Орал қаласында «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Бір ауыл – бір кооператив» тақырыбында семинар өтті. Іс-шара барысында қатысушылар партияның «Ауыл аманаты» жобасы аясында нәтижелі механизмдермен бөлісіп, өзара тәжірибе алмасты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Семинар жұмысына «AMANAT» партиясы жанындағы Саяси менеджмент академиясының директоры Нұрлыбек Мұқанов, «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Мұрат Мұқаев, Батыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі Алдияр Халелов, бірқатар аудан, ауыл әкімдері, ауыл шаруашылық саласындағы кәсіпорын басшылары, кәсіпкерлер және Маңғыстау облысынан арнайы келген делегация мүшелері қатысты.
Бүгінде Батыс Қазақстан облысында «Ауыл аманаты» жобасы қарқынды дамып келеді. Жоба аясында ауыл тұрғындарының табысын арттыру және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту көзделуде. 2023-2024 жылдары осы өңірде аталған жоба аясында 8,9 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, жалпы құны 8,5 млрд теңгені құрайтын 1256 шағын несие берілді. Нәтижесінде, ауылдық жерлерде 1467 жаңа жұмыс орны құрылды. Партиялық жобаны жүзеге асыру жұмысы басталғалы бері сүтті мал шаруашылығын қаржыландыру, ауыл шаруашылығы кооперациясын, өсімдік шаруашылығын, шағын кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағыттары айқындалды.
Іс-шара барысында Батыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі Алдияр Халелов, Жаңақала ауданы әкімі Алпамыс Көшкінбаев өңірде «Ауыл аманаты» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Өз кезегінде, «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Мұрат Мұқаев партиялық жобаны жүзеге асыру барысына тоқталды.
«Ауыл аманаты» жобасының негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту. Оның тиімді жолы – кооперативтер ашу. Яғни қосалқы шаруашылық түрлерін қолдай отырып, Үкімет тарапынан берілетін мүмкіндіктерді пайдалануға көмек көрсету. Оның ішінде ауыл шаруашылық өнімдерін сату, оларды сақтау. Семинар барысында осы кооперативтер жұмысын талқылай отырып, қатысушыларға таныстырамыз», – деді Мұрат Мұқаев.
Бұл ретте, «Ауыл аманаты» жобасына қатысушы, Тасқала ауданы Шежін ауылдық округіндегі «Ағайын АА» АШӨК төрағасы Алмаз Бекболсынов жеке кәсібі туралы айтып, өз ұсынысын жеткізді.
«Бүгінде қой шаруашылығымен айналысып жатырмын. Ата кәсіпті жалғап, жаңа бағыттарға бет бұруға қаражат қажет болғандықтан, осы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2023 жылы несие алдық. Лизинг арқылы шаруашылыққа қажет арнайы техникалар да сатып алдық. Үкімет тарапынан 2,5% жеңілдікпен несие берілуде. Бұл – кәсіпкерлер үшін зор мүмкіндік. Аулы тұрғындарына көрсетіліп жатқан осындай қолдау үшін айрықша алғыс білдіремін», – деді шаруа Алмаз Бекболсынов.
Семинардың екінші бөлігінде қатысушылар Бәйтерек ауданы Макаров ауылындағы құс фабрикасының, қайта өңдеу жұмысын қолға алған «Жастық» ЖШС-ның және Теректі ауданы Барбастау ауылындағы «Ауыл аманаты» жобасы аясында форель және карп балығын өсіретін «Barbastau River» АШӨК жұмысымен танысты.
«Ауыл аманаты» жобасы – еліміздегі ең ірі жобалардың бірі. Осы орайда, біз кооператив құру жұмысы бағытында тың серпін алу мақсатында осы семинарға арнайы келіп отырмыз. Батыс Қазақстан облысы – еліміздің батыс өңіріндегі аграрлық сектордың драйвері. Сол себепті осы облыстағы шаруалар мен кәсіп иелерінен ауыл шаруашылығына қатысты мол тәжірибе аламыз деген сенеміз», – деді Маңғыстау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Әсел Балманова.