ЖУРНАЛИСТЕРМЕН ЖЫЛЫ ЖҮЗДЕСУ

ЖУРНАЛИСТЕРМЕН ЖЫЛЫ ЖҮЗДЕСУ

ЖУРНАЛИСТЕРМЕН ЖЫЛЫ ЖҮЗДЕСУ
ашық дереккөзі

Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауын көпшiлiк арасында талқылап, насихаттайтын бұ­қа­ралық ақпарат құралдары екенi айқын, сондықтан да қоғамдық пiкiр қалыптастырудағы БАҚ өкiлдерiнiң мiндеттерi мен жауапкершiлiгi де зор екенi айтпаса да түсiнiктi.

Халқымыздың төл мерекесi – Наурыз мейрамының қарсаңында «Қазақ­стан« РТРК» АҚ Қарағанды облыстық филиалының ұжымымен жүздескен облыс басшысы Әбiлғазы Құсайынов мырза да осы құнды құжаттағы кейбiр мәселелерге ерекше тоқталып өттi.

«Жолдаудың негiзгi бағыттарын ха­лық арасында түсiндiру жұмыс­тарында БАҚ-тың алатын орны, облысымыздың тыныс-тiршiлiгiн шынайы жеткiзуде сiздердiң атқарып отырған жұмыстарыңыз ұшан-теңiз», – дедi ол Қарағанды облыстық телерадиокомпаниясының құрылу тарихынан сыр шертетiн мұражай жәдi­герлерiн тамашалап, ұжымның шығар­машылық жоспарларымен танысу үстiнде.

Сондай-ақ, облыс басшысы жаңалық­тарды эфирге шұғыл жiберуге мүмкiндiк беретiн техникалық құрал-жабдықтар, көлемдi бағдарламаларды жазуға дайындық жұмыстары мен аппараттық-студиялық блок, салалық бағдарламалар жұмысымен де жiтi танысып шықты. Хабарларды гра­фикалық безендiру мен дизайн, жаңалықтар кабинеттерiнде болды. Телерадиокомпаниясының ұжымымен сұхбаттаса отырып, келешекте өңiрдегi телерадиохабарларды таратудағы ұсыныс-пiкiрлерiмен бөлiстi.

Сонымен қатар, облыс басшысы Әбiлғазы Құсайынов мырза сол күнi «Қарағанды Жарық» ЖШС-де болды. Аймақ басшысы жаттығу полигонын, трансформатор цехы мен жаңа арнайы техникаларды көрiп, бiр терезе қағидаты бойынша өтiнiш иелерiнен құжат қабылдау жұмысымен (ЭнергоХҚО) танысты. «Қарағанды Жарық» ЖШС-нің директоры Нұржан Иманов аймақ басшысын энергетикалық кәсiпорынның инвестициялық және жөндеу бағдарламаларымен таныстырды. Одан кейiн облыс әкiмi қаланың Орталық саябағында болып, оның қазiргi жай-күйiмен және алдағы жұмыс жоспарларымен танысып шықты.

***

Сонымен қатар Қарағанды облы­сының әкiмi Әбiлғазы Құсайынов мырза Приозерск пен Балқаш қалалары мен Ақтоғай ауданына қарасты Сарышаған және Шашубай кенттерiнде де жұмыс сапарымен барды. Ондағы мақсат – ел Үкiметi бекiткен 2011-2013 жыл­дарға арналған қаланы әлеуметтiк-экономикалық дамытудың кешендi жос­парын жүзеге асыру барысымен танысу. Аталған жоспардың бiр тарауы қаладағы тұрғын үйлер мен әлеуметтiк нысандарды жылумен қамтамасыз етуге арналған болатын. Сондықтан ең алдымен 432 млн. теңге қаражатқа жөндеу жұмыстары жүргiзiлген №1 қазандыққа ат басын тiредi. Облыс әкiмi қазандықты басқарудың автоматтандырылған жүйесiнiң жұмысымен, технологиялық және қосалқы құрал-жабдықтармен танысып, ағымдағы жылыту маусымының барысын және келер күзгi-қысқы кезеңге дайындық барысын бақылады.

Бұдан соң облыс басшысы Приозерск қаласындағы мектепке дейiнгi жастағы балаларға арналған 100 орындық «Еркетай» өнер және спорт мектебiнде болып, соңынан Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлiгiне қарасты офицерлер үйiнiң мұражайын аралады. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi гарнизонының оқу сыныптары мен әскери техникаларымен танысты. Қала әкiмiнiң 2011 жылғы әлеуметтiк-экономикалық даму қорытындысы жөнiндегi есебiн тыңдап, ел Президентiнiң Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жүзеге асыруға байланысты жаңа мiндеттер қойды.

Облыс әкiмi «Қазақмыс «Корпорациясы» ЖШС Балқаш металлургиялық кешенiнде, сондай-ақ корпорация кәсiпорындарын техникалық мамандармен қамтамасыз ететiн политехникалық колледж жұмысымен танысты.

Қарағанды облысы әкiмi бұл сапарында Сарышаған кентiндегi №3 ықшамауданындағы қазандықты көрiп, көпқабатты үйлердiң жылу жүйелерiн жөндеу жұмыстарымен танысып, тұрғындармен пiкiрлестi.

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Қарағанды облысы