БIЛIММЕН – БИIКТЕРГЕ...

БIЛIММЕН – БИIКТЕРГЕ...

БIЛIММЕН – БИIКТЕРГЕ...
ашық дереккөзі
409

Қазақ жастары Гарвард, Оксфорд немесе Кэмбриджден сапалы бiлiм iздеп мұхит асатын әдетiнен келешекте арылуы әбден мүмкiн. Бәлкiм, керiсiнше алыс-жақын шетелден Қазақ елiне оқу аңсап келетiндер саны күрт көбейер? Қазiр қиял-ғажайыпқа ұқсаса да, "Назарбаев Университетi" алдына дәл осындай мақсатты қойғаны рас. Өйткенi бұл – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменi.

Елбасы халыққа былтырғы Жолдауында: "Бiлiм беру саласында айрықша басымдық Астанада қолға алынған қайталанбас жобалар – Жаңа Халықаралық университетке, "Арнайы қорға" және қазiр ойдағыдай жұмыс iстеп жатқан Интеллектуалды мектептерге берiледi. Олардың менiң атыммен аталуына келiсiмiмдi бердiм. Олардың отандық бiлiм беру жүйесiнiң маңдайалды жұлдызы болуына, заманауи оқыту бағдарламаларын сынақтан өткiзу және ендiру, одан соң республикаға тарату алаңқайына айналдыруға бар күшiмiздi салуымыз керек",– дедi.

Елбасының Жолдауынан кейiн төрт-бес айдан соң Астанада жаңа Назарбаев университетi ашылды. Былтыр бұл оқу ордасы 500 студенттi оқуға қабылдады. Байқау барысында бiр орынға алты адамнан келгенi мәлiм болды. "Жүзден – жүйрiк…" шыққандар қазақ, орыс және ағылшын тiлдерiне бiрдей жетiк, орта мектептi жақсы көрсеткiшпен бiтiрген талапты жастар едi.

"…Сiздер елiмiздегi бiлiм беру мәселесi ұдайы менiң жiтi қадағалауымда екенiн бiлесiздер. Бұл мәселенi мен бұдан былай да үнемi назарымда ұстаймын. Бүгiнде Назарбаев университетi мен Интеллектуалды мектептер – Қазақстанның ХХI ғасырдағы инновациялық-технологиялық өрлеуiнiң басты салалары", – дедi Президент Назарбаев Университетiнiң Жоғарғы қамқоршылар кеңесiнiң мүшелерiне қаратып.

Алғашқы жылы бұл университет тек бакалавр жүйесi бойынша студент қабылдаса, бұдан былай магистратура, санаулы жылдардан соң PhD дәрежесiн алуға үмiттiлердi де оқытуға дайын болмақ.

Назарбаев университетiнде әлемдiк деңгейдегi профессорлар мен ғалым-зерттеушiлер дәрiс оқиды. Бүгiнде Интеллектуалды мектепте оқып жүрген жасөспiрiмдер келешекте осы университетте тереңдете бiлiм алады. Алдағы төрт-бес жылда инновациялық бiлiм кешенiнiң алдына қойылған басты мақсаттар жүзеге асырылуы шарт. Оның iшiнде Назарбаев Университетiнiң Еуразиядағы маңдайалды бiлiм ордасына айналып, әлемде өзiн мойындатуы – жақын межелердiң бiрi ғана. Екiншiден, бұл оқу орны Қазақстандағы бiлiм мен ғылым жүйесiнiң дамуындағы сапалы өзгерiстердiң алдыңғы шебiнде тұруы тиiс. Үшiншiден, бұл университет қазақстандық инновациялар мен жаңа технологиялардың басты генераторына айналуы керек. Төртiншiден, отандық экономиканың, бiлiм мен ғылымның, медицина мен басқару жүйесiнiң көшбасшыларын дайындайтын ұлттық орталық бола алуы тиiс.

Алдағы уақытта Назарбаев Университетi президенттiк "Болашақ" бағдарламасымен бiрге ұлттық кадр жасақтауда негiзгi жауапкершiлiктi алуы керек. Бүгiнге дейiн "Болашақ" бағдарламасы бойынша 3300-ден астам маман шетелдiң озық университеттерiнде оқып, диплом алды. Қазiргi таңда 2700-дей студент әлемдiк университеттерде бiлiм алуда.

Биылдан бастап, "Болашақ" бағдарламасы аясында студенттердi бакалавриат жүйесi бойынша шет елдерге оқуға жiберу тоқтатылғаны белгiлi. Шетелдiк озық стандарттарға сай бакалавр мамандарын даярлау мiндетi ендi Назарбаев Университетiне жүктелдi. Өйткенi республикадағы басқа жоғарғы оқу орындарымен салыстырғанда, шетелдегi атақты ғалым-профессорларды дәрiс оқуға шақыруға, әлемнiң беделдi оқу орындарымен тәжiрибе алмасуға, ғылыми жобаларды жүзеге асыруға бұл бiлiм ордасының материалдық-қаржылық қауқары жеткiлiктi.

Бүгiнге дейiн Назарбаев Университетi мен Интеллектуалды мектептердi ашуға жалпы шамасы 50 миллиард теңге жұмсалған екен. Ендi тағы 70 миллиард теңгенi осы мақсатқа жұмсау жоспарланған. Назарбаев Университетiнiң Жоғарғы қамқоршылар кеңесiнiң алғашқы отырысында "Мен университет үлкен аумақ пен жерге ие болуы үшiн барымды салдым… Сондықтан да университеттiң дамуы үшiн жер де, мүмкiндiктерi де жетерлiк", – дедi Президент.

Ал "Болашақ" бағдарламасы әзiрге магистратура мен PhD дәрежесiн алу үшiн докторантурада бiлiмiн ұштауға талапты жастарды шетелде оқытумен айналыспақ. Дегенмен бұл да уақытша шара екенi анық, өйткенi Назарбаев Университетiнiң негiзiнде бiлiктi мамандарды өзiмiзде дайындауға көшу қажеттiгi сөзсiз.

Бұл университет инновациялық бiлiм берудiң үздiгi ғана емес, оның үлгiсi болуға лайық саналуы тиiс. Президент осы университеттегi оқыту жүйесiн, оның жаңалықтары мен жетiстiктер тәжiрибесiн бiртiндеп басқа оқу ордаларына енгiзудi Үкiметке мықтап тапсырды.

Назарбаев университетiнiң алдында тұрған маңызды межелердiң бiрi – 2020 жылы әлемнiң озық университеттерiнiң тiзiмiн түзетiн Шанхай рейтингiсiне ену. Бұл тiзiмде жыл сайын әлемдегi ең үздiк университеттердiң рейтингiсi анықталады. Әдетте, америкалық және еуропалық университеттер бұл тiзiмде ешкiмге алдын берiп көрген емес. Бұл тiзiмге енудi ресейлiк университеттер де мақтан санайды. Биыл Мәскеу мемлекеттiк университетiнiң осы тiзiмдегi 77-орынға iлiгуi ресейлiк ақпарат құралдары үшiн "сүйiншiлететiн" хабар болғаны да әмбеге аян.

Елбасы Назарбаев университетiнiң жас ұрпақ үшiн маңызын ерекше атап өттi. "Биыл желтоқсан айында бiз тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығын атап өтемiз. Бұл университет – бiздiң буынның қазақстандықтардың қазiргi және келесi ұрпақтарына жасалған сыйы, тартуы", – дедi Президент.

Назарбаев Университетiнiң болашағына Президент үлкен сенiммен қарайды. "Ол бiз құрып жатқан болашақтың инновациялық экономикасына қажеттi жаңа кадрлар бесiгiне айналуы тиiс. Университет технологиялық қарқынға және Қазақстанның ХХI ғасырдағы рухани дамуына елеулi үлес қосуға бағытталады. Бұдан былай осы университеттiң қабырғасында бiздiң елiмiздiң интеллектуалды келешегiнiң тағдыры шешiлмек. Бiзге қазiргi таңда жоғарғы технологиялар, ғылыммен қабысқан өндiрiс, жаңа материалдар салаларындағы мамандар ауадай қажет. Мұндай бәсекелессiз ғаламдық әлемде теке-тiреске шыдау мүмкiн емес. Бiз алдыңғы шептегiлердiң соңынан шаң қауып қалғымыз келмейдi, олармен үзеңгiлес болғымыз келедi", – дедi ол.

Алдағы уақытта елiмiзде Назарбаев университетi деңгейiнде тағы екi-үш зерттеу университетiн ашу жоспарланған. Бiлiм және ғылым министрi Бақытжан Жұмағұлов тамыз айында өткен интернет-конференцияда былай дедi: "Астанада ашылған Назарбаев университетi әуелден-ақ әлемдiк деңгейдегi ғылыми және бiлiм беру орталығы ретiнде ойластырылды. Оның үстiне, зерттеу университеттерiнiң құрылуы арқылы ғылыми кадрлардың қартаюы мәселесi оң шешiмiн табады, ғылымға талантты жастардың келуiне жол ашылады".

Назарбаев Университетi болашақта жергiлiктi ғана емес, шетелдерден де студенттер қабылдауға ұмтылады. Елбасы өз сөзiнде Орталық Азия, Ресейден келетiн студенттердi оқытуға болар едi деген ой айтты. Бұл үшiн оқу ордасының халықаралық имиджiн қалыптастыру керек. Қазiргi заманғы университеттерге тән сипат – Электронды университет жүйесiн қалыптастыра алу. Назарбаев Университетiнiң ебедейсiз сайтын Елбасы сынға алған соң, бұл оқу ордасы да, жер-жердегi Интеллектуалды мектептер де сапалы электронды нұсқасын жасауды қолға алды.

Гарвард пен Оксфорд сияқты оқу ордалары бүгiнгi беделiн бiр емес, жүз жылдықта қалыптастырды емес пе? "Кәсiби маман мен сауатты маман – бұл университет дайындап шығаратын инновациялық тұлғаның бiр қыры ғана. Екiншi қыры – патриотизм, асқақ рух пен азаматтық жауапкершiлiк, әлеуметтiк дайындық пен белсендiлiк", – дейдi Президент. Инновациялық тұлғалар тәрбиелеп шығара алса, Назарбаев Университетiнiң атауы әлемдiк рейтингтерден көрiнер күнi алыс емес.

22.09.2011

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары