ҚАРЖЫ ДАҒДАРЫСЫНЫҢ ҚАУПI ТАРҚАҒАН ЖОҚ
ҚАРЖЫ ДАҒДАРЫСЫНЫҢ ҚАУПI ТАРҚАҒАН ЖОҚ
Қазiр әлем жұрты экономикалық дағдарыстың екiншi толқынының қайта айналып келу қаупiнен сақтануда. Өткеннен сабақ алған кез келген Үкiмет қал-қадiрiнше iшiнара әрекет жасауы тиiс. Алайда қор биржаларындағы күн сайынғы құлдыраулар халықаралық қоғамдастықтың үрейiн ұшырып отыр.
Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмов экономикалық қаржы дағдарысының алдын-алуға байланысты шараларды үдете түсудi үнемi айтып келедi. Тiптi ол алпауыт елдердiң Қаржы министрлерi мен Үкiмет басшылары бас қосатын "Үлкен жиырмалық" сияқты алқалы жиындардың бұл мәселенi шешуде айтарлықтай сенiмдiлiк сыйлай алмайтындығын тiлге тиек еткен. 2011 жылғы наурызда Премьер-Министр Кәрiм Мәсiмов РБК телеарнасына (Ресей) берген сұхбатында: "Мен әлемде, кең тұрғыдан алғанда, дағдарыс тек ендi басталуда деп санаймын. Өйткенi дағдарыстың iргелi себептерi әлемде әлi жойылған жоқ. Қазiргi мәселелердi тудырып отырған ауытқушылықтардың шешiлуi әлi өте күрделi күйiнде қалуда. Әлемнiң iрi экономикасы, бiрiншi кезекте – АҚШ пен ЕО экономикаға ақша құйып, өздерiнiң зәрулiктерiн ұлғайтып алды. Ауру ақша құю "есiрткiсiне" тап болды. Сондықтан дағдарыстың нақты шешiмiн табуына әлi өте ерте. Бүгiнгi орын алып отырған құрылымдық түйткiлдер жайдан-жай шешiле салмайды. Менiңше, алда бiздi бұдан да күрделi кезеңдер күтiп тұр", – деп атап көрсеткен болатын.
Сондықтан да 2011 жылдың соңында немесе 2012 жылы жаһандық қаржылық дағдарыстың қайта оралуы қаупiмен күресуге мәжбүр болуымыз ықтимал. Бұдан соң Үкiмет экономикалық-әлеуметтiк жағдайға деген болжамды нақтылап, үшжылдық бюджеттi жасақтауға байланысты iс-шараларға кiрiсiп кеттi.
Үкiметтiң осы аптада болған отырысында бюджетке түзетулер енгiзiлдi. Ол үшiн әуелi басты макроэкономикалық көрсеткiштер нақтыланып, экономикалық нарықтағы құлдыраулар талқыға салынған болатын. Бiр айта кетерлiгi, 2011 жылға арналған республикалық бюджетте әлеуметтiк салаға үлкен басымдық берiлген. Қаржы министрi Болат Жәмiшевтiң пiкiрiнше, 40,8 млрд. көзделiп отырған қаржы әлеуметтiк төлемдер бойынша қаржыландыру ауқымын арттыруға, тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берiлген көлемi аясындағы қаржыландыруға, денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталмақшы. Сондай-ақ "Балапан" бағдарламасы аясында жаңа орындарды қолданысқа енгiзу мерзiмдерiнiң өзгеруiне байланысты мектепке дейiнгi балалар ұйымдарында мемлекеттiк тапсырысты орналастыруға, балабақшаларды салуға, Назарбаев Университетiн дамытуға да қаржы бөлiндi.
Айта кету керек, бюджеттi қайта қарау нәтижесiнде басымдықты бағыттарға 300,2 млрд. теңге қаржы қосымша бағытталып отыр. Бұл қаражаттың 183,3 миллиардын – қосымша түскен түсiмдер жапқан. Одан бөлек басқа салалардан 82,4 млрд. теңге алыныпты. Ал 34,6 млрд. теңгенi Үкiмет бюджет тапшылығын арттыру арқылы тапқан. Үкiмет республикалық бюджеттiң тапшылығын тұтастай алғанда, 730,4 млрд. теңге көлемiнде болжауда.
Үкiмет осы отырыста ағымдағы жылғы әлеуметтiк-экономикалық дамуының нақтыланған болжамының жобасын мақұлдады. Ел Үкiметi биылғы жылы Қазақстанның iшкi жалпы өнiмi 5 пайызға өседi деп болжаған. Ал 2011 жылы экономиканың өсуi 7 пайыз деңгейiнде болады деп отыр. Экономикалық даму және сауда министрi Қайрат Келiмбетов: "Экономиканың даму көрсеткiштерiне жасалған түзетулердi ескере отырып, мемлекеттiк бюджетке 270,2 млрд. теңге қосымша қаржы түседi. Және республикалық бюджетке қосымша 183,1 млрд. теңге құйылады", – деп атап өттi. Оның сөзiне қарағанда, Ұлттық қордағы кепiлдендiрiлген трансферт 1,2 трлн. теңге көлемiнде сақталып отыр. Болжанып отырған қосымша кiрiстi және дефициттiң артуын ескере отырып, мемлекеттiк бюджеттiң шығысы 304,7 млрд. теңгеге артуы мүмкiн ( 6 триллионға дейiн жетуi мүмкiн).
Экономикалық даму және сауда министрi Қайрат Келiмбетовтiң сөзiне қарағанда, 2011 жылы экономика өсiмi 7 пайыз деңгейiнде бағаланып отыр. Бұл көрсеткiш ақпан айындағы болжамнан 2 пайызға жоғары. Нақтыланған бағалау бойынша 2011 жылы өнеркәсiп өнiмiнiң көлемi 6 пайызға өседi. Сонымен қатар экспорт көлемi болжам бойынша 76,3 млрд. АҚШ долларын құрап, бұдан бұрынғы мақұлданған болжаммен салыстырғанда 17,2 млрд. АҚШ долларына жетедi.
Құрылыс саласында құрылыс жұмыстарының көлемi оң нәтиже беруде. Бұл 2010 жылға қарағанда, 102,5 пайызға өседi деп күтiлуде. "Бюджет-2011"-дi қайта қарауға негiз болған бес басымдық белгiлi. Министр Қайрат Келiмбетов бұлар қатарында – Индустрияландыру бағдарламасын, әлеуметтiк саланы жаңғыртуды, тұрғындардың өмiр сүру жағдайын жақсартуды, өсу нүктелерiн қалыптастыруды және мемлекеттiк қызмет сапасы мен мемлекеттiк функцияларды iске асыруды арттыруды атады.
Ал Мұнай және газ министрлiгiнiң мәлiметi бойынша, мұнай өндiрудiң биылға болжанған көлемi өзгерiссiз қалған. Қазақ жерiнiң қойнауынан 2011 жылы 81 миллион тонна "қара алтын" сыртқа шығарылады, осылайша 2010 жылға қарағанда 1,9 пайызға өсiрiледi деп күтiлуде. Алайда елiмiзде 4 айға созылған жанар-жағармай дағдарысының аяқталар түрi жоқ. Сарапшылардың жыл басындағы "Бензин бағасы шамамен 20 пайызға қымбаттайды" деген болжамы айна-қатесiз келейiн деп тұр. Бұған iрi компаниялардың үстiнен iс қозғалып, Үкiметтiң бағаны тұрақтандыруға тырысқан әрекетi де септiгiн тигiзер емес.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ