РЕАЛИСТІК ӨРНЕКТЕР

Жазушы Нұрдәулет Ақыштың «Бейуақта жанған от» атты жаңа прозалық жинағын оқып шыққаннан кейiн аздап ой қорытқанды жөн көрдiм. Жаңа жинақтағы әңгiмелер жанр табиғатына сәйкес сипаттарымен байқалады. Олардың мазмұны мен пiшiнiнде тiршiлiк қозғалысындағы адамдар ортасының алуан түрлi мiнез-құлық ерекшелiктерi айқын бояулармен бейнеленген.

Жазушының оқырмандар ықыласына ие болған әңгімелері көркемдік-эстетикалық сипаты мен адамдар арасындағы күрделі қарым-қатынастар болмысын реалистік әдіспен әдіптелген. «Баба Таня», «Бейуақта жанған от», «Көзбен көрген өтірік», «Қараңғыда берілген көрімдік», «Дон Жуанның қалыңдығы», «Жұмыс іздеген қыз», «Еркегүлдің екі күйеуі», «Көнбіс бәйбіше», «Жігіт таңдаудың шебері» т.б. әңгімелер қаламгердің тұрмыстық-психологиялық прозадағы өзіндік шеберлік мәнерін айқындайды.

Жазушы шығарма кейіпкерлерін да­ра­лау­да, тіршілік ортасындағы әр адамның өзіндік жаратылыс өзгешелігі болатынын, сол себепті көптеген адамдардың ма­­ң­айындағылармен үйлесім табуы қиын­ды­ғын сездіреді.

Қатыш кемпірдің («Баба Таняның») үнемі жинақы, сергек, таза, ұқыпты болып жүруі – өзіндік даралығы. Ал пәтерақысын уақытында төлемей кеткендерді сотқа беріп жүргенін де өзі айтқандай:

«… мәселе сексен теңгеде емес қой, – деді әжей… – бәрінен бұрын маған издевайт еткені жаныма батты-ау!».

Шынында да, жалғызбасты адам­дар­ға тән психологиялық хал-ахуал, маңай­ын­да­­ғылардың өзін басынған іс-әрекеттерін кө­тере алмайтыны. Бұл – өмір шындығы. Әңгіменің басты кейіпкерінің дараланған мінез-құлық психологиясы оқырмандардың да көңілдерін баурайды:

«Жұрттан көрген зорлық-зомбылығын ауызға алса, «Баба Таня» неше күн жырлауға бар. Айналадағының бәрі осы кісіге жөнсіз ти­іс­іп ылғи да озбырлық көрсетіп жүрген си­яқты. Сондай кезде әлдекімдерге кіжіне сөй­леп, кәдімгідей кәрленіп те кетеді, ыз­ғар шашқан жүзіне түбі қанталаған кір­шік­сіз көздеріне тура қарай алмай, еріксіз бү­ге­жек­теп қаласың.

Ал енді ашу-ызадан ада жайбарақат кезінде «Баба Таня» кәдімгідей мейірбан. Өзінше бірдемелерді айтып, салдырлап сөйлеп жүргені».

«Бейуақта жанған от» әңгімесінде басты кейіпкер қойшы Ақылбек ақсақал мен аудандық ауылшаруашылық басқармасының бас маманы «Маңырақ» ауылына өкіл болып келген Махмұд та портрет поэ­ти­касы аясындағы көркемдік сипатымен ерек­ше­ленеді.

Әңгіменің тақырыбы – еңбек үдерісінің жағ­дайындағы ауыл адамдарының қарапайым тұрмысы, идеясы – адамдардың ресми ба­ғалануындағы әділетсіздікке сыншыл тұ­жы­рым жасау. Әңгімедегі қойшы Ақылбек ақ­сақал турашыл, еңбексүйгіштік мінезі та­би­ғи қалпымен шыншылдықтың тұрпатын та­ны­тады.

Ал аудан өкілі Махмұд – көпірмелі көп сөзді, орынды-орынсыз ақылгөйсіген, да­ныш­пансыған мансапқор, мақтаншақ. Ше­ка­рашылдардың ауыл адамдарын сергектікке ша­қырып, бейуақта жаққан отына аттан сала шап­қан сергек көңілді, ширақ шешімді адам­дар мен Ақылбек қария ең соңында елеусіз қа­лып, үйден шықпай өзінше сақтанған бос сөз иесі Махмұд пен Маңырақ округінің әкім­шілігі алғыс алады да, нағыз іс-әре­кет иелері назардан тыс қалады. Әңгіме қы­зықты мазмұнды беллетристикалық ба­ғытта жазылғанымен, кейіпкерлерінің дүние­та­ным­дары да, мінез-құлықтары да ширыққан оқиға үстінде ашылады. Жазушы ұсынатын көркемдік шешім де тосын.

Әңгіме сюжетінің шарықтау сәтіндегі осы жағдай кейіпкер көңіл-күйі мен автор баян­дауы­мен түйінделген:

«Осы хабарды естіген сәтте жұқалаң өңі құ­былып кеткен Балшекердің:

– Қалайша сонда? – деп дауыстап жібер­ге­нін өзі де байқамай қалды.

– Ал Ақылбек аға ше?! Жаңғызтөбе ауы­лы­ның кісілері ше?

Сол сәтте көз алдына көлденеңдеп келе қал­­ған жалғыз-ақ нәрсе болатын. Ол – өздері жи­налысқа сала алмай кеткен Ақылбек қарттың әжім торлаған ызғарлы жүзі…

Оттың жайын анықтау үшін «Жыланбай» шаруа қожалығы мен ауыл жастарын ұйымдастырған кім еді? Ендеше марапатталуға тиісті адам тек Махмұд қана емес болса керек. «Ақылбек атаның ұмыт қалғаны қалай?» деген ой Балшекерді талайға дейін мазалап жүрді. Бірақ қарт шопанның Кеңес заманында да үнемі назардан қағыс болып, сый-сияпат атаулыны көрмей өткенінен жас қызметкер бейхабар еді».

Әңгіменің сюжеттік-композициялық же­лісінде басты кейіпкер Ақылбек қарияның өз ортасындағы ықпалды қалпында, ал оған қарама-қайшы мінез-құлық иесі Махмұд өкілдің де өзімшіл, менмен тұлғасы портреттік бейнелеу мен қимыл-қозғалыс, құбылыс тұтастығымен өрнектелген. Әңгіменің көркемдік сипатын аша түсетін суреттеу-бейнелеу өрілімдері поэтикалық бояуларымен байқалады:

«Ошарылған жұрттың күткен адамы тура тамақ үстіне тап келеді. Бет-аузы бір уыс, кішкене шүңірек көздері салқын жылтыл шашқан, жетпістерді желкелеп қалған кісі. Жастар жағы қақ жарыла қаруылдасып, ілтипат білдіріп, төрге шақырса да, оңайшылықпен иліге салатын сыңайы байқалмайды. Тымырайып түтіккен күйі өзіне ұсынылған кесені үнсіз қолына алды. Аяқ астынан ыңғайсыз ахуалдың туғанын сезіп, жиылған жұрт жым бола қалған. Анығын айтқанда, бір адамнан басқасы. Манадан бері көсіле сөйлеп, көсемдік көрсетіп отырған Махмұд қана айылын жиған жоқ. Келген кісіні елемеген пішінде әуезді үнімен әңгімесін жалғастыра берді».

Жазушының әңгімелеріндегі көркемдік си­патты құрайтын ерекшеліктер қатарында кей­іпкерлер диалогтарының тартымдылығы ай­рықша байқалады. Персонаждардың мінез-құлқын ашуда диалогтардың ұтымды пайдаланылуы кейінгі жас буын қаламгерлерге үйрену мектебі болады.

Әңгіме кейіпкерлерінің сюжет бөлік­те­рін­дегі оқиғалар кезіндегі ішкі жан дүние әлеміндегі ой-толғау (монолог) өрнектері де шығармалардың әсерлігін айқындай түседі.

Жазушының бірқатар әңгімелері са­ти­ралық-юморлық, сыншылдық сарында жазылған: «Көзбен көрген … өтірік», «Қараңғыда берілген көрімдік», «Учаскелік алыпсатар», «Дон Жуанның қалыңдығы», «Жігіт таңдаудың шебері». Әңгімелердің кейіпкерлері де әр алуан қасиеттерімен сыншылдық бейнелеулермен дараланған.

Әңгімелерде фәниде ұрыс-керіспен өмір сүріп, күйеуі қайтыс болғасын тек соны ғана аңсаумен өтетін шайпау әйел мінез-құлқы бейнеленеді.

Жүрегімен ұғысқан сүйіспеншіліктен ада адамның өзіне жар іздеудегі оғаш, олақ іс-әрекеттері салдарынан көңілі қаламаған көріксіз қызға душар болған күлкілі жағдайы («Қараңғыда берілген көрімдік») да сатиралық бояуларымен бейнеленген.

Жалғызбасты қыздардың, келіншектердің аң­ғалдығын пайдаланған тұрлаусыз сезім иесі еркектің сұрқиялық іс-әрекеттері («Дон Жу­ан­ның қалыңдығы») де сатиралық-юморлық бо­яуларымен суреттелген.

«Көнбіс бәйбіше» әңгімесінің сюжеттік-ком­позициялық арқауында өз әйелі Бағиладан ау­лақтап, ақ машиналы жас әйелмен көңілдес болып жүрген Ожарбек бейнесі реалистікпен бейнеленген. Көнбіс мінезді, шыдамды нағыз қазақ әйелі тұрпатындағы Бағила бейнесі арқылы күйеуі Ожарбектің жас әйелмен жасырын жүрмей, заңды некелі болуын, өз күйеуінің жасырын зинақорлығы үшін мешітке келіп, Алладан кешірім сұрауға ниеттенген имандылық пейіл иесі дараланған:

«Енді қараса, автобустың іші лезде үңі­рейіп, босап-ақ қалған екен. Мешіт аял­да­ма­сынан түсіп қалған соңғы жолаушының… өзі екенін аңғарды. Оны көпшілік жамағатқа ілес­тіріп жетектей жөнелген: «Қой, мен де ба­райын… Мешітке…Күйеуім үшін Алладан ке­шірім сұрайын… Бәлкім күнәсін азайтар» де­ген тосын ой.

Қалың жұртшылықпен мешіттің дар­баз­а­сы­­нан ене бергенде: «Әлгі екеуі осында келіп не­келерін қиғызса ғой… Осыны Ожарбекке неге айтпай жүрмін?» деген тағы бір тың ойдың көлденеңдей оралғаны.

Қол сөмкесінен тауып алған орамалын ба­сына салды да, Бағила бір Алладан медет тілеген қалың жамағаттың арасына тамшыдай сің­іп, тұтасып кете барды».

Жазушының әңгімелеріндегі көркемдік си­патты құрайтын ерекшеліктер қатарында кей­іпкерлер диалогтарының тартымдылығы ай­рықша байқалады.

Кейіпкерлердің диалогтары сәттеріндегі әрқайсысының кескін-келбет құбылыстарын, іш­кі жан әлеміндегі толқыныстар да, тол­ға­ныс­тар да поэтикалық тұтастықпен өр­нек­тел­ген.

Әңгімелер кейіпкерлерінің сюжет бөлік­те­­ріндегі оқиғалар кезіндегі ішкі жан дүние әлеміндегі ой-толғау (монолог) өрнектері де шы­ғармалардың әсерлігін айқындай түседі. Мысалы: «Қыз қарауға шыққасын, әрине, екі жігіт те иықтарына бір қабат тәуір киімдерін іліп­ті. Уәлаятолланың басында – етегі кең ақ фетр қалпақ («Сәл қалыңдау, бірақ күннен қорғайды» деді өзі).

Үстінде кейбір кекірттеу кісілер қыс­ты­гүні киетін қара костюм-шалбар, соған сәйкес ақ жейде. Сол бір жылдары модаға айналған қайыстай жіңішке галстук те мойнында.

Ғафу өтінем, кейіпкеріміздің мүйіз көзәйнек тағатынын ұмытып барады екен­біз. Институтта орташа оқыған адам көзәйнек кимесін деген заң жоқ. «Көзәйнекті білім мен ғылым қуған ақылман ағайындар ғана киеді» деп пайымдаушы жолдастардың жаңылысуы әбден мүмкін. Уәлаятолланың жанарын сақтап жүрген көргіш құралы қазір де өз орынында.

Міне, сырт пішіні сып-сыпайы, тіпті сүйкімді дерлік жас жігіт көзәйнек пен галстугін тағып алып, торытөбелдің үстінде тепеңдеп келеді. Астындағы аттары ғана тепең-тепең емес, өздері де шайқалақтап шаршауға айналған шақта бір ауылға келіп кірді-ау әйтеуір».

Жазушының әңгімелері прозадағы реалистік бейнелеу үрдістерінің өзіндік өрнектерін аңғартады.

Тіршілік қозғалыстарындағы әрі үндес, әрі қайшылықты құбылыстарды, қа­сиеттерді көркем шындықпен бей­не­леген қаламгер туындылары қазақ про­засындағы өзіндік шығармашылық мә­нер­дің, бейнелеудің танымдық болмысын танытады.

Жазушының оқырмандар ықыласына ие болған біршама әңгімелері көркемдік-эстетикалық сипаты мен адамдар орта­сын­дағы күрделі қарым-қатынастар болмысын реа­листік әдіспен бейнелеген.

Реалист жазушы шығармашылығында терең ізденіс, тұңғиыққа толы толғаныс, заман шындығы тайға таңба басқандай айқын десек те артық айтпаған болар едік.

Мейiргүл ЧАЯХМЕТОВА,

Т.Жүргенов атындағы

Қазақ Ұлттық

өнер академиясының қызметкері

Back to top button