NABUCCO: МҮДДЕЛЕР ҚАҚТЫҒЫСЫ
NABUCCO: МҮДДЕЛЕР ҚАҚТЫҒЫСЫ
Мемлекеттiк кiрiсiнiң 20 пайызын газ бен мұнай экспортынан тауып отырған Ресей еуропалық газ құбырының құрылысына кедергi жасауға тырысуда. Экономикалық және саяси тұрғыда орталықазиялық аймаққа қысым жасауға ұмтылған Кремль посткеңестiк кеңiстiкке тиесiлi көмiрсутегiлердi әлемдiк нарыққа тек өзi тасымалдауға және газ бен мұнайдың арқасында халықаралық саяси сахнада беделiн арттыруға мүдделi. Ал жыл сайын қыстың көзi қырауда Ресейдiң кесiрiнен жылу мен жарықсыз қалудан шаршаған кәрi құрлық энергоқордың тасымал жолдарын дербестендiрсем дейдi.
Кәрi құрлық көмiрсутегiлерге деген тәуелдiлiктен құтылудың жолын тез арада табуға мүдделi. Өткен аптада Еуропалық комиссия Түркiменстан және Әзiрбайжанмен транскаспийлiк газ құбырын (Nabucco) тартуға қатысты келiссөздер жүргiзуге Еуропалық Кеңестен ресми түрде рұхсат алды. Еурокеңестен берiлген ресми мандат келiссөздер барысында заңдық тұрғыда мiндеттер жүктейтiн құжаттарды қабылдауға мүмкiндiктер бермек. Оның үстiне, бұл мандат газ құбырына қатысты барлық келiсiмдердi Еуропалық Одақ деңгейiнде көтеруге, келiссөздер жүргiзуге негiз болады. Жалпы ұзындығы 3,3 мың шақырымға созылатын құбыр Түркия, Болгария, Румыния, Венгрияны басып өтiп, Австрияға тiрелмек. Жобаның басты қатысушыларының арасында үлес салмақтары 16,67 пайызға тең австриялық OMV, венгриялық MOL, болгариялық Bulgargaz, румыниялық Transgaz, түркиялық Botas пен немiстердiң RWE компаниялары бар. 8 млрд. долларға жуық қаржыны талап ететiн құбырдың жалпы сомасының 30 пайызы Nabucco Gaz Pipeline International акционерлерi тарапынан инвестицияланса, қалған 70 пайызы несиелер есебiнен төленбек. Бүгiнде iргетасы әлi қаланбаған құбыр құрылысына қатысты қордаланған қиындықтар көп. Жобаға жауапты австриялық OMV мұнай-газ концернiнiң басшысы Вернер Аули құбырға қажеттi энергоқорды Ирак пен Әзiрбайжаннан алуға мүдделi екендiктерiн айтқан болатын. Оның айтуынша, әзiрбайжандардың Шах-Дениз кен орны мен Ирактың солтүстiгiндегi кен орнынан өндiрiлетiн энергетикалық қордың көлемi Nabucco құбырын толтыруға жеткiлiктi көрiнедi. Әзiрбайжанның энергетика және өндiрiс министрi Натик Әлиев те апта басында Nabucco құбырына қажеттi қордың әзiрбайжандар жерiнен табылатынын айта келе, қазiргi сәтте Түркiменстан мен Әзiрбайжанның транскаспийлiк газ құбырына қатысты келiссөздердi бастап кеткенiн көлденең тартты. Еуроодақтың "Еуропа 2020" бағдарламасымен үндес келетiн жаңадан құрылған энергетикалық стратегиясында атом энергетикасынан бастап, энергияның тұрақты бастау көздерi, сондай-ақ көршiлес жатқан аймақтар мен шалғайдағы мемлекеттер қамтылған. Балтық теңiзiнiң түбi арқылы Ресейден Германияға дейiн тартылған "Солтүстiк ағын" газ құбырын iске қосқан бойда орыс газына тәуелдiлiгi арта түскен Батыс энергоқорларды тасымалдайтын қосымша жолдар табуды армандайды. Оның үстiне, Қара теңiздiң түбi арқылы Ресейден Еуропалық Одаққа қарай тартылатын "Оңтүстiк ағын" газ құбыры да Ресейдегi мемлекеттiк кәсiпорын – "Газпромның" әлемдiк мұнай мен газ нарығына монополия орнатуға жағдай жасайтыны анық. Брюссельдiң көмiрсутегi жолдарын дербестендiруге қатысты жобасын Кремль қатаң сынға алды. Ресей президентi Медведев: "Транскаспийлiк құбыр – Ашхабадтың өтiрiгi" десе, РФ энергетика министрлiгiнiң ресми өкiлi Александр Лукашевич теңiз түбiне қатысты мәселелердi тек теңiз жағалауына жақын орналасқан мемлекеттер ғана шеше алатынын айтты. Бұл мәлiмдеменiң астарында "Батыстық елдердi Орталық Азиядағы, яғни Каспийдегi көмiрсутегiлердiң маңайына да жақындатпаймыз" деген доқ жатыр.
Қазiргi кезде орталықазиялық мемлекеттердiң барлығы дерлiк мұнай мен газ тасымалын тек Ресей арқылы ғана емес, басқа да жолдармен жүзеге асыруға мүдделi. Әрi кәрi құрлық құлшынып отырған Nabucco – транскаспийлiк газ құбырының құрылысын бастауға ешқандай заң кедергi бола алмайды. Демек Мәскеудiң "Каспий жағалауындағы 5 мемлекет түгел келiсiмiн беруi тиiс" деген уәжi негiзсiз. Ол аз десеңiз, аталған 5 ел де (Қазақстан, Түркiменстан, Әзiрбайжан, Иран мен Ресей) бiр-бiрiнен рұхсат сұрамай-ақ, теңiз түбiндегi кен орындарын игеруге және оны дамытуға ендiгi бiлек сыбана кiрiсiп кеткен. Ал Nabucco газ құбыры орталықазиялық екi ел – Түркiменстан мен Әзiрбайжанды тiкелей байланыстыратындықтан, басқа елдердiң келiсiмi қажет емес. Сонымен қатар Ресей мен Иранның "Транскаспийлiк газ құбыры экологиялық тұрғыда тиiмсiз және халықаралық талаптарға сәйкес келмейдi" деген айыптауларына да Брюссель қыңқ етер емес. Керiсiнше, "Құбыр сапасын жақсартуды өздерiңнiң энергетикалық даму бағдарламаларыңнан бастаңдар. Сендердiң құбырларыңның көпшiлiгi халықаралық экологиялық талаптардан сүрiнедi", – дейдi.
Аталған құбырды тарту туралы бастама 90-жылдардың басында көтерiлгенмен, жүзеге асырыла алмай отырғанының тағы бiр себебi, ол кезде орталықазиялық кеңiстiктегi көмiрсутегiлер шоғырланған аймақты зерттеуде шетелдiк компаниялардың "әттеген-айлары" көп кездестi әрi олардың техникалық мүмкiндiктерi шектеулi болатын. Бүгiнде заманауи техника мен технологияның арқасында кәсiпорындар анағұрлым күрделi де ауқымды жобаларды жүзеге асыруға қауқарлы. Оның үстiне, осыдан он жыл бұрын Кремль жобаның жолын кесiп тастағанда, құбыр құрылысын салуға америкалық компаниялар көптеп тартылған едi. Қазiр керiсiнше, еуропалық кәсiпорындардың үлес салмағы басым. Бүгiнде "Көгiлдiр ағын" арқылы Қара теңiздiң түбiмен, батыстық нарыққа бағытталған құбырды салуға Түркия да келiсiп отыр. Ұлттық мүддесiн қорғауға келгенде менменшiлдiк пен өзiмшiлдiкке жиi салынатын Ресейдiң көңiлiн алаңдатқан да – осы. Кезiнде еуропалық ең iрi жобалардың бiрi – Nabucco құбырының орнына "Оңтүстiк ағынды" ұсынған Мәскеу Транскаспийлiк құбырдың құрылысына да балта шабуды көздейдi. Тасымал жолдарының тек Ресеймен шектелуi Қазақстан, Әзiрбайжан, Өзбекстан мен Түркiменстан сияқты көмiрсутегiлерге бай орталықазиялық елдер үшiн тiптi тиiмсiз.
Кеңестiк империя құрдымға кеткенде Ресеймен және басқа да КСРО құрамында болған 15 одақтас республикалармен тығыз қарым-қатынас орнатып, серiктестiк көрiгiн қыздырамыз деп үмiттенген және оған қалтқысыз сенген кәрi құрлық соңғы он жыл көлемiнде бастапқы ойынан қайтты. Әсiресе, қыстың көзi қырауда еуропалық тұтынушыларға бағытталған жылу мен жарықты үздiксiз өшiрiп тастауды әдетке айналдырған Ресейдiң әлемдiк саяси сахнаға үстемдiк етуге және халықаралық нарыққа монополия орнатуға ұмтылған "шолжаңдығын" батыстықтар кешiре алмайды. Тiптi КСРО кезiндегi қырғи-қабақ соғыстың кезеңiнде де кеңестiк басшылар газ саудасы мен энергетикалық серiктестiкке құрылған келiсiмдердi мүлтiксiз орындауға тырысатын. Ал бүгiнде мемлекеттiк кiрiсiнiң 20 пайызы газ бен мұнай экспортынан түсетiн Ресей сөзiн өткiзу үшiн келiсiмдердi бұзуға кетары емес. Әрi алдағы онжылдықта батыстық газ тұтыну деңгейi 50 пайызға дейiн артатынын ескерсек, Мәскеу Nabuccо құбырының құрылысына қарсы болары сөзсiз.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ