«ШҰҒЫЛАДА» ШУ БАСЫЛМАЙ ТҰР
«ШҰҒЫЛАДА» ШУ БАСЫЛМАЙ ТҰР
«Жердiң қожайынымын» дейтiндер көбейiп кеткен
Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты "Шұғыла" елдi мекенiнде жерге қатысты даудың өршiп тұрғанына бiраз болды. Кезiнде қаладан ауылға ағылған қарапайым халық осы елдi мекеннен жер телiмiн сатып алып, шама-шарқынша баспана салуға асыққан. Алайда заңсыз құжатпен жер сатқан алаяқтың арбауына түскен аңқау халық әлi күнге мазасыз күй кешуде. Соттан-сотқа сенделген жұрттың бұдан әрiге шыдамы жетер емес.
"Шұғыла" елдi мекенiне шамамен 340-тай үй түскен. Оның көбi жердi ақшаға сатып алса, басым бөлiгi жерге заңсыз иелiк еткен. Пәтер жалдаудан әбден мезi болғандықтан солай етуге мәжбүр болдық дейдi мұндағы жұрт. Оның үстiне жердi өзара бөлiсiп, баспана тұрғызуға әрекет етiп жатқанда, жердiң қожайыны да, Қарасай ауданы әкiмшiлiгiндегi мамандар да ат iзiн салмапты. Тек бiр жылдан кейiн ғана "бұл менiң жерiм" деген қожайындары табылып, бiраз жұртты сотқа берген. Мiне, содан берi соттан қолы тимегендер барлық отырыста жеңiлiс тапса да, өлiспей берiспейтiндiгiн ашып айтуда. Осыдан үш жыл бұрын сот шешiмдi халық жағына шығарып берсе де, жердiң кезектi иелерi мекеменiң атын ауыстырып, қайта сотқа шағымдануды әдетке айналдырыпты.
Қолдағы құжаттарға қарағанда, Алматы қаласы Әуезов ауданының №2 аудандық соты 1971 жылы Қарақалпақстанда туған, Қазақстан Республикасының азаматтығын алған Ли Олег Робертовичтiң 2005 жылы мамыр айында "ФРИЗКО" ЖШС құрылтайшысы әрi директоры Ли Татьянамен бiрлесiп жер учаскелерiн сатып алып, оны қайта сату iсiмен айналысқанын әшкерелеген. Ал 2005 жылдың шiлдесiнде Қазақстан-Ресей бiрiккен кәсiпорны "Морис и К" ЖШС-ның (негiзгi құрылтайшысы С.А Терещенко мен директоры А.А.Ақынбеков) Алматы облысы, Қарасай ауданында 20 гектар көлемiндегi қолданылмаған жер учаскесi бар екенi белгiлi болған. Ли Татьяна мен Ли Олег қалай да осы жер телiмiн алу мақсатында 2005 жылдың шiлдесiнде "Морис К" ЖШС-нiң директоры Ақынбековке сөз салады. Бұл ұсынысты С.А.Терещенко қолдайды да, жердi 2005 жылы "Морис К" ЖШС-ның жарғылық капиталындағы 100 пайыз үлестi активiмен қоса сатып жiбередi. "Морис и К" телiмдi тауарлық-ауылшаруашылық мақсатқа пайдалану керектiгiн бiлсе де, тиiстi мекемелердiң бекiтуiнсiз 40 гектар жердi 20 гектардан екiге бөледi де, сатып жiбередi. Бiр айта кетерлiгi, "Морис и К" Қазақстан-Ресей бiрiккен кәсiпорны 2004 жылдан бастап құрылтайшының шешiмi негiзiнде әдiлет мекемелерiнде қайта тiркеу жасап, "Морис и К" ЖШС-i болып өзгередi. Алайда, 2004-2006 жылдар аралығында 20 га жерге берiлген барлық мемлекеттiк актi күшiн жойған "Морис и К" бiрiккен кәсiпорнының өмiрде жоқ заңды тұлғасының атымен ақшаға үлестiрiлген. Қара халықты әбiгерге салған Олег Ли алаяқтығы үшiн сотқа тартылып, шартты жазаға да кесiлiптi. Ал жергiлiктi тұрғындардың айтуынша, бұл жердi кезiнде кәрiс Ли Терещенкодан 1,5 миллион теңгеге сатып алған да, "1,5 миллиардқа сатып алдым" деп банктен несие алған көрiнедi. 2007 жылы банк мұның жалған құжат екенiн бiлген соң қайтадан iс қозғаған.
Былтыр да "Шұғыла" елдi мекенiндегi халық ұлардай шулаған-ды. Сол кезде өз еркiмен басып алған халықтың бiрлi-екiлi баспанасы сүрiлген болатын. Бұдан кейiн жердi жалған құжатпен сатып алғаны бар, заңсыз иемденгенi бар, бәрi мәселенi сот арқылы шешуге тырысып көрдi. Алайда жердiң иесiнiң көбейiп кетуi жергiлiктi тұрғындардың ойын сан-саққа жүгiртуде. Таяуда ғана жердiң "заңды иесiмiн" деген "Морис и К" ЖШС-ның директоры Лана Цхай мен құрылтайшы Ниязовтың орынбасары келiп, тағы да сес көрсеткен. Олар жердi өлшету үшiн Қарасай ауданының жер жөнiндегi технигi Сапар есiмдi жiгiттi ерте келiптi. Бiрақ жергiлiктi жұрт жердi өлшетуге қарсылық бiлдiруге әрекет жасағанда, әлгi Сапар қолындағы темiрмен жасы егде тартқан әйелдi ұрып, жарақаттаған. Ал жұртқа өзiн "жердiң қожайынымын" деп таныстырған Лана Цхай: "Халық жердi бермеу үшiн түрлi амал-тәсiлге баруда. Бiз көлiкте отырып жазғандарымызды есептеп өлшеп отырғанбыз. Жергiлiктi тұрғындар көлiкке басып кiрiп, жабыла кеттi. Жер өлшеуге келген азаматтарды жұлқи бастады. Адамдардың сөзге келмей ашуға басып, жұлқынғандарын сөзбен айтып түсiндiре алмаймын" дейдi.
Заңнамалық құжаты бiр қожайыннан екiншi қожайынға өтiп келген "Морис и К" ЖШС-нiң басы-қасында кiмнiң отырғаны беймәлiм. Бiлетiндердiң айтуына қарағанда, бұл мекеменiң құрылтайшысы Ниязов деген азамат екен. Ал оның директоры – Лана Цхай. Олардың дiттегенi – "Шұғыладағы" көздiң құртына айналған 20 гектардан астам жердi қайтарып алып, қайта сату. Ал бұл мүмкiн бе, жоқ па, оны екi жақ та бiлмей дал. Неге десеңiз, жергiлiктi тұрғындардың бұл мекемемен соттасып жатқанына 6 жылдай болды. Сот процесi екi жыл бұрын бiтiп, шешiм халықтың есебiне шығарылған болатын. Бiрақ екi жылдан кейiн "Достық интеграция" мекемесi басқа атпен қайта сотқа берген. 2010 жылы күзде "Морис и К" ЖШС-i шұғылалықтарды "заңсыз жер басып алды" деп сотқа берiп, жердi босатуын талап еткен. Алайда былтырғы жылдың аяғында Қарасай ауданы әкiмдiгi "Морис и К" ЖШС-i тарапынан заң бұзушылық әрекеттердi әшкерелеп, ауданға қарасты қордағы жер телiмiн қайтарып алу туралы арызданған көрiнедi. Бiрақ та шенеунiктер сотта жеңiлiс тауып, артынша облыстық сотқа аппеляциялық шағым түсiрiптi.
Бiр сот процесiне нүкте қойылмаса да, екiншiсi жалғасып кетуде. Әрқайсысының өз көздегенi бар. Ал әлi күнге су мен жарық көзiне жарымай отырған "шұғылалық" тұрғындардың бар арманы – ұлтарақтай жерiнен айрылып қалмау ғана. Сот жер дауына қатысты әдiл шешiм шығара ма, жоқ па, ол да күмәндi. Қарапайым халықтың көңiлi бұған да күптi.
P.S. Осыдан бiраз жыл бұрын Алматы iргесiнен қоныс тепкен "Шаңырақ", "Бақай" елдi мекендерiнде жер мәселесi ушығып, iс насырға шапқан едi. Кейiнгi жылдары Алатау ауданы құрылып, халыққа тиесiлi жерлер заңдастырылып берiлдi. Кешегi шу болған "Шаңырақ" елдi мекенi бүгiнде қала аумағына өтiп, күннен-күнге гүлденiп келедi. Дәл сол сияқты "Шұғыладағы" халықты ашындырмай-ақ, мәселенi ушықтырмай шешiп беруге не кедергi?
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ