Тәуелсiз ел жалтақ болмауы тиiс

Тәуелсiз ел жалтақ болмауы тиiс

Тәуелсiз ел жалтақ болмауы тиiс
ашық дереккөзі
281

Қазақстан қоғамында кейiнгi кездерi мемлекеттiк тiл төңiрегiндегi дау шоғы тағы қозды. Таяуда ҚР Мәдениет министрлiгi дайындаған "ҚР-ның кейбiр заңнамалық актiлерiне мемлекеттiк тiл саясаты мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Заң жобасы баспасөзде, интернет беттерiнде жарияланған едi. Аталмыш жобаға "Мемлекеттiк органдарға мемлекеттiк тiлде жүгiнуге мiндеттi" деген норма енгiзiлген болатын. Осы мәселеге орай, қазақ жерiнде жарты ғасырдан астам уақыт мекендеп келе жатқан ұлт өкiлдерiнiң бiрi – кәрiс ағайындардың да пiкiрiн бiлгендi жөн көрдiк. Газетiмiздiң тарапынан қойылған бiрнеше сауалға Қазақстандағы Кәрiстер орталығының жауапты хатшысы Лариса Палагина жауап берген едi.

– Жақында "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне мемлекеттiк мәселелер бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Заң жобасы баспасөзде, интернет беттерiнде бiраз дау туғызды. Аталмыш жобаға "мемлекеттiк органдарға мемлекеттiк тiлде жүгiнуге мiндеттi" деген норма енгiзiлген болатын. Алайда осы Конституциялық нормаға қарсы шыққан ресейлiк және отандық кейбiр орыстiлдi басылымдар "тiл төңкерiсi", "мемлекеттiк төңкерiс" болады деп сес көрсетiп, айқай-шу көтердi. Бұл мәселеге қатысты сiздiң жеке пiкiрiңiздi бiлсек?

– Расында, мемлекеттiк тiлге қатысты шу болып жатқанын естiдiм. Бiрақ, менiң ойымша, кез келген мемлекетте өз ана тiлi – сол мемлекетте тұратын халықтың ортақ тiлi болуы керек. Қазақстан Тәуелсiздiк алғаннан берi мiне 20 жыл өттi. Қазақстанда тiл мәселесi әлi түбегейлi шешiмiн таппай келедi. Менiң түсiнбейтiнiм, неге орыстiлдiлер мемлекеттiк тiл туралы естiгенде естерi шығып, аттанға басады және үкiмет, заң шығарушы органдар нелiктен олардан қорқады? "Бүгiннен бастап, мемлекеттiк тiл қоғамның барлық саласында қолданылатын болсын!" деген бұйрық келетiн болса, ойланбастан өзiм де үйренiп, бала-шағамды, немерелерiмдi үйретер едiм. Өйткенi ол қажеттiлiк қой. Ертеңгi күнiңнiң кепiлдiгi. Негiзiнде қай елде тұрсаң, сол елдiң тiлiн бiлуiң керек екендiгi өмiр заңдылығы емес пе? Сондықтан да бiздiң орталықта қазақ тiлiн үйрететiн курс ашылды. Жұмыс iстеп жатырмыз.

– Iле-шала"Мемлекеттiк органдарға мемлекеттiк тiлде жүгiнуге мiндеттi" деген норманы және мемлекеттiк тiлдi мiндеттеген кейбiр баптарды заң жобасынан алып тастады. Бұған сiз не айтар едiңiз?

– Бұл нәрсеге шындығында мен қуана қойған жоқпын. Өйткенi Қазақстанда тұратын негiзгi ұлт – қазақтар. Нелiктен Заң жобасынан ол баптарды алып тастағанын түсiнбедiм. Маған қазақ тiлiн – мемлекеттiк жасайды ма, орыс тiлiн – мемлекеттiк жасайды ма, бәрiбiр. Бiрақ әр мемлекеттiң өз тiлi – мемлекеттiк тiлi болуы керек қой. Қазақ тiлiн бiлудi мiндеттейтiн болса, мен жасыма қарамастан оны үйренуге дайынмын. Жасым қазiр 57-де, 60-қа толғанша үйренiп алатыныма сенiмдiмiн. Ал басқаларды бiлмеймiн.

– Елiмiздiң бiр топ зиялы қауым өкiлдерi Конституциямыздағы "Мемлекеттiк тiл туралы" Заңдарға өзгерiстер енгiзiп, ана тiлiмiзге толық мәртебе беруiн сұрап, 138 адамның қолы қойылған хатты үкiметке жолдап отыр. Бұл мәселе шешiмiн табады деп ойлайсыз ба?

– Иа, өз шешiмiн табады деп ойлаймын. Өйткенi тiл – ұлттың күре тамыры. Ерте ме кеш пе, бәрiбiр Мемлекеттiк тiл төңiрегiндегi мәселелердi шешу керек. Тәуелсiз елдiң кiмге жалтақтайтыны түсiнiксiз.

– Осындай проблемаларды қандай жолмен шешуге болады деп ойлайсыз?

– Қазақстанда тұратын әр азамат өзiнiң қай елде тұрып жатқанын ұмытпауы керек. Сондай-ақ балаларын қазақ тiлiн оқуға баулысын. Әркiм бұл мәселеге асқан жауапкершiлiкпен қарап, мемлекеттiк тiлге зор құрмет танытса, мәселенiң түйiнi шешiледi деп ойлаймын.

15 қыркүйек
Сұхбаттасқан

Маржан КЕҢЕСБАЙ

Серіктес жаңалықтары