ҮЗДІК ДЕП ТАНЫЛҒАН «ҚАЗАҚША ВИКИПЕДИА»

ҮЗДІК ДЕП ТАНЫЛҒАН «ҚАЗАҚША ВИКИПЕДИА»

ҮЗДІК ДЕП ТАНЫЛҒАН «ҚАЗАҚША ВИКИПЕДИА»
ашық дереккөзі

Қазiр елiмiзде Интернеттiң тiлiн қазақшалауға тырысқан жобалар көп. Солардың бiрi – «Қазақша Википедия» жобасы. Алматыдағы халықаралық конференцияда бас қосқан түркiтiлдес елдердiң жастары заманауи технологияның мүмкiндiктерi мен келешегiн саралады.

Өткен аптада түркітілдес елдердің Википедиялары Алматыда бас қосты. «WikiBilim» қоғамдық қоры, Wikimedia Foundation, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, «Beeline» компаниясы тарапынан ұйым­дас­тырылған халықаралық конференция – «TURKIC WIKIMEDIA CONFERENCE» Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Татарстан, Башқұртстан және Саха (Якутия) елдеріндегі вики-қауымдастықтардың өкілдерін жинады. Бұл конференцияға Wikimedia Foundation, Creative Commons, Open Software Foundation секілді халықаралық ұйымдар мен қозғалыстардың және «Google» компаниясының өкілдері қонақ ретінде қатысып, өзара тәжірибе бөлісті.

Қазақстандағы WikiBilim қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлының айтуынша, былтыр Қор құрылмай тұрғанда қазақша Википедияда 7 мыңнан астам мақала болса, бір жылдың ішінде олардың саны 127 мыңнан асқан: «Қазақстан» энциклопедиясын ғаламторға енгізудің арқасында мақалалар саны 70 мыңға жетті, одан кейінгі мақалалар – біздің бас­таманы қолдаған еріктілердің үлесінде». Ұйымдастырушылардың айтуынша, ҚР Үкіметі «Қазақша Википедиа» жобасына қамқорлық жасаса, қаржылық қолдауды жобаның бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мойнына алған. Сонымен қатар аталған шараны TURKSOY халықаралық Түрік мәдениеті ұйымы қолдады, ақпараттық демеушілер қатарында «Нұр Медиа» холдингі, «Қазақ радиосы» бар. Түркітілдес Википедиалардың халықаралық конференциясы «Қазақша Википедиа» жобасының құрамдас бөлігі болып табылады. Аталған жобаның аясында Википедиадағы қазақша мақалалар саны бір жылға жетпес уақыт ішінде 7 мыңнан 126 мыңға дейін көбейді. Ай сайын қаралатын беттер саны орташа есеппен 200 мыңнан 5 миллионға дейін жетті. Халықаралық вики-қауымдастық «Қазақша Википедиа» жобасын 2011 жылдың үздік жобасы (Global Wikipedian 2011) деп таныды.

Израильден конференцияға арнайы келген Wikimеdia өкілі Амир Ахаронидің айтуынша, қазір Википедияның рөлі өте жоғары. Әлем бойынша ол 5-орында тұр: «Google» арқылы керегін іздегендер бізді міндетті түрде табады. Өйткені тиімді ақпараттың Википедияда көптеп берілуі біздің сайтқа сілтеме жасау жақсы үрдіске айналып бара жатыр». Қазақ Википедиясының келешегі жарқын екендігін айтқан Амир Ахарони ҚР Үкіметі тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанын жоғары бағалады.

Қазіргі кезде Википедияны мектеп қабыр­ғасындағы балалар да пайдалануға көшкен. Мысалы Амир Ахарони Израильде кейбір мұғалімдердің оқушыларға тапсырма беру барысында Уикипедиядан алуға кеңес беретінін айтты. Бірақ ол ұстаз шәкірттеріне нұсқау беруден бұрын Уикипедияға өзі кіріп, қажетті ақпараттарды түзетіп, толықтырып отырады. Осының нәтижесінде Википедиядағы сапалы да сауатты мақалалар саны артады әрі жас ұрпақ бойындағы қызығушылықты оятады. Амир Ахаронидің айтуынша, «Уикипедиядағы ақпараттар толық емес, кейде жаңсақ, дерек көзі тексерілмеген» деген сын немесе айыптаулар айту – бос әурешілік. Өйткені Википедияға белсенді түрде қатысатындар – Интернеттің қолданушылардың өзі. Яғни қарапайым адамдар. Сондықтан сайтқа салынған ақпараттың толық та сапалы болуы әркімнің ой-өресі, білім деңгейі, біліктілігіне байланысты. Жалпы алғанда, Википедияда жарияланатын деректер тиімді, пайдалы, сапалы. Америкалық бір журнал Уикипедияны британдық энциклопедиямен теңдестіріпті. Себеп, арнайы жүргізілген сауалнама қорытындысында, журналистер, шығармашылық өкілдері, академик ғалымдар, барлығы да Уикипедия қызметін пайдаланатындықтарын айтқан. Бірақ басылымдағы мақалада немесе ғылыми мақалада сайтқа сілтеме жасауға, мойындауға батпайды екен. Өйткені бұл – мүмкін емес нәрсе. Сірә, солай болуы керек те шығар. Мысалы Википедияда жарияланған мақала шынымен-ақ дұрыс та сапалы болуы мүмкін. Бірақ арада бір минут өткенде ол мақаланы толықтырғысы келген біреу жаңсақтықпен (адал не арам ниетпен) бүлдіріп қоюы әбден мүмкін. Сондықтан Википедияға сілтеме жасау мәселесінде әрқашан абай болу қажет».

Сапа мәселесінде пікір қосқан әзірбай­жандық қатысушы Ирада Алекперова өз еліндегі Википедияда әзірбайжан тілінде 85 мыңға жуық мақала барын, бірақ оның көпшілігін сапалы деуге келмейтіндігін жеткізді: «Өкінішке қарай, бізге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмейді. Мен Қазақстандағы әріптестеріме қарап қатты қызығып отырмын. Қоғамда дамытудағы қозғаушы күш – жаңа технологиялар. Википедия секілді сайттар соның айғағы. Ынталы жастарды көбірек тартып, үйретуден жалықпау керек. Әзірбайжанда белсене атсалысуға тырысатын жастар баршылық. Бірақ кейде мақаланың басын бастайды да, ары қарай дамытуды өзгелер іліп әкететін жағдайлар жиі кездеседі. Бүгінде Қазақстандағы секілді әр саладан мамандар тартуды қолға алып жатырмыз».

Кеңестік империяның басты саясаты – тамыры ортақ, түбі бір түркіні бір-біріне жат ету болатын. Сондықтан да түркітілдес елдерден жиылған қатысушылар бір-бірімен орыс тілінде ұғынысуға мәжбүр болды. Алайда Түркиядан келген қо­нақ­тар­дың сөзін орысшаға аударуда әзірбай­жандардың көп көмегі тигені рас. Өйткені түрік және әзірбайжан тілдері бір-біріне 85 пайызға ұқсас келеді. Осы орайда, түрік бауырымыз Мусаб Акпынарш келесі конференциялардың ресми тілі ретінде түрік тілін алуға ұсыныс айтты.

Қазіргі таңда Интернет тұтынушылар тарапынан жасалатын виртуалды энциклопедия – Википедияда (Wikipedia) Жер шарының бірнеше тілінде жазылған жалпы саны 18 миллионнан астам мақала бар. Тілдердің ең танымалы – ағылшын (3,9 млн. астам мақала), неміс (1,3 млн. астам мақала), француз (1,2 миллионнан астам мақала бар).

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ