ЕСКI ШАҺАРДЫҢ ЖАҢА ӨМIРI
ЕСКI ШАҺАРДЫҢ ЖАҢА ӨМIРI
Кезiнде исi қазақтың астанасы болған ескi шаһар – Қызылорда бүгiнде экономикалық әлеуметтiк, мәдени даму үстiнде.
Сыр бойын жағалай орналасқан қандастардың әлеуметтiк және мәдени орталығы, кейiнiрек Қазақстанның астанасы болған Қызылорда қаласында бүгiнде 200,9 мыңға жуық халық бар. "Елу жылда – ел жаңа" демекшi, талай теперiштi, талай тарихи кезеңдi бастан кешiрген ескi шаһардың бүгiнгi жағдайы жақсы. Келешегi – жарқын. Экономикалық, әлеуметтiк, мәдени өсу қарқынды жүруде. Оны қала әкiмдiгiндегiлер Қызылорданың қалалық бюджетiн салыстыру арқылы дәлелдеуге болады дейдi. Мысалы 2005 жылы қала бюджетi 2 млрд. 635,7 теңгемен шектелсе, 2006 жылы – 3 млрд. 411,3 теңге болған. Ал Қызылорда облысы әкiмi Болатбек Қуандықовтың қамқорлығының арқасында қала бюджетi 2011 жылдың алғашқы жарты жылдығында 23 млрд. теңгеге жетiптi.
Қазiргi кезде бүкiл қала бойынша "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамыту" бағдарламасы шеңберiнде ҚР үкiметiнiң шұғыл шығындарға арналған қорынан кондоминиум нысандарының ортақ мүлкiне күрделi жөндеу жұмыстарын жүргiзу мақсатында 395,0 млн. теңге қаражат бөлiнiп, жөндеу жүргiзуi тиiс 18 көппәтерлi тұрғын үйлерге ағымдағы жөндеу жұмыстары басталған. Негiзi бүгiнде қаладағы 642 көпқабатты үйдi 65-70 пайызы күрделi жөндеу жұмыстарына мұқтаж. Ал оларды жөндеу екi жолмен iске асырылуда: бiрiншiсi, республикалық бюджеттен "Қызылорда" Әлеумттiк Кәсiпкерлiк Қорпорация" АҚ қаржыландыруға 120 млн. теңге қарастырылып, 6 көпқабатты үйдi жөндеу ендiгi басталып та кеткен. Екiншiсi, республикалық бюджеттен "Тұрғын үй қызметi" мемлекеттiк коммуналдық кәсiпорынның жарғылық қорын ұлғайтуға 275 млн. теңге бөлiнiп, арнайы жасалған тiзiмдегi 12 көпқабатты үйге жөндеу жүргiзуге тұрғындардың келiсiмi алынған.
Қызылорда қаласының әкiмдiгi қоршаған ортаны қорғауға, туған аймақты көгалдандыруға да баса назар аударады. Осы мақсатта арнайы жүргiзiлген санақ барысында шаһардағы негiзгi көшелерде 36 820 түп тал бар екендiгi анықталған. Көз қуандыратын көктi зиянкес жәндiктерден қорғау үшiн бюджеттен 6 млн. теңге бөлiнiп, қазiр ағаштар мен саябақтарды залалсыздандыру жұмыстары қолға алынған. Биыл 37 мың шақырымға гүлзарлар мен көгалдар егу жоспарланып отыр. Ауызсу мәселесiнде де шешiмiн табуы тиiс бiрқатар мәселе бар. Солардың бiрi, 30 жылдан берi жөндеу жұмыстары жүргiзiлмеген "Белкөл" кентiнiң ауызсу және кәрiз жүйелерiн жөндеуге республикалық бюджеттен 301, 396 млн. теңге қарастырылған. Ал қаланың сәулеттiк келбетiн көркейтуде және адамдардың жеке бас қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуде орталық көшелерге қоршаулар орнатылып, оған 100 млн. теңге жұмсалған. Өкiнiшке қарай, кейде адамдардың тиiмдi әрi пайдалы демалуларына жағдай жасайтын гүлзар бақтары мен көгалдар қараусыз кеткен малдан зиян шегетiн көрiнедi. Осы орайда, "Көркейту" мемлекеттiк коммуналдық кәсiпорнына қалалық әкiмдiк тарапынан орталықтардағы бақтарда жайылатын төрт түлiктi арнайы алаңдарға қамау тапсырылған. Қазiр қораларда 30-дан астам мал қамаулы тұр. Оларды алу үшiн иелерi әр сағатқа ұсақ мал үшiн – 250 теңге, ал iрi қараға 300 теңге көлемiнде айыппұл төлеуге мiндеттi.
Кезiнде Қазақстанның астанасы болған, iргетасы мен тарихы тым әрiде жатқан Қызылорда қаласы қазiр мәдени шаралардан да кенде емес. Ел тәуелсiздiгiнiң 20 жылдық мерейтойына арналған мерекелiк шаралар шымылдығы Наурыз тойымен ашылғаны белгiлi. Бiрнеше күнге созылған мәдени шараларда қала аумағындағы кәсiпорындар, ұйымдар мен мұнай компаниялары сбас-аяғы 42 киiз үй тiгiп, Қазақстанға танымал эстрада жұлдыздарының қатысуымен апта сайынғы iс-шаралар ұйымдастырылған. Одан басқа 50-ден астам қоғамдық, мәдени, спорттық бағыттағы шаралар жүзеге асырылды. Спорт демекшi, қырандары халықаралық сайыстарда бақ сынасып, талай жүлделi орындарды қанжығаға байлаған, исi қазақтың мәртебесiн өсiрiп, төбелерiн көкке бiр-ақ елi жеткiзбеген Сыр бойы өңiрi талантты спортшыларға кенде емес. Сайыстарда мерейi үстем болуы тума талантпен бiрге баққа және бапқа тiкелей қатысты болары анық. Осы орайда, Қызылорда қаласында бұқаралық спортты дамыту мақсатында спорт қалашықтарын көптеп тұрғызуға көңiл бөлiнуде. Мысалы шаһардың батыс бөлiгiндегi спорт қалашығында "Еуразия" спорт кешенi, Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадион, жабық теннис орталығы, теннистiк корт кешенi, көгалдағы хоккей алаңы, мұз айдыны кешенi, ұлттық спорт ойындарының орталығы т.б. жалпы саны 12 нысан бар.
Iшкi сұранысқа сәйкес, орасан зор құрылыс алаңына айналған Қызылордада Қазақ елiнiң 20 жылдық мерейтойының құрметiне орай, жалпы құны 30 млрд. 579 млн. 500 мың теңгенi құрайтын өте iрi көлемдегi 40 жоба құрылысы салынып жатыр. Ал тұрғын үй саясатын жүзеге асыруда, үстiмiздегi жылы 6 ипотекалық (180 пәтер), 5 жалға берiлетiн (150 пәтер) құрылысы қарқынды жүруде. Аталған нысандарды жыл соңына дейiн пайдалануға беру көзделiп отыр. Демек уақыт өткен сайын экономикалық әлеуметтiк, мәдени даму үстiндегi ескi астананың айбыны асқақтай берерi сөзсiз.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ