ӨЛМЕЙТIН ӨМIР ӨЛЕҢ БОП...
ӨЛМЕЙТIН ӨМIР ӨЛЕҢ БОП...
Ақын өмiрден өттi. Аз жасады деп Аллаға күпiрлiк жасамайық, көп жасады деп күпiрлiк етпейiк.
Базекең жетпiсiмдi тойлаймын деген арманның жетегiнде желiп жүрушi едi. Тағдыр қош көрмеген шығар. Құдай өзi бердi, өзi алды. Көнбеске амал қайсы. Әйтсе де, жалған екен көргенiм, арман екен көрмегiм дейтiн пендешiлiк ойға бой алдыратынымыз рас. Базекең аруағы "осы жұрт менi қалай естерiне алып жатыр екен?" – деп елеңдей тосып, елегзи кезiп жүрген де болар. Жыр қадiрiн түсiнетiн парасатты оқырман қауымға Базекеңнiң бiрнеше өлең-жырларын ұсынуды жөн көрiп отырмыз.
Жанталасып жүргендер тойдырмаққа қарынды
Өлеңiңдi не қылсын, тыңдап қайтсiн зарыңды?!
Аңғалым-ай аңқылдап, сен барыңды шашасың,
Ұшырасқан баршаға құшағыңды ашасың.
Бағасы бар тұздың да, бағасы бар балдың да,
Жыр қадiрiн түсiнер қауым бар деп қалдың ба?!
Жаңа қауым обырлау:
Ақша керек, сый керек,
Алыс пенен жақынды таңырқатар күй керек.
Бас қатырып қайтедi қулық қуған өңкей қу
Өлең парқын ұғуға парасатты ми керек.
Бұзылса сөздiң жүйесi,
Күй кешер күйiп иесi
Тiлiңдi тiлге тигiзбе,
Ұруы мүмкiн киесi!
Еркелеп еркiн елiмде,
Кемедей жүздiң көлiмде.
Алшаңдап жүрсiң патшадай,
Байлығы бiтпес белiмде.
Барар жер, басар тауың бар,
Сұрасаң – алар сауын бар.
Құдайдай сыйлар өзiңдi
Қазақи бiздiң қауым бар.
Байлығын, бағын қиятын
Мұқымға бiрдей миятым.
Қазақтың тiлiн қадiрле
Қарағым, болса ұятың.
Бұлданба, тiптi бұлқынба,
Қарайлай берме құлқыңа.
Өзгенi сыйлар өзiндей
Келтiрме ұят ұлтыма!
Бұзылса сөздiң жүйесi
Күй кешер күйiп иесi.
Тiлiңдi тiлге тигiзбе,
Ұруы мүмкiн киесi.
Тiлдiң қамын, елдiң қамын жеп жүрмiз,
Тiлге құрмет елге құрмет деп жүрмiз.
Жауды жеңген жайымыз жоқ әзiрше,
Тiл жайында дауды жеңiп кеп жүрмiз.
Тiл – туымыз, тiл – намыс пен арымыз,
Ұлт мандаты, маңдайдағы бәрiмiз.
Тiлге мадақ – елге мадақ қашанда,
Басылар ма тiл туралы зарымыз?!
Арманның терезелерiн
Айқара ашып тастадым.
Жұлдыздар бастап өнерiн
Ән салды айлы аспаным!
Тербелiп тәттi үмiтпен,
Самғадым сырлы көкте мен.
Көкпарды қашсам iлiп мен,
Қуған мың күлiк жетпеген.
Жүйрiк ой ұшқан құсты алған,
Арманым әппақ сықылды ай.
Ұзамай бәрi ұсталған
Қашқан мың күлiк құтылмай.
Қанатын қаққан қас қағым,
Тулатып қанды тасытқан.
Ойлауды қамын басқаның
Үйренген аңғал ғашықтан.
Бас иiп бұла бұрымға,
Мың қызға шақтым мұңымды.
Ақ көңiл менiң жырым да,
Жаяды көпке шынымды!
Қас-қағым сәтте… қас-қағым
Жан-теңiз шайқап кемерiн…
Қараңдар! Ашып тастадым,
Қиялдың терезелерiн.
Жүрегiне жүрек сырын құр екпес…
Ел мен жердiң туын биiк ұстаған,
Астана мен ақын мәңгi жүректес!
Дос деп айтам арасынан қыл өтпес,
Кеудесiнен шыққан талай түлеп көш…
Ел мен жердiң биiктеткен аспанын
Астана мен ақын мәңгi тiлектес!
Тақымдасаң, ақын жанын тақымда,
Миын оның ашытқан жат, жақын да…
Астананың өзi емес, дөкейлер
Баспананы қимай жүрген ақынға!
Ақын қаңғып iздеп жүрсе баспана,
Ондай қастық жасай алмақ қас қана…
Дөкейлердiң бiр iлiкпей көзiне,
Ақын жанын қайдан ұқсын Астана?
Жанарымнан бұршақ-бұршақ жас тама,
Өлең еттiм айтпас сырды басқаға
Үйсiз жүрсем, мен-ақ үйсiз жүрейiн
Үйсiз, күйсiз бола көрме, Астана!
Рауан нұр шаша берсiн таңдарың
Жасампаздық жасай берсiн жандарың.
Ел жүрегi – Астананы Елжiреп,
Нақ өзiмдей сүйсiн балапандарым!
Жан едiм мен аспаған да, таспаған,
Қиындықтан ықпаған да, қашпаған.
Құр қарынға үй беретiн, Астанам,
Жыр қарынға қайда берер баспанаң?!
Өмiр-күрес, күрестiм бәрiмен де
Берiмен де, ту сонау әрiмен де…
Тәттi болып көрiнген терең қумен
Зар қақсатар заманды зәрiмен де…
Шаш ағартар алапат шуымен де,
Кеуде керер табыстың буымен де…
Балымен де күрестiм бас ауыртар,
Уыттанып күрестiм уымен де…
Ойға батып атырдым дала таңын,
Ойға батып атырдым қала таңын…
Ойсыздықпен күрестiм оңашада,
Ойылғанша ақылым – алақаным.
Өмiр шiркiн күреспен өтер ме екен…
Күрессiз күн күлiмдеп жетер ме екен?!
Күресудей күресiп жүрмiн, дәйiм,
Күрескенiм, кiм бiлсiн, бекер ме екен?!
Жалғыз жабығып, мұңға батқанда,
Арайын шашып, таң күлiп атқанда,
Күмiс сәулесi жердi жапқанда,
Мен сенi ойладым.
Жасыл желектi көктем жеткенде
Сырлы ғашықтар жырлап өткенде,
Күдiк кеуденi кернеп кеткенде
Самал-сағынышын беттен өпкенде,
Мен сенi ойладым.
Жанды сиқырлап, жазым жырласа,
Тәттi шақ маған мойын бұрмаса,
Ақ мейiрiмдi уақыт ұрласа,
Сенiм салтанат-сәнiн құрмаса,
Мен сенi ойладым.
Кенет қиялда бұршақ жауғанда,
Үмiт аңсары саған ауғанда,
Бұлтсыз жадымды бұлттар сауғанда,
Iздеп даладан, iздеп таудан да
Мен сенi ойладым.
Алтын датымды жылтыр жез деме,
Сұлу қыздарды iлмей көзге де,
Сеңдi бұзғанда сәттi сөз-кеме.
Ойға ешкiмдi алмас кезде де,
Мен сенi ойладым.
Ұйытқан жұртты сөзi – алдау,
Ысқырса, тауды тесердей,
Қорқақтар өткен қоқаңдап.
Күржисе, дүние көшердей,
Шорқақтар өткен шошаңдап.
Шығара алмай ер атын,
Шерменде болған жан қанша?!
Тiлiмен орақ оратын,
Жан қанша құмар қанғанша?!
Достасып алып момынмен
Қасқырша қойды қырған көп.
Жүрген боп ата дәстүрмен,
Дәстүрдi таптап тұрған көп…
Жарнама жасап, жалақтап,
Ұйытқан жұртты сөзi– алдау.
Жандайшап, шаппа далақтап,
Көсемсу деген – көз алдау!
Қиқулап ұшқан құс-жылдар,
Қайырылмай кеттi артына.
Жартастай берiк ұстындар,
Шыдамай сынды нарқыңа.
Заман-ай, заман дегiзген
Заманның зары бiтер ме?!
Ертеңiм уайым жегiзген
Той болып алдан күтер ме?!
Жылдарым, ұшқыр жылдарым,
Қусам да ендi жете алман.
Шаттығым, мұңым, сырларым,
Айналып одан өте алман.
Қиқулап ұшқан құс-жылдар,
Қайырылмай кеткен артына.
Кеудемнен қалай ұштыңдар,
Қаратпай шама-шарқыма?!
Құс-жылдар уәде бермедi,
Қайырылып қайта келем деп…
Қанатын шабыт сермедi,
Өлмейтiн өмiр өлең боп!