ЕЛІ ҮШIН ТУҒАН ЕРДОҒАН

ЕЛІ ҮШIН ТУҒАН ЕРДОҒАН

ЕЛІ ҮШIН ТУҒАН ЕРДОҒАН
ашық дереккөзі

Ол – әлемдiк деңгейдегi тұлғалардың бiрi. Биiктеген сайын қарапайымдылығы мен қайсарлығы ұштала түскен ұлды ұлты шексiз мақтан тұтады. Екi құрлықты жалғастырған алпауыт елдiң атпал азаматы туралы мақаладан талайлар үлгi алса, игi.

МАҚСАТЫ – МЫҒЫМ,

БАҒЫТЫ – АЙҚЫН

2003 жылғы парламенттік сайлау нәтижесінде жеңіске жетіп, Түркияның Премьер-министрі болған Реджеп Тайып Ердоған 1954 жылдың 26 ақпанында Стамбұлдың Бейоғлы ауданына қарасты Қасымпаша кварталында дүниеге келген. Ахмет Бурак, Неджмеддин Билал, Эсра және Сүмейе атты екі ұл, екі қызы бар. Жұбайы – Эмине Гүлбаран. Ердоғанның әкесі Жерорта теңізі жағалауындағы күзет қызметінде жұмысшы болған. Түріктердің «Milliyet» газетіне сұхбат берген Ердоған отбасының Аджариядан (Грузия) көшіп келгенін айтыпты. Кедей отбасында ержеткен ол жасөспірім кезінде Стамбұлдың қылмыстық оқиғалар жиі болатын қауіпті көшелерінде сусын мен тоқаштар сатып, әке-шешесіне көмектескен. 1965 жылы Пийале Паша бастауыш мектебін бітіреді. 1973 жылы діни білім беретін Хатып имам лицейіне (Imam Hatip Lisesi) түсіп, оны ойдағыдай тәмамдағаннан кейін арада үш жыл өткенде Бейоғлы ауданындағы Ұлттық тәртіп партиясының жастар ұйымына төрағалыққа сайланады. Ердоғанды саяси сахнаға жетелейтін жол осы ұйымнан басталды десек, қателеспейміз. 1980 жылға дейін стамбұлдық көлік ұйымдарында еңбек еткен Реджеп Тайып сол жылдың 12 қыркүйегіндегі әскери төңкерістің қысымына ұшырайды. Өйткені төңкерістен кейін елдегі барлық саяси партиялардың жұмысына тыйым салынған еді. Ердоған жұмыс істеп жүрген көлік кәсіпорнының басшысы, отставкадағы полковник одан мұртын алып тастауды бұйырады. Алайда бұл талапты орындаудан бас тартқан Ердоған жұмыстан қуылып, сәл кейінірек жекеменшік салада менеджерлік міндетке ауысады. Білімнен қол үзбеген жас жігіт 1981 жылы Мармара университетінің экономика және коммерциялық ғылымдар факультетін аяқтайды. Университетте жүргенде ол Түрік студенттерінің ұлттық ассоциациясының (Milli Türk Talebe Birlik) белсенді мүшесіне айналады. 1984 жылы Ердоған түріктер еліндегі беделді ұйымдардың бірі – Рефаһ партиясының (Refah partisi) Бейоғлыдағы бөлімін басқаруға кіріседі. Келесі жылы Стамбұлдағы бөлімшесінің тізгінін ұстап, партияның Жоғарғы басқарушы кеңесіне мүшелікке өтеді. Ердоғанның саясаттағы көзқарасының қалыптасуына діни ұстанымдарды саясатпен ұштастырған Рефаһ партиясының көсемі Неджметтин Эрбакан үлкен ықпал етеді. Арада он жыл өткенде Ердоған Стамбұлдың әкімдігіне сайланып, 1996 жылы Рефаһ партиясы басқарушы исламдық коалиция атынан әрекет етуге кіріседі. Стамбұлға әкім боп сайланған кезінде ол қоқысқа бөккен қала көшелерін мұнтаздай тазартып, су тапшылығы проблемасын жойды (ол кезде Стамбұлда күн сайын 2-3 сағат қана су берілетін). Саяси мансабында байлардың емес, қарапайым шаруалардың мүддесіне көбірек көңіл бөлген Ердоған білім беру, денсаулық сақтау саласында да бірқатар реформа жасады. Түркияда бастауыш мектептен кейін балалардың, әсіресе қыз балалардың білім ошақтарынан қол үзіп қалуы қалыпты жайтқа айналған. Әкім кезінде де, премьер кезінде де сауатсыздықпен аяусыз күрескен Ердоған білім саласына қатысты кең ауқымда шара жүргізді. Ердоғанның батылдығы, қайсарлығы мен бірбеткейлігі, елі мен жерін сүюі, өз-өзіне деген сенімділігі қарсыластарының көпшілігіне ұнаған жоқ. Өмірінің кедергі мен қысастыққа толы болуы – соның айғағы. 1997 жылы жиылған жұрттың алдында ұлттық-патриоттық рухтағы өлең жолдарын оқыған Ердоғанға «ұлт араздығын тудырды» деген айып тағылып, Стамбұлдың әкімдігінен босатылады. Бір қызығы, Ердоған жатқа оқыған сол өлеңге заң жүзінде тыйым салынбаған, керісінше Түркия Білім министрлігі тарапынан бекітілген кітаптан алынған. Сот 10 айға бас бостандығынан айыруға шешім шығарғанмен, ол түрмеде 4 ай (1999 жылдың наурызынан маусымына дейін) отырып, абақтыдан мерзімінен бұрын босатылады. Тумысынан қайтпас қайсар Ердоғанды түрменің темір торы мұқалта алмады. Осылайша, 2001 жылдың маусымында Әділет және даму партиясын құрып, 2002 жылы өткен парламенттік сайлауда жеңіске жетеді. Өкінішке қарай, партиясы жеңгенмен, Реджеп Тайыптың премьер-министрлік таққа отыруына оның сотталуы кедергі болады. 2002-2003 жылы түрік үкіметін Ердоғанның жақтасы Абдолла Гүл басқарды. Алайда Иракқа қарсы әскери шаралар (Ирактың солтүстігіндегі күрдтер шоғырланған аумаққа түрік әскері енгізілді) басталғанда АҚШ саясатына бүйректері бұратын түрік элитасы Атазаңды өзгертуге рұқсат беріп, осының арқасында Тайып Ердоған үкімет басына келді.

САЯСАТТА ТАБАНДЫЛЫҚ ПЕН ҚАЙСАРЛЫҚ ҚАЖЕТ

Әлемдік саяси сахнада да өткір­лігімен ерекшеленетін Ердоған 2009 жылы Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумда Газа аумағындағы әскери әрекеті үшін ақталмақ болған Израиль президенті Шимон Пересті қатаң сынға алып, форумға қатысудан бас тартып, ғимараттан шығып кетті. Еліне оралған Ердоғанды әуежайдан мыңдаған отандасы қошеметпен қарсы алды. Өзіңді өзгеге сыйлатуда, пікіріңмен санастыруда батылдық пен үлкен жүрек керек. Халықаралық саясатқа ықпал етуге тырысқандарға тайсалмай қарсы шыққан Ердоған сол жылы Үрімшідегі ұйғырлар шеруін аяусыз жаншыған Қытай билігін де қатаң айыптады: «Ұйғырларға қарсы геноцид ұйымдастырылды». Батыс пен Шығыс, яғни ислам әлемі арасындағы көзге көрінбейтін кедергіні жоюда да Ердоған батыл. 2005 жылы испандық әріптесі Хосе Луис Родригес Сапатероның батыстық және исламдық әлем арасындағы текетіресті жоюға бағытталған бастамасын құлшына құптауы – соның айғағы. Түркия – Американың Таяу Шығыстағы маңызды одақтасы. Бірақ «әлем­дік полицей» рөлін сомдауға құштар АҚШ-тың айдағанына жүрген емес. Мәселен 2003 жылдың наурызында түріктер Ирактағы соғысқа дайындалған америкалық әскерилерді шекарадан өткізбей, Ирактың солтүстігіндегі америкалық фронтты ашуға кедергі жасады. Нәтижесінде, Таяу Шығыспен, әсіресе, Сирия және Иранмен Анкараның арасы жақындады. Ядролық бағдарламасы әлемдік саясатта дау тудырған Тегеранға араша түскен де – Ердоған. Ресми мәлімдемелерінің бірінде ол: «Қазір Израильдің қолында кем дегенде 250-300 ядролық қару бар. Бірақ бұл туралы ешкім сөз қозғаған емес, тіпті талқыға салғысы да келмейді. Иран өзінің ядролық бағдарламасын бейбіт мақсатта қолдануды көздейтінін айтты. Түркия үкіметі мен халқы әрқашан Иран Ислам Республикасын жақтайтын. Алдағы уақытта да біз осы бағыттан айнымаймыз», – деп ашық айтты. Сыртқы саясатта қордаланып қалған қиындықтарды шешуде де Түркия премьері батыл. Түріктерді 40 жылдан астам есікте телмірткен Еуропалық Одақпен интеграция және Кипр мәселесінде бірқатар келіссөздер жүргізді. 2004 жылы Грекияға ресми іссапармен барып қайтқан Ердоған жылдар бойы сірескен саяси тоңды жібітуге күш салған. Ескеретін жайт, 1988 жылдан бері Ердоғаннан басқа бір де бір Үкімет басшысы Түркия мен Грекия арасында жер дауы қозған аймаққа аяқ баспаған екен. Бұл қадам – жауласуға емес, елдесуге құштар Тайып Ердоғанның тағы бір қыры. Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттер басшыларының Түркияға қоятын басты талаптарының бірі – «Армян геноциді» мәселесін түріктерге ресми түрде мойындату. Алайда түрік билігі мемлекеттік және ұлттық мүдделеріне қайшы келетін кез келген құжатқа тойтарыс берумен келеді. Жуырда Реджеп Тайып Ердоған «армян геноцидіне» қатысты заң жобасын қабылдауға тырысқан Францияға қатаң ескертулер жасап, егер аталған заң қабылданса, тіпті француздар жеріне аттап баспайтындығын, Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сотқа Париждің үстінен шағым түсіретіндіктерін мәлімдеді. Негізі екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қатынас баяғыдай ширығып тұрған жоқ. Өйткені 2009 жылдың 10 қазанында Цюрих қаласында Түркия мен Арменияның сыртқы істер министрлері екі ел арасындағы шекараны ашуға қатысты келісімге қол қойды. Бұл жылдар бойы бір-біріне жауығып келген түріктер мен армяндар арасындағы келіспеушілікті әлсіретуге сеп болды.

ШИРЫҒУ МЕН ШЫНЫҒУ

Түркияның ішкі саясатындағы текетірестер де жетерлік. Солардың бірі – елдің оң­түс­тік-шығысындағы күрд сепаратизмі мә­селесі. Ондаған жылдар бойы талай қа­ру­лы қақтығыстар орын алып, мыңдаған жазықсыз адамның тағдырын қиюға себеп болған бұл проблеманы бейбіт жолмен шешуге тырысқан Тайып Ердоған Түркиядағы күрд азаматтардың саяси және мәдени құ­қықтарының шеңберін кеңейтуге, күрдтер шоғырланған аймақтың әлеуметтік ахуалы мен экономикасын жақсартуға қатысты саясатты жүзеге асырды. Қоғамды алатайдай бүлдіріп, арандатуға тырысатын кейбір отандасына ашық тойтарыс беретін ол: «Күрдтер – Түркияның барлық азаматтарымен құқығы тең ұлт өкілдері. Қит етсе, халықаралық құқық қорғау орындарына шағымданып, Түркияның беделіне нұқсан келтіруге тырысуды доғарыңдар», – деді. 2007 жылдан бастап күрд сепаратистерінің мүддесін қорғайтын Күрдістанның жұмысшылар партиясы мүшелерінің лаңкестік әрекеттеріне қарсы күрес жарияланып, бірнеше рет әскери шаралар жүргізілді. Қарсыластары Ердоған мен оның жақтастарын «ислами қағидаларға сүйенеді, діншіл» деп айыптауға құмар. Алайда Түркия премьері билік басына келген бетте өзінің ғасырлар бойы қалыптасқан зайырлы қоғам құндылықтарынан бас тартпайтынын, Түркияның мемлекеттік құрылымына қайшы келетін әрекеттерге бармайтынын мәлімдеді. 2007 жылы президенттік сайлауға ұсынылған Абдолла Гүлдің кандидатурасын оппозиция өкілдері саяси науқаннан алас­татты. Бұл елдегі жаңа саяси дағдарысқа себеп болған. Сол жылдың маусымында мерзімінен тыс парламенттік сайлау өткізіліп, Ердоғанның Әділет және даму партиясы жеңіске жетті. Осының арқасында ӘКП Гүлді президенттік таққа отырғызуға мүмкіндік алды. Ердоғанның сайлау өткізуден тайсалмауы, халықтың қолдайтынына қалтқысыз сенуі және дауыс беруде жеңіске жетуі саяси жігері мықты тұлға екенін тағы бір рет дәлелдеді. Саясаткердің жолындағы кедергі мұнымен аяқталған жоқ. 2008 жылдың наурызында Түркияның Бас прокуроры Әділет және даму партиясының қызметін тоқтатуды, Ердоған мен Гүлді 5 жылға саяси биліктен аластатуды талап етті. Алайда 1 мамырда Түркия Мәжілісі Конституциядағы 301-бапқа өзгерістер енгізуінің нәтижесінде ӘКП прокурордың қаһарынан аман қалды. Сол жылдың маусымында Түркияның Жоғарғы соты Бас прокурор тарапынан ӘКП мен Ердоған және Гүлге тағылған айыптың заңсыз екенін мәлімдеді.

Бұған дейінгі басқа премьерлер сияқты Ердоғанның саяси сахнадағы кез келген әрекеті әскерилер тарапынан кедергіге ұшырап, жиі тосқауыл қойылатын. Мысалы халықтың игілігін көздейтін заң жобаларына Конституциялық сот немесе сол кездегі президент Неджет Сезер вето қойып отырды. 2010 жылдың қыркүйегінде әділетсіз қысымдардан құтылудың жолдарын іздеген Әділет және даму партиясы Түркияда Конституцияға өзгертулер енгізуге байланыс­ты жалпыхалықтық референдум өткізуге шешім қабылдады. Нәтижесінде, елдегі Конституциялық сот пен Прокурорлар мен соттардың жоғарғы кеңесінің құрылымы өзгертіліп, Түркия президенті соттарды тағайындауда қосымша құзіретке ие болды. Бұл ғасырлар бойы түрік қоғамында берік қалыптасқан «сен билік басына келсең де, билік жүргізе алмайсың» деген қағиданы бұзды. Сонымен қатар Конституцияға түрік азаматтарының құқығын қорғауға бағытталған бірқатар өзгерістер енгізіліп, омбудсмен институты құрылды. Бұл жерде ескеретін тарихи жайт, құлдық қамытын киіп көрмеген түріктердің өз ұстанымы мен ойын бүкпесіз білдіруде белсенділік танытатыны. Сөйтіп, Түркия Конституциясына енгізілген өзгерістер әскерилерге қатысты талай жылғы қылмыс пен былықтың бетін ашты. «Эргенекон» деп аталатын төңкерісшіл топтың қылмыстық әрекеттерін үздіксіз әшкерелеудің арқасында түріктердің 50-ден астам генералы мен 200-ден астам әртүрлі шендегі әскери қызметкер сот алдында жауап беруде. 2009 жылдың 19 маусымында Стамбұлдың Умрание ауданындағы бір үйден 27 гранат пен бомба жасауға арналған заттар, құрал-жабдықтар табылады. Тергеу амалдары «Эргенеконға» мүше қылмыскерлердің бұған дейін елді жасырын билеп келгені, түрлі заңсыздықтар мен қастандықтарды жа­сағандарын анықтады. Уақыт өткен сайын толыға түскен айғақтарда Түркияның Жоғары сот мүшелеріне қастандық жасалғаны, «Жұм­хүрриет» газетіне жарылғыш зат қо­йылғаны, Түркиядағы өзге ұлт өкілдеріне түрлі деңгейде қастандық жасалғаны, Әділет және даму партиясын биліктен тайдырып, халықтың рухани көсеміне айналған «Фетхуллаһ Гүленннің көзін жою» шарасы арқылы 1 млн. адамды өлтіріп (олардың арасында діндарлар, қоғам қайраткерлері т.б. бар), Стамбұлдағы тарихи маңызы бар бірнеше мешітке бомба тастап, қылмысты гректерге жаба салу жоспарлары болғаны анықталды. Билікті төңкеріспен алуды мақсат еткен қастандықтардың басы-қасында Шенер Эрұйғыр, Хуршит Толон, Четин Доған сияқты басқа да Түркияға аттары жақсы танымал жоғары шенді әскерилер жүрген. Сот ісі әлі аяқталған жоқ. Басын өлімге тіккен Реджеп Ердоған «Эргенекон» ісіне қатысты істе де табандылық танытты. «Тұтқиылдан қастандық жасап, мені де өлтіреді-ау» деген қорқынышқа бой алдырмады. Керісінше сот процесінің жан-жақты жүргізілуін талап етті. Сорақысы сол, уақыт өткен сайын «Эргенеконға» қатысы бар қылмыскерлер саны азаюдың орнына, керісінше, көбейе түсуде. Араларында саясаткерлер, кәсіпкерлер, журналистер, ғалымдар, т.б. мамандық иелері, тіпті кейбір партиялардың мүшелері бар. Бір кездері «ақ дегендері алғыс, қара дегендері қарғыс» болған, Түркияның премьер-министрлерін өлім жазасына кесуге құзыры жеткен құқық қорғау органдарының қызметкерлері енді заң алдында өздері жауап беруде. 2007 жылғы президенттік сайлаудан Әділет және даму партиясын шеттету үшін Стамбұл, Измир, Анкарада миллиондаған адамның қатысуымен қарсылық шеруін ұйымдастырған да – «Эргенекон». Сырт қарағанда, демократиялық құндылықтарды қорғаушы қарапайым азаматтардың алаңдаушылығы мен жанайқайы секілді көрінген осы шеруде «Эргенекон» қылмыстық тобының мүшелері елдің ішіне іріткі салып, Ердоғанның беделіне нұқсан келтіруге тырысқан. Абдолла Гүлді президенттікке жібермеудің сылтауымен отставкадағы экс-бас прокурор Сабих Қа­надоғлы: «Мәжілістегі 550 депутаттың 367-сі президенттік кандидатураны қолдауы тиіс» деген ұсыныс айтты. «Бүйректен сирақ шығарған» оның бастамасын оппозиция іліп әкетіп, Ердоған мен оның жақтастарына тағы бір қиындық тудырды. Осының салдарынан, Абдолла Гүл президенттік таққа бұрынғы мемлекет басшылары сайланған жолмен келе алмады. Ресми сайттары арқылы ӘКП мен оның көсемдеріне қысым жасауға тырысқан әскерилер қоғам ішінде үрей туғызуды мақсат тұтты. Олар ӘКП мен Ердоғанды биліктен шеттетуге қатысты жасаған мәлімдемелерін депутаттар қолдамаса, билік тізгінін әскерилерге өтетінін ескертті. «Ататүрік салған сара жол – зайырлы қоғам құндылықтарына Ердоған мен оның партиясы қатер төндірді» деген желеумен қылмыстарын бүркемелеуге тырысқан «эргенекондық» генералдар мен полковниктерді тәубеге келтіру мақсатында референдум ұйымдастыруға Тайып Ердоғанның бел бууы сондықтан. Еңбегі босқа кетпеді – референдумда оны халықтың басым бөлігі қолдады. Президентті бұрынғыдай заң шығарушы орган емес, 5 жылға халық сайлайтын болды. Ұлт үшін тер төккен ұлдарға халық осылайша араша түсті, әділетсіздікке жол бермеді. Өкінішке қарай, билік басындағы партияға қарсыластар тарапынан ұйымдастырылған шабуылдар бітпеді. 2008 жылы Бас прокурор Абдурахман Ясынкаяның www.google.com арқылы алған деректері бойынша сот процесін бас­тап, Әділет және Даму партиясының 71 мүшесін «зайырлылық ережелерін бұзды» деп айыптады. Ал Конституциялық сот ӘКП-ге мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаражатты 50 пайызға қысқартты. Негізі КС құрамындағы 11 мүшенің 6-уы ӘКП қызметін тоқтатуға, 4-еуі қаржылық қолдауды жартылай қысқартуға келіссе, ал біреуі екі айыпты да қолдамаған. Осы 1 мүшенің арқасында ғана партия жабылмады, есесіне, қазынадан алатын қаржының 50 пайызынан қағылды. Әлбетте, бұл қиындық та Ердоған мен оның жақтастарын жасыта алмады. Саясат айдынында желкендерін еркін қалықтатқан ӘКП мүшелері Түркияның саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени ахуалына қатысты талай заң жобаларын дайындап, жүргізген реформаларын халық қызу қолдаумен келеді.

ЕҢБЕГІН ЕЛІ ЕЛЕГЕН

Реджеп Тайып Ердоғанның би­лік басына келгелі қол жеткізген жетістіктерінің бірі – ақша реформасы. Жылдар бойы қарызға белшеден батқан Түркияны борыштардан құтқарып, экономиканы аяғынан тік тұрғызуға күш салды. Түрік лирасындағы 6 нөлді бір-ақ алып тастап, халықты тес­пей сорған инфляцияны ауыздықтады. Мысалы 2004-2005 жылға дейін 2 млн. болған лира қазір 1 долларға тең. Ердоғанның түріктер еліндегі сыбайлас жемқорлыққа аяусыз күрес жариялауының арқасында демократиялық құндылықтар нығайды, халықтың әлеуметтік ахуалы жақсарды, экономикасы қарыштап дамыды, мектеп, емхана, аурухана сияқты әлеуметтік нысандар мыңдап бой көтерді. Ердоған үкіметінің тұсында көптеп салынған электрстансалар жарық проблемасын шешті. Жолдардың көпшілігі күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңа жолайрықтар салынуы көлік кептелісін жойды. Стамбұл, Анкара, Кония қалалары арасында қатынайтын сағатына 250-300 шақырымды бағындыруға қауқарлы жүрдек пойыздар жолаушыларға қызмет етуде. Әуе жолдары арқылы мемлекетке пайда келтіруді мақсат еткен Үкімет Түркия арқылы әлемнің 115 еліне қатынайтын әуе қатынасын іске қосқан. Елдегі сауатсыздықты жоюда әлеуметтік ахуалы төмен отбасындағы қыз балаларға ай сайын шәкіртақы тағайындалған (орташа есеппен алғанда, 3,5 мың теңге көлемінде). Заманауи технологияның жетістіктерін мектеп оқушылары да көруде. Өйткені Түркияда электронды оқу құралдары шәкірттерге тегін таратылады. Жоғары оқу орындарының саны 200-ге дейін жеткізіліп, мамандар тапшылығын жоюға баса назар аударылуда. Мемлекет қазынасын теспей сорған ірі кәсіпорындар жекешелендіріп, бюджет қаржылық шығын­нан құтқарылады. Экономиканы дамытуда орасан зор үлеске ие кәсіпорындарға экспорт­­тық және импорттық жеңілдіктер жасалды. Реформалардың арқасында бүгінде Түркияның экспорты – 135 млрд. долларға, ал импорты 190 млрд. долларға жеткен. 2001 жылғы дағдарыс салдарынан тұралап қалған түріктердің экономикасы Ердоғанның командасы билік басына келген аз ғана уақыттың ішінде Халықаралық қаржы қорынан алған қарызынан құтылып, соңғы 4 жылда орташа есеппен алғанда, 8,5-10 пайызға дейін артып отыр. Түріктердің Статистика институтының (TÜİK) хабарлауынша, Түркия экономиканың даму қарқыны жағынан алғанда, әлем бойынша Қытайдан (9,2%) кейінгі екінші орынға шыққан. Осылайша, Еуропалық Одақ пен Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы құрамын­дағы елдердің деңгейіне көтерілді. 2011 жылы жан басына шаққандағы ұлттық кіріс 10 444 долларға жетіпті. Бұл елде туризм саласы да жақсы дамыған. Мемлекеттік кірістің басым бөлігін туризм арқылы тауып отырған түріктер Еуропа бойынша – 6-орында, ал әлем бойынша – 15-орында. ТРТ таратқан деректерге сүйенсек, түріктер жыл сайын туризмнен 25 млрд. доллар көлемінде пайда табатын көрінеді. Түркияда ай сайын жалақысынан денсаулығын сақтандыруға міндетті азаматтарға емханалар мен ауруханаларда тегін қызмет көрсетілуі тиіс. Сондай-ақ дәрі-дәрмекті 80 пайызға дейін жеңілдікпен алуға құқылы. Алайда денсаулық сақтау саласындағы жемқорлық, тәртіптің жоқтығы, дәрігерлердің өз ісіне немқұрайды қарауы, тегін емделетіндерден ақша талап етуі, кәсіби мамандар тапшылығы, аурулардың сапалы емделуге мүдделі болмауы медицина саласындағы проблемалар санын арттырған. Бірақ Ердоған командасындағы Денсаулық сақтау министрі Реджеп Ақдағ кемшіліктер мен келеңсіздіктерді ауыздықтауға қол жет­кізді. Жемқорлықты бәсеңдетіп, мем­лекеттік қадағалауды күшейтті. Әр қала, аудан, аймақтарда мыңдаған аурухана мен емхана ашылып, халыққа тегін қызмет көрсетуге кірісті. Мемлекеттік және жекеменшік ауру­ханалардағы Жедел жәрдем қызметі қиналғандарға көмекті тегін көрсететін болды. Бұған дейін мемлекеттік және мемлекеттік міндетті сақтандыру ауруханалары деп екіге бөлінген ауруханалар түгел тегін қызметке көшірілді. Бұл ауруханада емделу үшін апталап, кейде тіпті айлап кезек күтуге мәжбүр болатындар қатарын азайтып, адамдардың денсаулық деңгейі түзеле бастаған. Халықты баспанамен қамтамасыз етуде де Ердоған үкіметінің қол жеткізген табыстары көп. Мәселен арнайы қабылданған бағдарлама шеңберінде соңғы 9 жыл ішінде 500 мың үй салынып, ескі үйлердің орнына заманауи үлгідегі жаңа үйлер бой көтерген. Осының арқасында Түркияның 74 миллионға жуық халқының көпшілігі тұрғын үй мәселесін оңтайлы шешуде. Қазір мұнда жас отбасылар көп. Үкіметтің баспанаға қатысты бас­тамасы оларға үлкен көмек болғаны анық. Алдағы уақытта тағы да көпқабатты 500 мың үй тұрғызылмақ. Баспана демекші, Түркияның премьер-министрі Стамбұлдың Үскүдар Кысыклы ауда­нындағы көп қа­батты үйлердің бірінде, 4-бөлмелі пә­тер­де тұратынын, қолы қалт еткенде көр­шілерінің үйіне ба­рып қонақасы ішетінін, яғни қарапайым адамдармен етене араласуға арланбайтынын біреу білсе, біреу білмес. Осыдан төрт-бес жыл бұрын «етікшілерге несие карточ­касы берілмесін» деген бір министр премьердің қаһарына ұшыраған. «Еті­кшілер кімнен кем?» деп зекуі оның кезінде Стамбұл көшелерінде бөлке мен сусын сатқан қиын кезеңін есінен шығармағаны болса керек: «Аяз әліңді біл»… Реджеп Тайып Ердоған билік құрып келе жатқан саяси кезеңді сарапшылар «үнсіз төңкеріс» деп бағалады. Өткеннен сабақ алуға мүдделі Ердоған 2009 жылы жергілікті сайлауда ӘКП тарапынан ұсынылған кандидаттардың аз дауыс жинауына байланысты жақтастарына: «Қай жерден қателік кеткенін анықтап, өткеннен сабақ алыңыздар» деді. Бұл билік пен халық арасында тығыз қатынас орнатуда аса маңызды екендігі белгілі. Ердоғанның осы ұстанымы біздегі кейбір халық пікірімен санасуға құлықсыз шенеуніктерге үлгі болса дейсің.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ