Степногорскіде полицейлер көпқабатты үйдің балконында тұрған қызды құтқарып қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға түсірілген видеоны редакцияға куәгер жіберген. Кадрларда қыздың қауіпті жағдайда тұрғаны көрінеді. Абырой болғанда, полиция қызметкерлері оқиға орнына дер кезінде жетіп, қайғылы жағдайдың алдын алды.
Ақмола облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға бүгін таңертең болған. Патрульдік полиция экипажына шақырту шамамен сағат 06:45-те түскен.
Тұрғындар полицияға ықтимал жанжал туралы және алтыншы қабаттағы балконда тұрған қыз жөнінде хабарлаған. Оқиға орнына патрульдік полицейлер мен кезекші учаскелік полиция инспекторы барған.
Қыздың өміріне қауіп төніп тұрғанын байқаған қызметкерлер шұғыл әрекет еткен. Полицейлердің жедел қимылының арқасында қыз аман қалды.
Кейін ол медицина қызметкерлеріне тапсырылды. Қазіргі уақытта оған қажетті көмек көрсетіліп жатыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, қыздың мұндай әрекетке баруына жігітімен болған жанжал себеп болуы мүмкін.