Қатыгездiк қанымызға сiңiп бара ма?

Қатыгездiк қанымызға сiңiп бара ма?

Қатыгездiк қанымызға сiңiп бара ма?
ашық дереккөзі
223

Алтынемелден Алматыға қайтып келе жатқан бетiмiз. Қапшағайдан өте бере көлiк кептелiсi басталып кеттi. Алдыңғы жағы көзге көрiнер емес, ұзын-сонар кептелiстiң басында не болып жатқанынан хабарсызбыз. Тек алдыңғы жаққа қарай қарама -қарсы жолмен бет алып бара жатқан өрт сөндiру көлiгi мен жедел жәрдем ғана көзге шалынады. Қасымыздағы "КТК" телеарнасының тiлшiсi мен операторы камераларын ыңғайлап, көлiктен түсуге беттедi. Тiлшi болған соң, бiз де "КТК"-ның жедел тiлшiлерiнiң соңынан iлестiк. Сөйтсек…

Қапшағайдан шыға берiсте үлкен жол апаты болған екен. Ұзын-сонар кептелiстiң де мәнiсi осында болса керек. Төмен түскенiмiзде көргенiмiз, алдыңғы жақта қарақұрым халық өрiп жүр. Көлiктердiң көбi жол шетiне ығысып тоқтап жатыр. Көлiктер мен жаяу жүргiншiлердi бөгегiсi келген IIМ-нiң қызметкерлерi жанұшыра жүгiруде. Қалың адамдар нөпiрiн бөгеуге тырысқанымен, адамдардың көбi жанталасып, алдыңғы жаққа қарай ентелейдi. Қалың нөпiрдiң соңынан бiз де ергенбiз. Алдыңғы жақта жолаушылар тасымалдайтын үлкен бiр автобус төңкерiлiп қалған. Автобус жолаушыларын "Жедел-жәрдем" қызметкерлерi бiртiндеп шығаруда. Автобустан әрiректе бiр Джип көлiгi төңкерiлiп жатыр. Төңкерiлген көлiктiң есiктерi iшке қарай қабысып кеткен. Қабысып қалған бiр бүйiрiнде адамның аяқтары сыртқа салбырап тұр. Жол апатының себеп-салдарын анықтап, адамдардың өмiрiн сақтап қалу үшiн iшкi iстер қызметкерлерi де, дәрiгерлер де, құтқару қызметi де осында топтасқан. Одан бөлек, күн жексенбi болған соң, Қапшағайдан демалып келе жатқан қалың адамдар нөпiрi. Күн батар апақ-сапақта орын алған жол апаты жантүршiгерлiк. Адам өлiмiне әкелiп соқтырған апатты көзбен көрiп, қарап тұруға бет шыдамайды. Полиция қызметкерiнiң бiрiнiң жанына келiп, оқиғаның қалай болғаны туралы сұраған едiк, "әлi ешнәрсенiң байыбына толық жетпегендiгiн" айтты. Қызмет бабымен жүрген қызметкердiң әлемтапырақтанып кеткен жүзiнен адамдарға деген ренiш, өкпенi бiрден байқадық. Қанша айғайлап тыраштанса да, оқиға орнына қарай адамдарды өткiзбеу үшiн қаншама амал-әрекеттiң бәрiн жасаса да, ары-берi ағылған көпшiлiкке тосқауыл қоя алар емес. Қатты шаршады бiлем, әрi тамағы да қарлығып кеткен әлгi қызметкер бiздiң жанымызға келiп: "Осы адамдарды түсiнбеймiн. Не көргiсi келедi? Кiсi қайғысынан да ләззат алуға бола ма? Қызмет бабымен жүрсек те, кiсi өлiмiне тура қарауға бетiмiз шыдамайды. Бұлар кино көрген сияқты телефондарын ашып, түсiруге әлектенiп жатыр. Сонда мұнда фильм түсiрiлiп жатыр ма?", – деген едi ашынып.

Оқиға орнында төрт бiрдей ер азамат өлiм құшқан сол күн менiң жадымнан әсте шығар емес. Тiптi, суға шомылған киiмдерiн де ауыстырып үлгермеген кейбiр топтың бiр-бiрiмен сықылықтап, әлгi көрiнiстi емiн-еркiн тамашалағандары да әлi есте. Ал аударылып қалған әлгi жеңiл көлiктегi үш бiрдей азаматтың үш бiрдей үйдiң отағасы екенi, бiр отбасының iргесiн қалайтын ұрпақ екенi, үш бiрдей азаматынан айрылып, үш бiрдей отбасының аңырап қалғаны ешкiмдi қызықтырған жоқ сол сәтте. Автобустың жүргiзушiсi де өрiмтал азамат екенi де естен шыққан. Алла Тағала дәмiн тауысқан төрт азамат екi кештiң арасында жарық дүниемен қоштасып, о дүниелiк болып кете барғаны туралы ешкiм ойланған жоқ. Бәрiнiң назары аударылып-төңкерiлiп жатқан жол апатын тамашалау, көлiкке қыстырылып қалған өлiктi көру, анадайда сұлбасы жатқан азаматты телефонның бейнекамерасына түсiру. Ол бейнеге басылған сюжеттi кiмге көрсетпек және оны кiм тамашалайды?!

Сол оқиғадан кейiн бiз неге сонша бәрiне жеңiл қарайтын болып кеттiк деген ой жадымнан шықпайтын болды. Бiздiң санамыз неге ештеңеге селт етпейдi? Бiз неге өлiмнен қорықпаймыз?! Жол апатынан көз жұмғандар да сол оқиғадан сәл ғана бұрын бiз сияқты тiршiлiк иесi едi ғой. Олар да күлдi, олар да қуанды, олар да қайғырды. Олардың да көздеген арман-мақсаты болды. Олардың да бiзден ешқандай айырмасы жоқ едi. Олар да өмiр сүргiсi келетiн…

Платонның шәкiртi Аристотель: "Адам ғана сөйлеу қабiлетiне ие. Сөз пайдалыны да, пайдасызды да һәм әдiлеттiлiктi де, әдiлетсiздiктi де жеткiзе алады. Осы қасиет адамдарды барлық тiрi жәндiктерден ажыратып тұрады: тек адам ғана жақсылық пен жамандық, әдiлеттiлiк пен әдiлетсiздiк сияқты өзге де ұғымдарды түсiне алады" деген екен. Егер бiз адам ретiнде сөйлеу қабiлетiне ие болсақ, онда бiздiң жақсылық пен жамандықты да, әдiлеттiлiк пен әдiлетсiздiктi сезiнуге де мүмкiндiгiмiз бар емес пе? Ендеше неге бiздiң адами санамыз әлсiреп, жабайы тiрлiкке, жаны ашымайтын қорқауларға айналып барамыз. Әлде Абай атамыз айтқандай: "Уайымы жоқтық, тамағы тоқтық", аздырып жiбердi ме адам баласын?!

Л. Фейрбах "Адамның жануарлардан ең елеулi айырмашылығы…" атты шығармасында: "… адамның ойлайтын, түсiне алатын тектiк мәнi, табиғаты неде? Адамдығы нағыз адамдықтың белгiлерi қандай? Зерде, ырық, жүрек. Жетiлген адамда ойдың күшi, ырықтың күшi, сезiмнiң күшi бар. Ойлаудың күшi – танымның нұры, ырықтың күшi – мiнездiң қуаты, сезiмнiң қуаты – сүйiспеншiлiк. Зерде, сүйiспеншiлiк және ырықтың күшi – ол жетiлгендiк. Ырықта, ойлауда және сезiмде адамның ең биiк мәнi және өмiрiнiң мақсаты берiлген. Адам тану, сүю және тiлеу үшiн өмiр сүредi. Нағыз адам ол – ойлаушы, сүюшi адам", – дегенiн үнемi еске түседi. Бiз осында айтылған ұғымдардан тым алшақтап бара жатқан сияқтымыз. Әлде нарық бiздi осыған жетектеп әкетiп бара ма? Әлде капиталистiк қоғамның өмiр сүру формалары осындай ма екен?!

"Адамзатты махаббатпен жаратқан" (Абай), сондықтан адам баласына жүрек берiп, оған iзгi сезiмдер дарытқан, тура жолды көрсетiп, мейiрiм-шуағын төккен Алла Тағала, хадисте айтылғандай, "пендесiн, ананың өз перзентiн сүйгеннен артық жақсы көредi" делiнген. Сонда бiздiң ар жолынан адаспай, адамдық қасиетiмiзден алшақтамай ғұмыр кешуiмiз үшiн не қажет?! Өмiр бар жерде өлiм бар. Бес күндiк жалғанда адамды танып, адамды сүйiп, оның тiлеуi үшiн өмiр сүргенге не жетсiн?!

15 қыркүйек

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары