ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ

ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ

ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ
ашық дереккөзі
1950
"Өкiнбен менде бiр күн өлемiн деп, Өкiнем ұқсата алмай келемiн деп Күнiне жүз ойланып, мың толғанам, Өзiммен бiрге өлмесiн өлеңiм", – жырлаған Қасым ақынның өлеңi де, өзi де өлген жоқ. Өзi өлеңiмен, өлеңi өзiмен бiрге жасап келедi. Қасым Аманжоловтың сыршыл, лептi, табиғи лирикасы қазақ қауымының жүрегiнiң түкпiрiнен шындап орын алды. Сонау 1975 жылы Қасым Аманжоловтың дүниеден озғанына жиырма жыл толғанда белгiлi қаламгер, сыншы Тәкен Әлiмқұлов "Қасым Аманжолов" деп аталатын сүбелi еңбегiн жазған екен. Ақынның жүз жылдық мерейтойы қарсаңында Тәкен Әлiмқұловтың аталмыш мақаласынан үзiндi берудi жөн көрген едiк. Көрнектi ақындарымыздың бiрi Қасым Аманжоловтың үлкен бiр қасиетi – сол, ылғи жүрегiнiң қалауымен ғана жазды. Бiрақ оның жүрегi, Михаил Шолоховша айтқанда, халыққа, партияға, үкiметке шексiз берiлген жүрек едi. Сондықтан да оның шығармалары отаншыл болды. Қасымның махаббат лирикасы, тұтас алғанда, оқушының көңiлiне қонатын, жанына жағатын, асыл қасиетке баулитын лирика. Махаббатқа берiктiк, шексiз iңкәрлiк, тату-достық, рухани фактiк – Қасым лирикасының лейтмотивi. Әрине, сүйiспеншiлiк мәселесiнде албырт жас ақынның оқыс айтқан пiкiрi, аяғын шалыс-шалдуар басқан жерi жоқ емес. Бiрақ бұл оның жалпы лирикасына сондайлық мiн бола алмайды. Екiншi бiр ескеретiн жай, ақынның махаббат туралы өлеңдерi көп болғандықтан, ол көрiнген шырайлы қыз-келiншекке ғашық бола берген екен деген ұғым тумасын. Оның өлеңдерi түгелге жуық Марфуға деген қызға және кейiн қосылған зайыбы Сәпенге арналған. Әр кезде әртүрлi сүйiншi, күйiнi шi, қызғаныш, сағыныш сезiмi билеген ақын бiр ғашығына әлденеше өлең шығарған. Пушкин мен Лермонтовтан бастап Блок пен Маяковскийге шейiн, солардан бүгiн Константин Симоновқа шейiн көптеген орыс ақындарының махаббат жайындағы жырлары белгiлi ғашықтарына арналғанын бiлемiз. Сондай жай бiздiң Абайда да, Сұлтанмахмұт Торайғыровта да бар. Ендеше, осындай дәстүрлi жатырқауымыз мақұл болар ма едi? Қасымның бұл қарайлас өлеңдерi көзiнiң тiрi кезiнде жарияланбаған. Жарияланбауы орынды ма, орынсыз ба, ол өз алдына мәселе. Ал, бiрақ өзi өлгеннен кейiн жарық көруi, әдеби мұрасына қосылуы әбден орынды. Ақынның көзi тiрiсiнде кiшiпейiлдiкке симайтындай көрiнетiн кей жайлардың кейiн мұрасына жарасып кететiн шағы болады. Қасымның ғашықтық жырлары сондай мұраға жатады. Ләйлi мен Мәжнүн, Фархат пен Шырын, Ромео мен Джульетта, Қозы мен Баян, "Евгений Онегин" туралы аңыздарды құмарта тыңдайтын халқымыз бүгiнгi бақытты төл жастарының ғашықтық дастандарын, жырларын оқығысы келедi. Совет адамының ұлылығы бiр жақты көрiнбей, жан-жақты көрiнсiн деймiз. Моральдың тазалығы, махаббаттың берiктiгi, сезiмнiң тереңдiгi Қасым поэзиясынан мол табылады. Мұндай поэзия оқушының жүрегiне игi қасиет дарытады, көңiлдiң санасын оятады. 1940 жылғы жазған "Орамал" атты романсында махаббат берiктiгi тамаша суреттеледi. Майданға кетiп бара жатқан жауынгерге сүйген жары орамал ұсынады. Айрылмасқа серттескем, Айғағым бұл орамал; Орамалға тiлесең, Жүрегiмдi орап ал! Кiршiксiз ақ орамал, Көз жасыммен жуғанмын; Жаным сендiк – қабыл ал, Бiр сен үшiн туғанмын. Жүрегi адал, жаны сұлу адамның ғана аузынан шығатын осынау сөздер ерекше шырайлы образ жасап тұрғандай. Оқушыға тым ыстық. Махаббатта осындай тұрақтылық, "бiр сырлылық" ақынның басқа геройларының да басында бар. "Ғашық едiм, қайтейiн" деп басталатын өлеңiнде ғашық болған қызына қосыла алмай қалған жiгiт бар арманын, бар сырын ақтарып: "Қайда жүрсең аман бол, өмiрiңдi тiлеймiн" дейдi. Өлең былай аяқталады: Ғашық едiм, қайтейiн, Оны бiлер жан қайда? Арманда боп өтейiн, Армансыз боп не пайда? Шын ғашығына қосыла алмаған жiгiттiң жүрегiнде өмiрлiк ғазиз арман қалады. Тәттi арман! Мұның азабы да бар, ләззаты да бар. Өмiрде ғашық болмай армансыз өткенше, ғашық болып, арманда өткен артық.
***

Асылы, Қасым Аманжолов пафосшыл, шешен ақын едi. Бiрақ, оның шешендiгi жадағай емес-тi. Мағынаға мейлiнше толы болатын. Дүние жүзiнiң әдебиетiнде Виктор Гюго, М.Лермонтов сынды ұлы ақындардың поэзиясынан жарастықты, нәрлi шешендiк үлгiсiн көп табамыз. Өз халқының тiл ерекшелiгiн есте тұтқан Қасым сөздi ылғи сақадай сайлап алушы едi. Және бұл оның сезiмiн қарапайым да, нәзiк те суреттеуiне ешқандай нұқсан келтiрмейтiн. Дауылға бой бермейтiн емендi ағаштың мықтысына теңегенде, оның сәндi жапырағы, балауса бұтағы болмайды деп ойламаймыз. Үлкен ақын әрқилы келедi де, бiр пафостан шоқтығы биiк көрiнiп тұрады. Қасым поэзиясының шоқтығы азаматтық пафостан көрiнсе, жал-құйрығы жiтi зерттеудi тiлейтiн тұтас бiр дүние.

Соғысқа дейiнгi Қасым шығармаларында Абайдың әсерi басым тәрiздi. Тiптi, азын-аулақ сөз қылған махаббат жырларының өзiнен Абайға тән терең iңкәрлiк, шексiз құштарлық, оптимистiк арман сезiледi. Бiр түрлi, Абай лебi ескендей болады. Әлбетте, Қасым Абайды көшiрiп жырлады деген ұғым тумайды бұдан. Оның көлеңкесiнде қалып та қойған жоқ. Өз бет алысын, өз төтесiн тапты. Бiрақ Абай сынды данышпанға жүгiнбей, жөн сұрамай өту қиын да едi. Бұл жай, әсiресе, Қасымның ойға құрылған өлеңдерiнен мол байқалады: Iшiм пысты жалықтым Жүре алман ендi аяңдап; Кенде қаппын, жаңа ұқтым Не болса соған аялдап Өткен күннен белгiм аз Беттегi әжiм болмаса, Шимайлаппын көп қағаз, О дағы бiр далбаса. (1940 жыл) Осы жолдардан Абай рухы аңқып тұрған жоқ па? Мұны жас ақын жазды деп сенудiң өзi күш. М.Лермонтов 18 жасында: Құлазып қалған жаныма Шабыты қайтты өмiрдiң; Ермегi өлең тағы да Зерiккiш, мұңшыл көңiлдiң, – деп жазды. Мұның бәрi романтизмнiң әсерi едi. Жас ақынның елiктеуi табиғи нәрсе. Қасым әлгi өлеңiнде: Өкiнгеннен не пайда? Кеш болса да қал сiлтеп Кiм өкпелер Абайға Қырықта қызды жаздың деп! – деп Абайдың шәкiртi екенiн мойындай отыра, өзiн-өзi қайрайды.
***

Қасымның өте қызықты, әсерге бай өмiр тарихы ақындық талантының тез ашылуына үлкен себепкер болғанын аңғарамыз. Ескi дүние мен жаңа дүние мықтап қақтығысқан күрес жылдарын көзiмен өткерген ақын заман жалынына шыңдалғандай құрыш, шымыр боп өстi. Екi өмiрге де азды-көптi куә болды. Жетiмдiктi бастан кештi. Жаңа өмiрiмiздiң тарихта теңдесi жоқ ұлылығын, парасаттылығын, әдiлдiгiн ұғына түстi. Марқұм, әдетте, өзi туралы әңгiмелеудi ұнатпаса да, көңiлi түскенде балалық шағын жырдай ғып айтушы едi. Өз өмiрiнен үлкен роман жазбақшы едi. Әттең дүние, сол асыл арманына жете алмай кеттi ол. Ұзақ жылға созылған дiмкестiк мұршасын келтiрмедi.

Ескi ауыл мен жаңа ауылдың өмiрi, жетiмдiк зары, жаңа қоғам қамқорлығы, күңгiрт сахара көңiлiн шайдай ашқан совет мәдениетiнiң мол шұғыласы, Семей мен Орал, Алматы мен Ленинград, сөз жоқ, ақын қиялын оятуға, тербетуге, шарықтауға көп сеп тигiздi. Ақынның дүниеге көзқарасы кеңейдi. Жазушының талантын семдiрiп, қабiлетiн қашыратын үйкүшiктiктен жастай аулақ болған Қасым өмiр шындығын көп көрдi. Ол: Дүние бiр кең сарай, кең мекенiм Көре алмай көп жерiңдi мен кетемiн, – деп өмiрдiң қысқалығын, талаптың ұзақтығын сыр ғып айтса: Екi көз – екi жұлдыз маңдайдағы, Көрушi ең құбылысты қай-қайдағы, – деп кәдiмгiдей дүние танып қалған байқампаз, ойшыл, парасатты ақын екенiн аңғартты. Сондай бай Қасым өмiр тарихында Ұлы Отан соғысы ерекше орын алады. Қасымның "Өртке тиген дауылдай" ең күштi өлеңдерi де осы Отан соғысы жылдарында туған. Әскер қатарына шақырылған Қасым бiраз уақыт Қиыр Шығыста болады. Содан қызыл эшелонмен майданға тартады. Ақынның бiраз шығармасы осы жорықта немесе кейiн осы жорық туралы жазылған. Сол шығармаларының iшiнде поэзиялық балы сорғалап тұрған ерекше екi жыр бар. Бiрi – "Байқал", бiрi – "Орал". Лев Толстой "Соғыс пен Бейбiтшiлiктi" жазып жүргенде Тютчевтiң "Көктем" атты өлеңiн бес мәрте оқыған екен. Табиғат көрiнiсiн соншалық дәл, шебер суреттеген ақыннан үйренудi ұлы романист бойына мiн көрмеген. Көңiл ашынасы поэзия – табиғаттың да сырласы. Қасымның "Байқалы" шалқыған сурет. Соған ақынның ұшқыр қиялы, отты сезiмi, мол парасаты ұласып, тамаша романтикалық дүние жасап тұр. "Байқал торғын тұман жамылып, көсiлiп жатыр. Таң сәрiден сабыла жәрмеңкеге жосылған кернейлеткен көп өзен тұс-тұстан құяды. Ерте оянған таң жеңгең шығыстан қарап тұр. Байқалға ғашық болған сол таң сұлу ғашығына қарап ой тастап, арай шашады. Айналадағы асқар тауларға алтын ту қадап қойған". Әсiрелемей, қосарламай қара сөзге аударғанда Қасым өлеңiнiң алғашқы бiр он екi жолының беретiн суретi осындай. Ал, поэзия тiлiнде бұл қаншалықты ойнайды десеңiзшi! Майданға аттанып бара жатқан Қасым Оралға деген бар ынтасын, ықыласын, мейiрiмiн, сағынышын ақтара салады. Сағындым сенi, Оралым, Күндер жоқ бейбiт бұрынғы Келгенше қайта оралып, Алып қал осы жырымды. Бұрын көрмесең де Байқалдың Қасым суреттеген тамылжыған табиғатына ғашық болсаң, Оралға осы өлең арқылы ғашық боласың. Осындай сыршыл өлең тудырған жердi әдейiлеп барып көргiң келедi, ақын аунаған Шағанның көкорайына сенiң де аунағың келедi. Шын поэзияның күшi осындай болмақ! "Орал" былай аяқталады: Қош болшы ендi, Оралым, Мен үшiн сен күл, сайранда… Айтпақшы қайда бораның? Кетейiн алып майданға. Өлеңнiң әлеуметтiк сыры терең әрi нәзiк ашылған. Бейбт елдiң майданға бара жатқан ақыны бақытты өлкесiн қия алмай, елжiрей қоштасады. Көңiлiнде мұң, көзiңде жас бар. Бiрақ ол жасық та, күйреуiк те емес. Қайсар жан. Сондықтан да өз даласының боранын майданға ала кеткiсi келедi. Бұл боран туған жердiң ыза-кегi едi. Ол жеңiп шығуға тиiстi де едi. Сол Отан кегi Қасымның майдандық өлеңдерiнiң лейтмотивi деп айтуға болады.
***

Қасым өмiр бойына туған жердiң тамаша табиғатын жырлап өттi. Сол табиғаттың құлпырған құбылыстарын көргенде Қасым еске түспей тұрмайды. Рауандап атқан "таң жеңгенi", "қанаты қанға малынған ақша бұлтты", кешкi шымқай арайды көргенде Қасым еске түседi. "Алыстағы нажағайдың қара түнгi қанаты" жарқылдағанда, аспан сатыр-сұтыр жарылғанда, дауыл ысқырып соққанда арасында Қасым жүргендей сезiледi. "Сiркiреп жаңбыр жауғанда ақын жаны ауамызда қалықтап жүзiп жүргендей" болады. "Қарауылға тұрған ай" да, "заңғарда жүзген жұлдыз" да, "Сарыарқа жақтан ескен жiбек қанат самал" да Қасымды еске салады. Тауға шығып, жаңарған кең далаға көз жүгiртсек, қатарымызда Қасым тұрғандай әсер аламыз.

Шықшы тауға қарашы кең далаға; Мәз боласың, ұқсайсың жас балаға, Ол шетi мен бұл шетiне жүгiрсең, Шаршайсың ба, құмарың бiр қана ма? О, дариға, алтын бесiк туған жер, Қадiрiңдi келсем бiлмей кеше гөр! Жата алмас ем топырағыңда тебiренбей, Ақын болмай тасың болсам мен егер. Неткен байтақ, неткен ұлы жер едiң! Нендей күйге жүрегiмдi бөледiң? Сенде тудым, сенде өстiм мен, сенде өлсем, – Арманым жоқ бұл дүниеде, – дер едiм. Мен де өзiңдей байтақ едiм, кең едiм, Қызығыңды көрiп еркiн келемiн Сен де аямай бердiң маған барыңды Мен де аямай барым саған беремiн. Болдым ғашық, туған дала, мен саған, Алыс жүрсем арманым – сен, аңсаған Жақын жүрсем, мен – төрiңде жаннаттың. Алтын дiңгек – өзiм туған босағам! – деп туған жердi Қасымға қосыла жырлағымыз келедi.
***

Поэзия халықтың рухын көрсетедi. Қасым поэзиясынан халық жанының батырлығын, жомарттығын, бауырмалдығын, мархабаттылығын, алғырлығын мол табамыз. Бұл поэзияның тәрбиелiк күшi де көбiнесе осы жағында. Қасымның мейлiнше жалынды, лептi, күйлi, сыршыл поэзяисы – әр ұрпақтың да көңiл серiгi бола алатын, ұзақ жасайтын поэзия. Қасым халықтың жанына үңiлiп, оның шаттығына бiрге шаттанды, мұңына бiрге мұңайды. Жалпы адамға тән сезiм Қасымға да тән едi, әрине. "Кең жайдым құшағымды дүниеге, бiлдiм мен қайғыра да, сүйiне де" деп сырын жасырмай, "жанының терезесiн айқара ашып" отырған бұл ақын оқушының қайғысына да, қуанышына да ұзақ ортақтасады. Оған көңiл жабыққан шағында рухани медеу болады, күресте жасымас жiгер қосады, тыныс сәттерiнде құлақ құрышын қандырып, көңiл хошын келтiре түседi. Қасым поэзиясы домбыраның сағағынан күмбiрлеп сорғалаған қоңыр күйге ұқсайды. Бұл күйден көңiлiнiң санасы барлар әрқашан да мол ләззат, нәр алып, кең тыныс табады.Қаншама тыңдасаң да жалықтырмайтын өмiршiл күй бұл! Сезiмiңдi тереңдетiп, мейiрiмiңдi молайтып, қиялыңа қанат қақтыратын, жаныңды шабыттандыратын Қасым поэзиясы жаңарған өмiрге әржақты жараса бермек! Сондықтан да өлiмнiң құшағына симайтын ақындардың бiрi өзiмiздiң Қасым деп бiлемiз.

***

Қасым Аманжолов қайтыс болған соң оның сүбелi екi томдығына мен көлемдi алғысөз жаздым. Кейiн ол орыс тiлiнде мақала боп менiң "О прошлом и настоящем" деген кiтабыма ендi. Күнi кеше, 1975 жылы "Художественная литература" баспасынан шыққан бiр томына жаңадан алғы сөз жаздым. Баспаның өзi жаздырды. Демек, мен Аманжоловты зерттеушiнiң бiрiмiн деген сөз. Осыған орай айтатын бiр шындық, ақынды таныту бар да, ақын арқылы өзiңдi таныту және бар. Бұл жағынан Қасым мұрасы менi ұятқа қалдырған жоқ. Бұған Қасымның көзi тiрiсiнде айтылған инабатты пiкiрлер де септiгiн тигiздi. Мәселен Әбдiлда Тәжiбаевтың мақаласы маған қолжазба күйiнде толық таныс. Бұл мақаланың толғау-тебiренiске толы бас жағы газетте басылмаған. Одан бiрнеше жыл бұрын, Қасым майданда жүргенде "Абдолла" дейтiн поэма жазды. Қолжазбасын журналға жiбередi. Журнал басады. Осы шығарма туралы Ғабит Мүсiрепов "Майданнан соққан леп" деп "Социалистiк Қазақстанға" мақала жазады.

Осыны мен ең әуелi Қасымның өзiнен есiттiм. Ол майданнан оралғасын мақаланы газеттiң тiгiндiсiнен оқығанын айтты. "Автордың өзiнен неге алмадың?" деп сұрау менiң ойыма келмедi. Мен Қасымның тiрi кезiнде ол туралы бiр де бiр мақала жазбағаныма өкiнемiн. Мың дегенмен, тiршiлiктегi ғанибетке не жетсiн! Журналда қазақ поэзиясы туралы менiң мақалам жарияланды. Қасым "әсiресе, тiлi жақсы екен!" деп мақтады. Жаза баспасам, сол мақалада Аманжолов туралы бiр сөз жоқ. Сiрә, өте тату адамдар бiрiн-бiрi мақтамай ма, қалай?!
Тәкен ӘЛIМҚҰЛОВ
08. 09. 2011 ж.

Серіктес жаңалықтары