Несiпбек ДӘУТАЙҰЛЫ, жазушы: ТҮЙСIКТЕ БIР ҚОҢЫРАУ ТҰРУ КЕРЕК

Несiпбек ДӘУТАЙҰЛЫ, жазушы: ТҮЙСIКТЕ БIР ҚОҢЫРАУ ТҰРУ КЕРЕК

Несiпбек ДӘУТАЙҰЛЫ, жазушы:  ТҮЙСIКТЕ БIР ҚОҢЫРАУ ТҰРУ КЕРЕК
ашық дереккөзі
200

Белгiлi қаламгер, «Алаш» әдеби сыйлығының иегерi Несiпбек Дәутайұлы «Жамбыл» атты журнал шығарып, қаламы мен қағазын өмiрiне серiк етiп келедi. Қаламынан туған шығармалары республикалық басылымдардың бетiнде жиi жарияланып тұратын қаламгердiң ұлттық мәселелерден де қағажу қалған кезi жоқ. Өзiндiк айтар ойы, өзiндiк пiкiрi бар қаламгердi жұртшылық та турашылдығы үшiн, әдiлдiктi бетке айтар шыншыл көзқарасы үшiн де ерекше бағалайды. Қаламгердiң бүгiнгi ой-пiкiрi де ұлт төңiрегiнде, әдебиет төңiрегiнде өрбiген едi.

– Биыл Қазақстанның тәуелсiздiк алғанына 20 жыл толып отыр. Қоғам қайраткерi ретiнде өзiңiз Алаштың арманы болған дербестiгiмiздiң iргетасын қалап, шаңырағын тiктеуге ат салыстыңыз. Тәуелсiздiктiң жиырма жылдығы биiгiнен көз салғанда мемлекетшiл санамыз қуаттанды ма? Алда қандай мұраттардың төбесi көрiнедi? Өз ойыңыз.

– Ең керегi – ел, жер, тәуелсiздiк. Құдайға шүкiр, тәуелсiздiктiң жиырма жылдығын тойлағалы отырмыз. Елi мен жерi бар ұлт қана тәуелсiздiктi аңсайды. Мәселен саны қырық миллиондай күрд ұлтының (қазақтан үш еседен астам көп) жерi жоқ. Тiптен Түркияны басқарған Озалдың өзi – күрд өкiлi екен. Соның өзi күрдтерге жер әпере алмады. Өйткенi ата-бабасының таңбалап қалдырған жерi жоқ. Бiзге тәуелсiздiк аспаннан салбырап, жайдан жай орнай салмады. Ол – ғасырлар бойы жалғасқан күрестiң жемiсi. Тарихымызда небiр ұлы күрестер, ұлы батыр тұлғалар өттi, олардың ұлы мақсаттары болды. Егер Абылай хан аттанбағанда, қазiргi Кеген, Нарынқол, Iленiң солтүстiк жағалауы, Балқаштың тұмсығынан бастап Алматы, Шудың етегiнен Қордайға дейiнгi жерде қырғыздар отыратын едi. Бұл жерге Еуропаның екi мемлекетi сыйып кетедi. Егер Кенесары аттанбағанда, Меркi мен Қордайда қырғыз, Тараз бен Созақта сарт отыратын едi. Ал тәуелсiздiктiң басын сонау түкпiрден тартып қарасақ, ол оңайлықпен келмегенiн көресiз. Бiз ата-бабаның дәстүрiн, ерлiк дәстүрiн, даланың даналығы мен қаһармандығының шыққан тегiн тауып алып, соған жалғанбасақ, үзеңгi қағыспасақ, ештеңе жасай алмаймыз. Менiңше, Жанқожа батырдың ұлт-азаттық көтерiлiсi, Сырым Датұлының ұлт-азаттық қозғалысы, Жайық пен Жемнен өтiп, жауға кетiп қалған батыстың жерiн қайтарып алған Қасым хан, қалмақты Алтай асырып қуалаған Есiм ханның қаһармандығы, Кеңес үкiметi кезiнде Степлагтағы көтерiлiс, Темiртаудағы жұмысшылардың қозғалысы, т.б. толып жатқан бас көтерулер, кейiнгiсi Желтоқсандағы қазақ жастарының көтерiлiсi – тәуелсiздiктiң тарихи шежiресi. Тәуелсiздiк – тарихи даналық пен қаһармандықтың шежiресi. Осы жиырма жылында көп шаруа тындырылды. Ендi соған ие болып қалу – бiз бен өскелең ұрпаққа сын. Бүгiнгi ұрпақ ұлттың дұшпандары кiм екенiн бiлмесе, ата-бабасының даналығын еске алмаса, қаһармандығын көз алдына елестетпесе, соларды бойына сiңiрiп өспесе, тәуелсiздiктiң қадiрiне жетуi неғайбыл. Тәуелсiздiгiң болуы өз алдына, бiрақ соның қадiрiне жету деген – басқа әңгiме. Қадiрiне жету үшiн қадiрiне жеткендердi үлгi етiп, жалғастырып әкету керек.

– Бiзде ұлттық идеология қалыптасқан ба?

– Черчилл: «Бiздегi демократияның өзi де оңып тұрған жоқ, бiрақ оны алмастыратын да ештеңе жоқ» деген. Сол айтқандай, бiзде демократия дегендi естiп алды да, әркiм өзi бiледi екенге ерiп, бетiмен кеттi. Конституциямызда Қазақстанда тұратын байырғы халық пен онымен қатар өмiр сүрiп жатқандардың бiрлiк одағын құру деп көрсетiлген. Демек «қазақстандық ұлт» идеясы деген әуел баста Конституцияның өзiнде бар. Оған шулап, бiраз жерге дейiн бардық қой. Егер қазақ өзiнiң айналасындағы халықтармен қатар өмiр сүрiп, олардың амандығын асқан жауапкершiлiкпен мойнына алмаса, соларды өзiнiң мақсатына жұмылдыра бiлмесе, қазақ қайда барады? Жұмысшы табы жөндi қалыптаспаған, мамандарымыз жоқ. Мiне, Президентiмiз, басқа да Конституциямызды жасаған ақылды азаматтарымыз осыны о баста әдейi көрсеттi. Осыдан келiп қазақстандық ұлт идеясы өрбидi. Үш тұғырлы тiл дегенде де даулап, заулап қоя бердi. Артынша бәрi басылды. Ағылшынша бiлмесек болмайды екен деп шықты.

1993 жылы Конституциямызда демократиялық парламенттiк-президенттiк құрылым деп көрсетiлдi. Сөйтсе, бiз айтып отырған демократия, парламенттiк жүйе аққу, шортан һәм шаян болып, жан-жаққа тартты. Содан 1995 жылы конституцияны өзгертуге тура келдi. Басқа отыз шақты унитарлы елдiң тәжiрибесiне сүйене келе, елдiң есiн жинау үшiн бiр тұлғаның – президенттiң өкiлеттiлiгi қажет болды. Бұл елiмiзге инвестицияның келуiне де қолайлы едi. 1996 жылы-ақ АҚШ-тан инвестиция түстi. Сөйтiп бiз мемлекеттi көтере алдық. Бiз жалғыз емеспiз, құр айғаймен ештеңе шешiлмейдi, әлемдiк тәжiрибенi ескермесек, оған сүйенбесек болмайды. Iшкi ахуалымыз бен сыртқы жағдайымызды бағамдап отыру керек. Солардың арасынан жол тауып, өз туған елiңдi қақтырмай, соқтырмай алып жүру деген – ұлттық идеология. Әлемдiк кеңiстiкте, өз жерiңде қазақ екенiңдi дәлелде. Оны дәлелдеу үшiн ата-бабаларыңнан келе жатқан бүкiл ұлы дәстүрлерiңе жақында, оларды жаныңа жақындат. Бiз өзiмiздiң байырғы жерiмiзде тұрмыз, барлық жауапкершiлiктi өзiмiзге алуымыз керек. «Қазақ» сөзiне «стан» жалғанып тұр. Шетелге барып, орыс немесе немiс «қазақстандықпын» деп тұрса, мақтаныш емес пе? Ол қазақпын демей-ақ қойсын. Ресейде тұратын екi миллиондай қазағымыздың өзi «ресейлiкпiз» дейдi. Менiңше, бiздiң президенттiң және осы конституцияны жасауға қатысқандардың терең ойлағаны деп есептеймiн.

Екiншiден айтарым, ваххабизм деген бұзық, шатақ дiн айрандай ұйып отырған ұлтымызды iрiтiп, шiрiту үшiн келiп, лаңын салып жатыр. Кесiрлi ағым – құпия сыртқы күштердiң көшпендi арабтарды арандатуымен ойлап шығарылған саяси доктрина. Мекке мен Мәдинада ойран салып, Таиф қаласын қанға бояған. Олар арабтарды қанаушы мен қаналушы топқа бөлген. Бұл жағынан келгенде коммунистерге ұқсайды. Тоталитарлығы коммунистерден де асып түседi. Менiң бiлуiмше, Қазақстанда төрт мыңдай дiни ұйым болса, оның екi жарым мыңы ислам ұйымдары. Мiне, осы орайда ұлттық идеологияның орны ерекше маңызды. Бiздiң таңдау жолымыз ата-бабаның ұстанып келе жатқан дiнiне, дәстүрiне түседi. Саясаттың да, дiннiң де, өнердiң де т.б. негiзiнде ұлттық салт-дәстүр тұруы керек. Бабамыздың айқын жолын Президентiмiз де айшықтап айтты. Оны iлiп алып iлгерi дамыту – мемлекеттiк институттар мен бiздiң жұмысымыз. Ата-бабадан келе жатқан дәстүрлердiң ұлы көшiнде күннiң сәулесi тұрады. Бабаларымыз сол сәуле көбiрек түсетiн жағында жүрген, соған бiр-бiрлерiн жетелеуге ұмтылған. Ал бiз қайтемiз? Сәуледе түгелiмен өзiм жатып алсам дейдi. «Өзiм-өзiм» дегенге iзгiлiк жұға ма? Ұлттық идеология үшiн әрқайсысымыздың iзгiлiгiмiз керек. Басқасы уақытымен реттеле бередi.

– Несаға, қалай дегенде де шын әдебиет адамға тазаруға көмектеседi деген бар. Ал әдебиетiмiз сол жүрiсiнен жаңылып қалған жоқ па?

– Жаңа айтып кеткендерiмнiң бәрi әдебиетте болуы керек. Әдебиет, саясат, ғылым да – өнер, нанын жеп, суын табу да – өнер. Осының барлығы ұлттың эпопеясын жасайды. Қазiр елiмiзде мың шақты жазушы болса, солар қоңырқай, сұрқайылау тiрлiктi сiлкiндiрiп, оятып, қопарып тастайтындай болуы керек. Бiздiң әдебиет, жазушы мен ақын қоғамға келер бәледен алдын ала ескертетiн, қатерлi құбылыстан сақтандыратын болуы керек. Қазiргi кезде әдебиеттiң бұл функциясы өте кемшiн түсiп отыр. Жазушы өзiнше лағып, қоғам өмiрiнен тыс өмiр сүрмегенi абзал.

– Елбасымыз үнемi Қожа Ахмет Ясауидiң жолына табан тiреуiмiз керек деп айтып келедi. Ал мына жақта жихадшыл топ елдi дүрлiктiрiп, атысып-шабысады, қазақтар қазақтарға қарсы оқ атып, қаза болып жатады. Бұл көрiнiстерден қайшылық байқамайсыз ба?

– Қатерлi дiни ағымдардың әрекетiн әшкерелеп, халықтың санасына жеткiзу керек, сосын халық өзi таңдау жасайды. Ваххабиттер неден ұтып отыр? Қисапсыз ағылып жатқан қып-қызыл ақшамен халықты алдайды, сөйтiп жүрегiн алады. Қазiр қаншама жастарымыз жүрегiн берiп қойды. Ендi оның жүрегi қазақ деп соқпайды, алдамшы ағымдардың сойылын соғып, көзi қанталап тұратын болады. Күш пен ақша жүрген жерде бәле шығады. Сол ақшаның үдесiнен шығу үшiн жарғақ құлағын жастыққа тигiзбей, екi аяғы мен аузына дамыл бермейдi. Бiрде театрдағы жиынымызға бiздiң өңiрдiң суын iшiп өскен сақалды серкесi келiп қапты, келгеннен зарлады, бiзге қоқысын төккiсi бар. Мен: «Әй, келдiң бе, тыныш отыр. Сен не заулап зарлайсың. Өмiрдiң, тiрлiктiң мәнiн бiз де бiлетiн шығармыз. Сен қоя тұр», – деп тыйып тастадым. Елде осындай тойтарыстар болмай жатыр. Тойтарыс болмағасын олар бетiмен кетiп, емiн-еркiн улы уағызын насихаттап жүр. Бiздiң рухымыз әлсiреп кеткен ғой. Жетпiс жылда тектiнiң көзiн құртып, тентiретiп жiбердi. Шынын айтқанда, содан құлдық психология қалды, сосын әрнәрседен үркектiк пайда болды.

Бiздiң ауылда Ағыбай деген шынашақтай шал болды. Тұқымдарынан сәбет үкiметiнен көп-көрiм қорлық көрген, ол өзi сәбеттермен өлгенше соғысып өттi. Бiр кiсiмен шөп шабуға бара жатқанда жолшыбай Ағыбайға ұшырастық, жанында баласы бар. Таудан тас тасып, қора жасап жатыр екен. Ата-бабасының ескi қыстауының орны болса керек. Сәлем-сауқат сұрасқаннан соң, қасымдағы кiсi: «Ағыбай, жаныңды қинап, тас тасып, не iстеп жатсың, оның керегi не?», – дедi. Сонда ол: «Құдайдың берген жанын Құдайдың өзiне қинап берейiн деп жатырмын», – дедi. Не деген тектiлiк! Сол сияқты бiзде тектiлiк, бекзаттық, ақсүйектiк болмай тұр.

Бiз идеология саласын ақсатып алдық. Оның басында мықты, жүректi, батыл адам отыру керек. Елiмiздегi дiни ахуалды сараптап, газет, журналдарға жазып, оның қоғамда талқылануын қадағалауды тиiстi органдар қолға алғаны дұрыс. Ол халыққа жат дiндердiң пиғылын тануға көмектеседi. Бiрақ қазiр бұқарамыз бiзден алыс қалды, яғни бас пен кеуде екi бөлек кеттi. Ақылды бастар бiр жақта тұр, денсаулығы мықты, бiрақ ақылы аздау, қазiр естiгенiн қазiр ұмытып қалатын жұрт та пайда болды. Тамағы тоқ, көйлегi көк, өмiрге не үшiн келдiм, маған не болып жатыр, күн қайда, көлеңке қайда дегенмен iсi жоқ. Әйтеуiр томпаң-томпаң етiп, кетiп бара жатқаны. Данышпан Лев Толстойдың: «Қанша кiтап жазсаң да, өмiр өз жолымен жүредi» дегенi рас екен.

– Мұныңыз түңiлу, дәрменсiздiк емес пе?

– Жоқ. Кейде балконнан қарап отырып, осы жарық өмiр керек пе деп ойлайсың. Бiрақ соларға ерегiсiп өмiр сүру керек. Ваххабиттер нағыз қылмыскерлер деп санаймын. Кейде өлгiң келмейтiнi, осындай қылмыскерлерге ерегiсесiң. Бәленiң бәрi де осы әсiре дiншiлдерден шығып жатыр. Мұсылман болудың мәнiсi осы екен деп, улы уағызға елiтiп, улы ақшаға дертiп, «анау болмайды», «мынау ширк» деп қазақтан құбыжық жасағысы келедi. Сақал өсiрсе, хиджап кисе мұсылман болып кете ме? Ал ол адамның кiм екенiн бiлмейсiң ғой, өзi де бiлмейдi. Сырты бүтiн, iшi түтiн деген бар емес пе? Адам өзiн-өзi танымайтын болса, содан түк шықпайды. Жан ауруының бiрiншi кiрiспесi: өзiн-өзi тану. «Мен кiммiн?» деген ұлы сауалды үнемi өзiне қою керек. Құдайға қаншалықты жақындадым деп, өмiр бақи осы ұлы сауалды iздеумен өту керек. Құдайға жету, жақындау деген қолтықтасып кету деген сөз емес қой. Құдайға жету деген сөз – сол имандылықты тану, соны iздеу. Құдайға жақын жолды iздеу, сол сәулеге қарай жүру. Сол кезде бiз дұрыс өмiр сүремiз деп ойлаймын. Құдай бiр жақта, өзiң бiр жақта. Әйтпесе, Құдай деген жүректе тұрған өшпейтiн ұлы дауыс, үнемi қоңыраулап тұрады. Құдайға жақындау деген ең болмаса соны естiп отыруымыз ғой. Сонда бiздiң жақсылығымыз болатын шығар. Бiр қоңырау тұру керек, жүректе, құлақта, түйсiкте.

– Осындай қалыптасқан жағдайда жауапкершiлiк жүгiн кiм арқалайды? Тығырықтан қалай шығамыз?

– Мемлекет, қазақстандықтардың мүддесiнен қарайтын болсақ, жоғарыда айтқандарымыздың оң екенiне көзiмiз жетедi. Бiрақ ол шаруаны тек билiктiң немесе жекелеген отансүйгiш азаматтардың мойнына артып қоюға болмайды. Онда кешеуiлдеп қаламыз. Әрбiрiмiз сол жауапкершiлiктi алуымыз керек. Әрине, ықпалды органдардың қуатты қолдауы, қарқынды жұмысынсыз ештеңе өнбейдi. Билiк халыққа, халық билiкке сол үшiн керек. Екеуi бiрлесiп, жүктi бiрдей тартатын, бiр арбаға жегiлген арғымақтар сияқты болады. Оған естияр азаматтар, интеллигенция қосылып, халықтың санасына жеткiзу керек. Бiздiң қазақ өзiн тануы шарт, оған бiз ықпал етуiмiз керек. Қазақты сырттан келiп жатқан әсiре дiншiлдер ел қылмайды. Олардың мақсаты – қазақты ыдыратып, мұнайы мен басқа да байлығына ие болу. Бiз өзiмiзге оралуымыз керек. Бiз өз iшiмiзге жағатын, ата-бабамыз егiп кеткен рухани егiнiнiң жемiсiн жеуiмiз керек. Ештеңенi қиратпай-ақ қояйық, тып-тыныш ата-бабамыздан қалған мұраға, дiнге, дiлге ие болайық. Оған оралу әр жеке адамның жұмысы деп қарау керек. Соның жауапкершiлiгiн жеке өзiнен сұрап, сондайға дейiн жеткiзу керек.

Билiк бұқараға, бұқара билiкке бүкiл жауапкершiлiктi итере берсе, ешқашан оңбаймыз. Жетпiс жыл тарихи жадымыздан айырып, оңдыртпай тентiретiп, сансыратып, ақыл-есiмiзден адастырды. Екiншi, капиталистiк нарықтық экономика келген кезде бағытымызды, ойлау бағытымызды жоғалтып алдық. Нарықтық экономиканың не екенiн де бiлмедiк. Көп нәрсенi бiлмегендiк осындай мәселелерге ұрындырып отыр. Өзiмiздi қажап, қайрап, шешiлмеген түйiннiң жауабын бiреуден емес, өзiмiзден iздеуiмiз керек. Қазақтың осындайға душар болғанына мен кiнәлiмiн дейтiн жан ауыратын күйде болсақ, болашағымыз болады. Осы сөйлеп отырғанның өзiнде мен не айтып жатырмын деп есеп алу керек қой.

– Қоғамымызды керi сүйрейтiн басқа қандай дерттердi атап айтар едiңiз?

– Қазақтың құрып тұрған жерi бар, қазақтың тұлғасы өзiнен өзгеге қолын соқпайды, қуанбайды. Қазақ өзiнен өзгеге қуанып, «менен озды» деп қолын соғатын болса, «кейiнгi буын бiзден озуы тиiс» деп ойлайтын болса, елiмiз озық болар едi. Кейбiр жазушы ағаларымыз, әрiптестерiмiз бабамыздың бiр асыл мұрасын тауып алса, «басқалар жаңалық ашып қоя ма» деп, тықпыштап өледi. «Мен-мен», «өзiм» деген адам тас мола құсап өзiмен-өзi қалады. Бiздiң кеңiрек қарайтын «объектiлерiмiз» болады. Абай дедiк пе, Абайға қатып қалдық. Мұқағали десек, Мұқағалидан айрылмаймыз. Ол – асыл мұраларымыз, өзi өлсе де ұлттың жадынан өшпейтiн тұлғалар, бiрақ сол жерде қатып қалуға болмайды ғой. Сол жерде қатып қалған ел өспей қалады. Керiсiнше, жетпеген жерiн толықтырып, iздеп табу керек. Ұлтқа ортақ «объектiлердi» жерге, жүзге немесе руға телiп, меншiктеуге болмайды.

Сосын айналамызда қанша халық тұрса, соның iшiнде қазақ қайтiп өмiр сүру керек деген сауалды қою керек. Сонымен қатар, қазақ өз iшiндегi тәртiптi реттеп алу керек. Рушылдық, жiкшiлдiк, ағайынгершiлiк, сыбайластық, т.б. дерттердi ретке келтiру керек. Содан кейiн «бiздiкi» дегенге үйрену керек. Абай да бiздiкi, Шәкәрiм, Жамбыл, Мұхтар да бiздiкi деп. Келесi ұрпақ осыны iлiп әкетуi керек. Жамбылдың түгенше ақыны, Маңғыстаудың бәленше жазушысы десе, Құдай ұрған деген сөз. Аудандық, облыстық ақын жазушылар бар шығар, бiрақ қазақ мойындаған тұлға – бiздiкi болуы тиiс.

– Бiрлiк қайткенде қолға келедi деп ойлайсыз?

– Тарихымызды зерделеп отырып, бiр нәрсеге таң қаламын. Мысалы «жау Түркiстанды алды» дегенде ұлан-байтақ даланың түкпiр-түкпiрiндегi қазақ азаматы бiр уақытта атқа қонып, бiр жерге бiрiге қалады. Я болмаса бiр тас қазақтың шекесiне жазықсыз тисе, ойланбай жан-жақтан жетiп келедi. Қайдан бiлдi, қалай ақпарат жеттi? Шет-шегi жоқ далада шашырап күн кешiп жатқан қазақтың бiрлiгi қалай берiк болған? Менiңше, ешкiм бiлмейтiн, ешкiмнiң ойында жоқ осы үш жүздi бiрiктiрiп жататын қылта, төте жол бар деп ойлаймын. Ешкiм айтқан жоқ, ешкiмнiң ойында жоқ, бiрақ жетiп келедi. Осындай қасиет бiздiң географиялық жағдайымызда әбден болуы мүмкiн. Олар неге жетiп келе салады? Жалпы халық бiле бермейтiн қасиеттi адамдар осыны бiлген. Сол қасиеттiң ұшын тауып, жабысып айрылмасақ деймiн.

– Аға, батырлықты қалай түсiнесiз? Бұрынғы майданда сыналатын жаугершiлiк заман өттi ғой, қазiргi кездiң батыры қандай болуы керек?

– Батырлық деген атқа қонып, қолға найза алып, бiреудi түйреу емес, соғысу, шабу емес. Менiңше, әдiлдiктен асқан батырлық жоқ. Әдiл болу екiнiң бiрiнiң қолынан келе бермейдi. Екiншiден, батырлық – мiнез. Көркем мiнез, тектi мiнез, ер мiнез, мiне осы керек. Қай заманда да осыларды бойына сiңiрген адам – батыр. Қазақ: «Жауды жеңген жарты батыр, өзiн жеңген бүтiн батыр» демей ме? Бүтiн батыр болу үшiн мiнезiңдi жөнге сал дегенi. Әдiл, әрi мiнездi адамнан көп ерлiк күтуге болады.

Қазiргi заманда мемлекет тағдырына қатысты жауапкершiлiктi өзiне ала бiлген, сол жолда жан алып, жанын бере бiлген тұлға – батыр. Кремльдiң қаһары қара аспанды төңкерiп тұрғанда Мәскеудiң саяси мiнбесiнен Михаил Горбачевтiң көзiн бақырайтып қойып, айдай әлемнiң алдында: «Қазақстан Мәскеудiң ендi айыл тартпасы бола алмайды» деген Нұрсұлтан Назарбаевтың ерлiгiн қай қазақ жасай алар едi?! Тоқсаныншы жылдардың басында тәуелсiз елiмiздегi шегiне жеткен күйзелiс, дағдарыс бәрiмiзге белгiлi. Бұдан шығудың жалғыз жолы, шешiмi батыл заңдар едi. Ал ол заңдарды қабылдауға Парламенттiң ақыл-ойы да, ерiк-жiгерi де жетпедi. Сонда 194 – заңға Нұрсұлтан Назарбаевтың өзi қол қойып жiберген жоқ па? Мұндай батылдыққа өзге бiреу бара алар ма едi, бiлмеймiн. Мәселе, сол шешiмнiң артында асқан жауапкершiлiк тұрды. Мысалы Иосиф Сталиннiң өзi күрделi мемлекеттiк шешiм қабылдауда алдымен оған саяси бюро мүшелерiнiң қолын қойдырып алған ғой.

Батырлықтың алды – жеңiс. Ал жеңiстi қамтамасыз ететiн – кемел көрегендiк, сөзсiз сенiм. Осылармен бетпе-бет қалатын айнымас мақсат. Сiрә, батырлық жарық дүниеге жалпақ жұрттың тiлегi үшiн келiп, жан-дүниесiнде жарқ-жұрқ найзағай ойнап, намыстан жарқырайтын шығар.

Сосын талантты адам батыр болады. Ондай болмаса, Олжас Сүлейменов «АЗиЯ» кiтабымен орыс зиялы қауымының аузын артына қаратып жiберер ме едi? «Сiздi тура 25 жыл күттiм!» деп ата сақалы аузына бiткен ақсақал жазушы алдында бәйпектеген Колбинге Жұбан Молдағалиев: «Балалардың қанға боялып жатқанын көргенше, қан майданда өлiп кеткенiм артық едi» демеп пе едi қаны тамған Кремльдiң қылышынан қаймықпай. Тiзе берсек, осындай батыр тұлғалар қазақта көп. Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова тағы басқалар.

Ал ендi батырлықтың құйысқанына қисынсыз жерден қыстырылып, батыр көрiнiп жүргендер қаншама?! Жауы жоқ заманда ана жерден бiр, мына жерден бiр жұлқынып, алдыңа көлденең жатып алады. «Мен!», «Мен!» деп өзiн-өзi қайраткер, ең әдiл, асқан қамқоршы жасаудың технологиясын игерiп алған бұлар қазақты қарадай қараң қалдырып, бас салып билiкке тас лақтырып, күл шашып шат-шәлекей жүр. Қоғамның, халықтың көңiл-күйiмен ойнайтын осындайлардан абай болу ауадай қажет. Ессiз «қайраткер» ел бұзады.

– Сiздiң «Батыр» атты әңгiмеңiздiң бас кейiпкерiнен Маңғыстауда өткен атақты Сүйiнғара батырдың бейнесiн таныдық. Осы турасында айта кетсеңiз?

– Сүйiнғара – қазақтың батысында туған азаматтықтың, ерлiктiң, мәрттiктiң, тектiлiктiң көлденең ұстасаң да, көтерiп ұстасаң да көкте ойнап тұратын көксүңгiсi.

Мен осы жампоз туралы бiраз әңгiме айта аламын. Бiрақ мына шағын сұхбаттың ол қай жерiне сияды. Бiр ғана нәрсе. Бiз кеден деген ұғымды бүгiн ғана бiлiп отырмыз ғой. Ал ол бұл тәртiптi Үстiрт үстiнде заманында-ақ орнатқан. Бәрiн айтпай, бiрiн айтқанның өзiнде оның заманынан асып туғаны емей, немене? Дұрыс байқағансың, «Батыр» әңгiмесiнiң кейiпкерi – сол айтулы Сүйiнғараның өзi!

– Отаншылдық туралы сан-саққа жүгiртiп жүрмiз. Бiр түйiнге келер уақыт жеткен жоқ па?

– Отаншылдықты бiр сөзбен түйiндеп айту оңай емес. Тiптi, қазiргi әкiмдердiң бәрiн бiр қалыпқа салып қарауға болмайды. Жамбыл облысының бұрынғы әкiмi Серiк Үмбетов қазақы, ата-баба, әруақ, қасиет дегенге қатты қарайтын. Ал қазiргi Қанат Бозымбаев – патриот адам. Бұл орысша оқыған. Бiрақ бiзде бiр қателiк бар, қазақшасы нашарды ит терiсiн басына қаптауға дайын тұрамыз. Айналайын, қазақша сайрап тұрған мен отаншылмын ба, әлде орысша оқыған Бозымбаев отаншыл ма? Сұрақты осылай қою керек. Әңгiме тiлде емес, пейiлде. Орысша оқыған талай азаматты бiлемiн, қазақ дегенде, көбiсiнiң пейiлi бiздiң көбiмiзден таза. Бiрiншi кезекте тiлiнiң сайрағаны емес, жан дүниесiнiң Отаным, елiм деп ауырғаны керек. Осындай жан ауруы болмаса ұлт оңбайды. Жаны ауыратын, жаны ауыра бiлетiн ұрпақ қана болашақтың кепiлi. Мен осылай түсiнемiн.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Сұхбаттасқан

Дәурен СЕЙIТЖАНҰЛЫ

08. 09. 2011 ж.

Серіктес жаңалықтары