ҚАРАҚШЫЛАР БАСШЫСЫ – КӘДІМГІ ҚЫЗ

ҚАРАҚШЫЛАР БАСШЫСЫ – КӘДІМГІ ҚЫЗ

ҚАРАҚШЫЛАР БАСШЫСЫ – КӘДІМГІ ҚЫЗ
ашық дереккөзі

Ашықауыздарды алдап, құрыққа түсiргендер қамауға алынды. Қымбат көлiк иелерiн сазға отырғызған қырғыз қызы мен оның серiктесi екен.

Алматыда бірнеше күн бұрын қымбат автокөлiктерді алып қашқан қарақшылар тобы ұсталып, оның жетекшісі – Қырғызстан азаматшасы екені анықталды.Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз қызметі хабарлады. Құқық қорғау органдарының мәліметіне қарағанда, 24 жастағы Айымай Алматыда жалғыз жүрмеген. Оның серіктесі 27 жастағы Алматы облысы, Панфилов ауданының тұрғыны болып шықты. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, олар кем дегенде 5 қымбат автокөлік ұрлаған. Ең негізгі жұмысты қырғыз қызы атқарған. Ол қаладағы көңіл көтеру орындарында қымбат, жекеменшік автокөлігі бар жас жігіттермен танысып, оларға білдірмей автокөліктерінің кілтінің көшірмесін жасап отырған. Кілт көшірмесі дайын болғаннан кейін қыздың көмекшісі автокөлік жүргізушінің ізіне түсіп, қылмыс жасаудың реті келгенде, көлікті ұрлаумен айналысқан. Дәл осындай қылмыс Алматыда 2012 жылдың 13 наурызында болыпты. Ол кезде небары жарты сағаттың ішінде ұрылар «Мерседес Бенц 200Е» автокөлігін қолды еткен. Алматы қалалық ІІД Автокөлік ісі жөніндегі қылмыстық істерді жүргізуші Константин Хонның мәлімдеуінше, олар ұрланған көлікті 3 есе арзан бағаға Қарағанды қаласындағы өздерінің таныстарына сатқан көрінеді.

К.Хон «барымташылардың» келесі құрбаны «Даймлер Бенц S-350», 50-ші модельді «Тойота Камри» және екі «Тойота Лэнд Крузер» автокөліктері болғанын айтады. Ұрланғаннан кейін машиналарды Сейфуллин даңғылындағы алдын-ала жалға алынған гаражға апарған. Алаяқтардың сәуір айында ұрлап кеткен шетелдік көлікті жарты бағасына сатқаны тағы бар. Ақшаның қалған бөлігін көлікті рәсімдеу құжаты дайын болған кезде төлеуге келісіпті.

Қырғыз қызы сатып алушыларға автокөліктің иесімін, тек құжаттарды жоғалтып алдым деп алдап, ол құжаттарды жақын арада қайта жөндетіп беруге уәде берген.

Бірер күн бұрын алаяқ қыз бен оның серіктестері құрыққа түсті. Бірінші тергеуде-ақ қолға түскен азаматша бар кінәні өзінің бұрынғы күйеуіне арта салмақ болған. «Бұрынғы жолдасым мені ұрлық жасауға күштеді», – деген. Тергеу жұмыстары нәти­жесінде бұл деректің жалғандығы анық­талады. Шын мәнінде ұрлықты ұйым­дастырушы да, оны жүзеге асыруға мәж­бүр­леуші де Айымайдың өзі болып шыққан. Ал екінші серіктесі тек берілген тапсырманы орындап, ақшаның аз ғана мөлшерін алып жүрген. Енді екеуі де бүгінгі күні қамауда отыр. Тергеу амалдары әлі жалғасуда.

Арай ТҰҒЫРОВА,

ҚазҰУ-дiң студентi