Күнi бiткен «көпмәдениеттiлiк»

Күнi бiткен «көпмәдениеттiлiк»

Күнi бiткен «көпмәдениеттiлiк»
ашық дереккөзі
431

Адам баласының бiрi шыр етiп дүниеге келгесiн ерте есейiп, ерте ақылы кiредi де, ендi бiреулерiнiң есi кiрiп, ақылы толысып, ержетуi ұзаққа созылады. Яғни кеш ержетедi. Қарап отырсаңыз, тұтас бiр ұлт та, сол ұлт құрап отырған мемлекет те солай. Ресейдiң қоластында бiртұтас "совет халқы" болып отырған ұлттар осыдан 20 жыл бұрын әрқайсысы өз алдына отау тiгiп, шаңырақ көтерiп алысымен-ақ, ең әуелi өздерiнiң ұлттық мәдениетiн қалпына келтiрудi бiрден қолға алып, бүгiнде көпшiлiгi ұлттық мемлекет құрып болды.

Адам баласының бiрi шыр етiп дүниеге келгесiн ерте есейiп, ерте ақылы кiредi де, ендi бiреулерiнiң есi кiрiп, ақылы толысып, ержетуi ұзаққа созылады. Яғни кеш ержетедi. Қарап отырсаңыз, тұтас бiр ұлт та, сол ұлт құрап отырған мемлекет те солай. Ресейдiң қоластында бiртұтас "совет халқы" болып отырған ұлттар осыдан 20 жыл бұрын әрқайсысы өз алдына отау тiгiп, шаңырақ көтерiп алысымен-ақ, ең әуелi өздерiнiң ұлттық мәдениетiн қалпына келтiрудi бiрден қолға алып, бүгiнде көпшiлiгi ұлттық мемлекет құрып болды.

Олар өздерiнiң бүгiнгi ұрпағын ең алдымен ұлттық киiмiнен, тiптi ұлттық тағамынан бастап тек ұлттық мәдениетiн төбесiне көтерiп ұстауға үйретiп, соған тәрбиелейдi. Мысалы сонау Балтық жағалауы елдерiнен бастап үйiмiздiң iргесiндегi Өзбекстан, Әзiрбайжан, Түркiменстан, Тәжiкстанда бұл тәрбие балабақшалардан басталып, мектептерде, одан әрi жоғары оқу орындарында, кейiн әрбiр жұмыс орындарында жалғастырылады. Олардың ең бiр ұтқан жерi теледидарды, яғни телеарналарды түгел өз тiлiне көшiруден бастап, осы құдiреттi құрал арқылы жұмыс iстеуi болды. Ол елдерде шет ел, өзге жұрттың, өзге ұлттың өнерi мен мәдениетi насихатталмайды десе де болады. Бұл, олар өзге елдерде театр, кино, музыка саласы бойынша өткiзiлiп жатқан халықаралық байқау-жарыстарға, фестивальдерге қатыспайды деген сөз емес. Қатысқанда солар қатыссын. Бiрақ олар мұндай iрi-iрi iс-шараларға көбiне-көп өздерiнiң ұлттық мәдени, өнер туындыларымен барады. Соған қарап отырып-ақ, әлгi айтқанымыздай осы ұлттар бiзге қарағанда тым ерте есейiп, ерте ержетiп кеткен сияқты-ау деген бiр ойға кетедi екенсiң. Бұл орайда Қазақ Елi "асықпаған арбамен қоян аладыны" ұстанып, аса сақтықпен жылжып келе жатқаны құпия емес. Ал бiрнеше ғасыр Ресей езгiсiнде болып, өзiнiң ұлттық рухани құндылықтарынан айрылып қалған қазақ үшiн Қазақстанда осы күнгi 130-дан астам ұлттың мәдениетiн түгел көркейтемiз деу ойлы адамның сөзi емес сияқты. Осының бәрi, яғни Қазақ Елiндегi көпмәдениеттiлiк саясаты онсыз да өткен 70 жылдан астам уақытта ұлттық кескiн-келбетiнен, бет-бейнесiнен мүлдем айрылудың аз-ақ алдында қалған қазақты онан сайын адам танымастай етiп өзгерту болып шықпақшы. Ал әлемдiк алпауыт елдердiң өздерi де бүгiнде тек өз ұлттық бейнесi бар мемлекет жасау үшiн жанталасуда.

Ендi Францияда тек француз, Англияда тек ағылшын, Германияда немiс мәдениетiнен басқасына "нүкте қойылуда". Әуел баста әлгi көпмәдениеттiлiк, мультимәдениет деген идеяны көтергендердiң өзi осы батыс елдерiнiң фәлсафашылары мен мәдениеттанушылары (культурологтар) едi. Бұған бiздiң "общечеловеческие ценности" мен "планетарный масштабта" ойлайтын өркениеттiлер ендi не дейтiнiн қайдам, бiрақ батыс Еуропа елдерi осындай "мiнез көрсете" бастағаны рас. Жақында Франция президентi Николя Саркози Францияда мультимәдениет саясаты дегеннiң күнi бiткенiн ресми түрде мәлiмдедi. Германияның канцлерi Ангела Меркель, Аустралия мен Испанияның бұрынғы премьерлерi Джон Ховард пен Хосе-Мария Аснар, Британияның премьер-министрi Дэвид Кэмерон және өзге де батыс саясаткерлерi бұл идеяның нәтижесi пайда бермейтiнiн мойындап отыр.

Бiздiң пайымдауымызша, осының бәрi еуропалық елдерде ислам дiнi мен ислами мәдениеттiң абырой, беделi күн санап артып бара жатқанына қарсы жанұшыра қарсылық болуы әбден ықтимал. Бұл елдерде мекемелерге қыздар мен әйелдердiң орамал тартып кiруiне тыйым салу, бiрыңғай мұсылмандарды жамандау, мешiттерге әртүрлi сылтаумен қысым жасау сияқты жағдаяттар олардың осындай қорқыныштарының дәлелi сияқты. Сонда олардың дүниежүзiне демократия орнатпақ идеясы, демократия үйретпек тағлымгерлiгi қайда қалғаны десеңiзшi. Ендi Франция президентi Николя Саркози: "Егер сен Францияда тұрғың келсе, сен осы елдiң мәдениетiн бойыңа сiңiруге, осы елдiң мәдениетiне өзiң де бұратола сiңiп кетуге, сол бiртектi қоғамның ажырамас бiр бөлшегiне айналуға, дәлiрек айтсам, бiздiң ұлттық қоғамның бiр бөлшегiне айналуға қайыл болуың керек. Көнсең осы. Ал бұған көнбейдi екенсiң, сен Францияға қонақ болуға да құқың жоқ", – деп ашу-ызасы алқымына кептелiп тұрып мәлiмдедi. "Күнi бүгiнге шейiн бiз (француздар – М.К.) жатжерлiктердiң қамын ойлап, жатжерлiктердiң мәдениетiне жағдай жасап келдiк. Ал өзiмiздi көп жағдайда елеусiз, назардан тыс қалдырумен болдық. Ендiгi жерде бұлай болмайды. Мысалы бiздiң мұсылман отандастарымыз елiмiздiң әрбiр толыққанды азаматы ретiнде өз үрдiстерiн берiк ұстауға хақы бар. Алайда бiз Франциямыздың көшелерiнде, қоғамдық орындарында кiм көрiнгеннiң көрнекi түрде құлшылық жасап жатқанын қаламаймыз. Әрине, әртектiлiктi құрметтеу керек, бiрақ бiз қазiр бұлай iстегiмiз келмейдi", – деп көпұлттылық, көпмәдениеттiлiк атаулыдан бас тартатынын ашық айтты. Николя Саркозидiң осы екi-үш ауыз сөзiнен-ақ бүкiл Францияның қандай саясат ұстанатыны ап-анық көрiнiп тұр.

Бiрақ бұл Саркозидiң сарабдал саясаткерлiгiнен немесе асқан ақылмандығынан айтылған сөз екен деп қалмаңыз. Қазiр өз алдына елi бар, жерi бар ұлт атаулы жаһандану деген жалмауыздық пайда болғаннан берi әрқайсысы өз тiлiн, өз дiнiн, қысқасы ұрпағының ұлттық ерекшелiгiн сақтап қалу қамына кiрiстi. Тек қазақтар ғана… Оған кейiнiрек тоқталамыз.

Ендi мына қызыққа қараңыз. Жер бетiндегi бес құрлықтың бiрi – Аустралия. Оның жергiлiктi халқы бұдан 40-50 мың жыл бұрын Торрес және Тасмания аралдарынан келген аборигендер. Қазiр олар ұлттық тiлiнен бастап, бүкiл мәдениетiнен жұрдай болған. Бұл қасiрет әп дегеннен мұнда ағылшын тiлiн енгiзуден, жаппай христиан дiнiне кiргiзуден, яғни аборигендердi шоқындырудан басталды. Аустралия кәзiр ағылшындардың атамекенi екен деп ойлайсың. Бүкiл құжаттама, бүкiл ақпарат құралдары мен мәдениеттiң сан саласы тек ағылшын тiлiнде. Соның бәрiн азсынғандай, қазiр мұнда "Аустралияда жүрген жатжерлiктер жергiлiктi мәдениетке бейiмделуi керек. Кiм болса сол өз мәдениетiн, өз ұстанымын, өз көзқарасын енгiзгiсi келедi. Әр мәдениеттiң өз Отаны бар. Аустралияның мемлекеттiк тiлi – ағылшын тiлi. Демек қанша жерден тiрек-таянышы мықты болса да қытай, жапон, араб тiлдерiнiң бәрi де бiзде қауқарсыз болуы керек" – деген мәлiмдеме жасалуда. Осы мәлiмдемедегi ағылшындар айтып отырған "жатжерлiктер" кiмдер сонда? Олар "кiм болса сол" деп кемсiтiп кiмдердi айтып отыр? Әшейiнде аузынан демократия, толеранттық, төзiмдiлiк дегендi өздерi байлық iздеп барған жерге өзiнiң қалқаны мен қорғаны етiп ала баратын ағылшындардың ендi басқа бiрде-бiр халықты менсiнбей, "жатжерлiктер", "кiм болса сол" деп астамсуы қалай демейсiз бе? Ендеше, бiресе 130, бiресе 140 ұлттың тiлiн табамыз, солардың бәрiнiң тiлiн, мәдениетiн дамытамыз, әрбiр келiмсек жатжерлiктiң жағдайын жасаймыз деп көңiлшек келiншектей қылмыңдаған қазақ шонжарларынiкi не десеңiзшi?! Олар тiптi, осы күнi жатжерлiктер деген сөздi айтуға да жүрегi дауаламайды ғой. Оның орнына бүкiл қазаққа "сендер бәрiне төзулерiң керек!", "бәрiне толерантты болуларың керек", "өзгенiң тiлiн бiл, өзгелердiң мәдениетiн қабылда" деген саясат күндiз-түнi жүргiзiлiп отыр. Обалы не, "француз тiлiн, француз мәдениетiн бiлмесең Францияға қонақ болуға да хақың жоқ" деген Саркозидi де, Аустралияда кiм көрiнген өз мәдениетiн, өз көзқарасын енгiзе алмайды, әр мәдениеттiң өз Отаны бар деген аустралиялық саясаткердi де кiнәлауға болмайды. Бүгiнде Қазақстан "балапан-басына, тұрымтай-тұсына" шуылдап, әркiм өз ұлтының жақсы-жаманы аралас үрдiстерiн аспанға көтерiп шуылдаған бейберекет даңғазаға айналды. Сондықтан ананың да, мынаның да көңiлiн табам деп көрпеңдi ашып тастау көрегендiк саясат емес. Саркози мен Ховард айтса айтқандай, бiздiң "қазақ мәдениетi деп аталатын бiртектi мәдениеттiң бiр бөлшегiне айналуың керек, оған келiспесең Қазақстанға қонақ болуға да хақың жоқ" немесе "Айналайын, әр мәдениеттiң өз Отаны бар" деп кез-келген жатжерлiкке салиқалы ескерту жасайтын күн болар ма екен? Әлде бiз тым кешiгiп, барымыздан айрылып, ондай батыл сөз айтуға дәрменi қалмаған күйге жеттiк пе? Мiне, өзiн көзi ашық адаммын, Қазақстан ең әуелi тек қазақтың елi деп есептейтiн әрбiр азаматтың бүгiнде көкейiн тесiп тұрған сауал осы. Қарап отырсаң, қазiргi Қазақстанда ең әуелi орыстан бастап, бүкiл батыс Еуропа мен Америка мәдениетi өрге шауып тұр. Телеарналардың басым бөлiгi солардың мәдениетiн уағыздайтын құралға айналған. Аудандық, облыстық ауқымдағы мәдени iс-шаралардан бастап, Астананың жылда өткiзiлетiн "туған күнiне" шейiн оларсыз аузын ашпайды. Қазiр ондай iс-шараларда, үлкен-үлкен мерекелерде қазақтар орысша, ағылшынша, испанша, қытайша, корейше ән айтуды "мода" қып алды. Сонысына мақтанып, тiлiн қырық бұрап ағылшынша, итальянша "ма-ма-ма-мариялап" тұрған қысық көз, тәмпiш танау, жалпақбет қазақ жастарын көргенде байғұстарды не аярыңды, не күлерiңдi бiлмей ыңғайсыз күйге түсесiң. Бiздiң бiр қателiгiмiз, "қазақ елiктегiш" халық деп бәленiң бәрiн халыққа жабамыз. Бұл –үлкен қателiк. Өйткенi бiздiң рухсыз "глобалистер" өзгенiң қаңсығын таңсық қылу саясатын бiлдiрмей, жымысқылана жүргiзiп, оны телеарналар арқылы жүзеге асырып отыр. Жәй халық қашанда аңқау. Сондықтан әлгi бұлаңқұйрық саясаттың жетегiнде кетiп бара жатқанын халық өзi де байқамай қалады. Ал домбырамен қосылып дәстүрлi халық әндерiн айтатын бiр-екi әншiнi, үйме табақ қазы-қарта мен сары бауырсақты алдына алып, немерелерiнiң қасында шәй iшiп отырған шал-кемпiрдi теледидар арқылы ара-тұра көрсетiп қою қазақтың ұлттық мәдениетiн насихаттау емес. Екi-үш орыс қыз-жiгiтiне теледидардан хабар жүргiзiп қою да ұлттық мәдениеттiң насихаты бола алмайды. Ол жәй алдарқату ғана.

Иә, қазiр бүкiл батыс елдерiнiң көбi өз мәдениетiн өзге ұлттардың, олардың тiлiмен айтқанда "кiр-қоқысынан" аршып алуға кiрiстiк деп отыр. Демек мәдениет бiрiн-бiрi байытады деген қағидадан бұл елдер бас тартып отыр. Шынында да мәдениеттер бiрiн-бiрi байытудан гөрi бiрiн-бiрi былғайтынын айтар күн жеттi. Әсiресе, қай ұлт көп, қай ұлттың мемлекетi күштi болса, сол ұлттың мәдениетi өзi де аз, мемлекетi де анда қауқарсыздау халықтың тiлiн, мәдениетiн жұтып қоятыны қазақ мәдениетiне де қатысты екенiн талай айттық.

Амал не…

Бiз ендi бұл сақтықты сол батыс елдерiнiң үлгiсiнен үйренетiн күн туып отыр. Мәдениетiмiздi өзге мәдениеттердiң былғауынан не жұтып қоюынан бұлайша сақтауды Парламент пен Мәдениет министрлiгi бастап қолға алуы керек. Осыдан бiраз бұрын Британия премьер-министрi Дэвид Кэмерон да өз елiнде өзгелердiң, яғни олар ашықтан-ашық жатжерлiктер деп атайтындардың тiлiн, дәстүрiн, өнерiн сайрандатып, тайраңдатып қоймаймыз дегендi қадап тұрып айтқан-ды. "Жатжерлiктер мұнда (Англияда—М.К) ағылшын мәдениетiн ерекше құрметтеуi керек екенiн" де ескерткен болатын. Ұтыры келгенде айта кетейiк, ағылшындар үй арасында үй жоқ ең жақын көршiсiнiң өзi ағылшын тiлiн бiлмесе, оны адам деп есептемейтiнi әммеге аян.

Иә, бас-аяғы тоғыз миллионның о жақ бұ жағында ғана қазағы бар қазақ жерiнде бүкiл келген-кеткеннiң тiлiн де, дiнiн де, дiлiн де, үрдiстерiн де қазаққа таңсық қылып отырған бiз ғанамыз. Өз елiнде өзгелердiң мәдениет атаулысын алапес аурудай аластап отырған Еуропа мемлекеттерi ендi басқаның былапытын балдай көретiн қазақ ұлтының басын айналдыруға жанын салуда. Оны қазақ газеттерi мен телеарналары әкесi базардан қанжығасын майлап қайтқандай шуылдатып, жарыса жарнамалайды. Жақында Ерсiн Болат деген жiгiттiң Алматыда, Астанада, Қарағанды мен Қостанайда және Шымкентте Франкофония апталығы өткiзiлетiн болды деп те қалың қазақты қуанышқа бөлемек болғанын оқыдық. Бұл апталықты Швейцария, Бельгия, Канада, Грекия бiрлесiп өткiзедi екен. Ол 1990 жылы ұйымдастырылған. Бұл франкофония апталығының бағдарламасында қазақ ұлтының мәдениетi тұрмақ бүкiл дүниетанымына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын хип-хоп, рагга, ска, джаз, даб және электро үлгiлерiн бiр арнаға тоғыстырған "La fanfare en petard" тобы жетекшiлiк етедi. Және мұнда мәдени-танымдық, көпшiлiк-сауықтыру шаралары өткiзiлетiн көрiнедi. "Алаш айнасындағы" Ерсiн Болат мырза осының бәрiн қазекеме жерден жетi қоян тапқандай қуана хабарлай отырып, бұл iс-шара кезiнде "8-12 жас арасындағы балалар үшiн француз тiлiн көңiлдi үйрету (?) сабақтарының өткiзiлуi мен осы тiлде мультфильмдердiң көрсетiлуiн ерекшелiк" деп атап көрсетедi. ("Алаш айнасы". 11.03.2011). Адам баласы әуелi өзiнiң ана тiлiн жете меңгерiп, сосын күн көре алмастай болып, аса қажет мәжбүрлiкке тап болам-ау десе ғана басқа тiлдердi үйрене бастауы қажет. Ал "француз тiлiн көңiлдi үйрету сабақтарының өткiзiлуi", "әлем бойынша французша сөйлейтiн 200 миллион адамды бiрiктiредi" деп қазақ тiлiн орысшаның тұп-тура көшiрмесiне айналдырып отырған Ерсiн мырзаның қазақтарға француз тiлi үйретiле бастағанына сонша шаттана қуанғаны несi екен? Ең болмаса Франция, Швейцария, Бельгия, Канада, Грекия бiрлесiп, қазақтарды Ерсiн ерiм айтқандай "көпшiлiк-сауықтыру шараларына" кiрiскенiн түсiндiрiп өтсе-шi. Олар қазақты қайтып "көпшiлiк-сауықтырады?" Осы күнi әуелi ана тiлiн бiлiп алмай, қазекемшiлеп бүкiл жұрттың тiлiн бiлейiк деп арамтер болып желпiлдеп жүрген бiрде-бiр ұлт жоқ. Сiрә, соған баспасөз, теледидар арқылы осындай желөкпе, осындай ұраншыл, жарнамашыл хабар-ошарлар тiкелей кiнәлi ме деп қаласың. Егер қазекем жәреукеленiп "братан" деп атайтын орыстар Мәскеуден, Санкт-Петербургтен, Рязань, Псков, Пермь сияқты iрi-iрi қалаларынан Ресейде тұратын басқа ұлттардың да мәдениетiн, тiлiн насихаттауға кiрiссе, Ресейден бiздегiдей 130 емес 200-ден астам ұлттың өкiлi табылар едi. Әттең, олар өйтпек түгiл Қазақстанмен шекаралас және қазақтың шын мәнiндегi атамекенi Орынбор, Хажы-Тархан (Астрахань), Сарытау (Саратов) облыстарынан ең болмаса бiр де бiр бастауыш қазақ сыныптарын ашпай, ал маған не iстейсiң деп отырған жоқ па? Оның орнына Қазақстандағы 2700 басылымның, яғни газет-журналдың 2303-i орыс тiлiнде. Оған Ресейдiң 5,2 мыңға газет-журналдары қосылып Қазақстанда қарша боратылып, таратылуда.

Бiр аталарымыз жаңа туған сәбиiне "балам! Атыңды Есет (Көтiбарұлы-М.К.) қойдым, жаман болсаң өз обалың өзiңе" дептi. Сол айтқандай, әшейiнде Батыстан үлгi алғыш, солар не iстесе айнытпай қайталайтын, солардың тiлiне, солардың небiр жабайы киносы мен биiне құмар қазақ атқамiнерлерi олардың басқа мәдениетке жол жабық деген бүгiнгi ұранына неге елiктемейдi? Сiрә, бүгiнгi қазекемнiң атқамiнерлерiнде ондай үлкен әрекетке барарлықтай ерлiк, ұлттық намыс, өз ұлтының алдындағы жауапкершiлiк сияқты киелi қасиеттер жағы тапшылау, әлде мүлде жоқ емес пе екен?

15 қыркүйек
Мырзан КЕНЖЕБАЙ

Серіктес жаңалықтары