«ЖЕТІ ЖАРҒЫ» ЖӘНЕ ЖАЛҒАСЫН ТАПҚАН ҚАҒИДАЛАР

«ЖЕТІ ЖАРҒЫ» ЖӘНЕ ЖАЛҒАСЫН ТАПҚАН ҚАҒИДАЛАР

«ЖЕТІ ЖАРҒЫ» ЖӘНЕ ЖАЛҒАСЫН ТАПҚАН ҚАҒИДАЛАР
ашық дереккөзі

Қазақ тарихында әлi зерттелмеген тақырыптар көп. Солардың бiрi – қазақтардың заңдар жинағы. Кеңес үкiметi билiк құрған және егемендiгiмiз бен тәуелсiздiгiмiзге қол жеткiзген соңғы сексен жыл iшiнде бұрынғы ата-бабаларымыз қолданған әдет-ғұрыптық заңдар ережесiнен ұзап барамыз. Басқа өркениеттi елдер сияқты тарихымызды ұқыптап, түптеп жинай алмағандықтан, небәрi осыдан 300 жылдай бұрын дүниеге келген «Жетi жарғымыздың» түпнұсқасы жоқ деп шарасыздық танытып отырмыз. Бұл саламен айналысып, ғылыми еңбектер жазып жүрген ағаларымыздың ескi дағды бойынша, тек Ре-сей жылнамаларына ғана сүйенетiнi өкiнiштi. Себебi алыстан арбалап жүрiп, дәл жанымызда дорбалап таситын қазына бар екенiн бiлмеймiз. Оқырман қауымға түсiнiктi болуы үшiн Қазақ мемлекетiнiң қалайша пайда болғанын, тарихи деректерге жүгiне баяндап өтелiк. Сонда мәселенiң бiр ұшы өзiнен-өзi көрiнедi.

1456 жылға дейін «қазақ» деп ата­латын біртұтас ұлыстың болмағаны белгілі. Біздің заманымыздың 542 жылы «түркі» деген атау пайда болды. Қазақстан жерінде Түркілердің дәуірі жүрген «қағандардан» кейін, 704 жылдары Түргеш қағандығы, 745 жылдары Ұйғыр қағандығы құрылып, көп өтпей ыдырап кетті. Ертіс өзенінің бойында 840 жылдары Қимақ қағандығы құрылса, Тараз бен Қашқария арасында 940 жылдары Қарахан мемлекеті құрылды. Нақты тарихи деректер бойынша 960 жылдары Қарахан мемлекетінің ресми діні – Ислам діні болды. Шамамен осы уақыттарда шаман дінінің жетегінде болған түркі халықтарының әдет-ғұрпы мен Шариғат үкімдері бір-бірімен бетпе-бет келіп, аралас-салалас заң ережелері дүниеге келе бастады. 1312-1342 жылдары Алтын Орданы билеген Өзбек хан тұсында Ислам үстем дінге айналды. 1348 жылы Шағатай ұлысының шығыс бөлігінде түркі тілдес халықтардан құралған Моғолстан хандығы құрылды. Әйгілі тарихшы Мұхам­мед Хайдар Дулати «Тарихи-Рашиди» атты еңбегінде: «Моғолстанда бір күнде-ақ жүз алпыс мың адам мұсылман болды» деп жазады. Демек Қазақстан жеріңде Ислам діні – көк тәңіріне, жер-су киелеріне, отқа, әруақтарға табынатын Шаман дінін ысыра бастады. Яғни Қарахан мемлекеті тұсында басталған діни реформа Моғолстан хандығы тұсында шырқау шегіне жетті. 1456 жылы бұрынғы Ақ Орда ханы Ырыс (Орыс) ханның немерелері Керей хан мен Жәнібек хан Әбілхайырға қарсы шыққан қазақтарды бастап Жетісуға қоныс аударды. Моғолстан ханы Есенбұға қазақтарды қарсы алып, Шу өзені мен Талас бойынан қоныс берді. Осылайша – Қазақ Ордасы орнады. Яғни Моғолстан Қазақ Ордасының құрылуына және қазақтың өз алдына халық болып қалыптасуына территориялық тірек, саяси-экономикалық негіз болды. Қазақ Ордасы Қасым ханның тұсында (1511-1523) кемеліне жетіп күшейді. Осы тұста қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып ережелері негізінде «Қасым ханның қасқа жолы» атанып кеткен заңдар жинағы дүниеге келді. Бұл заң сол кездегі мұсылман елдерінде қолданылып жүрген Шариғат заңынан өзгеше, көшпелі қазақ өміріне үйлесімді заң болды. 1598 жылы Еңсегей бойлы ер Есім Қазақ Ордасын бір орталыққа бағынған мемлекет етіп құруды көздеп, «Есім ханның ескі жолы» аталған заңды құрастырды. Бұл заң жинағында ұйымдастырушы күш ретінде кейбір Шариғат үкімдері алынғандықтан, сұлтандардың бір бөлігі Есім ханның саясатына қарсы шықты. Жәңгір ханның баласы Әз Тәуке хан тұсында (1680-1718) Қазақ Ордасында жаңа сарындағы реформалар қолға алынды. Тәуке хан қазақтың атақты билерімен ақылдаса отырып, қазақтың әдет-ғұрып зандарын, билер сотының тәжірибелерін, аса дарындылықпен айтылған түйінді биліктерді жинақтап, өзінен бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» сияқты қазақ зандарын жаңа жағдайға сай өзгертіп, толықтырып дамыту негізінде «Жеті жарғы» заңдар жинағын жасады. Әйтсе де, 1723 – қоян жылы халқымыздың басына туған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіреті Әз Тәукенің тұсында басталған реформаны аяқсыз қалдырды. Жоңғарға қарсы соғысып, өмірі ат үстінде өткен Абылай хан бабамыз Қазақ Ордасын біржола жойылып кету қаупінен аман алып қалумен бірге, қазақ жерінің шекарасын ұлғайтты. Шамамен, 1800 жылдардан бастап Қазақ Ордасы құлдырап, Ресейдің бодан елдерінің біріне айналды. Қазақ халқының ескі заңдар жинағын қалпына келтіру мақсатында 1885 жылдың мамыр айында Қарамола деген жерде 40 баптан тұратын заңдық ереже қабылданды. 400 жылға жуық билік құрған дәуірдегі жинағымыздың 40 бап болып құралғанын көп көрген Ресей патшалығы бұл заңдар жинағын тұрмыстан алдырып тастап, еуропалық сарындағы заңдар жинағының негіздерін ендірді. 1977 жылы Оңтүстік Қазақстан же­рі­нен кездейсоқ жағдайда көне архивтік қолжазбалар табылған. Оларды талдап-зерт­тей келе бұл қолжазбалардың әлдебір заң­дық ережелерге сүйеніп, билік айтқан үкімдер екені анықталған. Бір айта кететін нәрсе, бұл үкімдер Шариғат ережелеріне сүйеніп шешілген сияқты. «Жеті жарғының» ауызша жеткен қазіргі нұсқасында Шариғат үкімдерінің «лебі» анық байқалады. Мүмкін жоғалтып жүрген «Жеті жарғымыз» осы болар. Солай болмаған күннің өзінде, қазіргі кезде 32 баптан аспай отырған «Жеті жарғының» баптарын 100-200 бапқа ұлғайтуға септігі тисе, мұның өзі де үлкен жетістік емес пе? (Бұл қолжазба туралы мақаланы Қазақ КСР ҒА «Вестник» журналының 1977 жылғы № 8 санынан оқуға болады. «Письменные документы из Южного Казахстана». Авторлары: Б.Е. Көмеков, В.Н. Настич, В.К. Шуховцев). Төменде жарияланып отырған «Жеті жар­ғы­ның» жуық түрдегі жүйесін осы жолдардың авторы көнекөз қариялардың аузынан және түрлі баспасөз, ақпарат құралдарынан ұзақ жылдар бойы жинаған. Жиналған деректердің негізінде «Жеті жарғыны» 7 бөлімге бөліп қа­растырудың сәті түсіп отыр. Қазіргі уақытта Моғолстан мемлекеті тарих бетінен өшіп кеткенімен, олардың «Жеті жарғының» жүйесіне ерекше әсер еткені анық байқалады. «Жеті» сөзі – Моғолстан мемлекеті мағынасында қолданылған «чете мо­гол» тіркесіндегі «чете – жете» сөзіне тікелей катысты деп білеміз. «Чете» сөзі уақыт өте келе тіліміздің ерекшелігіне байланысты мәні түсінікті сан есім – жетімен алмасқан. Егер Жеті жарғыны қазақ тіліне аударар болсақ, оны «мемлекет заңы немесе жарғысы» деп түсінуге болады. «Жеті жарғы» баптарында Шариғат үкім­де­рінің сәл өзгеріске ұшыраған ережелерінің кез­десуіне таңғалудың қажеті жоқ. Себебі Қазақ Ордасының қамқоршысы, кейіннен көршісі болған Моғолстан мемлекеті 1360 жылдар шамасында-ақ Ислам мемлекеті болғаны тарихтан белгілі. Табиғат заңдылығы бойынша көрші мемлекеттер бір-біріне еліктеп, жақсы жақтарын бір-біріне сіңіріп отырғаны аян. Қазіргі уақытта мемлекеттік заңымыздың, яғни Конституциямыздың негізіне АҚШ Конституциясының жобасын жасаған авторлардың бірі Дж. Мэдисонның «тежемелік пен тепе-теңдік» туралы идеясы алынып отыр. Мәселен 1995 жылдың 30 тамызында бүкіл республикалық референдумда қабылданған Конституциямыздың 3-бабының, 4-тар-мағында: «Республикада мемлекеттік билік біртұтас, ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы жене сот тармақтарына бөліну, олардың тежемелік, әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы, өзара іс-қимыл жасау принципіне сәйкес жүзеге асырылады» делінген. Өткен тарихымызға көз салсақ, бұдан үш жүз жыл бұрын Әз Тәуке хан бір ор­та­лық­қа бағынған қазақ хандығын құру үшін және хандық билікті күшейту мақсатында реформалар жүргізіп, бай-шонжарлардың өкілдері мен билерден құралған «хандық кеңестің» және «билік кеңесінің» рөлін арттырған. Оның нәтижесі жөнінде М.Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» атты кітабынан (118-бет) оқып білуге болады. «Әз Тәуке хан Алты алаштың тізгінін алты биге ұстатады. ХVІІІ ғасырдың бас кезіндегі дерек бойынша – Ұлы жүзде Үйсін Төле би, Орта жүзде Қаз дауысты Қазыбек би, Кіші жүзде Алшын Әйтеке би, Қырғызда Қараш би, Қарақалпақта Сасық би және Құрамада Мұхаммед би отырды. Сырттай қарағанда өте қолайлы әрі ұтымды көрінгенімен, ақыр түбінде бұл бөліс Қазақ Ордасының біржола ыдырауына жол ашты». Қайсыбір халықтың тарихи шежіресі – дала деп аталатын алып архивтің астында шаң басып жатуы үшін емес, болашақ ұрпақтың бабалар өмірінен сабақ алуы үшін жазылатынын ескерсек, өткен тарихымыздан көп сабақ алуға болатын секілді. «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын» және Әз Тәукенің «Жеті жарғысын» арада 400-500 жыл өткенде пайда болған Конституциямыз бен басқа да заңдар жинағымен салыстырып, одан бір ұқсастық іздеу аңқаулық болар еді. «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» деген аталы сөз бар емес пе. Дегенмен де бес ғасыр ішінде неден ұттық және неден ұтылдық деген бағытта ой толғап көрелікші. Бес жүз жыл бұрын жеткен жетістігіміз: 1) Алты алаштан құралған қазақ ұлты біртұтас және саны жағынан басымдау болды; 2) Қазақ Ордасы құрылғаннан бас­тап шешуші дін – Ислам болса, күнделікті тұрмыста және билік айтуда Шариғат үкімдерінің ықпалы зор бол­ды; 3) Қазақ Ордасының тілі – тек қазақ тілі болды. Бес жүз жылдан кейінгі жағдайымыз: Қазақ Ордасы кұрылған 1456 – Тышқан жылынан кейін арада 540 жыл өткенде тәуелсіздігіне түбегейлі қол жеткізген қазіргі Қазақстанда шешуші рөл атқаруға тиіс, жоғарыдағы үш діңгектің толыққанды болмай отырғандығын айтуымыз керек. 1) Біртұтас жұмған жұдырықтай болған Алты алаштың тең жартысы ғана қалды. 1723, 1916 және 1932-33 жылдары үш рет қырғынға ұшыраған қазақ халқы, осы таяуда ғана Қазақстан халқының басым бөлігін құрайтын дәрежеге жетті; 2) «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адам өмірі, құқықтары мен бостандықтары» (ҚР Конституциясы, 1-бөлім, 1-тармақ). Яғни зайырлы мемле­кет болғандықтан, Қазақстанда шешуші рөл атқаратын дін жоқ. Заңды тіркелген 39 діннің ешбіреуіне де артықшылық берілмейді; 3) Тәуелсіздігімізге қол жеткізген күннен бастап тартысқа түскен қазақ тілі – мемлекеттік тіл дәрежесіне ие болғанымен, іс жүзінде тілімізге әлі де талай кедергілерден өтуіне тура келеді.Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақ­стан–2030» стратегиялық бағдарламасы бүгінгі күні қоғамымызда болып жатқан түрлі реформаларды бір жүйеге түсіріп, соңғы нәтижеде Қазақстанды Азияның «Барысына» айналдыруды көздейді. «ЖЕТІ ЖАРҒЫНЫҢ» ЖУЫҚ ТҮРДЕГІ ЖҮЙЕСІ I бөлім. Мемлекет мүддесі 1-бап. Мемлекет тұтастығы мен бірлігіне іріткі салып, бүлік жасаған – өлім жазасына кесіледі. ІІ бөлім. Ұлт тазалығы 2-бап. Жеті ата ішінде қан алмастыру өлімге немесе ағайындар белгілеген жазаға бұйырылады. ІІІ бөлім. Дін тазалығы 3-бап. Жеті адам куә болып, Құдайға тіл тигізгені дәлелденсе, тас боран қылып өлтіріледі. 4-бап. Өзге дінге кіріп – кәпір бол­ған адам мал-мүлкінен айрылады. 5-бап. Өзіне-өзі қол салғандар бөлек жерленеді. ІV бөлім. Жанұяның біртұтастығы 6-бап. Егер әйелі ерін өлтірсе, өлім жазасына кесіледі (егер ағайындары кешірім жасаса, құн төлеумен ғана құтылады, мұндай қылмысты екіқабат әйел жасаса, жазадан босатылады, бірақ қарғысқа ұшырайды). 7-бап. Егер ері әйелін өлтірсе, ол әйелінің құнын төлейді. 8-бап. Егер екіқабат әйелді атты кісі қағып кетіп, одан өлі бала туса: 5 айлық бала үшін – 5 ат, 5 айдан 9 айға дейінгі балаға – әр айына 1 түйе төлейді. (1 түйе 3 атқа немесе 10 қойға тең). 9-бап. Әйел зорлау кісі өлтірумен бірдей қылмыс болып есептеледі. Мұндай қылмыс үшін еріне немесе қыздың ата-анасына құн төлеуге тиіс, егер жігіт өзі зорлаған қызға қалың төлеп үйленсе, жазадан босатылады.10-бап. Әйелі ерінің көзіне шөп салу үстінде ұсталса, ері оны өлтіруге хақылы. Бірақ қылмысты сол сәтінде жария етуге тиіс. Әйелінен сезіктенген еркектің сөзін төрт сенімді адам дәлелдеп беруі керек. Егер олар теріске шығарса, әйел күнәсіз деп табылып, жазадан босатылады.11-бап. Біреудің әйелін күйеуінің келісімінсіз алып қашқан адам өлімге бұйырылады немесе ердің құнын төлейді. Егер әйелдің келісімімен әкетсе, күйеуіне қалың төлеп, қосымшасына қалыңсыз кыз беруге тиіс. 12-бап. Ата-анасына тіл тигізген ұлды мойнына құрым байлаған күйі қара сиырға теріс мінгізіп, өзін қамшымен сабап, ауылды айнала шапқылатады. Ал қыз болса қол-аяғы байланып, анасының билігіне беріледі. 13-бап. Ерінің ұрлығын біле тұра хабарламаған әйелі мен баласы жазаға тар-тылмайды, өйткені үлкеннің үстінен шағым айту әбестік саналады. V бөлім. Қылмыс пен жаза 14-бап. Қанға қан алу, яғни біреудің кісісі өлтірілсе, оған ердің құны төленеді.(Ер адамға – 1000 қой, әйелге – 500 кой). 15-бап.Ұрлық, қарақшылық және зорлық-зомбылық жасаған адам өлім жазасына кесіледі. Жазаны ердің құнын төлеу арқылы жеңілдетуге болады. 16-бап. Денеге закым келтірілсе, соған сәйкес құн толенеді (бас бармақ – 100 қой, шынашақ – 20 қой). 17-бап. Ата-анасы өз баласының өлімі үшін жауапқа тартылмайды. Ал анасы баласын қасақана өлтірсе, өлім жазасына кесіледі. 18-бап. Ұрлық жасаған адам үш тоғызымен қайтаруға тиіс. 19-бап.Ұрлық пен кісі өлтіруді қоса жасаған адам екі бірдей жазаға тартылады. 20-бап. Барымтадан қайтқан мал төлімен қайтарылуға тиіс. 21-бап. Жауынгер атты ұрлаған өлім жазасына кесіледі. 22-бап. Өлтірілген аңшы иті немесе бүркіті үшін иесінің құл немесе күң беруді талап етуге хақысы бар. VІ бөлім. Адам құқығы және мүлік меншігі 23-бап. Егер әкесінен енші алған ұл баласыз болып өлген болса, онда оның қожалығы өзінің әкесіне беріледі. Жасы кіші балалар жақын туыстарының қамқорлығына беріледі, ал олар болмаған болса, бөтен, бірақ сенімді адамдарға беріледі.24-бап. Әйелді ренжіткен адам, одан кешірім сұрауға тиіс. Кешірім сұрамаса, арсыздығы үшін айып салынады. 25-бап. Кімде-кім азғындыққа жетелеген немесе зорлықпен бұзықтық жолға салған әйелдің ар-намысы үшін сол адам өлтіріледі немесе азғындығы үшін одан 200 жылқы өндіріліп алынады.26-бап.Төре мен қожаның құны қарашадан 7 есе артық төленеді. (Төре мен қожалар сауатты болғандықтан, мемлекеттің ерекше қамқорлығында болған).27-бап. Құл өмірі құнсыз. Ол қожайынның билігінде (қазақ құлдарды жалшы, малшы ретінде ұстап, кейін бөлек шығарып отырған). VП бөлім. Билік тәртібі 28-бап. Үлкен дау-дамайды шешуді және күнәһарға үкім шығаруды хан ше-шеді. Егер ханның өзі болмаса, онда талапкер мен жауапкер тұратын ауылдың билері мен ақсақалдары талдауға, оларға қоса екі жақ сайлаған екі сарапшыны шақыра отырып шешуге тиіс. 29-бап. Егер жауапкердің билерге күмәні болса, онда ол оларды өзгерте алады. 30-бап. Кіші дауларды шешу билер мен ақсақалдарға жүктеледі. 31-бап. Куәлікке кемінде екі немесе үш адам жүреді. 32-бап. Өсиет – ағайындар мен молданың қатысуы арқылы жасалады. * * *Оқырман қауымға түсінікті болуы үшін «Жеті жарғыға» қосымша түсініктемелер бере кетуді мақұл көріп отырмыз: “Жеті жарғы” өзінің баптарында–”қылмыс” – деген ұғымды ешқандай мазмұнда түсіндіріп, мәнін ашып көрсетпейді. Қылмыстық жауапқа адамдар 13 жастан бастап тартылған. Мақау, есі дұрыс емес адамды жауапқа тартпаған. Құлдары жасаған қылмысқа – қожайыны жауап берген. Қылмыскерді “күнәһар” деп атап, жын-пері соққан, құдай атқан деп бағалаған. “Жеті жарғыда” талион принципі (қанға қан, жанға жан) басым болғанымен, қазақтардың күнделікті тұрмысында жазаны мал-мүлікпен өтеу басым болған. * * *Енді сол ежелгі заңды бүгінгі күннің заңдарымен салыстырып көрейікші. “Жеті жарғының” I бөлімінің 1-бабы. Мемлекет мүддесі. Конституцияның 39-бабының 2-тармағы: “Ұлтаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады”. Конституцияның 20-бабының 3-тармағы: “Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді”. 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген Қылмыстық кодекстегі (7 бөлім, 16 тарау, 393-баптан тұрады) 5-тараудың 165–171 баптары мемлекет қауіпсіздігі мен конституциялық құрылыс негізіне қарсы жасалатын қылмыстарға арналған. Мысалы тыңшылық жасау 15 жылға дейін, үкіметті күштеп басып алу 15 жылға дейін, Қарулы көтеріліс жасау 15 жылға дейін, Отанын сату 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруға, ал соғыс жағдайында өлім жазасына кесіледі. Сондай-ақ, диверсия жасаушыларды да осындай ауыр жаза күтеді. Бұл салыстырудан біз мемлекет мүддесінің кешегі дәуірде де, бүгінгі күнде де ең жоғары сатыда тұратынын айқын аңғарғандаймыз. “Жеті жарғының” 2-бөлімінің 2-бабы. Ұлт тазалығы. Конституцияның І-бөлімі, І-бабы: “Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, қүқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары”. Жеті ата ішінде қан алмас­тыруды былай қойғанда, өз қызын өзі зорлайтын әкелер түрмеде біраз отырғаннан кейін қайта оралып, жер басып жүр. Әйтсе де, халқымыздың қанына сіңген әдет бой­ынша ұлт тазалығын ақсақалды қарияларымыз қадағалап келеді. Дегенмен соңғы кезде қазақ қыздарының арасында жезөкшеліктің күрт өсуі болашақта ұлтымыздың тазалығына зор нұқсан келтіруі мүмкін екенін мойын дағанымыз жөн. “Жеті жарғының” 3-бөлімінің 3-бабы. Дін тазалығы. Конституцияда да, қылмыстық кодексте де мұндай қылмыс түрі қарастырылмаған. Яғни бұрындары ерекше мән берілген діннен бүгінде мемлекет іргесін аулақ салып отыр. “Жеті жарғының” 3-бөлімінің 4-бабы. Өзге дінге кіру. Конституцияның 19-бабының І-тармағы: “Әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы”. Конституцияның 5-бабының 5-тармағы: “Шетелдік діни бірлестіктердің Республика аумағындағы қызметі, сондай-ақ шетелдік діни орталықтардың Республикадағы діни бірлестіктер басшыларын тағайындауы Республиканың тиісті мемлекеттік органдарымен келісу арқылы жүзеге асырылады”.“Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы” Заңның 3-бабы: “Қазақстан Республикасы, басқа мемле­кет­тердің азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар жеке өзі, сондай-ақ басқалармен бірге кез келген діңді еркін ұстануға немесе ешқайсысын ұстанбауға құқылы…”“Жеті жарғының” 4-бөлімінің 6–7 баптары. Жанұяның тұтастығы. Қылмыстық кодекстің 96-бабы бойынша әйелдің еркекті немесе ер-кектің әйелді олтіруі жыныс айырмашылықтарына қарамастан жазаға тартылып, 6 жылдан 15 жылға дейін бас бостандықтарынан айырады. Жүкті әйелдердің жазасын өтеуін кейінге қалдыру 72-бап бойынша шешіледі. “Жеті жарғының” 4–бөлімінің 8-бабы. Бала тастату. Қылмыстық кодекстің 103,104 және 105 баптары бойынша, мұндай өрекет “денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру” қылмысы бойынша жазаға тартылып, 3 айдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады. Сондай-ақ, заңсыз аборт жасау (117-бап) айыппұл салумен немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады. “Жеті жарғының” 4-бөлімінің 9-бабы. Әйел зорлау. Қылмыстың бұл түрі бұрын кісі өлтіргенмен теңестірілгенімен, қазір олай емес. Қылмыстық кодекс бойын­ша әйел зорлау (120-бап) 3 жылдан 6 жылға дейінгі, асқынған түрде жасау 7 жылдан 15 жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айыруға жазаланады. “Жеті жарғының” 4-бөлімінің 11-12 баптары. Қазіргі уақытта бұл баптардағы жағдайлар қылмыс болып саналмайды. “Жеті жарғының” 4-бөлімінің 13-бабы. Қылмыстық кодекстің 353-бабы бойынша “Адам өзінің жұбайына (зайыбына) қарсы жауап беруден бас тартқаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды”. Яғни бұл жағдай ескі заң деңгейінде өзгеріссіз қалып отыр. “Жеті жарғының” 5-бөлімінін 14-бабы. Қылмыс пен жаза. Конституцияның 15-бабының 2-тармағы: “Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға қақысы жоқ. Өлім жазасы ерекше ауыр қылмыс жасағаны үшін, ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамның кешірім жасау туралы өтініш етуге хақы бар”. “Жеті жарғының” 5-бөлімінің 15-бабы. Қылмыстық кодекс бойынша бөтен мүлікті көрсетпей ұрлау, ауыр-жеңілдігіне карай 175-бап бойынша айыппұл салумен бірге, 3 жылдан 10 жылға дейінгі бас бостандығынан айыруға әкеліп соғады. Қылмыстық кодекс бойынша қарақшылық жасау қылмысы 179-бап бойынша ауыр-жеңіл жақтары ескеріліп, 3 жылдан 15 жылға дейінгі бас бостандығынан айыруға әкеліп соғады. Қылмыстық кодекс бойынша жеке мүлікті зорлық-зомбылық жасап тонау қылмысы 181-бап бойынша ауыр-жеңілдігіне қарай 3 жылдан 15 жылға дейінгі бас бостандығынан айыруға әкеліп соғады. “Жеті жарғының” 5-бөлімінің 16-бабы. Қылмыстық кодекстің 103,104 жөне 105 баптары бойынша денеге ауыр, орташа және жеңіл жарақат салынуына қарай 3 айдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. “Жеті жарғының” 5-бөлімінің 17-бабы. Қылмыстық кодексте өз нәрестесін өлтірген ана 97-бап бойынша 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұрын мұндай қылмыс үшін өлім жазасына кесілген. “Жеті жарғының” 5-бөлімінің 18-бабы. Қылмыстық кодекс бойынша (175-бап) ұрлық жасаған адам мүлкі тәркіленіп, одан соң бас бостандығынан айырылады. “Жеті жарғының” 5-бөлімінің 20, 21 және 22-баптары. Қылмыстық кодексте мал ұрлау 175-бап бойынша жауапқа тартылады. Ерте кездегі жауынгер ат қазіргі ұғымда соғыс техникаларына жататындықтан, бұл қылмысты жасаушы 383 және 387, 389 баптар бойынша жазаға тартылып, 2 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.“Жеті жарғының” 6-бөлімінің 23-бабы. Адам құқығы және мүлік меншігі. Адам құқығы мен мүлік меншігі туралы даулар Азаматтық кодекс (3 бөлім, 24 тарау, 405 баптан тұрады) бойынша шешіледі. Азаматтық кодекстің 23-бабының 1-2 тармағына сәйкес, 14 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар үшін мәмілелерді олардың атынан ата-аналары, асырап алушылары немесе қорғаншылары жасайды. “Жеті жарғының” 6-бөлімінің 24-бабы. Азаматтық кодекстің 143-бабына сәйкес қазіргі уақытта тек әйел ғана емес, еркектер де ренжіткен адамдарын “ар-намысын, қадыр-қасиетін және іскерлік беделін корлағаны үшін” сот алдында жауапқа тартып, айыппұл талап ете алады. “Жеті жарғының” 6-бөлімінің 27-бабы. Қазіргі уақытта құлдар жоқ. Конс­ти­ту­цияның 12-бабының 1-тармағы: “Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі”. “Жеті жарғының” 7-бөлімінің 30-бабы. Қазіргі заңдар жүйесі бойынша жасалған қылмыстар мен дау-дамайлар үлкен-кішілігіне қарамастан әуелі аудандық сотта, одан соң қалалық немесе облыстық сотта, бұл екеуіне де қанағаттанбаған жағдайда Жоғарғы Сотта қаралады. “Жеті жарғының” 7-бөлімінің 32-бабы. Өсиет жазып қалдыру – Азамат­тық кодекске сай нотариалдық кеңседе жазылып, бекітіледі. Қазіргі уақытта өсиет жазу үшін молдалардың қатысуы шарт емес. * * *Қайсыбір қоғамда болмасын қылмысты мүлде түбірімен жою мүмкін еместігін тарихтың өзі дәлелдеп отыр. Бірақ оны ұтымды жолдармен едәуір ауыздықтауға болатынын, әсіресе Шариғат үкімдері заңдық-соттық жүйеде мықтап енген Ислам әлемінің кейбір елдерінің өмірінен байқауға болады. “Жеті жарғы” баптарында діни сарынның басым екендігі де осы ақиқатты тағы да бір дәлелдей түседі. Байыптап қараған адам Шариғат үкімдерінде үлкен гуманистік көзқарас пен әділдік жатқанын байқар еді.
05.01.2012
Қалдархан ҚАМБАР