Арудың әмiршiсi — ары "Маскүнем әйелдерге ем қонбайды", – дейдi нарколог-дәрiгерлер

Арудың әмiршiсi — ары "Маскүнем әйелдерге ем қонбайды", – дейдi нарколог-дәрiгерлер

Арудың әмiршiсi — ары "Маскүнем әйелдерге ем қонбайды", – дейдi нарколог-дәрiгерлер
ашық дереккөзі
272

Таяуда, жаздың қоңыр кешiнде болған сол бiр тосын көрiнiстi қанша ұмытайын десем де ойымнан кетпей, көз алдымда көлбеңдеп көпке дейiн тұрып алды. …Жұмыстан кештетiп, төңiрекке қараңғылық қоюлана бастаған мезетте көше бойымен әдеттегiдей жаяулап үйге қайтып келемiн. Жаздың аптап ыстығы әлi басыла қоймаған қапырық ауа тынысыңды кең алдырар емес. Бiр көшенiң қиылысына жеткенiмде жол жиегiнде, қараңғылықта қалбалақтаған бiр бейне көрiндi. Әлгi "құбыжық" орнынан қозғалмақ болады, бiрақ оған дәрменi жоқ. Жақындағанда ғана байқадым, орнынан тұра алмай жер тырмалап, екi тiзерлеп орнынан тұруға талпынып отырған жарасымды киiнген, бiр қолында шағын қол сөмкесi, екiншi қолына екi туфлиiн iлiп ұстаған бейтаныс қаракөз бойжеткен екен. Жалаң екi аяғы шаң-тозаң, екi тiзесi де сырылып көгерген секiлдi. Ентелеп, қанша талпынғанымен, қалбалақтап орнынан тұра алмай өзiмен-өзi әуре. Құдды, қанатына оқ тиiп жараланған құс секiлдi. Жақындап келiп, қолтығынан демеп, орнынан тұрғызбақ болдым. Былқ-сылқ, буындары тiптi ұстамайды. "Не болды, қарындасым, машина қағып кеткен жоқ па?" деймiн ғой қызға қарап. Әлгiден жауап жоқ. Әуелi бедiрейiп, бетiме қарайды да, артынша өңiн өзгертiп, ыржалаңдап күле бередi. Үстiне сепкен француздың қымбат духиi мен арақ исi қосылып танауды алып тұр. Сөйлеуге түк шамасы жоқ, тiлi күрмелген, иығына төгiлген қолаң шашы ұлма-жұлма. Қолдан келген көмегiмдi көрсетейiн деп: "Кiм боласың? Қайда баруың керек едi, қарағым? Үйiңе жеткiзiп салайын…" деп бәйек болып жатырмын. Қайдан, көздерi жыпылықтап, бiрдеңе деп мiңгiрлеп, сөйлей алсайшы. Сөйтiп тұрғанымызда көше бойымен өтiп бара жатқан бiр жеңiл ақ түстi машина жанымызға келiп, тежеуiшiн басты. Рульде отырған жас жiгiт:

– Ағай, қайда барасыздар, жеткiзiп тастайын, – деп ашық терезеден мойнын созды.

– Маған емес, мына бойжеткенге көмектес, үйiне жеткiзiп сал, – дедiм.

– Жарайды, ағасы. Кәне, қарындас, машинаға отырыңыз. Апар деген жерiңiзге жеткiзiп салам. Тек мекен-жайыңызды айтыңыз, – деп әлгi жүргiзушi жiгiт машинасының артқы есiгiн ашты. Қызды екеулеп машинаға отырғыздық. Машина орнынан жұлқи қозғалып, түнгi қою қараңғылыққа сүңгiп кеттi…

Тағы бiр есте қалған көрiнiс.

…Тойдан кешеуiлдетiп көшеге шықтым. Көшенi қиып өтпек болып, тротуар бойына түскенiм сол едi, қаракөлеңкелеу тұстан:

– Кешiрiңiз менi… Мүмкiндiгiңiз болса, менi үйге жеткiзiп салыңызшы. Қазiр уақыт жаман, бұзылған жастар аз емес қой қалада. Көшеден сескенiп, үрейленiп келе жатырмын, – деген әйел дауысы тоқтатты.

Шынымды айтсам, беймезгiл уақытта қараңғылау тұста бiреудi кездестiремiн деген ой жоқ болатын. Жақындап келген әйелге көз тастадым. Киiмiне қарағанда әжептеуiр мекемеде қызмет iстейтiн, жас келiншек сияқты. Сөздерiнен және түр-кейпiнен масаңдау екенi байқалады.

– Сiз менiң алдымда, тротуармен асықпай жүрiп отырыңыз. Мен соңыңызға iлесейiн, – деп ұсыныс жасады.

Мөлтек ауданға қарай асықпай аяңдап келемiн. Байқаймын, әлгi әйел тәлтiректеп, әр жерден бiр басып, iлбiп әрең келедi. Жүрiсi өнер емес, кiбiртiктей бередi. "Ой, дура.., ой, дура!" деп өзiн бе немесе басқаны ма, әйтеуiр бiреудi барынша сiлейтiп кiжiнiп келедi.

– Ия, кiмдi сонша жерден алып, жерге салып ұрсып келесiз? Қай "тойдан", қайдан шыққан едiңiз? – деп бейтаныс келiншектi сөзге тарттым.

– Бiрге жұмыс iстейтiн бiр келiншек жұмыстан кейiн үйiне төрт-бес әйел мен қыздарды шайға шақырып едi. Содан кешкi шай iшiмдiкке жалғасты. Қоярда қоймай маған да бiрнеше рюмке коньяк iшкiздi. Содан басым айналып, жүрегiм айнып сыртқа шықтым. Бiр рет құсып та алдым. Әлгi қыздар болса, ешбiрi менi iздеп, сыртқа да шықпады. Соған және өзiме қатты ызаландым. Үйге қайтқым келдi. Солай көшеге шыққан бетiм ғой. Ендi мiне, "Дұрыс жасамадым-ау!" деп күйiнiп келемiн. Оған көңiл аудармаңыз, – деп жас келiншек қайта-қайта кешiрiм сұрап, ыңғайсызданып-ақ қалды. Бейтаныс әйелдi тiркеме сүйрегендей қылып, әйтеуiр аман-есен үйiне жеткiзiп салдым.

…Тағы бiрде ертелеп, таңғы таза ауамен тыныстап қызметке келе жаттым. Жарты жолға жеткенде қарсы алдымнан теңселген бiр жас бойжеткен кезiктi. Түнiмен бiр "тойда" болып, қатты қызып алғаны байқалады. Қанша бойын жиып, тiк жүрем десе де аяқтарына шамасы келмей теңселiп келедi. Менен ұялды ма, әлде ыңғайсызданып, қысылды ма (ондай болса, оған шүкiршiлiк етейiк!), табанжолдан шығып, машина жүрiп жатқан үлкен көшеге ығысты. Жол жағасына барып, қолын көтерiп, кезiккен бiр таксиге мiнiп кеттi…

Бұл – бiз келтiрген үш көрiнiс, бiр айдың көлемiнде көзге iлiккен жәй. Тiзе берсек, мына мың құбылған сайқымазақ дүниеде ондай мысал көп қой. Қанша мән бермейiн десең де әртүрлi ой санаңды торлап алады.

Несiн айтамыз, барлығымыз ұл мен қыз өсiрiп отырмыз. Олар бiздiң болашағымыз, ертеңгi сәулеттi күндерiмiз, қазақтың намысын қорғап, ата салт-дәстүрiмiздi сақтап, қоғамымызды алға жылжытатын, елiмiздi биiк жетiстiктерге жеткiзiп, халқымыздың мерейiн асыра түсетiн ұрпақ деп үмiттенемiз. Оған қазiргi жастарымыз дайын ба екен? Болашағын олар қалай болжайды? Қазiргi қоғамда орын алып отырған терiс құбылыстармен (iшiмдiкке әуестiк, нашақорлыққа бой алғызу, құмар ойындармен айналысу, жеңiл жүрiс пен жезөкшелiкке салыну және т.с.) қалай күресуiмiз керек? Қазiр қалада не көп, көше-көшеде асхана, сырахана, кафе, тойхана, мейрамхана секiлдi iшiмдiк iшiп, көңiл көтеретiн орындар көп. Базбiр мәлiметтерге сүйенсек, бiр ғана Тараз қаласында 150-ден астам әлгiдей iшiмдiк iшетiн орындар бар екен (елiмiздiң басқа қалалары ол жағынан бiздiң Тараздан қалады деп еш ойламаймын!). Жыл сайын олардың саны көбеймесе азаяр емес. Олардан сыраның, арақтың, коньяктiң, вискидiң, ромның, шараптың неше түрiн табасыз. Көңiл көтеруге келген тепсе темiр үзетiн жас жiгiттер де, қылымсыған бойжеткендер де, қарны салбыраған жiгiт ағалары да, орта жастан асқан тоқ әйелдер де, базбiр кезде сақалы кеудесiне түскен шалдар да сыра саптаяғы мен қыл мойынды рюмкенi қолдарына мығым ұстап, керегiнше "төңкерiп" жатады. Кейде тiптi, ондай жерге жас балаларын да бiрге ала барып, "ақ түйенiң қарны жарылғандай" мәз-мәйрам болып "тойлап" отырады. Бiр байқағаным, соңғы кезде сондай орындарда әйтеуiр бiр себеп тауып (туған күндi атап өту, еңбек демалысын жуу, баласының немесе қызының мектеп бiтiргенiн, оқуға түскенiн, жұмысқа тұрғанын, пәтер алғанын жуу, т.с.с.), топ-топ болып қыз-келiншектер жиналып, iшiмдiк iшуi, күнделiктi үйреншiктi көрiнiс болып барады. Әсiресе қазақтың жас келiншектерi мен қыздары оған ерекше бой ұрып, тiптi еркектердi "ығыстырып" бара жатқаны сезiледi. Соны "мәдениеттi демалу" деп түсiнедi, оны ертеңiне таныстарына жыр қылып мақтанышпен айтып отырады.

Iшiмдiкке әуестiк қыз-келiншектерiмiздiң ортасында белең алып бара жатқанын мойындауымыз керек. Кейде тойда, көптiң көзiнше күйеуiмен жарыса арақ iшiп, көңiлденiп, қызара бөртiп отырған ерлi-зайыптыларды ұшырату да таңсық болмай қалды бұл күндерi. Стол басында сөзден сөз қуып, iлiгiсiп, жанжалдасып, елдiң берекесiн алатын сәттерiне де куә болдық ондай жандардың. "Iшкiлiктiң кесiрi ғой",– деп барлығына көз жұмып, елеусiз қалдырғанымыз жөн бе? Қазақ халқы бойжеткендi сұлу көркiне ғана емес, ақылына, тәрбиелiлiгiне қарай бағалаған халық. "Әдемiлiгiне қарама, әдебiне қара" дейдi қазақ халқы. Егер олай болса, әп-әдемi жастарымыз неге алтын уақыттарын мақсатсыз бос өткiзуге, әркiмге өлшенiп берiлген санаулы ғұмырын "көңiл желпiтуге" жұмсап, iшiмдiкке әуестенiп барады?!

Бұл күндерi үлкен қалаларда көше кезiп, қаңғыбас болып жүрген қазақтардың саны жыл өткен сайын көбейiп бара жатқаны туралы баспасөз жарыса жазып жатыр. Сол көше кезген қаңғыбастардың арасынан ажары кетiп, бетi домыққан, тұрпайы кейiптi, көзiнен нұры тайған, үстi-басы кiр-қожалақ қаракөз жас әйелдердi көргенде жүрегiң шымырлайды. Сондай адам түршiгерлiк кейiпке келуге, "шыңырау түбiне түсуге" не себеп болды екен? Ол да бiр кезде бiреудiң алақанына салып мәпелеп өсiрген қызы, бiреудiң ардақтап аялаған қарындасы, бiреу құлай ғашық болған сүйiктiсi, бiреудiң айдай анасы, бiреудiң қадiрлi жары болған-ау. Ондай жандар әлдебiр тағдыр тәлкегiне түсiп, өмiр ағысынан тежеу таппай, қиындықта әлсiздiк танытып, осындай азғын халге жеткен болар. Кiм бiледi?! Барлығы мүмкiн… Мүмкiн, мұндай аянышты мүсәпiр жайға жетуге өзi кiнәлi болған шығар. Iшiмдiкке салынып, маскүнемдiк ауруына тап болған жанды түсiну бiзге қиын. Бiр жағынан алғанда, шындап келгенде, мүсiркейсiң, оларға жаның ашиды. Ең өкiнiштiсi (тiптi оны өмiр трагедиясы десек те болады), маскүнемдiкке ұшыраған әйелдi емдеп, жайлы, қалыпты өмiрге қайтару әзiрше дәрiгер-наркологтардың қолынан келмейдi екен. Қайғы мен қасiрет дегенiмiз осы емес пе?

Қазақ "Қызға қырық үйден тыю" дейдi. Сандаған ғасырдан берi келе жатқан ата салт-дәстүрiмiз – қыз тәрбиесiне ерекше көңiл бөлуiмiз керек. Таяуда Алматыда өткен отбасы проблемаларын талқылаған жиында академик А. Бейсенова "Ұлттық тәрбие отбасынан басталады. Сондықтан әуелi отбасы тәрбиесiне ерекше мән беруiмiз керек. Соның iшiнде болашақ аналар – қыздарымыздың тәрбиесiн басты назарда ұстаған жөн. Жастардың жат әдеттерден аулақ болуын ата-ана үнемi айтып отыруы тиiс", – деп баса айтты. "Әй дейтiн әже, қой дейтiн қожа" табылмаса, қыздарымыз арсыз, инабатсыз, тәрбиесiз, көргенсiз, жүгенсiз болып өспегенде кiм болады?! Қыздарымызды үкiдей үлпiлдетiп, мәпелеп еркiн ұстағанымызбен, тым еркелетiп, бетiн ашып, басымызға шығарып, тайраңдатып жiбермейiк. Әр нәрсенiң өз мөлшерi, шегi бар. Олардың ертең басқа отбасына барып бiреуге жар, бiреуге ана боларын естен шығармайық. Адамды ақыл ардақтатады. Арудың әмiршiсi – ары!

15 қыркүйек
Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы,

профессор Тараз қаласы

Серіктес жаңалықтары