РАХМЕТ ТЕ, ҚҰРМЕТ ТЕ – ҚҰТҚАРУШЫҒА

РАХМЕТ ТЕ, ҚҰРМЕТ ТЕ – ҚҰТҚАРУШЫҒА

РАХМЕТ ТЕ, ҚҰРМЕТ ТЕ – ҚҰТҚАРУШЫҒА
ашық дереккөзі
833

Өкiнiшке қарай, оның қадiрiне жетпей жүргендер де жоқ емес

Кiсiге жақсылық жасаған адам Алланың алғысына бөленедi. Құранда солай дейдi. Ендеше Құдайдан үмiтi бар әрбiр пенде кiсiге жақсылық жасауға асығатыны шүбәсiз. Ол игi әрекет саналы түрде, еш ойланбастан жасалуы да мүмкiн. Дұрысы жақсылық жасауға тырысқан жөн. Кiсiге жақсылық жасаған адам Алланың алғысына бөленедi. Құранда солай дейдi. Ендеше Құдайдан үмiтi бар әрбiр пенде кiсiге жақсылық жасауға асығатыны шүбәсiз. Ол игi әрекет саналы түрде, еш ойланбастан жасалуы да мүмкiн. Дұрысы жақсылық жасауға тырысқан жөн. Облыстық төтенше жағдайлар департаментiнiң қызметкерлерi екi күннiң бiрiнде «тiлсiз жауға» тойтарыс берiп, ажалмен бетпе-бет келiп жатады. Олардың талай адамды ажалдың қармағынан құтқарып, өз өмiрлерiн қатерге тiккен кездерi көп. Бұл олардың мiндеттi жұмыстары, қызметтiк парыздары десек те, адами тұрғыдан алғанда олардың ерлiкке бергiсiз батыл әрекеттерi алғысқа, құрмет көрсетуге лайық. – Төтенше жағдайлар департаментiнде құтқару қызметi негiзiнен үш түрге бөлiнедi, – дейдi департамент басшысының орынбасары Әбiкен Мәкетов. – Олар: «Өрт сөндiру және авариялық құтқару жұмыстары қызметi», «Жедел құтқару жасағы» және «Суда құтқару қызметi» мемлекеттiк мекемелерi. Сол сияқты «Өрт сөндiру», «Құтқарушы» әскерилендiрiлген қызметтерi бiзбен бiрге жұмыстар жүргiзедi. Қысқасы, «бәрiмiздiң илегенiмiз – бiр терiнiң пұшпағы». Полковник Мәдiбек Жапашев басқаратын «ӨС және АҚЖҚ» мемлекеттiк мекемесi атқаратын жұмыс ауқымды. Өйткенi қаладағы және аудандағы өрт сөндiру бөлiмшелерi осы мекеменiң қарамағында. – Күнiне кемiнде 3-4 өрт оқиғасы тiркеледi. Жаз айларында автокөлiктер мен шөп қоралардың өртенуi, қыста пеш мұржалары мен электр жылытқыштарынан от шығуы қауiптiң негiзгiлерi болып тұр, – дейдi Мәдiбек Тастанұлы. – Соңғы кездерде өндiрiс орындарынан шыққан iрi екi өрт бiздiң жауынгерлерiмiзге үлкен сынақ болды. Екеуiнде де өрт сөндiрушiлерiмiз биiктен көрiндi. Қалалық сүт зауыты бiздiң жiгiттердiң арқасында толық жанып кетуден аман қалды. Ал Құландағы әскери бөлiмшенiң танк тұрағындағы өрттi сөндiрудегi ерлiктерi үшiн 3 жiгiтiмiз «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздiк шыққаны үшiн» медалiмен марапатталды. Мекеме басшысы бұл орайда басқарма бастығы Нұрлан Құтанов, Тараз қалалық №2 өрт сөндiру бөлiмiнiң жауынгерi Рүстем Құрымбетов, газ-түтiннен қорғау қызметiнiң аға шеберi Қанат Жанысбаевтың есiмдерiн құрметпен атады. Қаладағы №2 өрт сөндiру бөлiмi (бастығы – подполковник Мансур Шайкрамов) өткен жылы, №1 өрт сөндiру бөлiмi (бастығы – подполковник Бейсеналы Жахатаев) биыл республикалық байқаудан жүлделi 2-орынды еншiлеп қайтқанын айтуды да ұмытқан жоқ. Ол мақтағандар қатарында Т.Рысқұлов, Жуалы аудандарының өрт сөндiру бөлiмдерi де (бастықтары Нұрболат Қадiрханов, Кеңесбек Әбдiрайымов) бар. Суда құтқару қызметi 1974 жылдан қоғамдық ұйым ретiнде жұмыс iстеп, 1997 жылы мемлекеттiк мекемеге айналған. Осы мекеменi 1993 жылдан берi басқарып келе жатқан Иса Бекболаев өз қызметтерi жайында былай дейдi: – Бiздiң мекемеде 39 адам қызмет атқарады. Әр ауданда бiр-бiрден өкiлiмiз бар. Қалғандары Тараз, Қаратау, Жаңатас қалаларындағы жағажайларда жұмыс iстейдi. Бiр айта кететiн жай, облыс аумағында 14 «жабайы» жағажай бар. Одан бөлек адамдар суға түсетiн көлшiк, тоған, шүңеттер толып жатыр. Олар өзен жағасында кез-келген жерге суға түсе бередi. Бұл қайғылы оқиғаға әкелiп соғады. Мәселен 2010 жылдың жаз-күзiнде 11 адам суға кетiп қайтыс болса, биыл 5 адамға артық. Оның бәрi жабайы жағажайларда, шомылуға болмайтын жерлерде қайтыс болғандар. Бiзде қайықтар, сүңгуiр киiмдерi, басқа да қажеттi құрал-жабдықтар бар. Өткен жылы бiрiншi жартыжылдықта 84 адам суда құтқарылған, биыл – 74 адам. Суда құтқару қызметiнiң де өз үздiктерi бар. Олардың қатарында бiрiншi санатты сүңгуiр-құтқарушылар Жұман Әбдiрахманов, Ержан Құттыбасов, үшiншi санатты мамандар Асылбек Қасымбеков, Нұржан Тоқбаев әрқашан әрiптестерiне үлгi болып жүр. Жедел құтқару жасағы қызметкерлерiнiң белгiлi жұмыс нысаны жоқ. Олар қажет болса, өрттен де, судан да құтқаруға бар. Олар ауа-райының кез-келген жағдайында тауға шығып, тасқа өрмелеуге, шыңырау құдыққа түсуге дайын. Ашылмай жатқан есiк олар үшiн түк те емес. Олар – үйiңiзден шыға алмай немесе үйiңiзге кiре алмай қалған жағдайда, сiздiң құтқарушыларыңыз. Iздестiру-құтқару қызметi – қызық әрi ауыр. Қызықтығы сол талай тағдырларға, оқиғаларға куә боласыз. Ауырлығы қызмет жағдайында қайғылы оқиғаларға жиi араласуға тура келедi, – деп сөз бастады мекеме бастығы Юрий Салагаев. – Мысалы, өткен қыста Жаңатаста жоғалып кеткен екi адамның мәйiтiн итпен iздеп таптық. Қайғылы оқиға. Мәйiттер табылмаса, қайғысы екi есе ауыр. Туған-туыстары өмiрi арманда өтедi ғой. Сол қыста бiзге Бурыл тауы маңында адасып кеткен адамдар телефон шалған. Әлгi мәйiттердi iздеп тапқан иiсшiл ит «Никель» бұл жолы да құтқарушыларға көмекке келiп, екi ересек кiсi мен екi бала ажалдан аман қалды. Олар қақаған суық, қатты аязда бағытынан жаңылысып кеткен екен. Үстiмiздегi жылы 11 шiлдеде Тараз қаласындағы Пушкин-Герцен көшелерi қиылысындағы кәрiз құдығынан ағайынды екi жiгiттiң бiрiнiң өлi денесiн, екiншiсiн шалажансар алып шыққан Асылхан Мұқашевтың басқаруындағы құтқарушылар тобы. Топ құрамында Рүстем Ахметов, Ержан Нұрпейiсов, Ерiк Бәйдiбеков сынды ержүрек жiгiттер бар. Осы оқиғадан араға бiр сағаттай уақыт салып топ мүшелерi Қызыл Жұлдыз ауылы тұсында соқтығысқан екi автокөлiктен жараланған сегiз адамның денелерiн алып шыққан. Жараланғандардың қан жуған бет-ауыздарын көру, жарақаты жандарына батып шыңғырған дауыстарын естудiң өзiне адамның дәтi шыдауы қиын. Ал құтқарушылар осындай өмiр мен өлiм арпалысқан сәтте жұмыс iстейдi. Сондай сәтте сен адамды ажалдан арашалап жатқаныңды сезiну өзiнше бөлек, олардың жан күйзелiсiн бөлiсу – ауыр. Құтқарушы қызметi абыройға ие. Бiрақ кей жағдайда кiсi қынжыларлық оқиғалар да орын алып жатады. Жуырда ғана «Зербұлақ» жағажайында суға тұншыққан азаматты жасанды түрде дем алдырып жатқан қызметкерiмiздi әлгi жiгiттiң бөтелкелес достары шапалақпен тартып жiберiптi, – дейдi бекет бастығы Марат Нұржанов. Тағы бiрде суға кетiп қала жаздаған баланың үйiнен телефон арқылы шақыртып алған анасы құтқарушы жiгiттердi тiлiнiң жеткенiнше балағаттаған. Мiне, алғыс орнына – қарғыс. Бiз тұрмыстық өрт оқиғасына орай, ыңғайсыз жағдайға қалатын кездерiмiз бар, – дейдi «ӨСаж АҚЖҚ» ММ бастығының орынбасары Талғат Сабыров. – Кейбiреулер өрт сөндiрiлiп, үй-жайы «тiлсiз жаудан» құтқарылғаннан кейiн «бағалы заттарымыз жоғалды» деп, жала жабатындарын қайтерсiз. Мiне, «рахметтiң» көкесi! Ал Юрий Салагаев төтенше жағдайға байланысты қоңырау шалынатын 112 нөмiрiн ерiккендер ермекке айналдыратынына наразы. Оны ермек ететiндердiң көбi – балалар. Сондықтан, ата-аналар балаларына ескерту жасап отырса, нұр үстiне нұр. – Шұғыл шақыртуға дабылдатып кетiп бара жатқанымызда жол бермей күйдiредi ғой адамдар, – деп қынжылады Юрий Константинович. Орынды-ақ. Мүмкiн құтқарушылар әлгi жол бермеген жүргiншiнiң жақын бiреуiн құтқаруға асығып бара жатқан шығар. Құдай бiледi де! Апат айтып келмейдi, ағайын! Сондай төтенше жағдайда көмек қолын созатын құтқарушылар қызметiн дұрыс бағалаған жөн. Тiптi, құтқарушылар қызметi құрметке лайық екендiгiн естен шығармайықшы!  
Болат ЖАППАРҰЛЫ
 
08. 09. 2011 ж.

Серіктес жаңалықтары