ЖАЙЫҚ ПЕН АРҚАҒА ТЕЛ ЖАЙСАҢ АҚЫН

ЖАЙЫҚ ПЕН АРҚАҒА ТЕЛ ЖАЙСАҢ АҚЫН

ЖАЙЫҚ ПЕН АРҚАҒА ТЕЛ ЖАЙСАҢ АҚЫН
ашық дереккөзі
230

"Дейсiңдер-ау, Қасымның несi Қасым,

Қасым солай болмаса, несi Қасым?" деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырға қосқан Қасым Аманжоловтың поэзиясы қазақ әдебиетiне өзiндiк леппен, өзiндiк сарынмен келдi. Қасым поэзиясындағы өршiл рух, Қасым поэзиясындағы өзгеше от-жалын, Қасым поэзиясындағы қайсарлық қазақ әдебиетiн жаңа бiр деңгейге алып шықты. Алаш ардақтыларының қуғын-сүргiнге ұшырауы қазақ поэзиясына, қазақ әдебиетiне iркiлiс алып келген шақта, әдебиеттiң көгiне жарқырап Қасым Аманжолов шыққан едi. Қасым поэзиясы қазақ жастарын рухтандырып қана қоймай, қазақ әдебиетiнiң өркендеп өсуiне өзiндiк үлесiн де қосты.

Қазақ поэзиясының көшiн ғана алға сүйреп қойған жоқ. Әлемге, әлем әдебиетiне өзiнiң "қазақтың баласы екендiгiн" танытқан Қасым ақын әдебиетшiл жастарға жолбастаушы болды. Қарқаралыда туып, Арқаның топырағында ақын болған Қасым аманжоловтың поэзия көгiне шығуына әсер еткен тағы бiр дүние, оның жастық жырларының, махаббат лирикаларының өмiрге келуiне септiгiн тигiзген Орал өңiрi едi. Арқа мен Оралды тең көрген ақын жастық шағының белгiлi бiр бөлiгiн Жайықтың жағасында өткiзiптi. Шағанға ғашық болып, Жайықты жырына арқау еткен ақын сүйген жары Сақыпжамалды да Оралда кездестiредi. Қазақ поэзиясының алыптарының бiрiне айналған Қасым Аманжоловтың жүз жылдық мерейтойы қарсаңында оралдықтар да сырт қалған жоқ. Ақын жүрген көшеге есiмiн берiп, тұрған үйiне ескерткiш тақтасын iлдi. Оралдан арнайы Алматыға ат арытып жеткен, қазақтың белгiлi ақын қыздарының бiрi Ақұштап Бақтыгереева ақын тойына өзiндiк үлесiн қосып жатқан оралдықтардың ыстық ықыласын ала келiптi.

Ақын туралы ақынның айтар жылы лебiзi, сыршыл әңгiмесi аз емес. 60-жылдары әдебиетке келген ақындардың көбi Қасым поэзиясымен сусындап өстi. Қасым поэзиясы жыр жазуларына себепкер болды. Ақұштап ақын да Қасым жырларымен өсiп, Қасым жырларымен бойжеткенiн жасырмайды. Ең бастысы, Оралды сүйген, Жайыққа ғашық болған, Шағанды өлеңiне қосқан ақынның Орал үшiн де қымбат екендiгiн айтады Ақұштап ақын. Алыстан келген Ақұштап Бақтыгерееваға ақын тойы қарсаңында бiз де бiрер сауал тастадық.

– Қасым ақынның ғұмырының жартысы Оралда өткенiн бiлемiз. Ақын Оралға барғанында неше жаста едi?

– Қасым ақын жастық шағын соғысқа дейiн Оралда өткiзген. Жергiлiктi газетте жұмыс iстеген, Оралдың жоғары оқу орнында бiлiм алған, студенттiк жылдарын осында өткiзген. Ақынның жастық өлеңдерi, махаббат жырлары, яғни жалынды жырларының бәрiн Оралда жазған. Оның Оралда көп достары да болды. Оралда Сақыпжамалмен танысқан. Кейiнiрек ғашық болған Сақыпжамалына үйленген. Қасымның өмiрiнде Оралдың қалдырған iзi бөлек. Шағанның бойы, Жайықтың жағасы оның өлеңдерiне, жырларына арқау болған, шығармашылығының өзегiне айналған. Сол өзiнiң жүрген көшесiне, яғни үйi тұрған көшеге егемендiктiң арқасында осыдан бес-алты жыл бұрын Қасым Аманжоловтың атын бердiк. Өмiрiне арқау болған, өмiрiнiң өзегiне айналған, өзi тұрған, өзi жүрген көшесi ақын есiмiмен аталады бүгiнде. Сондықтан Қасымның жүз жылдық тойы – бұл жалпы қазақтың тойы, жалпы әдебиеттiң тойы деп айтқым келедi. Қасымның тойы – поэзияның тойы. Қасым соғысқа кетерде де Оралды жырлап кеткен.

"Қош болшы ендi Оралым,

Күле бер, шалқып сайранда.

Айтпақшы қайда бораның,

Кетейiн алып майданға" деп жырлаған ол Оралмен өзiнiң туған жерiндей, өзiнiң туған анасындай қоштасып кеткен.

Ақын Қарқаралыда туды. Бiрақ ерте жетiм қалған. Әкеден ерте айрылған. Балалық шағын еске алып жырлаған бұл жырлары бiзге үлкен әсерiн тигiздi.

– Қарқаралыда туған ақынның Оралда өсуiне белгiлi бiр себептер болған ба?

– Ақынның Оралға қалай келгенiн бiлмеймiн?. Мүмкiн, Оралға оқуға келiп, сол жерде жұмыс iстеп қалып қойған да шығар. Тағдырдың айдауымен Оралда болғанын, жастық шағының осында өткенiн жақсы бiлемiз. Оралдағы жергiлiктi газетте қызмет атқарған. Тағдыр деген осы. Оралда жүрiп, өзiнiң туған жерi Қарқаралысына көп бара да алмаған. Арасында соғыс басталып кеттi. Соғыстан келгеннен кейiн ақындардың көбi Алматыға келдi. Қасым ақын да Алматыда тұрды. Мұнда да Қасымның тұрмысы мәз болмаған. "Бермесең, бермей-ақ қой баспанаңды, сонда да тастамаймын астанамды, өлеңнiң отын жағып жылытармын, үйдегi әйелiм мен жас баламды" дейтiн жырлары осында туған. Соғыстан кейiнгi өмiрi Алматыда өттi. Қасым ақынды өзiм көзбен көргем жоқпын. Көзi көрген ақындарды көрдiм, ақын туралы әңгiмелерiн естiдiм. Сақыпжамал әжемiздi көрдiм. Әбу Сәрсенбаев деген ақынмен жақсы жолдас болған. Сол кiсiнiң үйiнде Сақыпжамал әжемiздi кездестiрдiм. Дариғаны көрдiм. "Дариға, сол қыз" деген өлеңi бар. Қызының атын солай Дариға деп атаған. Келешекте екiншi туған анасындай болған, туған жерiндей болған Оралда ақынның шығармалар жинағын шығаруымыз қажет, яғни Жайықта Қасымның кiтабы шығу керек деп ойлаймын, тойы тойлану керек деп ойлаймын. Ескерткiшi тұрса тiптi жақсы болар едi. Оралдың көшелерiнде Қасымның суретi, жырлары iлулi тұр. Өзi оқыған оқу орнының студенттерi Қасым жырларын жатқа оқиды. Мiне, Оралдың ақынға деген құрметi осындай!

– Ақұштап ақынға Қасым ақынның поэзиясы қаншалықты ықпал еттi?

– Қасым поэзиясын жатқа бiлдiк. Қасым өлеңдерiмен бойжеттiк. Қасым поэзиясына ғашық болдық. Әсiресе, "Ақсәулем, аспанменен таласасың", "Дариға, сол қыз" деген өлеңдерiн, әндерiн естiп-оқып, жаттап өстiк. Оның өлеңдерiнен-ақ отты, ойлы, ерекше ақын болғанын бiлемiз. "Абдолла" поэмасы сол өзiмен бiрге соғысқа кеткен Абдолла ақынға арнап жазған дастаны. Қасым ақынның өлеңдерiнен сол кезеңдерге тән от-жалын, ерекше леп, өршiлдiк есiп тұрады. Бiреулер жайлы табиғат, бiреулер жайлы өмiр туралы жазды. Бiз оларды да оқыдық. Бiреулер сылдырлаған лирика жазды. Оны да оқыдық. Ал Қасым поэзиясындағы от, лапылдаған ерекше жалын, өмiрге құштарлық деймiз бе, әйтеуiр ақынның ешкiмге ұқсамайтын өзiндiк дауысы болды. Мектепте де оқыдық, жырларын да жаттадық. Өмiрде де пайдаландық. Қасым жырлары өмiр сүруiмiзге үлкен септiгiн тигiзген поэзияның үлкен шыңы болды.

Гүлзина БЕКТАСОВА
08. 09. 2011 ж.

Серіктес жаңалықтары