АРҚАДАҒЫ АҚЫН ТОЙЫ

АРҚАДАҒЫ АҚЫН ТОЙЫ

АРҚАДАҒЫ АҚЫН ТОЙЫ
ашық дереккөзі
229

Дауылпаз ақын Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ мерейтойы да өз мәресiне жеттi. Ақынның жүз жылдығы Сарыарқаның ғана емес, кең байтақ республикамыздың жыр сүйер қауымын бiр сiлкiнтiп, серпiлтiп тастағандай болды. Дүбiрлi тойдың естен кетпес сәттерi әлi талай әңгiме өзегiне айналары сөзсiз. Әдеби шараның алғашқы күнi биiктiгi – 4, тұғыртасымен 8 метрге жуық қолында жазу дәптерi бар ақынның қоладан құйылған мүсiн-ескерткiшiн ашудан басталды.<br> "Жобаны әкiмдiкпен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға сәйкес "Қазақмыс" корпорациясы қаржыландырды", – деп мәлiм еттi ескерткiштiң ашылу салтанатында облыс әкiмi Серiк Ахметов мырза. Ал қарағандылық мүсiншi, ескерткiш авторы Жеңiс Молдабаев ақын шығармаларын жақсы көретiндiктен, осындай мәңгiлiк бейнесiн жасау бiраз жылдар бойы арманы болғанын айтып ағынан жарылды.

Өзiмiз сырттай сүйсiнiп, әңгiмелерiн ыждағатпен тыңдайтын жаны жыршыл сенатор Қуаныш Сұлтанов:– Ақынның ескерткiшiн орнату идеясы негiзiнен оның 60 жылдық мерейтойында айтылған-ды. Дегенмен ол ойдың жүзеге асқандығы, алып тұлғаның, өз заманының ғана дарынды ақыны болмай, шығармаларының мән-мағынасын жоймай бүгiнгi күнге жетiп, осылайша жалпыхалықтық мереке ретiнде аталып өтуi, бұл – ұлттық бiрiгудiң, рухани мәдениетiмiздiң мәңгiлiк екенiнiң белгiсi,– деп шабыттана сөйлеуi, осынау игiлiктi шараның шоғын одан сайын қыздыра түскендей.– Бiз де Қасым шығармаларын оқып, жаттап өстiк. Дауылпаз ақынның өзi көзi тiрiсiнде-ақ аңыз ақынға айналған тұлға. Оның "Абдолла" поэмасы ( "Ақынның өлiмi туралы аңыз") – әлем классикасына енгiзуге болатын бiрегей туынды. Десек те бүгiн Қасым ақын миллиондаған оқырмандары арқылы қайта тiрiлiп, ортамызға қайта оралып отыр. Бұл дегенiңiз – басты байлық! – дейдi ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин.

Кезiнде өзi жазған жырларынан өз жаны күйген, әлдебiр топтың арандатуымен жазған-сызғандарының iзiнен шам алып түскен қайраткер ақын Қасым Аманжолов қазақ халқын жан-тәнiмен сүйгендiгiн дәлелдеп өткен. Шығармашылығынан ұлттық нышандар iздеген, өз туған ұлтының атын атап, түсiн түстетпеуге тырысқан қоғамның сол бiр қиянатшыл тұсынан аман өтсе де, халыққа мол мұра қалдырған дауылпаз ақын туралы "Қазақфильм" киностудиясының режиссерi Тiлеген Ахметовтiң деректi фильмi жиналғандардың жанын тебiренттi.

– Ақын Қасымның шығармашылығын зерттеп, оның өмiр жолын түсiру жарты жылға созылды. Аманжолов өмiр сүрген, оқыған, жұмыс iстеген орындардың бәрiн қамтуға тырыстық. Түсiру жұмыстары Санкт-Петерборда, Оралда, Семейде және өзiнiң туған жерi Қарқаралы аудандарында жүргiзiлдi, – дейдi Тiлеген Ахметов. – Бұл да ақын рухының алдындағы ұрпақ аманатындай едi.Иә, ақын:

"Бермесең бермей-ақ қой баспанаңды,<br>Сонда да тастамаймын астанамды, – деп жырлағанындай, бiз өмiр сүрiп отырған қоғамның қай кезеңiнде болса да, қазақ интеллигенциясы үшiн баспана мәселесi – оңай шешiлмейтiн мәселе болған. Қазiр де толық шешiмiн таба қоймағаны анық. Осы ретте Қасым ақынның Дариғасы, дауылпаз ақынның көзiнiң екi қарашығындай екi қызының үлкенi Дариға Аманжолова облыс әкiмiнiң қолынан пәтер кiлтiн алып тұрып, қандай күй кешкенiн iшiмiз жылап түсiнгендей болдық. Тойдың екiншi күнi облыс басшысы Серiк Ахметов той қонақтарын – әдебиет және өнер қайраткерлерiн қабылдай отырып, ақынның қыздары Дариға мен Жәнияға иықтарына қазақтың ұлттық қамзолын жауып, ерекше құрмет көрсеттi. Қала орталығынан екi бөлмелi екi пәтер кiлтiн табыстады.

– Өкiнiшке орай, әкемдi анамның әңгiмелерi арқылы ғана бiлемiн, ол өмiрден ерте кеттi ғой. Бiрақ әкем үшiн өте мақтанамын. Менiң мамандығым филолог, сондықтан әкем жазған шығармалардың толық библиографиясын жинауға тырыстым,– деп ағынан жарылған Дариға Қасымқызы Қарқаралы ауданындағы орталық мұражайға әкесi тұтынған, бiрнеше құнды заттарын тапсырды. Ақын тойына алыс-жақын шетелдерден де көптеген қонақтар келгенiн мақтана айтуға болар. Түркия, Иран, Әзербайжан, Өзбекстан, Татарстан, Башқұртстан елдерiнен келген әдебиет және ғылым қайраткерлерiнен құралған 200-ге тарта қонақтың болуы да бұл мерекенiң мерейiн асқақтатқаны сөзсiз.

Той Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттiк университетiнде "Қасым Аманжолов және жаңа дәуiр поэзиясы" ғылыми-тәжiрибелiк конференциясына жалғасып, онда "Қасым" әдеби журналының, ақынның жарық көрген кiтаптарының және шығармашылығы туралы сайттың тұсаукесерiне жалғасты.Сондай-ақ ақиық ақынның 100 жылдығына арналған ақындар айтысы мен әншiлер байқауының да жемiстi өткенiнен хабардар еткiмiз келедi. Әркез айтыстан бағы жанып жүрген қазақтың ақын қызы Айнұр Тұрсынбаева тағы да көлiкке ие болса, бiрiншi орын қарағандылық Мақсат Ақановқа бұйырды. Ал ән байқауына қатысқан 22 үмiткердiң 11-i екiншi кезеңге өтiп, бас жүлденi қарағандылық Сержан Мұсайын иеленсе, бiрiншi орынды астаналық Омарбек Қайыргелдi, екiншi орынды Медет Осатаев пен Құрмаш Ыбышевтар өзара бөлiстi.

Ең бастысы, жиналған тойшыл қауым облыс әкiмшiлiгiне, ұйымдастырушыларға ақын әруағы алдындағы ұрпақтың шексiз махаббаты мен оның шығармаларына деген адалдығын паш еткендерге шын риза болысты.

15 қыркүйек

Таңсұлу Алдабергенқызы

Серіктес жаңалықтары