Президенттiк сайлаудан да маңызды сот реформасы

Президенттiк сайлаудан да маңызды сот реформасы

Президенттiк сайлаудан да маңызды сот реформасы
ашық дереккөзі
230

Қазақтың да, қырғыздың да тiлдiк қорында "қара қылды қақ жарған" деген тағылымды сөз бар. Бұл теңеу бұрын билерге қарата айтылып келген. Егер қазiргi заманның соттары қандай болуы керек деген сауалға бiр сөзбен жауап беру керек болса, олар қара қылды қақ жарған әдiл болуы керек деп айтар едiк. Сот жүйесiндегi әдiлетсiздiктер Қырғызстанда талайларды жүйкелетiп отырғаны ешкiмге жасырын емес. Өлкенiң алғашқы президентi Асқар Ақаев соттардың бiр жиналысында «соттардың 80 пайызына ел сенбейдi» деп ашық айтқан едi. Екiншi президент Құрманбек Бакиев те соттарды аяусыз сынаған. Қырғызстанның жаңа билiгi сот мәселесiн шындап қолға алды. Жоғарғы Кеңештiң депутаттары республиканың былтыр қабыл алынған жаңа Конституциясына сәйкес "Қырғыз Республикасының Соттарды таңдау бойынша кеңесi" атты Заңды жазып шығып, оған президент Роза Отынбаева осы жылдың 13 маусымында қол қойды. Сол күнi Қырғызстанда сот жүйесiнiң жаңа дәуiрi басталды десек болады. Ендi жергiлiктi соттың қатардағы қызметкерiнен бастап, Жоғарғы соттың төрағасына дейiнгi барлық соттарды қызмет орындарына Соттарды таңдау бойынша кеңес тағайындайды. Соттық құзыреттiктi анықтайтын Қырғыз Республикасының соты деген статусты енгiзу осы Кеңестiң құзырында. Соттарды таңдауда жұртшылықтың пiкiрi, шағым хаттар еске алынады. Кеңестiң құрамында, төрағасын қосқанда 24 адам бар. Оның 8-i Сот департаментiнiң соттарынан, 8-i парламенттегi көпшiлiк фракциясы және 8-i парламенттегi азшылық (оппозиция) фракциясы ұсыныстаған азаматтық қоғамдардың өкiлдерiнен құралады. Кеңес осы тәртiпте жасақталып, iске кiрiсiп те кеткен. Аталған Кеңес 15 шiлдеде Қырғыз Республикасының Жоғарғы сотының 35 қызмет орнына (төрағасы осылардың iшiнен сайланады), Жоғарғы соттың құрамындағы (тәуелсiз) Конституциялық палатаның 11 қызмет орнына ашық конкурс жариялағанды. Осы арада әдiл сот қызметкерлерiн таңдап алатын Кеңестiң 24 адамның iшiнен сайланған төрағасы Замирбек Базарбековтiң өмiрбаяны тексерiлiп, оның өзi "әдiл сотқа" лайықты болмай шықты. Ол сот департаментi арқылы келген болатын. Сөйтiп орнына парламенттiк фракциялар ұсынған азаматтық қоғамның өкiлi Шамарал Майчиев сайланды. Соттарды таңдау бойынша кеңес Жоғарғы сотта қызмет iстеуге талапкерлiгiн бiлдiрген үмiткерлердiң iшiнен 29 адамды iрiктеп алып, Қырғыз Республикасының президентiнiң қарауына жiберген болатын. 6 қызмет орны бос. Президент үмiткерлермен әңгiмелесiп, олардың 14-iн ғана iрiктеп, және заңнамаға сәйкес құжаттарын Жоғарғы Кеңештiң қарауына жөнелткен. Бiрақ парламенттiң сот және құқық мәселелерi бойынша комитетiнiң 12 қыркүйекке белгiленген отырысы кворумның жоқтығынан өтпей қалды. Жиналысқа комитеттiң 11 мүшесiнiң үшеуi ғана келген. Комитеттiң төрағасы Садыр Жапаровтың мәлiмдеуiнше, екi депутат нақты себептерiне байланысты сұранған, қалғандарының неге келмегенi белгiсiз. Садыр Жапаров "Кейбiр депутаттар сот реформасына әдейi кедергi жасауда, мен бұған жол бергiзбеймiн. Реформаны аяғына дейiн жеткiземiн", – дедi Жоғарғы сотта қызмет iстеу үшiн құжаттары қаралып жатқан үмiткерлерге.Шынын айту керек, сот реформасы Қырғызстанда үлкен қиыншылықпен басталып отыр. Соттарды таңдау бойынша кеңестiң соттарды жаңарту мақсатындағы алғашқы қадамын тұсалған аттың кейпiне салыстырсақ болады. Жергiлiктi сотта iстеу үшiн кем дегенде бес жылдық еңбек өтiлi, ал ендi Жоғарғы сотта iстеу үшiн он жылдық тәжiрибе талап етiлуде. Алғашқы екi президент айтқан, "80 пайыз сенiмсiз соттардың" арасынан таза адамдарды таңдап алу да оңай емес.Жоғарғы Кеңештiң күзгi науқандағы алғашқы сессиясында "Атажұрт" партиясынан депутат, сот және құқық мәселелерi бойынша комитет төрағасы Садыр Жапаров парламент мiнберiнен президент Роза Отынбаеваның Жоғарғы соттағы қызмет орындарына үмiткерлермен әңгiмелесуiн және соттарды таңдауын субъективтiк тұрғыда болды деп сынға алды. Сондай-ақ депутат мемлекет басшысын сот реформасына немқұрайды қарап отыр деп айыптады. Республикадағы кiрiсi ең мол мекеме – "Мегаком" ұялы байланыс операторы бойынша он айдан берi сот iсi үздiксiз жүрiп жатқаны мәлiм. Айтпақшы, депутат Садыр Жапаров 15 шiлдеде бұл мәселе бойынша Президентке кiрiп, өзi төрт ай бойы зерттеп, тауып шыққан "Мегакомның" (БиМоКом) сыбайластық кестесiн түсiндiрiп берiптi. 2003 жылы Айдар Ақаев "Пенвелл" атты фирма ашып, оны Айдар Қалиев деген досына тiркеттiрген. Бұл қазiргi "Мегаком". 2005 жылғы революцияға қарамай, Айдар Ақаев "БиМоКомды" 2006 жылға дейiн басқарып тұрған. Сол жылы ол Максим Бакиевпен Мәскеуде кездесiп, өзара уәделескен соң, компанияның 49 пайыз акциясын оған берiп, 51 пайызын өзi алып қалады. Максим "Форнтек" деген фирма ашып, онысын Алексей Ким деген досына басқартып қояды (А. Ким көп өтпей Шолпан ата қаласында қайтыс болды). 2008 жылы Қырғызстандағы билiк түгел дерлiк Максимнiң қолына өткенде, ол Айдар Ақаевты ысырып шығарып, барлық акцияны өзiне қаратып алған. Сосын "Алькантра" деген фирма ашып, оны Алексей Елисеевтiң атына тiркетедi. Сол жылы екеуi "Эрмен тоо" деген жабық акционерлiк қоғамды құрған. 2009 жылы оны қайтадан "Альфа-Телеком" деп өзгертiп, Алексей Елисеевке толық өткерiп, үстiнен өзi көз салып тұрған. 2010 жылдың 7 сәуiрiндегi революциядан кейiн Максимге тиiстi 49 пайыз акцияны мемлекет өзiне алды. Ал, Айдар Ақаевқа тиiстi 51 пайыз сол бойдан тұр. Садыр Жапаровтың болжамынша, оны Президент аппаратының жетекшiсi Емiл Қаптағаев бақылап отырғанға ұқсайды. Садыр Жапаров президентке сот органдары iстi соза бермей, компанияны тәркiлеу туралы қаулы шығарып, оны толық мемлекет меншiгiне алу керектiгiн айтқан. Президент депутаттың ұсынысын қарап шығуды Емiл Қаптағаевқа тапсырған. Садыр Жапаров мұны "қасқырға қой қайтартқанмен бiрдей" деп отыр. Депутаттың айтуынша, "Мегакомды" мемлекеттендiруден қазынаға 22 миллиард сом қаражат түседi екен. Сонымен бiрге, Садыр Жапаров Емiл Қаптағаевты "Мегакоммен" айналысқан соттарға қысым жасап жатыр деп айыптады. Қырғызстанда сот реформасының жүзеге асуына, билiкке тәуелсiз сот жүйесiнiң қалыптасуына қазiргi күнде "Қырғызстанның соттарын тазалау" қозғалысы, "Сот жүйесiн бақылау бойынша азаматтық кеңес" сияқты қоғамдық және үкiметтiк емес ұйымдар да белсене қолғабыс көрсетуде. Сондай ұйымдардың бiрiнiң мүшесi Бұрыл Макенбаева "Сот реформасы президенттiк сайлаудан да маңызды" деп мәлiмдеме жасады. "Өйткенi алты жылға бiр рет сайланатын Президенттер келедi, кетедi, ал ендi қоғамда сот арқылы шешiлетiн мәселелер әрдайым болып тұрады", — дейдi ол. Сайлау демекшi, президенттiкке үмiткерлердiң саны 83-тен 34-ке азайды. Олардың кейбiреулерi белгiленген мерзiмде сайлау қорын құрған жоқ, ендi бiреулерi 100 мың сом кепiлдiктi төлемедi, тағы бiреулерi 30 мың қолдаушының қолын жинап үлгермедi. Бiрнешеуi мемлекеттiк тiл сынағынан сүрiндi. Өкiнiшке қарай, олардың арасында орыс мектебiнде оқыған қандасымыз, Қырғызстанның жасылдар партиясы атынан бел буған Еркiн Бөлекбаев та бар. Үмiткерлердiң бәрi әлi қырғыз тiлiнен сынақ тапсырып бiткен жоқ. 25 қыркүйекте аламан бәйгеге кiмдердiң түскенi ресми түрде анық белгiлi болады және сол күннен бастап сайлаудың үгiт-насихат iстерi басталады.

Дегенмен жанама және көмескi түрде үгiт iстерi жүрiп жатыр. Орталық сайлау комиссиясы кейбiр бұқаралық ақпарат құралдарына бұл бойынша ескерту жасады. Бiраз күннен берi Бiшкектiң көшелерiнде мақал-мәтелдер iлiнген үлкен жарнамалар да пайда болды. Мысалы: "Бас ақыл үшiн, ақылман – ел үшiн", "Айла – алтау, ақыл – жетеу", "Дұшпанды АҚЫЛ жеңедi", "Жерi түгел жемiстi өлке, елi БҮТIН пейiштi өлке", "Шайқалсаң да төгiлмей, шашылсаң да бөлiнбей БҮТIН болғай Қырғызстан". Жұрт бұлардың "ақылы" үмiткер Ақылбек Жапаровтiкi, "бүтiнi" "Бүтiн Қырғызстан" партиясынан үмiткер Адахан Мадумаровтың жарнамалары деп айтуда. Тағы бiр "Заң және тәртiп", "Ұлттар арасындағы ынтымақ" деген ұрандар әр жерге iлiнген. Астына "Комиссар Катани" деп жазып қойған. Комиссар Катанидiң президенттiкке үмiткер, запастағы милиция генералы Өмiрбек Суваналиевтiң лақап аты екенiн әркiм-ақ бiледi. Былтыр парламенттiк сайлау алдында үгiт науқаны басталмай жатып, көшеде "Темiр қалқан" деген жарнамалар жайнап кеткен. Сөйтсек, бұл депутат болсам, бәрiңе темiр қалқан болам деп жүрген, қазiргi Жоғарғы Кеңештiң депутаты, "Ар Намыс" партиясының лидерi, бiр кездерi "Железный Феликс" деген атқа ие болған Феликс Кулов екен.

Бәрiнен де үмiткер, премьер-министр Алмазбек Атамбаевтың жолы болуда. 25 қыркүйекке дейiн ол қызметiн iстей бередi. Сосын 45 күнге уақытша отставкаға шығады. Премьер-министр соңғы кездерi ел арасын "қызметiне орай" тынымсыз аралап, халықтың көкейкестi мәселелерiне көңiлiн бұруда.

15 қыркүйекНазарбек БАЙЖIГIТОВ, "Түркiстанның" Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi

Серіктес жаңалықтары