Асқар МЫРЗАХМЕТОВ, Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi: ЖАС ҰРПАҚТЫҢ ТӘРБИЕСIНЕ ТЕРЕҢ ҮҢIЛЕТIН УАҚЫТ КЕЛДI

Асқар МЫРЗАХМЕТОВ, Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi: ЖАС ҰРПАҚТЫҢ ТӘРБИЕСIНЕ ТЕРЕҢ ҮҢIЛЕТIН УАҚЫТ КЕЛДI

Асқар МЫРЗАХМЕТОВ, Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi: ЖАС ҰРПАҚТЫҢ ТӘРБИЕСIНЕ ТЕРЕҢ ҮҢIЛЕТIН УАҚЫТ КЕЛДI
ашық дереккөзі
432

Оңтүстiк Қазақсан облысының әкiмi Асқар Мырзахметовтың бастамасымен халыққа орнықты ой айтып, бiрлiк пен берекенi бекемдей түсудi басты бағдар еткен "Ырыс алды – Ынтымақ" дәстүрлi басқосуы жалғасын тауып келедi. Бұған дейiн ол Түркiстан қаласы мен Ордабасы, Қазығұрт, Мақтаарал аудандарында ұйымдастырылып, онда қоғамдағы ең өзектi мәселелер ортаға салынған болатын. Жуырда облыстағы зиялы қауым өкiлдерi мен ақсақалдардың басын қосқан кезектi алқалы жиын, келелi кеңес Төлеби ауданында өттi. Бұл жолғы жиын толығымен жас ұрпақтың тәрбиесiне, оның iшiнде жасөспiрiмдер арасындағы қылмыс, жұмсыссыздық, дiни ахуалға арналды.

– Қазығұртта өткен кеңесiмiзде жастар тәрбиесi жөнiнде ой қозғап, атқарар iстерiмiздi айтқан болатынбыз. Арада бiршама уақыт өтсе де жастар ортасындағы проблемалар азайған жоқ. Әрине, ұрпақ тәрбиесiнiң жемiсi бiр күнде немесе бiр жылда бермейтiнi белгiлi. Сонда да, тың бетбұрыс, iшiнара қозғалыс басталып, үмiтiмiздi үкiлей түсуi керек едi. Өкiнiшке орай жастар саясатында әлi де серпiлiс аздау, көңiлге қаяу түсiретiн мәселелер жетерлiк,– дедi жиналғандардың алдында сөз алған облыс әкiмi. Өңiрдегi жас ұрпақтың тәрбиесiне қатысты бар проблеманы ашып көрсетiп, оны көп болып жұмылып шешуге шақырған облыс басшысының сөзiн оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Оңтүстiк Қазақстан облысындағы 14 пен 29 жас аралығындағы жастар 773 мыңнан асып, өңiр халқының үштен бiрiн құрайды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жастардың жайына ерекше ден қойып, бiрқатар ауқымды бағдарламалардың бастамашысы болып келедi. Сол саясаттың аясында облысымызда да бiршама жұмыстар атқарылуда. Осының бiр айғағы үстiмiздегi жылы тек бiлiм саласын дамытуға бөлiнген қаржы 119 млрд. 308 млн. теңгенi құрап, өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға артты. Бюджет есебiнен 54 мектептiң, 18 балабақшаның, сондай-ақ 8 мектепке қосымша құрылыс жұмыстары жүргiзiлуде. Оның 58-i биыл берiлетiн болса, 1 қыркүйек күнi 25 бiлiм нысандары ашылды. (Бiр жағынан, бұл, тәуелсiздiгiмiздiң үлкен жетiстiгiнiң бiрi екендiгiн көрсетедi).

Өткен жиындарда "Жастар орталығын" ашу керектiгi айтылса, бүгiнде талапқа сай облыстық "Жастар орталығы", оған қосымша аудандарда да осындай орталықтар ашылды. Бұдан бөлек басқа да кешендер, спорттық клубтар ашылуда.

Яғни, мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлiнiп, аз жұмыс жасалынып жатқан жоқ. Ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрiмiз, әдет-ғұрпымыз түгелдей дерлiк, инабатты ұрпақ өсiру, патриоттық рухы биiк, отаншылдық сезiмi жоғары азамат қалыптастыруға негiзделген. Әйтсе де, кейiнгi жылдары ескiнiң бәрiне ежiрейе қарап, жөн-жосықсыз жаңашылдыққа жаппай ұмтылудың салдарынан дәстүрден бiраз жаңылдық, ұрпақ тәрбиелеуде ұтылдық. Базбiр қиын-қыстау жылдарда басты байлыққа баланы емес, басқаны қоюымыздың салдарынан, жас буынның бойында көптi түңiлдiрер жағымсыз қасиеттер қалыптасты. Жастарды айтпағанның өзiнде кәмелетке толмаған мектеп жасындағы балалардың қолымен жасалған қылмыстар өткен жылдың осы кезеңiмен салыстырғанда 33 пайызға өсiп отыр. Соның iшiнде аса ауыр қылмыстар 75 пайызға (8-ден 14-ке), ауыр қылмыс 9 пайызға (66-дан 72-ге) артқан. Егер 2010 жылы оқушылар 331 қылмысқа бой ұрса, биылғы 6 айдағы қылмыстың саны 231-ге жеттi. Бiз сонда кiмдердi тәрбиелеп жатырмыз?

Әсiресе, жергiлiктi баспасөз беттерiнде жиi сыналғандай Түркiстан қаласындағы жасөспiрiмдер қылмысы шектен шығып барады.

Өткен жылы қасиеттi қалада жеткiншектердiң қатысуымен 29 қылмыс тiркелсе, үстiмiздегi жарты жылдың өзiнде 34 қылмыстық оқиға орын алып үлгердi. Бұл – қаладағы бүкiл құқық қорғау, бiлiм, әкiмшiлiк органдарымен қатар ақсақалдар, зиялы қауым, соның iшiнде Түркiстандағы "Ырыс алды – ынтымақ" қоғамдық форумының филиалы, ата-аналар комитетi әрбiр отбасы үшiн дабыл қағарлық жағдай.

Қазығұрт, Ордабасы, Сарыағаш, Шымкент сынды аудан, қалалардағы жасөспiрiмдер қылмысының артуы да бiздi алаңдатады. Әлi оң-солын танып үлгермеген балалардың қолымен биылғы жарты жылдың көлемiнде 7 адам қасақана өлтiрiлген. Жасөспiрiмдердiң топтасып, жанжалдасуы көбейiп, суық қару қолдануы жиiлеп барады. Таяуда ғана мұндай оқиғалар Шымкент қаласында орын алып, мектеп бiтiрер ұлынан үмiт күтiп жүрген отбасыларды қара жамылдырып кеттi. Өмiрде әлi өкiнiш пен қуаныштың дәмiн татып үлгермеген бозбалалардың арасында бiр-бiрiн өлiмге қиятындай өшпендiлiк, қатыгездiлiк қайдан туындаған?! Мұның жауапкершiлiгi кiмде? Ата-ана мектеп ұжымына, ұстаздар полицияға немесе отбасылардың өздерiне сiлтеп әуре. Ал шындығында ұрпақ тәрбиесiндегi берекесiздiк осы үшжақты үйлесiмiнiң болмауынан, жауапкершiлiктi бiр-бiрiне сiлтеуiнен туындап отырғаны түсiнiктi емес пе?! Қазiргi бiлiм ұяларында ұстазына сәлем бермейтiн оқушылардың көбейгенi де шындық. Тiптен мұғалiмдi келемежге айналдыратындар да жоқ емес. Өз кезегiнде оларға педагогтар шара көре бастаса, арашаға ата-ана түседi. Сес көрсетедi, қоқан-лоққы жасайды, тиiстi орындарға арыз түсiредi, сотқа бередi, дауға ұластырады. Не отбасында, не мектебiнде тыйым көрмеген баладан тiл алатын ұл-қыздың өсуi екiталай емес пе?

Атамыз қазақ "қызым үйде, қылығы түзде" дегендей, соңғы кездерi мектептегi қыз балалары да қылмысқа араласа бастады. Өткен жылды айтпағанда ағымдағы алты айда 29 қылмыс оқушы қыздардың тiкелей араласуымен жасалған. Олардың жанжал ұйымдастырып, жаға жыртысып, өзгелерге әлiмжеттiк жасап, тонау, тартып алу, күш көрсету сынды әдепсiздiктерi туралы не айтуға болады?

Нашақорлық, темекi шегушiлiк пен iшiмдiкке әуестiк артуда, 2011 жылдың 7 айында оған құмар 315 бала есепке қойылған. Олардың 50 пайызы қыз, ал 75-i мүлде мектеп бетiн көрмеген жеткiншектер. Бұл балалар қайдан шықты деген заңды сауал туындайды. Әрине, отбасыдағы және бiлiм ұясындағы бақылау мен тәрбиенiң осалдығынан. Мәселен ағымдағы 6 айда құқық қорғау органдары 325 берекесiз отбасыны есепке алып, олардың 18-iн ата-аналық құқығынан айырған. Құқық бұзушылық жасаған жасөспiрiмдердiң барлығы бiрдей берекесiз отбасыдан деудiң өзi қате. Арасында тұрмысы жақсы, ата-анасы қызметтегi балалар да жоқ емес.

Ресми дерекке қарасақ, облыста 2008 жылы 17 жасқа толмаған, мектеп жасындағы 100-ден астам қыз баласының аяғы ауырлаған. Ал 2009 жылы бұлардың қатары 250-ге, 2010 жылы 352-ге жеткен. 2011 жылдың 7 айында 228-ге жетiп, олардың қатарында 14 жастағы яғни 8-сыныпта оқитын қыз баласының болуы арға таңба түсiретiн жағдай.

Бiршама уақыттан берi басталған бұл өте жағымсыз үрдiстi тиiстi орындар жауып-жасырып келген. Оң босағада отырған қызының сүйекке таңба түсiрер қылығына бармағын тiстеген ата-аналар да үнсiз қалып, iштен тынған. Бiрақ үндемегенiмiзбен "үйдей мәселеден" құтылмасымыз анық қой. Салт-дәстүрiне сергек қарайтын қаймағы бұзылмаған қазақы өңiрдегi мұндай опық жегiзер олқылыққа бiрiншi, отбасы, екiншi, сала басшылары бiрлескен түрде тосқауыл қоймаса ұлттығымызға ұят (Бұлай кете беретiн болса, "қаймағы бұзылмаған қазақы өңiрдi" айтудың өзi екi талай).

Облыстағы 1021 мектептiң 144-де полиция қызметкерлерi жұмыс жасауда. Соңғы жылдары қолданысқа енгiзiлген бұл тәсiл де тиiмдiлiгiн көрсете алмай отыр. Әр оқушыға бiр-бiр полиция қызметкерiн бекiту де мүмкiн емес. Дегенмен де, бұл мәселенiң маңыздылығын ескерiп, облыста әлi шешiмiн күткен әлеуметтiк мәселелердiң жеткiлiктiлiгiне қарамастан биыл штатты қосымша 195 инспекторға көбейтiп ұстауға облыстық бюджеттен қаржы қаралды. Бiрақ, басты мәселе отбасыда жатқан жоқ па?

Жастар арасындағы суицид баршамызды ойландыруы қажет. Әзiрге емi табыла қоймаған тылсым кеселге 2010 жылдың көлемiнде 294 оқушы ұшырап, оның 62-i көз жұмды. Ал ағымдағы 6 айда 34-iн өлiмнен арашалау мүмкiн болмады. Деректерден аңғарғандарыңыздай, үстiмiздегi жылы дертке ұшырағандардың арасында ажал құшқандар өткен жылдың кезеңiмен салыстырғанда әлдеқайда көп. Тiптен Сайрам ауданында небәрi 3-сыныптың оқушысына жарық дүниеден түңiлетiндей не көрiндi? Суицидтiң алдын-алудың бiр амалы ретiнде бiлiм мекемелерiне психолог штатын көбейтiп, жалпы санын 1405-ке жеткiзгенiмiзбен, мәселенiң бетi берi қарар емес. Басты себеп, психолог мамандардың өз кәсiбiн дұрыс бiлмеуi, балалармен тұрақты жұмыстың жүргiзiлмеуi, түрлi жағдайларға ұшырап, бойында өзгерiс байқалған оқушыларды дер кезiнде анықтамауы.

Қазiргi қалыптасқан түсiнiкке сай кейбiр ата-ана баласын "ортасының алды болсын" деп, барынша қымбат киiмдермен киiндiрiп, қымбат әшекейлерге малындырып, құнды көлiктермен тасымалдауда өзара жарыс өткiзiп жүр. Бұл, бұндай жастардың өмiр құндылығын дұрыс түсiнуден алыстатса, екiншi жағынан оның бәрi табысы төмен немесе ортанқол отбасыдан шыққан жеткiншектiң жүрегiне жара салып, санасын сансырататыны сөзсiз. Елағалары, бiздiң форум, басқа да қоғамдық ұйымдар, ата-аналар комитеттерi осыған байланысты тиiстi жұмыстар атқаруымыз қажет.

Жұмыссыздық – жастар арасындағы әртүрлi келеңсiздiктердiң негiзгi әлеуметтiк факторы болып табылады. Түрлi қылмыстардың, маскүнемдiк немесе есiрткiқұмарлықтың, ажырасу мен өз-өзiне қол салудың түп-төркiнi көбiнесе жұмыссыздыққа келiп тiреледi. Жалпы облыстағы 66,9 мыңнан астам жұмыссыздың 18,5 мыңы жастар. Жыл басына дейiн облыстағы тиiстi органға жұмыс сұрап 16-29 жас аралығындағы 9046 адамнан өтiнiш түсiп, оның 6766-ы жұмысқа орналасқан. Бос орындар жәрмеңкесi мен түрлi қоғамдық жұмыстарға тарту арқылы өтiнiш берушiлердiң бiрқатары ақылы еңбекпен қамтамасыз етiлгенiмен жұмыссыздық күн тәртiбiнде өзектiлiгiн жойған жоқ.

Облыс әкiмдiгi жастар саясатын дамыту, оларға тиiстi жағдай жасау мақсатында өз мәжiлiсiнде арнайы қарап, кешендi iс-шара жасауға кiрiстi. Сiздер де өз ұсыныстарыңызды енгiзулерiңiзге болады.

Бiздiң алдымызға қойған негiзгi мiндетiмiз – жұмыссыздықты, соның iшiнде жастар жұмыссыздығын жоюды кезең-кезеңiмен жүзеге асыру. Ең алдымен мектеп бiтiрушiлерге кәсiптiк бағдар берiп, қоғамда сұраныс туатын мамандықтарға қарай бағыттау маңызды. Биылғы жылы облыста ұлттық бiрыңғай тест тапсырған 25 343 түлектiң әлi де 4 мыңға жуығы экономика, қаржы, құқық саласына қызығушылық танытып отыр. Бұл мамандықтар бойынша гранттар жоқтың қасы, ал жұмыс орындары санаулы. Мұның айқын дәлелi – елiмiз бойынша 109 "Алтын белгi" иегерi қаржы мен құқық мамандықтарына тапсырып, гранттың жоқтығынан ақысыз оқу мүмкiндiгiнен айырылды. Бұлардың қатарында оңтүстiкқазақстандық 19 оқушы бар.

Бiз соңғы 10-15 жылдың көлемiнде мыңдаған экономистер мен қаржыгерлердi, заңгерлердi оқыттық, солардың көбi жұмыссыз, немесе алған мамандығы бойынша емес басқа салада iстеуде. Тағы да 4 мың адам солардың қатарына қосылмақ. Облыс әкiмдiгi өңiрдегi барлық орта арнаулы оқу орындарына сараптама жасады, аудан, қала әкiмдiктерi арқылы қажет мамандықтарды анықтап, өтiнiш гранттарын бөлудiң жаңа жүйесiн бекiттi.

Таяуда Елордада облыс әкiмдерiмен арнайы жиын өткiзген Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев; "Менiң шақыруым бойынша жастар ауылға баруда. Алғашқы жылдары бәрi осы туралы айтты. Алайда одан кейiн тыныш бола қалды. Қазiр ауылға қандай жастар келгенiн, қанша дәрiгер, қанша мұғалiм келгенiн, онда олар қалай жұмыс iстеп жүргенiн ешкiм бiлмейдi. Егер ол жерге бiлiктi мұғалiмдер бармаса, онда мектептердi неге салдық, егер ол жерге бiлiктi дәрiгерлер бармаса, онда емханаларды неге тұрғыздық?!" деп, бағдарламаның орындалу барысына сын айтты. Оңтүстiктегi халықтың басым бөлiгiн, яғни 60 пайызын ауыл халқы құрайтындықтан, аталаған бағдарламаның бiздер үшiн маңызы мол. "Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша 2010 жылы 596, ағымдағы жылы 474 маман аудан, қалаларға жолдама алды. Аталған мақсатқа барлығы 50 млн. 246 мың теңге көлемiнде көтерме ақы, 431 млн. теңге тұрғын үй сатып алуға бюджеттiк несие берiлдi. Алайда, 474 маманның 71-i жасы 30-дан асқан азаматтар құрайды.

Мұндай фактiлер Сайрам, Төлеби, Созақ, Сарыағаш, Отырар, Бәйдiбек аудандары мен Арыс, Кентау қалаларында кездесiп отыр. "Дипломмен – ауылға" бағдарламасына ауылға аса керектi ауыл шаруашылығы мамандарының тiзбесiн ендiрудi де саралап көруiмiз қажет. 2011 жылы жүргiзiлген түгендеудiң нәтижесiнде облыс бойынша 265 мың гектар алқаптың бос жатқандығы анықталып, 212 мың гектары мемлекетке қайтарылған. Бұл қосымша жұмыс орны, табыс көзi деген сөз.

Дiн – жастар арасындағы ең өзектi мәселенiң бiрiне айналды. Соңғы уақытта орын алған оқиғалар бұл салаға бей-жай қарауға болмайтындығын тағы да көрсеттi. Жыл басынан берi өңiрiмiзде дәстүрлi емес бағытта үндеу парақтарын сақтау және тарату туралы iшкi iстер департаментiнде 38 фактi тiркелген. Қылмыстық Кодекстiң 164-бабы – әлеуметтiк, ұлттық, нәсiлдiк, немесе дiни араздықты қоздыруға қатысты 32 оқиға анықталып, 3 дерек бойынша қылмыстық iс қозғалған. Ал өткен жылы экстремистiк деп танылған 44 фактi тiркелiп, 22-не қылмыстық iс тағайындалған. Өкiнiштiсi, исламның атын жамылған сол ағымдардың арандатуына негiзiнен жастар ұшырауда. Қасиеттi Ислам экстремизм мен терроризмдi ешуақытта ақтамайды, айыптайды, адамдарды тiлiне, түрiне, дiнiне, дiлiне қарап алаламайды, артықшылық бермейдi. Бiрақ, мұғалiмдi мойындамай, орамалға қатысты сотқа тарту, ата-ананы сөгу, ұлтымыздың салт-дәстүрi мен әдет-ғұрпын ғайбаттау, дүниенi тәрк етiп, тiршiлiк етуден безiнудi тақуалықтың тура жолы деп кiм айтады?

"Бидiң айтқанын құл да айтады, бiрақ аузының дуасы жоқ" деген даналық сөз бар. Қадiрлi Ел ағалары, зиялы қауым, жат дiни ағымдар мен секталардың зияндылығын, ағайынға, ауылдасқа, халық ортасында жиi айтып, телеарнада, баспасөзде бәтуалы пiкiр бiлдiргендерiңiз абзал. Сенiмге селкеу түсiп, дiнге таңдау туғанда дiнтанушылар мен имамдардың үнсiз қалуын шариғат та хош көрмесе керек. Егер аузы дуалы, сөзi уәлi имам елдi уағызына ұйыта бiлсе, мысықтiлеу миссионер әлдеқашан келген iзiмен керi қайтар едi. Ұлт тағдырына қатысты аса маңызды iстi мемлекет қолға алып, Дiн iстерi агенттiгiн, облыстарда департаменттерiн ашты. Облыс әкiмi жанындағы дiни кеңес жұмысын күшейтiп, жаңа шаралар қабылдап, белсендi әрекетке көштi.

Соңғы уақыттары мұсылмандық емес ағымдардың да рұқсат етiлмеген қадамдарға

жиi баратындығы байқалып жүр. Осы Төле би ауданы, Қосағаш елдi-мекенiнде "Скиталец" атты қоғамдық бiрлестiк ауыл iшiнен жер телiмiн иеленiп, ешбiр құжат, рұқсат алмастан шiркеу құрылысын жүргiзген. Қайырымдылық шарасы деген сылтаумен бұлақ көзiн дiни рәсiм өткеретiн орынға айналдырған. Облыстық "Оңтүстiк Қазақстан" басылымында дабыл қаққан мақала көтерiлген соң ғана құзырлы органдар тексерiп, заңсыз құрылысты тоқтатты, құжатсыз жандардың жеке тұлғасын анықтауға көштi. Сонда қазақы ауылдың қақ ортасында бейсауат адамдардың көбейгенiне, заңсыз құрылыстың қалануына, бұлақ көзiнiң бүлiнуiне жергiлiктi тұрғындар, ауыл ақсақалдары, ауыл әкiмi алаңдамайтын болғаны ма? Мiне, осы сияқты ел бiрлiгiне, әдет-ғұрпымыздың, ұсталып отырған дiнiмiздiң сақталуына кереғар болып отырған жайттарға қарсы қоғам тұрғысына көңiл бөлiп, бiр кiсiдей атсалысатын уақыт жеттi. Сондықтанда жаңадан бекiтiлген iс-шаралар "Ырыс алды – ынтымақ" қоғамдық форумының, жалпы зиялы қауымның атқарар iстерi. "Ырыс алды – ынтымақ" қоғамдық форумы осы атқарылар жұмыстарда белсендiлiк танытып, басқа да қоғамдық институттарға мұрындық болады деген сенiмдемiн. Бiзге ұрпақ тәрбиесiнде ендi кешiгуге болмайды. Егемендiктiң елең-алаңындағыдай емес қазiр ел есiн жиды, етегiн жапты, ертеңгi күнiне сенiм артып, соңынан ерген жас ұрпақтың тәрбиесiне терең үңiлетiн уақыт келдi. Көздеген мақсатқа жету үшiн жұрт болып жиылып, көп болып кеңесiп, жаңа толқынның терiс қадамын түзулеп, бағыт-бағдарын айқындап отыру аға буынға артылған аса жауапты мiндет. Сындарлы iсте ешкiм де сырт қалмауы керек.

08. 09. 2011 ж.

Серіктес жаңалықтары