ЖАҢА ЖҮЙЕ жемқорлықты азайтады
ЖАҢА ЖҮЙЕ жемқорлықты азайтады
Елiмiзде сыбайлас жемқорлықпен күресу — мемлекеттiк саясаттың негiзгi басымдықтарының бiрi. Бүгiнде әлеуметтiк құбылыстың түрiне айналған жемқорлық дертi салық саласы жұмысына да айтарлықтай кедергi келтiруде. Мұндай жағымсыз жағдай салық қызметi органдарының соңынан сөз ергiзiп, салық төлеушiлердiң сенiмiн жоғалтатыны жасырын емес.
Елбасы Жолдауында айтылғандай, бүгiнгi салық жүйесiн Қазақстанның жаңа сатыдағы дамуының мiндеттерiмен сәйкестендiру қажет. Осы тұрғыдан алғанда жаңа "Салық кодексi" iскерлiк және инвестициялық климатты жақсартуға, экономиканы әртараптандыруға және елдiң бәсекеге қабiлеттiлiгiнiң тұрақты өсуiне жағдай жасауға тиiс. Сондай-ақ, бұл құжат шикiзаттық емес саланың, шағын және орта бизнестiң дамуын тежейтiн салықтық кедергiлердi жою, салық преференциялары мен салық жеңiлдiктерiн беру тәртiбiн жетiлдiру, экономиканың көлеңкелi саласын төмендету үшiн мүмкiндiк жасауға едәуiр ықпалын тигiзiп келедi.
Салық қызметi органдары салық төлеушiнiң сенiмдiлiк деңгейiн арттыру, мемлекеттiк қызметшiнiң жаңа формациядағы бейнесiн қалыптастыру сияқты стратегиялық мiндеттердi шешу үшiн үнемi сыбайлас жемқорлықтың тынысын тарылтуға, әр қызметкердiң санасына тиiстi мiндеттерiн адал атқаруды түсiндiруге тырысуда. Елiмiздегi мемлекеттiк органдар мен лауазымды тұлғалар Заңға сәйкес, өз құзыретi шегiнде сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргiзуге мiндеттi. Осыған орай, елiмiздiң Қаржы министрiнiң Салық комитетi сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша жалпы ұлттық бағдарламаны жүзеге асыруы мақсатында "Қазақстан Республикасы салық қызметi органдарында сыбайлас жемқорлықпен күрес стратегиясын" жасақтады. Стратегияның мақсаты — салық органдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-әрекет жүйесiн жетiлдiру, салыққа қатысты барлық салада жемқорлықты жою шараларын iске асыру. Осы тұрғыда Бостандық аудандық Салық басқармасында қызу жұмыстар жүргiзiлiп жатыр. Жемқорлықпен күрестiң бiр жолы — салық органдарының беделiн көтерiп, халықтың салықтық мәдениетiн арттыру емес пе?! Сол арқылы салық қызметi органдарының сыбайлас жемқорлыққа жол бермей, салық қызметiнiң жоғары тиiмдiлiгiне қол жеткiзуi жiтi қадағаланады. Бұдан басқа, республикамыздың қаржы-экономика саласында жемқорлықты болдырмауды мемлекеттiк қызметшiлердiң басшылыққа алып, қатаң түрде қадағалауы жөнiндегi 8 әдептiлiк нормалар үнемi басты назарда. Әуелi бiз бұл әдептiлiк пен тазалықты өзiмiзден бастауымыз керек. Өкiнiшке қарай, бүгiнгi таңда салық органдарында қызметкерлердiң пара алу фактiлерi қылаң берiп отырады. Кейде оған салық төлеушiлердiң салықтық мәдениетiнiң төмендiгi де сеп болуы мүмкiн. Ескеретiн бiр жайт — пара алғаны немесе бергенi үшiн, салық төлеушiлер және салық органы қызметкерлерi ҚР "Қылмыстық кодексiне" сәйкес жауапкершiлiкке тартылады. Алайда сыбайлас жемқорлықты тек қана мемлекеттiк және құқық қорғау органдарының күшiмен жеңу мүмкiн емес. Құқық қорғау органдары салық төлеушiлерге арнап жиiрек семинарлар өткiзсе құба-құп болар едi. Жегiқұртқа қарсы күрестi ақпарат құралдары арқылы оңтайлы жолға қою да тәжiрибеде бар дүние.
Бүгiнде елiмiздiң салық жүйесiнде оңды төңкерiс орын алуда. Салық жүйесiндегi кемшiн тұстар, нақтырақ айтсақ, бұрқыраған артық қағаздардан тұратын салықтық құжаттар ендi келмеске кеттi. Нәтижесiнде бақылаусыз кеткен бюрократизм мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тосқауыл қойылады. Бұдан былай құжаттардың барлығы автомат арқылы қабылданып, салық та автоматты жүйеде төленетiн болады. Бұл әсiресе салықтан бас алмайтын кәсiпкерлер үшiн таптырмайтын жүйе болып отыр. Сондықтан елiмiзге енгiзiлiп отырған жаңа жүйе әлемдiк тәжiрибеде сыналған, көп жылдар бойында нәтижесiн көрсеткен әкiмшiлiк жоба. Жаңа әкiмшiлiк реформа бойынша салық жүйесiндегi кешендi өзгерiстер 2014 жылға жоспарлануда. Автоматтандыру арқылы жемқорлықтың мөлшерi де азаяды. Кәсiпкерлер үшiн салықтық есептi өткiзуге қажет уақыт екi есеге, ал құжаттардың мөлшерi 56 пайызға кемiмек.
Мемлекеттiк органдар үшiн халықтың, қоғамның шынайы сенiмiне ие болудан артық мәртебе жоқ. ҚР Қаржы министрлiгi жаңа "Салық кодексiн" қолданысқа енгiзгелi берi шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдауға барынша күш салып келедi. Осы мақсатта мемлекеттiк қызметкерлер үшiн жеке табыс салығы және меншiк бойынша декларациясын тапсыру бойынша оқу семинарлары өткiзiлдi. Салық төлеушi өзiнiң виртуалды кабинетiне енiп, жылдам түрде өзi туралы ақпаратты және салық мекемелерiмен қарым-қатынасы жайында сақталған деректер қорына рұқсат алады. Ақпараттарды қабылдау және өңдеу орталықтары құжаттарды сақтау үшiн шкафтармен жабдықталды. Салық төлемгерiнiң назарына салық есептiлiктерiнiң тапсырылу мерзiмдерi жөнiндегi өзгерiстер туралы хабарламалар да жаңартылып тұрады. Сондай-ақ салық есептiлiгiн Салық комитетiне одан әрi өңделу үшiн электронды түрде толтыру және жапсыру мүмкiншiлiгi бар. Демек "Салық төлеушi кабинетi" web-қосымшасы Салық комитетiмен берiлетiн электронды қызметтердi кеңейту мақсатында жасалынып отыр. Салық төлеушi интернеттi пайдалана отырып, өңделу статустарын қарайды, меншiк және жер салығы салықтары сомасы туралы хабарлама, жеке бет шотын қарап, салыстыру актiсiн алады. Бұл салық төлеушiлердiң салықтық мәдениетiн қалыптастырып, пара беруге итермелейтiн факторларды азайтады.
Айтпақшы, жыл сайын дәстүрлi түрде өтетiн Салық форумы биыл да жалғасын тапты. Салық комитетiнiң төрағасы Дәулет Ерғожин келесi жылдан бастап салық жүйесiн реформалау аясында бiрқатар аймақтағы салық органдарын қысқартып, облыстарда аймақаралық кеңсе ашуды көздеп отырғанын тiлге тиек еттi.