Ұйғыр жазушысына ескерткiш тақта ашылды
Ұйғыр жазушысына ескерткiш тақта ашылды
Алматыда Қазақстанның халық жазушысы, ұйғыр әдебиетiнiң классигi, драматург Зия Сәмадидiң құрметiне ескерткiш тақта ашылды. Қаламгердiң есiмiн мәңгi есте қалдыру мақсатында ашылған ескерткiш тақта оның соңғы жылдары тұрған үйiне қойылды.
Ескерткiш тақтаның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ақын Сұлтан Қалиұлы: "Бүкiл әлем мәдениетiн әлемдiк ұлы мұхитқа теңесек, Қазақстан мәдениетi сол мұхиттың бiр бөлiгi. Ал ұйғыр мәдениетi сол теңiзге құйылып жатқан арналы өзендердiң бiрi. Бұл өзен Қазақстандағы ұйғыр әдебиетiнiң классигi, Қазақстанның халық жазушысы Зия Сәмади деген биiк шыңнан бастау алады. Ол елiмiздiң өсiп-өркендеуiне зор үлес қосқан, айтулы қаламгер.
Оның "Маймхан", "Тайна годов", "Ғани Батур" романдары, "Iле жағасында", "Бiр тартым темекi" және тағы да басқа повестерi мен түрлi шығармалары бүгiнде оқырманның сүйiспеншiлiгiне бөлендi. Елiмiздiң мақтанышы Хизмет Абдуллин, Жамал Босақов, Шайым Шаваев сынды жазушылар Зия Самади есiмiн пiр тұтып өссе, қазiргi уақытта Махмуд Абдрахманов, Ахметжан Ашири, Рахым Розиев, Абдуғопар Құтлықов сынды ұйғыр ақын-жазушылары Зия Самади жолын лайықты жалғастырып келедi", – деп атап өттi.
Зия Самади – Қазақстанның болашақ дамуын халықтардың достығы мен үйлесiмдi келiсiмiнде көре бiлген интернационал жазушы. Ол Қытай елiнде, ауыл мектебiнде мұғалiм, газет қызметкерi, кейiннен Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданында мәдениет министрi болып қызмет атқарған. Сол ауданда Жазушылар одағын құрып, тұңғыш рет Жазушылар одағының съезiн өткiзген болатын. Ол ақындық өнерiнiң арқасында "Раушан" атты пъесасын жазып, шетелдiк ұйғырлар драматургиясының негiзiн салды. Қаламгер сонымен қатар, ұйғыр халқының бостандығы жолындағы күрестiң басында жүрдi. Сол күрес жайында жазушының "Ахмет әпендi" кiтабында кеңiнен жазылған. Ашаршылық кезiнде шетел асқан жазушы кейiн алғашқылардың қатарында елге оралған едi.
Прозаик сондай-ақ, қазақ-ұйғыр мәдени байланысын нығайту жолында Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсiреповтiң шығармаларын шебер тәржiмалаған. Зия Ибадатұлының әдебиетке сiңiрген қажырлы еңбегi мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, ол "Еңбек Қызыл Ту" орденiмен марапатталды және қаламгерге "Қазақстанның халық жазушысы" атағы берiлдi. Бүгiнде Зия Самадидiң шығармалары үлкен сұранысқа ие.
Мемориалдық ескерткiш тақтаның ашылуына Астана мен Алматы қалаларының зиялы қауым өкiлдерi, қаламгерлер, мәдениет қайраткерлерi және жазушының туған-туыстары мен ұл-қыздары қатысты.