ДАҒДАРЫСТЫҢ ДАУЫЛЫ БАСЫЛҒАН ЖОҚ

ДАҒДАРЫСТЫҢ ДАУЫЛЫ БАСЫЛҒАН ЖОҚ

ДАҒДАРЫСТЫҢ ДАУЫЛЫ БАСЫЛҒАН ЖОҚ
ашық дереккөзі

Ақордада кеңес өткiзген ҚР Президентi Н.Назарбаев келер күннiң еншiсiндегi экономикалық-қаржылық мәселенi талқыға салып, тиiстi органдарға бiрқатар нұсқау бердi. Тапсырмалар арасында қымбатшылықты ауыздықтау, сақтандыру нарығын дамыту, зейнетақы жүйесiн реттеу секiлдi басқа да мәселелер бар.

Әлемдiк экономикалық дағдарыстың сал­қыны дүниежүзiлiк экономикаға әлi де қауiп төн­дiрiп отыр. Қаржылық қиындықтардан са­бақ алған әр мемлекет тығырықтан өз бе­тiнше шығуға талпынуда. Келер күннiң еншiсiндегi бiрқатар мәселенi пысықтап алу мақсатында Елбасы Ақордада кеңес өткiздi. Аталған шараға ҚР Президент Әкiмшiлiгiнiң Басшысы А.Мусин, Ұлттық Банк Төрағасы Г.Марченко, Премьер-министрдiң орынбасары Қ.Келiмбетов, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Ө.Шөкеев, Президент Әкiмшiлiгi Басшысының орынбасары Б.Сұлтанов, Қаржы министрi Б.Жәмiшев, Экономикалық даму және сауда министрi Б.Сағынтаев, Ұлттық Банк басшылығы, сондай-ақ Ұлттық Банктiң қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен бақылау комитетiнiң басшылары қатысты.

Кеңес барысында: «Жалпы, әлемдiк на­рықтағы аумалы-төкпелi жағдайға қа­ра­­мастан, өткен жыл бiз үшiн белгiлi дә­режеде жемiстi болды. Қазақстандық экс­порт­тың негiзгi баптарына қолайлы баға ко­нъюнктурасының және экономиканы әр­та­рап­тандыру мен iшкi сұранысты кеңейту бо­йынша мемлекеттiк қолдау шараларының оң­ экономикалық әсерiнiң нәтижесiнде жалпы­ iшкi өнiмнiң өсу қарқыны, соңғы үш жыл iшiнде ең жоғары деңгейге жетiп, же­дел мәлiметтерге сәйкес, 7,5 пайызды құ­рады», – деп мәлiмдеген Н.Назарбаев әлем­дiк экономика мен қаржы жүйесiндегi қауiп-қа­тер­лер сақталып отырғанын ескерттi. Яғни ар­қа-басты кеңге салуға әлi ерте. Қазақ би­лiгi кез келген қиындыққа тас-түйiн дайын отыруы тиiс: «Тiптi, АҚШ тәрiздi, экономикасы дамыған елдiң рейтингiсi «ААА» деңгейiнен «АА+» деңгейiне дейiн төмендеген. Еуроодақта да проблемалар жалғасын табуда. Осының барлығының бiздiң елiмiздiң қаржы жүйесiне қатысы болмақ. Сыртқы несие нарығының тарылуының негiзгi салдары бiздiң банктердiң сыртқы қор жасау тәуелдiлiгiнiң төмендеуiне әкелдi. Бiр жағынан бұл жақсы, өйткенi бiз бұдан бұрынғы дағдарыс кезеңiнде осыдан зардап шектiк. Орталық банктiң қолдауы есебiнен күнелтетiн бiрқатар еуропалық банктердегi жағдайдың күрделiлiгi туралы бiле отырып, бiздiң банктiк жүйеге сыртқы қаржыландыру көздерiнiң ұлғаюын күтуге болмайды. Iшкi резервтердi iздестiру қажет».

Мемлекет басшысы назар аударған бас­ты мәселелердiң бiрi – банктердiң несие қоржынының сапасының нашарлығы және несиелiк белсендiлiктiң төмендiгi. Әлемдiк қаржылық дағдарыс пен қаражат тапшылығының салдарынан қиындыққа тап болған бiрқатар отандық жекеменшiк банктiң 25 пайыздық акциясын уақытша иеленген мемлекет қаржылық құрылымдарды банкротқа ұшыраудан аман алып қалғаны белгiлi. Осы орай­да, Елбасы банктердi тұрақтандыру мә­се­лесiн баса айтты: «Үкiметпен бiрлесiп отан­дық банктердiң жұмысын ынталандыру және жандандыру қажет. Сонымен бiрге, қайта құрылымдау жүргiзiлген «БТА Банк» және «Альянс Банк» сияқты банктердегi жағдайды тұрақтандыру керек».

Президентпен өткiзiлген кеңес бары­сын­да ҚР Ұлттық банкiнiң төрағасы Г.Мар­чен­ко Президентке Ұлттық Банктiң инфля­ция­ процестерiн бақылау және айырбас баға­мы­ның саясаты жөнiндегi қызметi туралы баяндап бердi. Ұлттық Банктiң есебiн көлденең тарт­қан Бас банкир 2011 жыл барлық негiзгi мак­роэкономикалық көрсеткiштер бойынша Қа­зақстан үшiн жақсы жыл болғанын айтты.­ Кеңестiң қорытындысы бойынша Президент тарапынан айырбас бағамы сая­са­ты­на,­ инфляцияны болжанған дәлiзде ұстау қа­жеттiгiне және зейнетақы қорларын реттеу­ге қатысты нақты тапсырмалар берiлдi. Со­нымен қатар Н.Назарбаев Ұлттық қор ак­тив­терiн басқару, сақтандыру нарығын дамы­ту және Кедендiк одаққа мүше елдердiң ақша-не­сие саясатындағы қызметiн үйлестiру мә­се­лелерiне назар аударды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ