз қажет. Егер болашақта НАТО-ға Өзбекстан мен Әзiрбайжан өтедi десек, онда бiздiң де таңдауымыз сол болуы тиiс. Бiзге етене жақын Түркия да НАТО-ның мүшесi. Сондықтан түркi бiрлiгi тұрғысынан Ресейдiң етегiне жабыса бергенше, осындай тың, болашағы мен мүмкiндiгi көп жолдар мен тәсiлдердi таңдағанымыз абзал.

Мұрат ӘБЕНОВ, Парламент мәжiлiсiнiң депутаты:

– Өзбекстанның аталмыш ұйымнан шығуы ойландыратын мәселе. Дегенмен өзбек елiнiң ұйымнан шығып, қайта кiруi үйреншiктi болып қалды. Себебi кезiнде 1999 жылы шығып кетiп, қайта кiрген болатын. Бiр байқағанымыз, өзбек билiгi ұйымға iшкi және сыртқы қажеттiлiк ретiнде ғана кiретiн сияқты. Тiптi ұйымға мүше бола жүрiп көп шараларға қатыспай, көп құжаттарға қол қоймай жүргенiн бiлемiз. Яғни Өзбекстан бұрыннан да тұрақсыздық көрсетiп келдi. Бұл ұйымның беделiн түсiредi. Менiңше, алдағы уақытта ұйымның ұйымдастыру шараларын дұрыстап, қаталдау қарау керек.

Ғани ҚАСЫМОВ, Парламент сенатының депутаты:

– Өзбекстан тарабы «НАТО және АҚШ-пен ынтымақтастық орнату жағын қарастырып жатырмыз деген мәлiмдемесiн таратты. Ұжымдық қауiпсiздiк келiсiм-шарт ұйымы ала тақиялы ағайынды ұстап тұра алмады. Осыған дейiн де ұйымға бiр кiрiп, бiр шығып кеткен өзбектер тағы да саяси сенсация жасады. Олар осымен екiншi мәрте Ұжымдық қауiпсiздiк келiсiм-шарт ұйымының мүшелiгiнен шығып кеттi. Сөйтсек, өзбектердiң өкпесi қара қазандай екен. Он жылдан астам тарихы бар ҰҚКҰ-ның бүкiл әлем бiле қояр абыройы жоқ. НАТО-дай нар болмаса да, азды-көптi жетi елдiң басын қосып отырған жағдайы бар. Әскери құрылым қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мақсатында құрылған. Бiрақ бiр құмалақтың бiр қарын майды шiрiтетiнi секiлдi, ұйымның да ұстанымын көршiлерiмiз құртып бiттi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ