ТӘУЕЛСІЗДІК! НЕТКЕН ТӘТТI СӨЗ ЕДIҢ...

ТӘУЕЛСІЗДІК! НЕТКЕН ТӘТТI СӨЗ ЕДIҢ...

ТӘУЕЛСІЗДІК! НЕТКЕН ТӘТТI СӨЗ ЕДIҢ...
ашық дереккөзі

Жарылқасын БОРАНБАЙ

… Менің көптеген замандастарым, өкі­нішке қарай, тағдырдың тартуымен Тәуелсіздік таңдарын өз көзімен көргені теңдесі жоқ бақыт екенін біле бермейді.Тіпті оның енді ешқашан қайталанбайтын сәт екеніне де көңіл тоқтатпайды, әкелеріміздің,аталарымыздың,бабаларымыздың,тіпті одан да әрілердің сақалынан жас саулай жүріп: «Әй, осыдан бір құтылар заман болар ма екен?!» деп армандағанын еске алғысы да келмейді.Олардың ойынша,бұл тәуелсіздік дегеніңіз уақыттың жайымен жыл мезгіліндей ауысуындай, күні ертең бір болатын заңдылықтай көреді.

Есімнен кетпейді,бір тазалық сүйгіш ерке келін, торда отырған тотықұсты өз қолымен ұшырып жібергені бар-тын. Құстың өлігін ертесіне терезенің тұсынан тауып алдық. Сөйтсек тордан басқа жерде өмір сүре алмайтын боп шыққаны…Біз болсақ,оған «тәуелсіздік таңын атырып» зиян жасаппыз.Кей-кейде біреулердің өткенді аңсай беретін сөздерін естігенде,әлгі тотықұс көз алдыма келе беретіні жасырын емес.

Алты жасар баламын. Қарт Қаратаудың қойнауына орналасқан алақандай ауылдамын. Әжептәуір есімді біліп қалған кезім. «Сталин өлді» деген хабар келді жауындатқан бір күні.Жұрт біртүрлі шошынғандай түр көрсетті.Әйтсе де еңіреп жылаған ешкімді көргенім жоқ.Соның алдында ғана ойнап жүргенде мектептен қайтып келе жатқан көршінің менен көп болса екі-үш жас үлкен баласының жерге қоя салған шүберек сөмкесіне байқамай отыра кеткенімде: «Әй,сен не істеп отырсың.Оның ішінде кітап салынған. Онда Сталин көсемнің суреті бар. Сен соның үстіне отырдың, енді жоғарыға жазып тұқымыңды тұздай құртамын!» деп әбден қорқытқаны бар еді. Бәлкім содан да болар,әлгі «көсем қайтпас сапарға аттанды» деген хабарға тәп-тәуір қуанғаным есімде…

Баяғыда өткен шалдар көп патшаны көрдім деп отырушы еді. «Көрдім» дегені, сол патшалардың заманында өмір сүрдім дегені ғой… Байқасам,мен де біразын бастан өткеріппін – Сталин, Маленьков, Хрущев, Брежнев, Андропов, Черненко, Горбачев, Ельцин, Путин, Медведев… боп кете береді.

Сұмдығы сол, Сталиннің тұсында «тәуел­­сіз­дік» десең болды атылатын едің. Малень­ков, Хрущев,Брежнев,Андропов, Гор­бачев­тардың тұсында тілге тиек етсең «жын­ды­ха­наға» өткізіп жіберетін…

Бәлкім тағдырдың жазуы солай болар, қайда «көтеріліс» болса, мен сонда жүретін жағдаятым бар.1967 жылы жаздағы Шымкент шопыр­ла­рының шырғалаңын бастан кешірдім.Сыз­ды­қов Сыпабек дейтін сыныптас жолдасым, сол көтерлісті ұйымдастырды деген айыппен «атылу жазасына» кесіліп кете барды. Кейіннен «Кремльдің» араласуымен аман қалды.

1986 жылы Алматыдағы ұлы Желтоқсан көтерілісін де көзбен көруге,көкірек күпсіп, қай-қайдағы ойға берілуге тура келді.

Ерейментауда ереуілдеп, немістерге автономия бермейміз деп атқа қонғандардың жұртында болып,солардың рухынан нәр алдым.

Шығыс Қазақстанды бөліп аламыз деген казактарға қарсы ұмтылған маңға барып,халқымның қаһарлы күш-қуатына тәнті болдым.

Тағдырдың тартуы болар , Созақта жиырма жылдай тұрып,атақты «Созақ көтерлісінің» тарихын қалпына келтірген уақытты бастан кешірдім.

Түсінгенім,қазақтың қайтпас,қайсар жаратылысқа жататыны болды.

1989 жылы сәуір айында Көкшетау қаласында болдым. Жанымда «Алжир» фильмін түсірген бір азамат бар еді. Облыстық Білім басқармасынан шығып,үлкен алаңның күнгей бетіне орналасқан қонақүйге келе жаттық. Күн кешкіріп қалған кез еді. Кенет бізді еңгезердей бір орыстың азаматы тоқтатты. «Неге басасыңдар!» дейді қара жерді саусағымен нұсқап.

Әуелгіде әлгінің не айтып тұрғанын түсіне алмай қалыппын.Есімді жинап, көз тоқтатып қарасам, біз Көкшетау қаласының орталық алаңына орнатылған Ұлы Ленин бабамыздың ескерткішінің аумағына төселген мәрмәр тас­ты басып кеткен екенбіз.

Балалық шақта бір нәрсеге бүйірімнің бұрып тұратыны болушы еді, о,тоба, сол пәлекет қанымды қыздырмасы бар ма?

– Жайшылық па? –дедім әлгіге бір табан жақындай түсіп.

– Неге басасыңдар?

– Бұл кім?!

– Ленин…

– Естімеппін…бәлкім,туысқаның болар…

Осы сөзден кейін әлгі еңгезердей азамат есінен адасып қалған болу керек, «Ой, надандар-ай,осылармен сөйлесіп тұрған мен де ақымақ!» дегендей рай берді.Енді одан мен қалар емеспін.Ескерткішті айнала қарап: «Жақсы көке екен!» – деп қоямын. «Мәскеуге алып кетпейсің бе?» – деймін түк болмағандай. «Қазақстанда ,байғұс қор болады ғой…»

Кейіннен бұл оқиғаны сол елдің бір азаматына айтқанымда: «Апырмай,қалай аман қалғансыз? Сірә, Сіз сырттың адамы екеніңізді білген ғой,болмаса…» деп басын шайқай берді.

Мәскеуге, Бүкілодақтық жас мұғалімдердің жи­ынына барып қалдым. Мәжіліс залына ВЛКСМ Орталық Комитетінің кең коридорымен өте бергенімде, бір кабинеттің тұсына «Бұл жерде Ғани Мұратбаев жұмыс істеді» деген мәрмар тақтаны көрдім. Аз-кем таңырқап, кабинетке кіріп, Ғани ағамыз туралы сұрастырып,жатқан жерін білдім. Ертесіне бір күнімді қиып,такси ұстап, «Ваганьков» деп аталатын қалалық қорымға бардым. Екі-үш сағаттай сандалып жүріп, ақыры батыс жағындағы бір мүйістен әзер таптым.Басына Қазақстан комсомолы қойған, бейнесін ақ мәрмәр тастың жақтауынан ойып шығарған ескерткіші бар екен. Табанына қара гранит тас төселіпті.

Қоңыр күз.Сарғайған жапырақтар шашылып жатыр.Басқа діндегілердің ортасында жалғыз бауырымыз қалып қойыпты.Жүрегің езіліп ауырады екен…

Қайтар жолда Сергей Есениннің басына аз-кем тәуап еттім. Басы қыз-қырқыннан,гүл шоғынан бір сәт арылмайтындығын бай­қа­дым…

Кеңес үкіметіне жан-тәнімен қызмет еткен, Оңтүстік Қазақстан облысы Қаратас ауданында 1937 жылы 1-хатшы боп тұрғанда «халық жауы» ретінде ұсталып,соңынан 25 жыл Магаданда отырып келген Қилыбай Көсеубаев дейтін көкеміз шақыртыпты деген соң,барып, сәлем беруге тура келгені.

Қария мал сойдыртып,үлкен дастархан жа­сап қойыпты. «Немеремнің оқуға түсуіне жәр­дем беріпсің, рахмет!» деді шал менің аз-кем таңырқап қалғанымды байқап.

Ас ішіп болған соң, ептеп сұрақ қоюға тура келгені…

– Көке,атылмай қалай аман қалдыңыз?

– Михайл Васильевич Фрунзе басмашыларды басуға Орта Азияға келгенде жанында болдым.Содан алған «Алғыс хатым» бар еді,сол пайдасын тигізді.

– Қай жерге қамады?

– Шымкентте «Көл» аймағында, жер асты түрме бар.Сонда отырдым.Үстіме не кисем де терден шіріп түсіп қалатын. «Халық жауы» екеніңді мойында, «қағазға қол қой» деп күнде бір тісімді суыратын. «Суық карцерге» салды, онысы отырған жеріңді мұзбен бастырып тастайды, «ыстық карцерге» салды,ол кезде әлгінің үстіне от жағады. Болса да ұйықтатпайды, денеңе мұздай суды тамшылатады, «сұрау алудың» «конвейр» дейтін тәсілі болады, ол тергеушілер белгілі уақытта өзара ауысып, сенен сұрақ-жауап ала береді. Ақыры 25 жылға соттады, «таза» отырып шықтым.Тек өтімнің сыртқы қабығы үсіп, денеме жайы­лып кете беретін болды. Ауруханадан кеше шықтым…

– Түрмеде есте қалатын оқиға болды ма?

– Магаданнан бір барактан Сәкен Сейфуллиннің өлеңін оқыдым.Пәленбай тұт­қын жуынатын жерге,қабырғаға сабынның көпіршігі шашырап,бір елідей боп қатқан.Соған үшкір нәрсемен: «Уә,Тағдыр,саған не жаздық?!» дейтін мазмұндағы жыр екен.Айтушылар,өзі осында болған,этаппен басқа жаққа жіберілген десті.Ал біз бей­ша­ра­лар, әлгіні жуынып жатып оқимыз да, ел-сел боп жылай береміз. Сұмдығы сол,ептеп жеңілдеп қаламыз…

…Екі-үш күн өтпей-ақ әлгі қарттың жана­за­сына қатыстым.

Ақиық ақын Төлеген Айбергеновтің Әсілхан Оспанұлы дейтін азаматқа 11 август, 1962 жылы арнайы жазылған:

Сен неткен қасиетті едің құрмет деген,

Адамның қастерлі атын құрметтеген.

Айтуға сол сырыңды тіл жетпеген,

Адамдар бірін-бірі құрмет тұтып,

Мәселе өз қадірін білмекте екен…

деп төгілетін «Құрмет» дейтін өлеңі бар (Төлеген Айбергенов. «Бір тойым бар».Алматы, «Жазушы»баспасы .1989 жыл.290-бет) Осы Төкең қатты құрметтеген ағамыз маған институтта 1968-1972 жылдар аралығында куратор болды. Жарықтық, «қайтпас,қайсар комиссар» дейтіндей жаратылыс еді.

1981 жылы Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуының 250 жылдығы тойланатын болды.

Мерекеге жақындап қалғанда,момақан бейнелі,бірақ сұсты азамат өзіне шақыртып алып: «Ана кісі Сізбен жақсы сыйласады екен.Кураторыңыз болыпты.Сол ағамызды қашан той өткенше сабырлы болуға шақыра аласыз ба,болмаса үстінен пәленбай «донос» түсіп жатыр,әрине қамай алмаспыз,дегенмен мұғалімдіктен шығарып жібереміз.Сіз мүмкін болса, бір ауыз сөйлесіп беріңіз», –деп өтінді.

Ағамызға барсам,айғайлап өзіме ұрса бас­тады: «Ай, ақымақ, сен қасиетті Түркістанда зеңбірекпен атқылағанын білмеуші ме едің,Әулиеатаны қиратқаны анау. Қай жерде біз Ресейге өз еркімізбен қосылып едік,ә?! Онда ана Исатай-Махамбет, Сырым Датов,кешегі Кенесары не үшін атқа қонды…Біз сені өткен тарихты оқытқанда мақау етіп шығарғанбыз ба?!»

Уағында Кеңес үкіметінің нанын же­ген, тарих ғылымына мол тағылым қалдырған, сөйте жүріп сол құрылымның саясатына ашықтан-ашық қарсы шыққан жұмыр басты пендені қайтып көрмедім.

Жақында орталықтан шығатын бір газетте Кеңес үкіметі ыдырар кезеңде Министрлер Кеңесінің төрағасы болған Тимур Гайдар сұхбат берді.

– Одақтың тарайтынын қай кездері сезіндіңіз?-деген сұраққа ол: «Европа елдерінің біріне бара жатып, бір кесе шай іше салайын деп Кремль асханасына кіргенімде, бір салым құмшекер болмай шыққанында, жүрегім су ете қалып еді, – деп жауап беріпті.

1983 жылдары жаз уағында сол кез­дегі Оңтүстік Қазақстан облысы, Келес ауданындағы бір лагерьге балаларды алып бардым. Демалыс орны бір әскери совхоздың жерінде орналасқан екен. Бір сов­­­хоз тұтас әскерилерге азық-түлік даярлайтын болып шықты.Балалар арәдік жерге төгіліп жатқан жемістерді жинасуға барып жүрді.Сондай бір жұмыс сәтінде совхоздың директоры жас жігітпен таныстым.Іскерлігі,білімдарлығы бірден байқалды. Екі-үш рет жолыққаннан кейін: «Бір күнге менімен бірге болуға уақытыңыз бола ма?» –деп өтінді. Ертесіне жатқан жерімнен су жаңа машинасына отырғызып, бір белгісіз бағытпен тарта жөнелді. Ақыр соңында келіп тоқтаған тұсымыз жан адамның аяғы баспаған жер,бұлақтың басы боп шықты.Қорапқа салынған заттарды түсіріп болған соң,күн қарая біздерді алып кетерсің деп тапсырды.Сөйтсек біздер осында демалуға келіппіз.

– Шаршадым, – деді әлгі директор мән-жайды түсіндіріп. – Өмірдің бәрі өтірік. Не істеп,не қойып жатқанымызды білмейміз.Қып-қызыл қағаз.Жиналыс. Сүрлігу.Әлдекімге құлдық ұру.Соның құлқынын тойдыру.Бітпейтін тапсырма…

– Сені іздемей ме?

– Қайтейін іздесе…Өлетін болдым. Бір күнге дүние тоқтап қалмас.Жұрт бірдемесін жасар…Курортқа да барып көрдім…Қайта шаршап,шалдығып қайтасың.Қонаққа барсаң,пәлеге қалдым дей бер… артыңнан сөз ереді… Сөйтіп өзіңіздей әңгіме айта алатын адам таба алсам, осы маңға келемін.Кәне,ана шөлмекке қол жалғап жіберіңіз…

Мен сол оқиғадан бастап айналада не боп жатқанын байыптап қарай бастадым.Әй, осы тіршілік мәңгілік емес-ау деп ойланатын болдым…

Оңтүстік өлкесінде әуелі сот бол­ған, кейіннен соны өз еркімен тастап, «Түркістан» атты роман жазып,қаламгер атанған Жұмабек Еділбаев дейтін ағамыз болды.Бір күні облыстық Білім басқармасында отырып, кабинетке кіріп шыққан бір азаматты: «Мынау кім?» – деп сұрап қалды.– Тәшеновтің баласы Болат қой…

– Жұмекеңнің бе?

– Иә…

Жұмабек Еділбаев осыдан кейін аз-кем ойланып қалды.Басын шайқады. Жөткірінді.

– Бізде қазір арамызда аман-сау жүрген,үкіметтің темір ноқтасына басы сыймай­тын бірнеше асыл азаматтарымыз бар. Бірі–батыр Бауыржан.Әнеугүні бәріміз бірге болдық қой.Екіншісі – Жұмабек Тәшенов.Жаңағы баланың әкесі.

Жұмекеңнің Никита Сергеевич Хрущевқа қарсы шыққанын жұрттың бәрі біледі.Бұндай қайсарлықты Кеңестер Одағының бір де бір адамы жасаған емес. «Мен көзім тірісінде қазақтың жерінің бір пұшпағын бере алмаймын!» деу екінің бірінің қолынан келмейтін іс.Оны жұрт талап жесін деп осында жер аударып жіберді.Бірақ Жұмекең жай адам емес.Күні кеше облыстық үлкен жиналыста 1-хатшыны қалай мүдірткенін естідің бе?!

– Жоқ…

– Анау баяндама жасап тұрып, «Лениннің пәленінші томының,пәленінші бетінен…» деп бір цитата оқып тастап еді…

– Кешіріңіз, – деді Жұмабек Тәшенов залдан дауысын зорайта шығарып. – Енді Сіз Ленинмен ойнай бастадыңыз ба?! Ол сөз басқа томда,пәленінші бетте және ол толық былай деп айтылады.Сізге аппарат басшыңыз дайындап әкелген дүниелікке жақсылап назар салуға,ең болмаса ұлы көсемнің сөзін дұрыс қолдануға болады ғой… – деді және де орнынан тұрып,жиналысты тастап шықты да кетті…Содан әлгі жиналыстан соң үйге жеделдете оралып, Лениннің томдарын қарап жіберсем, ой, тоба-ай, дәл Жұмекеңнің айтқанындай. Сонда ғана мен біреулердің Жұмабек Тәшенов Лениннің 55-томын жатқа оқиды дегенін естіп едім,соның рас екеніне біржолата көзім жеткені.Бұл ақыл-ойдың асқар шыңы, гигант қой…Бұндайлар біреуге бой беруші ме еді?!

– Біз әзірге арамызда аман-сау жүрген бұндай асыл азаматтардың қадірін қашан білеміз,бағалаймыз,ә?», – деді Жұмабек Еділбаев ауыр күрсініп…

08.12.2011