Форумда – мемлекеттiк тiл мәселесi

Форумда – мемлекеттiк тiл мәселесi

Форумда – мемлекеттiк тiл мәселесi
ашық дереккөзі
200

Алматыда өткен Қазақстанның Үкiметтiк емес ұйымдарының VII Форумында мемлекеттiк тiлдiң бүгiнгi ахуалы, көше аттарын қазақшаландыру мәселесi, жемқорлықпен күрес және ұлттық құндылықтарымызды жандандыру секiлдi басқа да өзектi мәселелер сөз болды.

Алматы қаласының әкiмдiгiнiң ұйымдастыруымен елiмiздегi үкiметтiк емес ұйымдарының VII қалалық форумы өттi. Форум "Қазақстан Республикасының Тәуелсiздiгiне 20 жыл: ҮЕҰ-ның Алматы қаласының әлеуметтiк-экономикалық дамуындағы рөлi" тақырыбында өттi. Аталған шарада 2006-2011 жылдардағы Азаматтық қоғамды дамыту Тұжырымдамасын жүзеге асырудың қорытындылары, азаматтық қоғамның әрi қарай дамуының жаңа мүмкiндiктерi, мемлекеттiк органдар мен үкiметтiк емес ұйымдарының өзара әрiптестiк қарым-қатынастарын жетiлдiру және жақында Астана қаласында Елбасының ұйымдастыруымен өтетiн V Республикалық Азаматтық Форумға делегаттарды бекiтiп, үкiметтiк емес ұйымдарының дамуына кедергi болып отырған бiрқатар кемшiлiктердi айқындау. Ресми деректерге сүйенсек, 1990 жылдары қазақстандық үкiметтiк емес ұйымдарының саны небәрi 100-ге жуық болса, қазiр Алматы қаласында мыңдаған коммерциялық емес және үкiметтiк емес ұйымдар тiркелген. Ол жөнiнде Форум барысында Алматы қаласының әкiмi А.С.Есiмов: «Жиырма жылдың iшiнде үкiметтiк емес ұйымдар егемендi елiмiздiң есейiп, бүгiнде азаматтық қоғамның белсендi бөлiгiне айналды. Үкiметтiк емес ұйымдар мемлекет iсiне еркiн араласып, елiмiздiң әлеуметтiк-экономикасына белсендi ат салысуына ықпал еттi. 2005-2011 жылдары азаматтық саланы дамыту үшiн Алматы қаласының жергiлiктi бюджетiнен барлығы 510 млн. теңге бөлiнiп, жалпы жетi жыл аралығында 150-ден астам үкiметтiк емес ұйымдар, әлеуметтiк маңызы бар 298 жобаны iске қосты. Биылдың өзiнде қоғамдық ұйымдардың көмегiмен 70 миллион теңгенi қамтитын 36 жоба жүзеге асырылуда. Осы және басқа да жұмыстарымызды тағы бiр саралап алуымыздың маңызы зор", – дедi.

Сондай-ақ осы саланың даму барысына қысқаша тоқталып кеткен Мәдениет вице – министрi Ғазиз Телебаев: "Жалпы, бұл саланың дамуында мәселелер жоқ деп айтуға болмайды", – дейдi. Ол тек Алматы қаласында ғана емес, бүкiл республикадағы ұйымдардың дамуында бiраз кемшiлiктер барын атап көрсеттi. Сондай-ақ, дәл қазiргi таңда үкiметтiк емес ұйымдар саны – 6 мыңға жуық. Бiрақ соның iшiнде нақты жұмыс iстеп жатқаны аз. Әкiмдiктiң және Мәдениет министрлiгiнiң ақпараты бойынша, 500-дейi ғана белсендi жұмыс iстеуде. Мемлекеттiк тiл мәселесiн де Телебаев мырза назардан тыс қалдырмады: "Мемлекеттiк тiлге көшу" деген тек билiкке, мемлекеттiк органдарға ғана айтылған сөз емес, үкiметтiк емес ұйымдарға да қатысты болуы керек деп есептеймiн", – деп мәлiмдедi. "Ұлт тағдыры" қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы Дос Көшiм : "Астанада ұлттық ұйымдар мен мемлекет бiрiге отырып комиссия құрылып, "Ел бiрлiгi" Доктринасына өткен жылдың 25 сәуiрiнде қол қойылған. Ол жерге бiз, қоғамдық ұйымдардың бiрқатар өкiлдерi "Мемлекеттiк тiлдi бiлу – әр азаматтың мiндетi" деген сөздi кiргiздiк. Мемлекеттiк тiл мәселесi – мемлекеттiң мәселесi. Демек бiз, Алматыдағы қоғамдық ұйымдар баршамыз бiрiгiп осы мәселеге атсалысуымыз керек. Мониторинг – қоғамдық ұйымдардың басты мiндетi. Мәселен Алматыда 1990 жылдары 1864 көше болған. Соның тек 16%-ның ғана қазаққа, қазақтың тарихына, Алматыға қатысы бар екен. 84%-ның ешқандай қатысы жоқ. Мұндай астана дүниеде болмаған. Сол уақытта бiз 300 көшенiң атын жазып әкелiп бердiк. Соған сәйкес қаламыздың басты көшелерiнiң 12-сi ғана қазақшаланды. Ал бiз 300 көшенiң атын тамаша қылып әкелiп бердiк. Әлi күнге дейiн бұл проблема шешiмiн таппай келедi. Бұл да ҮЕҰ-ның негiзгi жұмыс iстейтiн бағыты болу керек"-дедi. Сондай-ақ, Форумға қатысқан үкiметтiк емес ұйымдардың жетекшiлерi де өз ойларымен бөлiстi.

15 қыркүйек

Маржан КЕҢЕСБАЙ

Серіктес жаңалықтары