ҰЛЫҚ МЕРЕКЕДЕН бас тартқан ұстаздар

ҰЛЫҚ МЕРЕКЕДЕН бас тартқан ұстаздар

ҰЛЫҚ МЕРЕКЕДЕН  бас тартқан ұстаздар
ашық дереккөзі
189

Қалалық жердегi бiлiм ошақтарында әлi күнге мемлекеттiк тiлге деген құрмет төмен. Әсiресе, аралас мектептерде өтетiн iс-шаралардың денi ресми тiлге мойын бұрып кетедi. Бұл – бәлкiм, мектептi басқарып отырған басшының патриоттық рухының қаншалықты деңгейде екенiн көрсететiн де шығар. Ал жаны да, қаны да «қазақ», «қазақ тiлi» деп соғып тұратындардың көрмейтiн құқайы жоқ. Неге?

«№11 балалар музыкалық мектебінің орыстілді мұғалімдері мектепті қазақ­шалағысы келген жас маманға қарсы шығыпты» деген ақпаратты ести сала, аталмыш білім ұясына жеттік. Өзін қолдайтын жандардың барына қуанған мектеп директоры Бұлбұл Оспанова бізді құшақ жая қарсы алды. Қайсар жүректі қазақ қызының мемлекеттік тіл үшін күресіп жүрген іс-әрекеті адам қызығарлықтай екен. Бірақ та бұл ұжымдағы орыстілді мұғалімдердің наразылығын тудырған көрінеді.

Бұлбұл Әріпханқызы 2009 жылы №11 музыкалық мектепке директор болып тағайындалады. 2002 жылы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияны тәмам­даған білікті маман бұл мектепке келген бетте-ақ жағасын ұстапты. «Әу баста қазақ тілінде жазылған ештеңе болмады. Бұйрықтары да, сабақ кестесі де, оқу-тәрбие жоспары да түгел орыс тілінде. Өзім тіл десе, ішкен асымды жерге қоятын патриотпын. Бұған бей-жай қарай алмадым. Сөйттім де, іс-қағаздарын бірте-бірте қазақ тілінде жазып, іле бастадым», – деп бастады әңгімесін Бұлбұл қызбалана.

– Біздің мектепте 120 бала оқиды. Оның көбі – қаракөздер. Кейбірі орыс тілін түсінбейді де. Ата-аналар да сабақтар мен өздеріне қажетті ақпараттардың қазақ тілінде болуын өтініп жүрді. Бұл онсыз да кезек күттірмейтін мәселе емес пе?! Бір күні қарасам, дәліздегі қазақ тілінде ілінген бұйрықтың жанында орыс тіліндегі нұсқасы тұр. Ол біріншіден, менің рұқсатымсыз ілінген. Екіншіден, мөр басылмаған. Яғни заңдық күші жоқ. Мектеп ұжымын жинап алдым да, бұйрықтың тек қазақ тілінде болатынын ескерттім. Әлбетте, бұл сабақ тек орыс тілінде жүрмесін немесе «орысша сөйлемеңдер» деген талап емес. Бірақ та ұжым мемлекеттік тіл – қазақ тілі екенін мойындауы керек қой, – дейді.

Қазақ тілінің мектеп ішіндегі өресін тарылтып жүргендер (15 мұғалімнің ішіндегі) бес-алты орыс ұлтының өкілдері. Олар күні бүгінге дейін қазақ тілінде сөйлемек түгілі, үйренуге де ниет танытпапты. Сорақысы сол, іштен іріткі салып жүрген аз ғана топ Қазақ елінің Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты шараға да қатысуды жөн санамаған. Бұл туралы мектеп директоры Бұлбұл Оспанова: «Тәуелсіздік – біз үшін ұлық мереке. Ата-аналар мен қонақтарды шақырып, еліміздің басты мейрамын жоғары деңгейде атап өтуге тырыстық. Бірақ та орыстілді мұғалімдер бұл айтулы күнге пысқырып та қарамады. Неліктен олар бұлай істейді? Ұлты бөлек болса да, Қазақстан мемлекетінде өмір сүріп жатқан жоқ па?! Ал өздерінің жаңа жылы, пасха, масленица мейрамы болсыншы, сенбі, жексенбіге қарамай жүгіре-сүріне келіп дайындалады», – деді ашынып. Бұдан соң педагогикалық кеңесте бұл мәселені тағы да жіті түсіндірген директор ұжымға бірінші сыныптар мерекесін өткізуді тапсырады. Бірақ бұл шара да толықтай орыс тілінде өтіпті.

«Сол күнгі сценариді маған ешкім көр­сетпеді. Өзім балалардың киімдерін түгендеумен жүгіріп, ұмытып та кетіппін. Тәрбие ісі жөніндегі орынбасар да қа­дағаламапты. Концерт өтті. Бәрі орыс тілінде. Ұялғанымнан жерге кіре жаздадым. Зал толы адам «Біз Кеңес үкіметінде өмір сүріп жатырмыз ба?» деген сұраулы жүзбен қарайтындай. Орыс тілі мүлдем құрып кетсін деп жатқан жоқпын, тым болмаса сценаридің жартысын қазақша құруға болатын еді ғой. Соңынан кешірім сұрап, балаларға арналған мақтау қағаздарын қазақ тілінде сөйлеп, ұсындым».

Ұжымдағы орыстілді мұғалімдердің көңіліне жақпаған тағы бір мәселе – зейнет жасындағы есепшіні жарты ставкамен қалдыру. №11 балалар музыка мектебінің директоры Бұлбұл Оспанованың айтуынша, 63 жастағы есепші компьютерді білмегені былай тұрсын, жоғары білімі де жоқ екен. Оның үстіне өзіне жүктелген міндеттерге селқос қараған. «Балаларға ұлттық костюмдер тігу үшін қаражат керек. Ол үшін тендерге тездетіп құжаттарды жіберу қажет болды. Сөйтсем, әлгі есепшім «Маған байқауыңның керегі жоқ. Не істесең, соны істе деп қарап тұр. Қазір компьютер білмесең болмайды. 6 ай уақыт бердім, бірақ жұмыстан шыққысы келмейтін есепшінің компьютер үйренетін ойы да жоқ. Шын мәнінде, «Еңбек кодексінің» 240-бабы бойынша зейнет жасындағы қызметкермен келісім-шартты бұзуыма болады екен. Яғни білікі жас маман келсе, менің зейнет жасындағы мұғалімді жұмыстан шығаруыма толық құқығым бар. Содан кейін де жарты ставканы жаңадан келген есепшіге бердім. Ол он, он бес күн ішінде балаларға костюм тіккізіп, қаржылық шаруаларды игеріп әкетті. Бірақ орыстілді мұғалімдер «өзінің қазағын жинап жатыр» деген әңгіменің басын шығаруда», – дейді.

Орыстілді мұғалімдер қолдан келер басқа қайран болмағандықтан наурыздың 10-ы күні Алматы қалалық Білім басқармасына ата-аналардың атынан анонимді хат жолдапты. Хаттың мазмұны «Оқу-тәрбие жұмысы неге қазақ тілінде ілінеді?» дегеннен басталып, жас директор екі-үш жылда мектепті «құлатуға» шақ қалды деген сарында өрбіген. Бұл хаттың артында ата-ана емес, мұғалімдердің тұрғанына анық көзі жететін мектеп директоры: «Былтыр қыркүйек айында «Мирас» фольклорлық ансамблін құрдық. Ал ақпан айында 46-шы қалалық жас музыканттар фестиваль-байқауында 17 ансамбльдің ішінен бас жүлдені, «Күншуақ» байқауынан бірінші орын алдық. Алматы қаласындағы 14 музыкалық мектептен топ жарып шығу үлкен жетістік емес пе?! Бұған дейін бізді ешкім білмейтін. Енді Алматының атын қорғау үшін республикалық байқауға шығамыз», – дейді қуанышын жеткізіп.

Бір көңілге демеу боларлығы, Білім басқармасы тәрбие бөлімінің бастығы Хатипа Молдабаева бастаған арнайы комиссия мән-жайға қаныға келе, мектеп директорының жасап жатқан іс-шараларын толықтай қолдайтындығын білдіріпті. Біз Хатипа Қасқырқызын сөзге тартқанымызда, «Жиналыста тіл мәселесін көтердім. Оны басқалар қажетсіне ме, жоқ па, оған қарамау керек. Заң бойынша, іс-қағаздары кем дегенде екі тілде болу қажет. №11 музыкалық мектебі үлкен шаруаларды атқарып жатыр. Балаларды музыкаға тартып, өнерін ашуда. Байқауда бас жүлдені алды. Ал мұғалімдер жазғандай, директор тарапынан қысым жасау фактілері жоқ. Әрине, жастың аты жас. Директор ұжымға дұрыс талап қоя білу керек», – деді.

Айтпақшы, қазақ тілінің тасын өрге до­ма­латып жүрген Бұлбұл Оспанова мектептің қаржысына Қазақ тілі курсын ашатындығын айтады. «Әркімнің өз құқы бар. Қаласа үйренеді. Бірақ жаңа оқу жылынан бастап педагогикалық кеңесті таза қазақ тілінде жүргіземіз», – дейді ол. Тағы бір мәселе – мектеп №133 орта мектептің ғимаратының бір бұрышында орналасқан. Бөлмелер тар. Аспаптарды сақтайтын орын жоқ көрінеді. Мектеп ұжымының жеке ғимарат берілсе екен деген тілегі бар. Себебі №11 музыкалық мектебі Әуезов ауданындағы балалардың музыкалық сауатын ашатын бірден-бір мектеп. Оқу ақысы да қымбат емес. Айына 2 мың теңге ғана. Мектеп басшылығы сол қаражатты киім тіккізуге, түрлі аспаптар сатып алуға жеткізеді екен.

Расында да, мектеп ішіндегі көрнекі құралдар мен ақпарат тақтайшаларда орыс тілінің мысы басым екені көзге ұрып тұр. Тіпті, бөлмеге ілінген портреттердің ішінен қазақ композиторларын таба алмадық. Қазақтың қаракөздері Римский-Корсаков, Рахманинов, Глинка, Мусоргскийді жіті танып жүрсе, Дина, Құрманғазы, Тәттімбет, Абайлар қайда қалмақ? Мұны көрген Білім басқармасының мамандары «Мыналардың көзін құртыңдар» деген тапсырма беріпті.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары